ГлавнаяБлог

Naiza 39. Жастардың жолын ашқан жарыс

Әлемнің ең үздік тұжырымдарының бірі саналатын Naiza Fighting Championship кезекті 39-турнирі өтті. Алматыда өткен байрақты бәсекеде көрермендер тартысқа толы 9 жекпе-жектің куәсі болды. NFC тұжы-рымында үш жекпе-жек өткізіп, барлығында жарқын жеңіске жеткен Диас Еренғаипов пен АСА Young Eagles гран-приінің жеңімпазы Ислам Кончиев арасындағы жекпе-жек кештің көркін қыздырды. Нағыз мықтылардың шайқасын тамашалаған көрермендер керемет кездесудің куәсі болды.

NAIZA 39 турнирінің басты жекпе-жегінде өнер көрсеткен Диас Еренғаипов (11-3) пен Ислам Кончиев (7-2) арасындағы жекпе-жек тартысқа толы болды. Аса жеңіл салмақта сынға түскен қос мықты бірін-бірі ала алмай, үш раунд бойы жұдырықтасты. Отандасымыз күресте де, тік тұрып ұрыста да мықтылығын көрсетіп, төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Сөйтіп, бес жекпе-жек қатарынан жеңілмей келе жатқан Кончиевтің жолын кесіп, тұжырым аясындағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. Диас жарқын жеңісінен кейін бразилиялық спортшы Кайк Аленкарды жекпе-жекке шақырды.

«Ең біріншіден, осы жекпе-жекке тыңғылықты дайындап, жеңіске жетуіме себепкер болған бапкерім Айбек Шоқпытовқа алғысым шексіз. Спарринг серіктестерім Жалғас Жұмағұлов, Әліби, Дастан барлық жігітке де рақмет айтқым келеді. Иә, Ислам өте мықты спортшылардың қатарында екенін білдік. Өйткені осал спортшы АСА Young Eagles гран-приінің жеңімпазы атанбайды. Бірақ оның мықтылығы маған да мотивация беріп, екі есе тер төгуіме септігін тигізді. Тек мықты спортшылармен жекпе-жекке шығу арқылы өзімді жігерлендірем.

Шыны керек, әлсіздеу қарсыласқа қарсы аса қатты мотивация да болмайды. Сол себепті бразилиялық жауынгерді жекпе-жекке шақыр-дым. Өздеріңіз білетіндей, Әліби бауырымыз чемпиондық атағын сәтті қорғап, белбеуді сақтап қалды. Екеуміз командалас, бауыр болғандықтан бір-бірімізге қарсы жұдырықтаспаймыз. Дегенмен лига басшысы Нұрбек Қарабала мықты қарсыластарға қарсы кездесу ұйымдастыратынына сенемін», – деді Диас.

Кештің басты жекпе-жектерінің бірінде өнер көрсеткен Айбек Нұрсеитов (5-3-1) қарсыласы ресейлік Акрам Джакиевті (3-1) уақытынан бұрын ұтып, кезекті жеңісіне қол жеткізді. Алғашқы раундтан бастап басымдыққа қолына алған қазақ спортшысы жойқын соққыларын жаудырып, қарсыласын тығырыққа тіреді. Нәтижесінде бірінші раундтың соңында техникалық нокаутпен жеңіп, «Қаңтар оқиғасында» қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, қолдау көрсеткен жанашырларына алғыс білдірді.

«Шыны керек, дайындық барысында қарсыласымыз ауысып, кіммен шығатынымызды білмедік. Дегенмен кіммен болса да, шығуға дайын екенімізді айтып, кез келген қарсыласқа келісім бердік. Бірақ өздеріңіз көргендей 66 келіде емес, 70 келі салмақта өнер көрсеттік. Бұйырса, келесі жекпе-жегімде 66 келіде сынға түсемін.

Қырғыз жауынгері Қанат Келдібековпен де, шешен спортшысы Сайфулла Жабраиловпен де жұдырықтасуға дайынбыз. Тек толыққанды оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тыңғылықты жаттығып, жақсы бабымызға келсек болғаны. Осы орайда, әркез қолдау көрсететін жанашырларыма алғыс білдіремін», – деді Айбек Нұрсеитов.

ММА-дан әлем чемпионы Санжар Әділов (7-1-1) пен Флавио да Силва (14-7) арасындағы жекпе-жек те NAIZA 39 турнирінің көркін кіргізді. 61 келіде сынға түскен қос спортшы үш раунд бойы тартысқа толы жекпе-жек өткізіп, өзара мықтыны төрешілер шешімімен анықтады. Үш раунд қорытындысы бойынша Санжар Әділов басым түсіп, спорттық мансабындағы маңызды жеңісіне қол жеткізді. Ол тұжырым президенті Нұрбек Қарабалаға ең үздік лигалардың бірінде өнер көрсетуге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтты.

«Осындай турнирде өнер көрсетуге мүмкіндік берген Нұрбек ағамызға рақмет айтқым келеді. Иә, бразилиялық спортшының өте мықты екенін, оңай жекпе-жек болмайтынын білдік. Силва Арман бауырымызға қарсы да қайсарлық танытқан, мінезді спортшы екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Дегенмен біз — шаршы алаңда қасық қанымыз қалғанша айқасатын қазақпыз. Негізі EAGLE FC тұжырымындағы келісімшартым әлі аяқталған жоқ.  Енді екі жекпе-жек өткізуге тиіспін, соның бірі чемпиондық белбеу үшін болу керек. Дегенмен Нұрбек ағамыз мені NAIZA тұжырымында көргісі келетінін айтты. Бәлкім жақсы жекпе-жектер, қызық ұсыныстар болса, болашақта өнер көрсетуіміз әбден мүмкін», – деді Санжар.

NFC 39 турнирінің басты жекпе-жегінде чемпион Айжігіт Еркебайұлына қарсы жұдырықтасуы керек болған Еламан Шертаев та кезекті жеңісіне қол жеткізді. Қарсыласының салмақ жасай алмауына байланысты чемпиондық атаққа таласу мүмкіндігінен айырылған Шертаевқа қарсылас табу да қиын болды. Дегенмен тұжырымның матчмэйкерлері ондай олқылыққа орын бермеді. Нәтижесінде Еламан отандасы Ержан Шапауовқа (4-1) қарсы жұдырықтасып, қылқындыру әдісімен жеңіске жетті. Еламан жеңісінен кейін, чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасқысы келетінін айтты.

«Шыны керек, біз чемпиондық белбеуге жұдырықтасу үшін жанымызды салып, күн-түн демей тер төккен едік. Жатсам, тұрсам да, Айжігітке қарсы жекпе-жегімді ойлап жүрдім. Өкінішке қарай, қарсыласым Айжігіт 6 келіге салмақ жасай алмай, денсаулығы сыр берді. Айжігітке тез айығып кетуін тілеймін. Бір күн қалғанда жекпе-жекті қабылдаған Ержан бауырымызға рақмет! Шыны керек, бұл жекпе-жекке амал жоқтан келісім беріп, шаршы алаңда да амал жоқтан төбелесіп шықтым.

Қазақ бауырымды ұруға қолым да бармады. Көзіндегі отын сөндірмеуге, сағын сындырмауға тырыстым. Ендігі жекпе-жегіміз чемпиондық белбеу үшін болатынына кәміл сенемін. Белбеуді елге қайтарып, қазақтың абыройын асқақтатамыз. Григорий Попов әлемдік рейтингте жоғарғы орындарда тұрған спортшы. Сондықтан чемпиондық жекпе-жекті соған қарсы шыққым келеді. Жанкүйерлердің жадында қалатын жақсы жекпе-жек сыйлап, жарқын жеңісіммен қуантқым келеді», – деді Еламан.


Прелимде болған жекпе-жектердің басым көпшілігі уақытынан бұрын аяқталып, чемпиондық белбеуге үміткерлер анықталғандай болды. 61 келіден 57 келіге ауысқан Абу Нұрболат әзірбайжандық спортшы Рашад Мамадовты (5-1) қылқындыру әдісімен жеңіп, чемпиондық белбеу үшін жұдырықтасуға дайын екенін айтты.

«57 келіге салмақ қуу оңайға түсіп жатқан жоқ. Алдағы жекпе-жектерімнің кімге қарсы болатынын бапкерлеріммен ақылдасып, шешеміз. Мақсатымыз аса жеңіл салмақтағы чемпиондық белбеуді иелену. Кіммен болса да, жұдырықтасуға дайынбыз», – деді Абу.

NAIZA тұжырымында үш жекпе-жек өткізіп, барлығында уақытынан бұрын жеңіске жеткен Асылжан Таскет те қарсыласы Жыргалбек Нурдиновтың (3-1) мысын бір раундта басып, кезекті рет уақытынан бұрын жеңіске жетті.

«Лига аясындағы жекпе-жектерімнің бәрінде уақытынан бұрын жеңіске жеттім. Ендігі мақсатым — чемпиондық белбеудің иегері Айжігіт Еркебайұлымен жұдырықтасып, чемпион атанғым келеді. Сол мақсаттың жолында тер төгуге дайынбыз», – деді Асылжан.

NAIZA 39 турнирінде алты бірдей спортшы дебют жекпе-жектерін өткізді.  Атышулы Ғалымжан Жасланов аса ауыр салмақта өзбекстандық Даврон Кузиевпен жұыдырықтасып, техникалық нокаутпен жеңіске жетсе, DAR TEAM командасының спортшысы Аслан Искандеров Даниал Шариповтан басым түсті. Талантты, жас спортшылардың жекпе-жегі кештің үздік жекпе-жегі атануға әбден лайықты өтті. Сондай-ақ орта салмақта өнер көрсеткен Дінасыл Жылқыбай қырғызстандық Навруз Фаизовты ұтып, кәсіби мансабын сәтті бастады. Айта кетейік, NAIZA-ның келесі турнирі маусым айына жоспарланған. Тұжырымның 40-мерейтойлық турнирінде еліміздегі ММА спортының жарық жұлдыздары өнер көрсетеді деп жоспарланып отыр.