ГлавнаяБлог

Қазақстан мұғалімі АҚШ-та: бізге қандай тың әдістемелер әкеледі?

Айгүл Тәңірбергенова — ағылшын тілінің маманы. Балаға үйретуден жалықпайтын ұстаз үнемі ізденіс үстінде жүреді. Мәселен дәл қазір Айгүл Қанатқызы Америкада өз қаражатына білімін жетілдіріп жатыр. Қазақстанда бакалавриатта білім алған соң, бірнеше жыл сабақ берген ол оқушылардың, соның ішінде ауыл балаларының ағылшынша білімі осалдау екенін байқайды. Сөйтіп осы бағытта жұмыс істеуге бел буады. Алматыға жақын маңдағы аудандардан жалпы саны 16 тіл оқыту орталығын ашқан. Онда сабақ беретін мұғалімдердің білігін арттыру үшін өзінің Англияда, Америкада алған білімін бөлісіп, әдістемелерін үйретеді.

2500 теңге айлық алған ұстаз

Кейіпкеріміз Алматы облысындағы Райымбек ауданына қарасты Нарынқол ауылында дүниеге келген. Мектепті сол жерде тәмамдаған соң, бакалавриатты Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде ағылшын тілі мұғалімі мамандығын оқып шығады. Артынша мектепке жас маман болып орналасады. Айтуынша, 2000-жылдары жас мұғалімнің айлығы 7 мың теңге болған.

«Есімде, газет-журналдарға жазылу үшін, басқа да ұстайтындарды есептегенде қолға 2500 теңге алатынмын. Жалақы аз болған соң, қосымша жұмыс істеуге тура келді. Сөйтіп қазіргі Rahat palace, бұрынғы Hyatt Regency қонақүйіне кассир-даяшы болып түнгі ауысымға жұмысқа тұрдым. Ондағы жалақым 30 мың теңге шамасында болды. Екеуіне қатар үлгеру қиын болған соң мектептен шығып кеттім де, біраз жыл қонақ үйде жұмыс істедім. Сол аралықта тұрмысқа шықтым, балалы болдым. Араға уақыт салып, 2009 жылы мектепке қайта оралдым. Үш тілде білім беретін, дарынды балаларға арналған мектепте істеп жүріп, біліміме де, жалақыма да көңілім толмай әрмен қарай білігімді арттыруым керек деп шештім» дейді Айгүл Қанатқызы Англияға кету оқиғасының әлқиссасын айта келе.

Шетелге неге және қалай кетті?

Англияда ол 8 ай ағылшын тілі курсын, 4 ай foundation, 1 жыл магистратураны MBA бойынша оқып, 2013 жылы елге оралады. Келген соң Сүлеймен Демирель атындағы университетінің экономика факультетінде marketing & business environment бойынша сабақ бере бастайды. «Сол кезде байқағаным — ауыл балалары ағылшын тілін онша білмейді, ойын анық жеткізе алмайды. Сөйтіп өмірлік мақсатымды айқындағандай болдым. Яғни ауыл балаларына ағылшын тілін оқытып, білімін жетілдіргім келді. Ең алғашқы тіл үйрету орталығын сол 2013 жылы, Қаскелеңде ашқан едім. Бүгінде Алматы маңындағы аудан орталықтары мен ауылдарда ұзын саны 16 орталығымыз жұмыс істеп тұр. Заманға сай білім беру үшін жаңа әдістемелерді меңгеру керек. Сол мақсатта Америкаға аттанып, сол жақтың методикасымен танысу үшін жиған-терген қаражатыммен оқуға түстім».

Айгүл Қанатқызы мемлекеттік грант не өзге де демеушінің көмегіне жүгінбеген. Қазір АҚШ-та оқып жатыр. Айтуынша, орталығындағы барлық мұғалімді шетел асырып оқыта алмаса да, тың әдістерін бөлісуді мақсат тұтады. Ол ниетін орталықтағы ұстаздар, әдіскерлер бірлесіп, New Wave деген оқулық жазып шыққанынан байқауға болады.

«Мұнда шетелдік методикаларды өзімізге лайықтап құрастырдық. Нәтижесі де көңіл қуантты. Көпшілігінен жылы лебіз естідік. Америкадағы ұстаздарға көрсеткенімізде олардың да көңілінен шықты. Сондай-ақ, бір мұғалім Қазақстанға барып, әдістемесін бөлісуге келісті. Біздің ұстаздарға көбіне практика жетіспейді. Теориялық тұрғыдан бәрін білгенімен, сөйлеуге шорқақ. Оның үстіне кейбірі сырттай бітірген. Ал тіл маманына үнемі білігін жетілдіріп отырмаса болмайды. Әрине, оқуымды аяқтап, елге оралған бойда америкалық білім беру жүйесін мектептерге енгізе алмаймын. Сондықтан барынша тіл оқыту орталықтарында қолдана алатын әдістемелерді алуға тырысып жатырмын. Халықаралық CELTA (Certificate in Teaching English to Speakers of Other Languages), Delta (Diploma in Teaching English to Speakers of Other Languages), TEFL (Teaching English as as foreign language) сияқты методикаларды мұғалімдерге үйретіп, өз аудиториямызға бейімдеуді мақсат етіп отырмыз. Өйткені тура сол күйі бере салуға болмайды. Әр ұлттың қабылдауын, ойлау жүйесін ескеру керек. Мысалы жапондықтар, кореялықтар сабақты шуламай оқиды, сұрасаң ғана жауап береді екен. Ал италиялықтар, арабиялықтар керісінше дегендей» дейді кейіпкеріміз.

Америкадан не үйренеміз?

Мұғаліммен сұхбаттасқанда ұстаз мәртебесі туралы тақырып қозғалмай қоймайды. Бұл сұрақты шетел көрген маман — Айгүл ханымға да қойдық. «Байқағаным, жүйе барлық жерде бірдей. Мәртебесі де сондай. Менің әлемнің жер-жерінен келген группаластарым бар. Солармен осы тақырыпқа қатысты дискуссия жасағанбыз. Сол кезде барлық жерде ахуалдың шамалас екенін байқадым. Мәселен балаға ұрсуға болмайды дегендей. Сондықтан өзіміздің ұстаздарға айтарым: өсуге талпыну керек. Бізде мұғалімдер заңмен қорғалған, енді ізденіс пен даму қажет. Америкалық ұстаздардан сондай үлкен ізденіс барын көріп жүрмін. Сабақтары еш жалықтырмайды. Неше түрлі әдістеме қолдана отырып түсіндіреді. Біздікілер де солай істейтін күнге жетсе деймін» деп жүрек түкпіріндегі арманын айтты кейіпкеріміз.

Өзі оқып, сол білгенін басқаға бөлісу деген бар. Одан бөлек, Айгүл Қанатқызы маманның дамуы үшін өз қалтасынан ақша шығарып, шетел көруіне де септігін тигізіп жүр. «Балаларға сабақ бергенде ұстаз олардан көп біліп тұруы керек. Көкжиегі кең болуы шарт. Қазір мұғалімдерге қарағанда оқушылар көбірек шетелге шығып жатады. Сондықтан мотивациясы мол болсын деген ниетпен орталық ұстаздарына өз қаражатымыздың есебінен шетелге шығуға мүмкіндік береміз. Шамамыз жеткеніне қарай жылына 2-3 мұғалімді алып шығуды мақсат етіп отырмыз. Себебі біздің беріп жатқан біліміміздің сапасы сол жерде істейтін маманға тікелей байланысты. Бізде оқыған бала білімін пайдалана алса, ата-аналар риза болса деген ниет қана».

Айгүл Тәңірбергенованың негізгі ойын былай түсіндік: өзі шетел көрмеген, native ортада тұрып көрмеген мұғалімнің балаларға тіл үйретуге шабыты шамалы болады. Осы мақсатта ол байқау ұйымдастырып, мұғалімдерге жолдама ойнатады. Атап айтқанда конкурс ашық сабақ жоспарлары мен екі минуттық сұхбаттардан тұрады. Әрі бұл байқауға тек жалпы орта білім беру мектептерінің мұғалімдері ғана қатысады. Яғни бұл — қарапайым мектеп ұстаздарына мол мотивация. Осылайша кейіпкеріміз өзінің мақсатына нық қадам басып, білім саласының дамуына тамшыдай болсын үлесін қосып келеді.