Айгүл Хожантаева, фотограф:
Айгүл Хожантаева фотограф болып жұмыс істейді. Бос уақытында ағылшын тілінен сабақ беріп қосымша табыс тауып жүр. Ол ағылшын тілін білетін мамандарға клиентті қалай табу керек екенін, бір айда қанша табыс тауға болатынын айтып берді.
Ағылшын тілін түрлі курстарға барып үйрендім
Мектеп кезінде ағылшын тілін дұрыс үйренбегендіктен Алматыда ЖОО-ға келген соң түрлі курсқа қатыстым. Кемі 7-8 ай курсқа қатысып деңгейімді көтердім. Ары қарай YouTube-тегі Engvid парақшасы мен TED презентацияларын көру арқылы жетілдірдім. Сөйлеуді дамыту, ойымды еркін жеткізу, ішкі қорқынышымды жеңу үшін шетелде оқып келдім.
Ағылшын тілінен қосымша табыс табамын деп ойламадым. Танысым шетелге жарыстармен көп шығады. Бірақ шетелдік азаматтармен сөйлесе алмайды екен. Сол үшін ағылшын тілін үйренгісі келіп, менен көмектесуін сұрады. Ол кезде бос уақытым бар. Жай бастапқы деңгейін білемін ғой деп үйретіп бастадым. Кейін сабақ берген адамның бірнеше танысы хабарласып, бос уақыттарымның барлығы ағылшын тілінен сабақ берумен өтті.
«Бір айда кемінде 500 мың теңге табуға болады»
Бұл бағытта табыс ағылшын тілін онлайн немесе офлайн, жеке немесе топпен сабақ оқытуға байланысты есептеледі. Онлайн курстан – 12000-15000 теңге, офлайн курстан – 32 000 теңге табуға болады. Фотограф болып жұмысымнан бөлек ағылшын тілінен сабақ беріп 1 айда – 500 000 теңге қосымша табыс таптым. Онлайн арқылы Қазақстанның кез келген қаласына сабақ беруге болады. Оған шектеу жоқ.
Клинеттерді қайдан табуға болады?
Бастапқы клиенттің көбі таныс адамдар болады. Instagram парақша ашып, түрлі пайдалы пост пен оқушыларымның жетістіктері туралы жазып жүрдім. Күніне кемі 2-3 клиент жазып тұрады. Бірақ өзімде білімімді сату қабілетім болмағандықтан, басында клиентпен сөйлесу, оған лайық ұсыныстар айта алмадым. Оның барлығын уақыт өте келе біртіндеп тәжірибемен үйрендім.
Әлеуметтік желіде маркетинг фишкаларын, басқа оқу орталықтарының жарнама роликтерінен жиі көріп отырамын. Жақында ғана «1 айда IELTS-қа қалаған балыңды аласың. Гарантия», «Ағылшын тілін 2 айда меңгеріп шығасың» деген сияқты жарнамаларды көзім шалды. Ол – мүмкін емес нәрсе. Басқаларға ондай үміт беру дұрыс емес деп ойлаймын. Тілді жақсы үйрете алатын болсаң, сапалы контентке адамның өзі келеді.
Альбина Дюсебекова, бухгалтер
Альбина Дюсебаекованың негізгі мамандығы – есепші. Ол жұмысынан басқа бос уақыт тапқанда сырға, білезік сияқты әшекей заттар жасап, қосымша табыс табады.
«Әшекей бұйым жасап, айына 50-70 мың теңге ақша табуға болады»
Instagram парақшадан сырға, білезік жасаудың курсын көріп, қызығушылығым оянып кетті. Ол мастер-класты оқуға 15 мың теңге ақша төледім. Әшекей жасауды үйренген соң оларды таныстарым мен жұмыстағы әріптестеріме сата бастадым. Жасаған әшекейлерімді жарнамаға жіберген жоқпын. Алғашқы айлық табысым 10-15 мың теңге болды. Егер белсенді жұмыс істеп, жарнамаға беретін болсаңыз, сырға мен білезіктен ғана айына 50-70 мын теңге табуға болады.
Қажет заттарын сатып алуға 2000-2500 теңге ақша кетеді. Сырға жасаудың үйрену курсына екі күн уақытым кетті. Өзім қызығып әшекей бұйымдар жасайтын болғандықтан қазір нәтижем өте жақсы. Тіпті жақындарымның да туған күндеріне де өзім қолдан жасаған әшекейлерімді сыйлауды әдетке айналдырдым.
Данагүл Берекет, журналист, қазір уақытта бала күтіміндегі ана
Данагүл Берекет – қазір бала күтімі бойынша үйде отырған ана. Ол бізге SMM-маманы болудың жолдарын айтып берді. SMM-маманы тек әлеуметтік желімен жұмыс істейді. Қазір әлеуметтік желіде бизнестің басым бөлігі жатқандықтан SMM-мамандары қалағанынша табыс таба алады.
10 күн ішінде SMM-маман болып шыға келдім
Нейрокоуч, ментор Эльвира Ерғалинаның бұрын Kampit_smm атты онлайн мектебі болған. Алғаш рет сол кісінің «Ақшаwriter» марафонына қатысқанмын. Копирайтингті үйретті. Қызық сала екеніне көзім жеткен соң, құны 30 мыңдай тұратын SMM курсын сатып алдым. 10 күн ішінде сертификаты бар маман болып шыға келдік. Ол курсты оқып жатқанда карантин мен декрет қатар келді. Бос уақыт бар. «Неге байқап көрмеске?» деп бастап кеттім. Бір жылдан асты, осы салада жиған азды-көпті тәжірибем бар.
«Алғашқы табысым курсқа кеткен ақшамды үш есе қайтарды»
Үйренуге 500 мыңға жуық ақша кеткен болар. Бірден емес, әрине. Бірде копирайтингті, бірде видеомонтаж курсын, енді бірде «прогрев», сату курстарына ақша салдым. Біртіндеп әр саланың дәмін татып көрген жөн. Толық меңгеріп, пісіп-жетілдім деу мүмкін емес.
Ақпарат 3 ай сайын жаңарып отырады. Мәселен, осыдан жарты жыл бұрын трендте болып, жасап жүрген дүниең қазір актуал емес. Бұл жерде болдым-толдым деу жоқ. Талмай ізденіп, көшке ілесіп отыру бар.
Алғашқы табысым курсқа салған ақшамды үш еселеп қайтарды. Бір жобаны 90 мыңға алдым. Ал қазір, ең көп дегенде 200 мыңға аламын. Инфобизнеске қосымша жұмыс ретінде қараса, қосымша табыс береді. Ал бар зейініңді, фокусыңды, энергияңды салып тұрып еңбек етсең 500 мың мен миллион теңге аралығында табыс табуға болады. Әркімнің икемі мен мүмкіндігіне сай.
«Отбасы құндылығын бірінші орынға қойып жүрмін»
Әркімнің құндылығы болады. Біреулер үшін отбасы бірінші орында болса, біреулер кәсібін алдыңғы орынға қояды. Үйдегі жағдайға қараймын. Егер бәрі дұрыс болып, қолым тиіп жатса, онда тапсырысты алып уақытында аяқтап беруге тырысамын. Кейде балалар ауырып, қонақ күту сияқты жағдайларда отбасыны бірінші орынға шығарамын. Жұмыс екінші орындағы мәселе болып, ондай жағдайда клинетке жұмыс жасай алмайтындығымды айтамын немесе кейінге шегере тұрамын. Сол себепті де көп таба алмай жүрген шығармын деп өзімді ақтап аламын. Мүмкін жалқаулықты кейде осылай жапқым келіп, отбасы құндылығын алға шығарғанымнан болар.
«Бұл салада өз-өзіңізге бастықсыз»
Ал егер шындап күш жігерін осы салаға салып және талмай ізденіп көшке ілесіп отыратын болса, мықты адам бұл саладан көп табыс таба алады. 1-3 миллионға дейін, тіпті өзінің командасын құрып алған адамдарды өз көзіммен көріп жүрмін. Бұл жұмыстың ең үлкен артықшылығы ешкім саған бастық емес, ешқандай графикке байланбайсыз, кабинетте қамалып отырмайсыз. Қай кезде қолың қалт етеді, сол кезде рахаттана жұмыс жасайтындай сала.
Альбина өте талантты, ақжарқын, әдепті қыз. Дәл осындай досым бар болғанына қуанамын. Альбинадан мен әрдайым үлгі алып отырамын, оның еңбекқорлығы мен үнемі ізденісте жүретін талапкерлігі мені тамсандырады!💓🌼