«Қолымда бармен контент жасадым»

Айтыс маса” арнасын ашқаныма көп болды, бірақ нақты жұмыс істеп, контент жасаумен айналысып жатқаныма 2 жыл. Айтысқа қатысудан шеттетілген соң әлеуметтік желілер, платформалар арқылы шындықты халыққа жеткізуге болатынын түсіндім. Алғашында контент жасауға арналған нақты құрылғылар мен керек жабдықтар болмады, сондықтан қолда бармен жұмыс істедім. Арнаға шығарған алғашқы видео көп қаралым жинады. Сұраныс барын ұққан соң, контентті сапалы етіп шығаруды ұйғардым. Қазір “Адам құқығын қорғау қорының” қолдауы арқылы жұмыс істеп жатырмыз. 

Instagram-дағы парақшамызда 30 мыңға жуық тіркелуші бар. TikTok-тағы жеке парақшамды 15 мың адам тамашалайды. Facebook-тағы “Айтыскер” деген парақшамызға 17 мың адам жазылған. YouTube-тегі парақшамызды көретіндердің саны 100 мыңнан асты, күміс кнопкаға да қол жеткіздік. 

Халықты, топты ояту үшін әрқашан еңбек етіп, тер төгу керек. Біз айтыс өнері арқылы ағартушылықпен айналысуды, маса болып жұртты оятуды мақсат тұттық. Жобаның атауын Ахмет Байтұрсынұлының “Маса” өлеңдер жинағынан алдық. Өзінің пікірі дұрыс қалыптасқан, азаматтық көзқарасын еркін білдіре алатын айтыскерлермен сұхбаттасамыз. Айтыс кезінде қиылып, теледидарда көрсетілмеген өлең жолдарын жария етеміз. Сонымен қатар елімізде, әлемде болып жатқан, тексерілген, расталған саяси ақпараттарды да YouTube арнамызға салып отырмыз. 

Әртүрлі кейіпкердің ролін сомдау арқылы айтыстың жаңа форматын жасадық. Біз әйелі мен күйеуінің, дәрігер мен емделушінің, барыс жылы мен сиыр жылының, азапталушы мен полицейдің, мұғалім мен оқушының рөліне кіріп, айтысып, ел ішінде болып жатқан мәселелерді қозғаймыз, өнер арқылы жеткіземіз.  

«Нақты мәселелерге назар аударамыз»

Тақырып таңдағанда жалған жазып, ұрандату дұрыс емес. “Айтыс маса” жобасында халықтың нақты мәселелерін қозғағанды жөн көреміз. Мысалы, ауыл-аймақтар мен елді мекендердегі инфрақұрылымның сапасыздығы немесе мүлдем жоқтығына тоқталамыз.

Құқық тақырыбына сөз қозғаймыз: адам қандай құқыққа ие, “заң жүзінде нені жасауға немесе нені жасамауға құқылы” деген сияқты сұрақтарға жауап береміз. Қоғамның сауатты болуына үлес қосқымыз келеді. Сондықтан ағартушылыққа да бет бұрдық. Тұлға өзі төлеген салығының қайда кетіп жатқанынан хабардар болуға тиіс. Өз маңдай терімен тапқан ақшасының сұрауы бар екенін ұмытпағаны жөн.

«Айтысқа еркіндік жетіспейді»

Бұрынғы айтыскерлер мен қазіргі айтыскерлердің айырмашылығы жер мен көктей. Заманына қарай адамы дегендей, заман ауысты, айтыстың талабы да өзгерді. Айтыстың ішінде театр да, комедия да, трагедия да бар.

Бірақ бүгінде айтыс өнерінің негізгі бағыты шоу мен саясатқа ауып кетті. Қалғандары ақсап қалды. Қазіргі айтысты – заманауи батл деуге де болады. Өзінің дұрыстығын дәлелдеп, пікірін халыққа өткізе білген ақын жеңіс тұғырынан көрінеді. 

Айтыс деген халықтың қазынасына еркіндік жетіспейді. Айтыста тек шындық айтылуға тиіс, оны шеңберге тығып, тынысын тарылтып, бір ғана адамның немесе ұйымның жекешелендіруі дұрыс емес. 

«Қазақша контенттің болашағы зор»

XXI ғасыр мүмкіндіктер кезеңі деп айта аламын. “Еңбек етемін, қоғамға пайдамды тигіземін” деген адамға көп мүмкіндік бар. Әлеуметтік желілерді хайп қуалау үшін пайдаланып, былапыт сөз айтудың соңы дұрыс аяқталмайды. Заманауи технологиялар тәрбилеуші құрал сияқты. Қазақша контенттің болашағы зор, тек жақсы бағытта дамуы керек. Қалың көпшілік те ана тіліндегі мәдениетті, әдепті, этикаға қайшы келмейтін контентке басымдық береді. 

Тіл идеологияның маңызды құралы екенін ұмытпағанымыз абзал. Тіл арқылы өз тарихыңды, мәдениетіңді, салт-дәстүріңді білесің, әлемді танисың. Отанға деген сүйіспеншілік те ана тіліңді білуден басталады. Қазақстан билігінің де, халқының да елдің болашағына немқұрайлы қарамайтын кезі келді. Мемлекет ана тілдің мәртебесін арттыру үшін жағдай жасауы керек. Мысалы, Қасым-Жомарт Тоқаевтың желтоқсан айында шығарған “көрнекі ақпарат тек қазақ тілінде жазылсын” деген жарлығы дұрыс орындалып жатқан жоқ. Неге? Себебі заңдық жауапкершілік әлі қарастырылмады. Заңның күші жоқ жерден нәтиже күтудің қажеті жоқ. 

«Соғыстан адам жеңілді. Шыда, Украина!»

Бәрі дамыған, қарыштаған заманда басқаның жеріне баса-көктеп кіру, адам жанының жайдан-жай қиылуы – ірі жеңіліс. Сол себепті “Соғыстан адам жеңілді. Шыда, Украина!” деген тақырыпта өлең жарияладық. Адамзаттың басты қалауы – тыныштық пен бейбітшілікте күн кешу. Соғыс ашу, қару кезену, қан төгу дегеніміз – адам құқығының тапталып жатқандығының нақты көрінісі. Рим папасының “XXI ғасырда мұндай оқиғаның орын алуы – геноцид” деген сөзіне түбегейлі қосыламын. 

«Халық құқығын білгенде, теңдік орнайды»

“Айтыс масаның” мақсаты – аудио мен видеоны, айтысты не арнауды, сұхбат пен жаңалықты көрсету арқылы халыққа өз құқығын түсіндіру, сауаттын арттыруға үлес қосу. Әр тұлғаның құқықтық деңгейінің жоғары болғанын қалаймыз. Біздің бір шығарылымымызда мынадай өлең жолдары бар:  

Адамның құқығы дегені,

Адамға өмірде ең керегі. 

Ол сенімен бірге туады,

Сенімен бірге өледі. 

Әр адам құқығын түсінсе, талап-тілегін айта алса, азаматтық пікірін білдірсе, қоғам алға жылжиды, сол кезде теңдік орнайды деп ойлаймын.