Синопсис. Фильмде Қазақстан қарулы күштерінде адал қызмет атқарып жүрген, бірақ араларында отбасылық кикілжің орнаған ағайынды Сұлтан мен Бекзат Ибраевтардың оқиғасы баяндалады. Сұлтан – айбынды барлау офицері, ал Бекзат – талантты жойғыш-ұшқыш.
Халықаралық лаңкестік ұйым елдегі стратегиялық маңызды нысандарға шабуыл жасауды жоспарлайды. Ал бауырлар өлім қаупін сезініп қана қоймай, Отан алдында борышын өтеп жүріп қайтыс болған әкесіне байланысты текетіреске тап болады. Ел басына қауіп төнгенде бауырлар адам өмірін сақтап қалу үшін бірігуге мәжбүр. Олар соңында туған жер мен отбасы бәрінен де қымбат екенін түсінеді.
Мыңға жуық адамның басын қосқан түсірілім командасы жобамен 3 жыл бойы айналысқан. Түсірілім жұмысының өзі бір жылға созылған.
Фильм жанры – әскери экшн. Режиссер Серікбол Өтепбергенов атыс-шабыс десе де, экшн жанрының шарттарын барынша ұстанған.
Бұл – Қазақстандағы алғашқы кең ауқымды фильм. Компьютерлік графика қолдандық, арнайы эффектілер көп. Дегенмен фильм бірінші кезекте адами қарым-қатынас туралы. Бауырлардың арасында кішкене кикілжің туындайды. Екеуінің мінезі де, көзқарасы да екі бөлек. Әскери қызметте жүрсе де, бірі тәртіпке бағынады, екіншісі – тентек, ерке бала. Кастинг кезінен Данияр мен Санұржан ролін жоғары деңгейде ойнап шығады деп сендім. Ауыр жоба. Кадрда 2-3 актер ғана бар, қозғалысы аз фильмді 3 аптада түсіруге болады. Біздің жобамызда актерлар көп, түсірілім тобы өте үлкен. Соның бәрін үйлестіріп, экранға шығару өте қиын жұмыс, – деді режиссер фильмнің премьерасында.
Түсірілім Алматы, Талдықорған, Ақтау, Баку, Хатайда өткен. Идея авторы – бұрынғы Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев сценарий жазуға белсенді қатысқан. Әскери тақырып болған соң әр детальге мән беру үшін консультанттар шақырылған.
Режиссер әуедегі көріністер шынайы емес дейді. Оның сөзінше, екі ұшақты үшінші ұшаққа мініп жақыннан түсіру керек. Бұл қауіпті процесс болғандықтан арнайы визуал эфектілер қолданған. Консультанттар компьютерлік графикамен өңдеу кезінде ұшақпен ұшу физикасын түсіндіріп отырған.
Режиссер ретінде патриоттық рухты көтеру міндеті тұрды. Жеңіл жанрдағы фильмдердің балаларға берер тәрбиесі аз. «Патриоттар уақыты» фильмінде бізді соңына дейін қорғайтын адамдар бар екенін көрсеткіміз келді, – деді режиссер.
Серікбол Өтепбергенов түсірілім тобын «нағыз патриоттар» деп бағалайды. Фильмді тамашалаған көрермен Отан қорғаймын, әскери оқуға түсемін, ұшқыш боламын деп шешсе, мақсаттың орындалғаны дейді ол.
Санұржан Сүлейменов осыған дейін Серікбол Өтепбергеновтің «Алтыншы бекет» әскери фильмінде басты рольді сомдаған болатын. Бұл жолы ол ұшқыш, аға лейтенант Бекзат Ибраевты ойнап шықты. Айтуынша, Бекзат – жеке дара көзқарасы бар, өзгеге бағынғысы келмейтін бірбеткей жігіт.
Жас көрінген соң бұл рольге ала ма, жоқ па деген сұрақ туды. Авиасимуляторда жаттығу қызық болды. Актерлық тұрғыдан қиын сәттер болғанда түсірілімді тоқтатып, қалай жасайтынымызды ақылдасып, барынша іздендік. Ауқымды кино болған соң импровизация өте аз болады. Дайындық кезінде «кейіпкерім осылай айтса, не осылай жасаса, қалай болады?» деп ойымызды ортаға салдық. Дәл сахнаның ортасында екі-үш сөз қоспаса, бірнәрсені басқалай істеу мүмкін емес.
Әскерилер мені «Алтыншы бекетте» ойнаған бала емессің бе?» деп танып жақсы қабылдады. Әскери фильмдегі екінші ролім, халық арасында әскери қызметшіні ойнап жүрген бала ретінде есте қалатын шығармын, кім білсін, – деді Санұржан Сүлейменов.
Актер Түркияда басқа жоба түсірілімінде жүріп дубляждауға үлгермеген. Оны басқа жігіт дыбыстаған.
Санұржан бауырлар арасында драма көріністі бірлесе шығарған мықты актер Данияр Алшиновпен жұмыс істеу қызық болғанын айтты.
Режиссер Әділхан Ержановтың талай кинофестивальге қатысқан «Қап-қара адам» фильмінде тергеуші Бекзат ролі арқылы шетелге танылған Данияр Алшинов бұл жолы барлаушыны сомдады. Бекзат жемқорлыққа белшесінен батқан қоғамда кісі өлтірушіні табуды емес, оның ізін жасыруды ойласа, Сұлтан шетелде арнайы операцияға қатысып, терактіні болдыртпау үшін күреседі.
Біз, актерлар, әртүрлі рольді сомдауға тиіспіз. Бұл біздің шеберлігімізді шыңдайды. Бүгін патриотпын, ертең патриот емеспін, бұл – қалыпты жайт. Бұл фильмде ату техникасын, қаруды ұстауды, тікұшақтан секіруді, ым-ишара тілін үйрендім.
Режиссер, продюсер – жалпы түсірілім тобы сапалы фильм түсіруге тырысты. Бұл фильм Қазақстан киносы үшін жаңа леп болмақ, өйткені кинематография көкжиегі мен жанрлар географиясы кеңейе түспек. Бүгін – Қазақстан киносындағы тарихи күн, – деді ол.
«Патриоттар уақыты» кино жұлдыздардың басын қосқан ауқымды жоба деуге болады. Фильмді тамашалағанда бейтаныс жүздер сирек кездеседі. «Рэкетир» фильмінде Саян ролімен танылған Саят Исембаев та бар. Бұл картинада Дастен Шакировқа да Дарменнің ролі бұйырған. Ол барлаушы Сұлтанмен бірге шетелге барып мәлімет жинаса, Каспий теңізінде қауіпті химиялық қару тиеген кемеге шабуыл жасайды.
«Түсірілім алдында 1-1,5 ай Сүлейман, Адия деген мұғалімдерден сабақ алып, араб тілін үйрендік. Шыны керек, 1,5 жыл өтсе де, мәтін әлі есімде. Арабша сөздерімді сабақ кезінде жаттап алдым. Жоба ұнады. Қызық сәттер өте көп болды. Әріптестерім өте мықты, бәріне алғыс айтамын.
Режиссер Серікбол Өтепбергеннің арқасында осындай деңгейде фильм түсірілді. Ең бірінші фильмнің идеясы, сосын сценариі мықты болуы керек. Бұған дейін елімізде мұндай кино болмаған шығар. Көрермен фильмді тамашалап, еңбегімізді бағалайды деген ойдамын», – деді Дастен Шакиров.
Жақында ғана шыққан «1941 жылдың жазы» фильмінде партизан сарбазды ойнаған Шәріпбек Закиров «Патриоттар уақытында» содырлардың арбауына түсіп, Қазақстанға оралып терорлық акт жасамақ болған жігітті сомдайды. 24 жастағы актер Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында, одан бұрын колледжінде актерлықты тәмамдаған. Біршама уақыт «Жас сахна» театрында ойнаған. Қазір Шәріпбек Мәскеуде режиссура мамандығында оқиды. Мамыр айында жарық көретін Гүлнара Сәрсенованың «Нартай» фильмінде басты рольді сомдайды.
«Актер болған кезде табиғатыңа қарайды. Осы рольге табиғатым келген соң таңдады. Арабша екі-ақ мәтін болды. Жаттағанымды сол күні ұмытып қалдым. Дастен Шакиров сияқты жауапты актер емеспін. Жоба ұнады. Кез келген рольді сомдауға дайынмын, таңдамаймын», – деді актер.
Асқар Ілиясов бұл жолы екінші пландағы рольді – Санұржанмен бірге оқитын ұшқышты сомдады. Екеуі фильмде жау болғанымен, елге қауіп төнгенде азаматтық борышын өтеу үшін достасып кетеді. Сәуірде Асқардың қатысуымен үш фильм шықты. Актердан мұның бәріне қашан түсіп үлгергенін сұрадық.
Кейінгі 2-3 жылда түсірілген жобалар пандемия себебінен кинотеатрларға енді шығып жатыр. Маған сенім артқан режиссерлар мен продюсерлерге алғыс айтамын. Олар берген мүмкіндікті қалт жібермей шеберлігімді көрсетуге тырыстым. «Паралимпиадашы» фильмінде дайындыққа бір ай берді. Ол кезде шаңғы тептім. «Патриоттар уақытында» уақыт тығыз болды. Әскерилермен, ұшқыштармен сөйлестім, ақылдастым. Қатаң тәртіппен жүретін, иерархияға бағынатын мүлдем өзгеше адамдар екен, – деді Асқар Ілиясов.
Фильм қазақша дубляждалған. 12 мамырдан бастап Ресей кинопрокатына шығады. Одан кейін де басқа шетелдік экрандардан көріп қалуымыз мүмкін. Режиссер фильмнің жалғасын түсіретінін нақты шешпеген екен. Дегенмен фильм соңында оқиғаның аяқталмағанын меңзейтін кадр бар.
Түсірілім тобы:
- Режиссер: Серікбол Өтепбергенов
- Бас продюсер: Акбар Құрманбаев
- Қоюшы опреатор: Қайрат Темірғалиев
- Қоюшы суретші: Қуат Тілеубаев
- Сценаристер: Акбар Құрманбаев, Дмитрий Алейников
- Композитор: Әлім Заиров
- Рольдерде: Данияр Әлшінов, Санұржан Сүлейменов, Дастен Шакиров, Зарина Хаджиметова, Асқар Ілиясов, Саят Исембаев, Бекзат Елеусізов, Артур Пеннер, Рустам Турсунов, Нартай Сауданбекұлы.
Add comment