ГлавнаяБлог

Жұмыс табуға көмектесетін 10 сайт

Жұмыс іздеушілер арасында негізі санаулы сайттар ғана танымал. Бірақ көп мүмкіндік ұсынатын тиімді онлайн-алаңдарды пайдаланып жатқандар да, сол арқылы табысын арттырып жүргендер де баршылық. Бәлкім, олар туралы сіз білмейсіз. Кәдеңізге жарасын – жұмыс табуға көмектесетін 10 сайттың тізімін ұсынамыз.

Enbek.kz

Бұл өзін “мүмкіндіктердің цифрлық экожүйесі” деп сипаттайын онлайн-алаң. Мұнда жұмыс іздеуші де, оны беруші де қалағанын таба алады. Сайттың алғашқы бетіндегі кең жолаққа жұмыс іздейсіз бе, әлде қызметкер іздейсіз бе – соны таңдап, мамандық түрін белгілей аласыз. Платформа іздегеніңізге сай келеді-ау деген нұсқаның барлығын шығарады. Бірден мамандықты, компанияны немесе нақты бір кілт сөзді жазсаңыз болады. Мысалы, ағылшын тілі мұғалімі немесе копирайтер деген сияқты.

Дәл қазіргі сәтте сайтта 582 528 жұмыс беруші тіркелген, 1 724 495 адам жұмыс іздеген, соның ішінде 133 410 адам жұмысқа орналасқан және 94 308 бос жұмыс орны бар.

Бұл платформада үш негізгі сервис бар: Skills enbek, Business enbek және HR enbek.

Skills enbek-те қызмет жолын енді бастағандарға және жұмыс істеп жүргендерге арналған курстар топтамасы бар. Ал Business enbek бизнес бастау үшін немесе оны дамыту үшін қажет қолдау, гранттар туралы мәліметтерді қамтиды. HR enbek еңбек шартын тіркеу және жұмысқа орналастыру процесін онлайн ұйымдастырады.

Платформада түрлі топтағы адамдарға байланысты бос жұмыс орындары іріктелген. Мысалы, студенттерге, жастарға ыңғайлы жұмыстар, мүгедектігі бар адамдарға қолайлы қызмет, бұрын сотталып, қазіргі уақытта жұмыс табуға қиыналып жүрген азаматтарға тиімді ұсыныстар бар.

Сонымен қатар нақты кәсіпорындар көрсетілген, соларға өтіп қандай бос жұмыс орындары бар екенін де іздеп көруге болады.

HeadHunter

HeadHunter – жұмыс, қызметкер табу бойынша Қазақстандағы танымал онлайн-алаң. Бұл бірлестік тобы интернет-рекрутмент нарығында 2000 жылдан бастап жұмыс істейді. Оның кәсіптік  үлгісі ақпаратты түйіндемелердің дерекқорынан  алуға негізделген.

Cайт мәліметінше, мұнда күн сайын мыңдаған адам жұмыс іздеп табады, жұмыс берушілер бос жұмыс орындарын жариялайды.

Hh.kz сайтында бос жұмыс орындарын қарап, өзіңізге ұнайтын ұсыныстарға жауап бере аласыз. Үміткерлерде таңдауға болатын кәсіби салалардың үлкен каталогы бар. Өзіңіз таңдаған аймақта, қалаған жалақы көлеміне сәйкес ұсыныстарды лезде табасыз. Егер сайтқа түйіндемеңізді сауатты орналастырсаңыз, жұмыс беруші сіздің кандидатураңызды лайық көрсе, өзі хабарласады. 

Жұмысты жылдам табуды қаласаңыз, түйіндемеңіздің «жарнамасын» жасауыңызға болады. Автожоғарылату 750 теңгеден, ал премиум ұсыныс 1300 теңгеден басталады. Бұл екі пакетті қолдансаңыз, түйіндемеңіз жұмыс берушіге алғашқылардың бірі болып көрінеді. Солай жұмыс табуыңыздың ықтималдығын арттырады.

Сайтта бұдан өзге де мүмкіндіктер өте көп. Барлық жұмыс табуға көмектесетін сайттағыдай мұнда да аймақты, мамандықты таңдауға болады. Күн сайын вакансиялар жаңарып отырады. 

Market.kz

Қазақстандағы «Колёса» және «Крыша» жобаларының тобы құрастырған ортақ тақырыптарды жинақтайтын тегін хабарландырулар сайты. 

Мұнда да мыңдаған қызық ұсыныс бар. Порталдың хабарландыру каталогы күнделікті жаңарып отырады.

Барлық бос жұмыс орны іздеуге ыңғайлы әрі тез болуы үшін тақырыптарға бөлінген. Сауда-саттық, IT, компьютерлер, байланыс, маркетинг және жарнама, әкімшілік қызметкер және тағы басқалары. Бар болғаны қажет категорияны таңдап, ұсынылған хабарландырулармен таныса аласыз.

Жұмысты іздеуде фильтр жүйесі уақытты үнемдеуге көмектеседі — қажет жалақы мөлшерін көрсетіп, «Көрсету» батырмасын басу қажет. Каталогты бағасына және күн ретіне байланысты іріктеп алуға болады. «Картада» опциясы таңдап алынған кәсіпорынның қайда орналасқанын көрсетеді.

Jumys.sitcen.kz

Бұл — білім беру мекемелеріне басшылар мен қызметкерлерді жұмысқа алу процесін автоматтандыруға арналған портал. Тікелей жұмыс істейтін білім беру ұйымдарындағы бос орындар және кез келген мәселе бойынша тиімді шешімдер мен үміткерлердің,  білім беру ұйымдары мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің арасындағы кәсіби ашық диалог базасы.

Сайттың алғашқы бетіне өткенде бірден аймақты таңдау ұсынысы шығады. Мұнда конкурстық бос жұмыс орындары да жарияланып отырады. “Мұғалімге көмек” бөлімінде маман иесіне қажет кеңес ұсынылған. Сайтты қолдану, жұмыс табу бойынша нұсқаулықпен мына сілтемеге (https://jumys.snation.kz/kz/tko/faq) өтіп, таныса аласыз.

Қазіргі уақытта сайтта 106 бос жұмыс орны, 13 182 жалданған кандидат бар.

Zarplata.kz

Жоба 2004 жылдың қараша айынан бастап жүзеге асып келеді. Сайт жұмыссыздардың іздеуіне және басты мәселелеріне барынша назар аударады. Сонымен  қатар бұл — жұмыс берушілерге қызметкерлерді іздестірудегі оңтайлы тәсіл ұсынатын платформа.

Сайтта тек  Алматы бойынша емес, Қазақстанның басқа да қалаларындағы және аймақтарындағы бос жұмыс орындары көрсетілген.

Жұмысты рубрика бойынша да іздеуіңізге болады немесе бірден компанияны таңдап, сондағы бос жұмыс орындарын қарастыруға мүмкіндік бар. Жұмыс жылдам орналасу ықтималдығы жоғары «өзекті ұсыныстар» да бөлек топтастырылған.

Jooble 

Бұл – дүниежүзінің 69 елінде күнделікті миллиондаған адам қолданатын халықаралық жұмыс іздеу сайты.

Компания онлайн рекрутинг нарығында 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Өзінің жұмыс істеу кезеңінде компания екі студент негізін қалаған стартаптан жаһандық жұмыспен қамту платформасына өткен. Бүгінгі таңда Jooble Jobs and Employment сегментінде әлемдегі ең көп кіретін сайттардың ТОП-10 қатарында (SmileWeb дерегі бойынша).

Қазақстан бойынша да Jooble пайдаланушыларға лайық жұмыс табуға көмектесуге арналған сайт ретінде танымал. Елдегі барлық бос жұмыс орны Jooble-де бар. Ол Jooble-дің «жұмыспен қамтитын жетекші портал» немесе «Қазақстандағы ең  ірі  қор» болғандығынан емес, бұл оның жұмысының ерекшелігінен туындаған болатын. Сайттың жұмысы әйгілі іздеу жүйелерінің (мысалы, Google және Yandex) қызметтеріне ұқсас, яғни ақпараттарды өзінде сақтамайды, тек оны іздей алады.

Qyzmet.kz

Qyzmet.kz — жұмысқа орналастыруға арналған уеб-сайттар мен порталдарда жарияланған бос жұмыс орындарын іздестіруге мүмкіндік беретін мамандандырылған жүйе.

Сайт классикалық Google, Яндекс, Bing іздеу жүйелері тәрізді, кілт сөздермен керек уеб-сайттарды тауып, пайдаланушыларды cоларға бағыттайды. Түрлі фильтрмен қажет бос жұмыс орынды тауып береді.

Сондай-ақ вакасияларды рубрика бойынша да қарастыруға болады. Аймақ бойынша мамандықты да бөлек-бөлек іздеуге болады. Сайт қарапайым жұмыс істейді.

Joblab.kz

Қазақстанда тікелей жұмыс берушілердің  және кадр агенттіктерінің  бос жұмыс орындары туралы  жариялайтын және қызметкерлерді іздестіретін кәсіби сайт.

Сайтта барлық бос жұмыс орны және түйіндемелер бірнеше  катологқа бөлінген:  

  • кәсіби  қызметтер бойынша айдарлар тізімі;
  • қала және облыстар  бойынша айдарлар тізімі;
  • ең оңтайлы жұмыстан ұсыныс алу үшін бірнеше параметрде бос жұмыс орындарды кеңінен  іздестіру.

Пайдаланушылар хабарландыруларды іздеу кезінде Қазақстанның қала және облыс параметрлерін немесе каталогтарын қолдана алады, сонымен қатар сайтқа тіркеліп, жұмыс немесе қызметкерлерді іздестіру туралы хабарландыруын жариялай алады.

Olx.kz

OLX тек тауар алмасу, сауда-саттық алаңы емес. Қазақстан  бойынша жұмыс ұсынатын әртүрлі бірлестіктің  және жеке кәсіпкерлердің алаңы.

Мұнда да жұмыс, мамандық мөлшері жалақысымен жарияланады. Өз қызметіңізді де ұсыну мүмкіндігі бар.

Naimi.kz

Сайт клиенттерге және жұмыс берушілерге білікті мамандарды және  қызметкерлердің құрамын іздестіруге, сонымен қатар мамандарға жұмыс іздестіруге көмектесу мақсатында 2015 жылы құрылған.

Компания өзекті мәселелерді шешу үшін тапсырыс берушілер мен мамандардың бір-бірін табуына көмектесу міндеті ретінде қарастырады.

Мұнда мамандарды белгілі бір шарттар бойынша іздестіруге болады, әрине фильтр қоюға да мүмкіндік бар.