ГлавнаяБлог

Ипотека рәсімдегенде жұрт ескермейтін 7 қате

Баспаналы болуды жоспарлап жүрсеңіз, көпшілік жіберетін қателерге ұрынбаудың амалын жасаңыз. Өйткені үйді ипотекаға рәсімдеу — үлкен жауапкершілік. Оны бір сәттік эмоцияның әсерімен алып тастауға әсте болмайды.

Алып-ұшып қабылданатын шешім

Әлқисса, алдымен кішігірім оқиғадан бастасақ. Жасы 28-ге келгенде Жұлдыз «қашанғы пәтерден пәтерге көшіп жүремін?» деп, ипотекаға баспана алуға бел буды. Айлығы аса жоғары емес болса да, ипотека туралы аса түсіне бермесе де тәуекел деп рәсімдеген еді.

Оның бұл жолда жіберген басты қателерін талдап көрелік. Айтқандай, осыдан 5 жыл бұрын Жұлдыз енді салынып жатқан, құрылысы бітпеген тұрғын үй кешенінен үй аламын деп шешті. Кеңсесінің кіреберісіндегі жарнамалар тақтасында ілінген хабарландырулардың ішінде әлгі жаңа үйдің де суреті тұрған. Жарнамасы әдеттегідей «жер жарады». Шарттары жеңіл, бағасы арзан, инфрақұрылым жолға қойылған — бәрі ғажап-мыс. Содан эмоцияға беріліп, өз үйіне кіріп-шығып жүргенін елестеткен Жұлдыз демде құрылыс компаниясына хабарласып, кездесу уақытын белгіледі. Сату бөлімінің мамандарымен тілдескен бойда ойланбастан келісімшартқа қол қойды. Жақындарымен ақылдасу ойына да келмеген. Тым құрығанда шарттарын да толықтай қарап шықпаған. Ең кемі жұмыс пен үйдің арасындағы жолға кететін уақытты да есепке алмағанын қайтерсіз? Алматының кептелесін есепке алсақ, екі арада баруға — 2 сағат, қайтуға тағы сонша уақыт кетеді екен. Мұны ол кейін білді. Сонымен, ең бірінші қате — жан ұшырып, бірден шешім қабылдау, салқынқанды ойланбау.    

Келісімшартқа мұқият болмау

Кез келген құжатқа қол қоярда үтір-нүктесіне дейін шолып шығу шарт. Әрине, көпшілігі заң тіліндегі терминдерді түсіну қиын деген сылтаумен тезірек қол қоюға асығады. Сөйтіп артынша қиындыққа тап болғанда кінәліні іздеп шыға келеді.

Мысалы Жұлдыз үй алатын кезде сату бөлімі мамандары «бүгін акцияның соңғы күні. Егер қазір келісімшарт жасасып үлгерсеңіз, бонус аласыз. Үй бағасы қымбат болған сайын одан түсетін бонус та жоғары» деп қапылдырған. Содан келісімшартты дұрыстап қарамастан қол қоя салған. Сөйтіп ипотекаға өтінім жіберіп, мақұлдауды күтеді. Екі аптадай уақыт құжаттары қаралып, ақыры оң шешім шығады. Бірақ қараса, бұған дейін менеджерлер есептеп берген айлық төлемнен сәл көбірек екен. Себебін сұрағанда «сізде несие тарихы жоқ екен. Сол үшін сондай» депті. Қаржылық сауаты шамалы болғаны бар, «2-3 мың теңгеде тұрған ештеңе жоқ» деген ойы бар — бұған көз жұмады. Ал шындап қарағанда, 20 жылға рәсімделген ипотеканың әр тиынына мұқият болу керек. Одан қала берді, келісімшартта 3 жылдан кейін пайыз өсетіні жазылған. Мұны да аса мәселе көрмеді. Өйткені оның ойында «үш жылда кім бар, кім жоқ? Мен оған дейін жоғары жалақы алатын жерге ауысамын. Теңге де уақыт өткен сайын құнсыздана береді» деген сөздер ғана болды. Ал негізі алдағы уақытта белгісіздік көп болғандықтан, бұлай тәуекел жасау жөн емес. Бұл — екінші қате. 

Қаражатты дұрыс есептемеу

Алдыңғы қатеден келесісі шығады. Бұл — мүмкіндіктерді дұрыс бағалай алмау. Жұлдыз алдағы үш жылда не боларын білмесе де, қазіргі сәтті ғана ойлап үлкен жауапкершілікті мойнына алды. Ал шындап келгенде табысының жартысынан астамы ипотека төлеуге кетсе, қалғаны тағы да өзге кредиттеріне кететін. Оған қоса, қымбат жерлерден тамақ ішіп, бренд киімдерді де алуын тоқтатпады. Айлығы жетпесе, кредит карта арқылы төлеп, күн көріп жүрді. Басында қарыз көбейген сайын тынысы тарыла түсті. Өйткені айлығы шайлығына жетпейді. Тіпті бұрынғыдай қалауындағы дүниелерін алуды қысқартса да, кредит «күшіне» мініп алған. Осылайша тапқан-таянғанын қарыздарын төлеуге жұмсаумен әлі жүр. Айлығын алады, қарыздарын төлейді — жалақысы таусылады. Бұл — үшінші қате.

Бұдан басқа 5 қате

Жұлдыздың оқиғасы бүгінде біраз қазақстандықтың басында бар болса керек. Бұдан бөлек, тағы қандай қателерден аулақ болған жөн? Осы туралы айта кетсек.

  • Бастапқы жарна үшін тұтынушылық несие алу. Мұны тіпті нұсқа қылып қарастырмаңыз. Кредитті кредитпен жабу секілді бұл да тиімсіз шешім. Дұрысы, қашан қолыңызда жеткілікті қаржы болады — сол кезде алыңыз. Мәселен, үйіңіз 15 млн теңге болса, оның 20 пайыздық бастапқы жарнасы 3 млн теңге болады. Тұтынушылық кредиттің пайызы ипотекадан жоғарырақ болатынын ескерсек, сіз өзіңізге екі есе жүк артып тұрғаныңыз. Одан қайта ай сайын қанша соманы жинай аласыз, соны депозитке сала беріңіз. Әрі бұл сіздің қаншалықты тұрақты адам екеніңізді байқауға мүмкіндік береді. 
  • Қордың болмауы. Көбіне «үй алсам, болды» деп тапқан-таянғанын соңғы тиынына дейін салып тастап жататындар бар. Ал негізі табыссыз қалғанда не форс-мажор болғанда жұмсауға арналған кемі 3 айлық табысыңызға тең жинағыңыз болуы керек. 
  • Бірден зәулім үй алу.  Егер табысыңыз орташа болса, бірден үлкен тілімді асауға асықпаңыз. Келген қонаққа үлкен шаршы метрлік үйді көрсетіп, мақтанған жақсы. Дегенмен ай сайынғы шығыны жүйкеңізді тауысатын болса, көрпеге қарай көсілуге не кедергі? Одан қайта алдымен шағын пәтер алып, кейін біртіндеп кеңейген нұсқа жақсырақ.  
  • Банкті көз жұмып таңдай салу. Шарттар ұқсас болғанымен, әр банктің ішкі ережелері, талаптары ерекшеленеді. Тіпті 10 пайыз бен 11 пайыздың айырмашылығы да жер мен көктей. Бүгін алып, ертең құтылатын қарыз болмағандықтан, елеусіз сома не пайыз деген түсініктен арылыңыз. Тәптіштеп таңдаңыз. Ең қолайлы дегеніне тоқталыңыз. Тіпті қайсысында мобайл банкиң жақсы дамыған, қайсысында кассаға барып не үлкен комиссиямен есепшотқа аударым жасау керек дегендей мәселені де назардан тыс қалдырмаңыз.
  • Тез жабу үшін жылын азайтып алу. Әрине, 5 жыл қиналып жауып тастап, жеңілдеген жақсы. Десе де, ипотекаға келгенде олай тәуекел жасарда ойланыңыз. Себебі жылын азайтқаныңыз — айлық төлемді көбейткеніңіз. Бір жағдай бола қалса, ай сайын төлей алмай, ол үшін өсімпұл төлеп, екінші ай қосылып, басыңыз дауға қалуы мүмкін. Сондықтан рәсімдегенде ұзағырақ мерзімді таңдап, мүмкіндік туа қалса, бірден жауып тастаған абзал.