Гүлназ Drexel University, Simmons University, Pitzer College, Bocconi University, University of Pisa, Jacobs University, University of British Columbia, Ca Foscari University, Rollins College оқу орындарының «Экономика және іскерлік әкімшілік» мамандығына қабылданған. Қазір кейбірінің стипендиясынан хабар күтіп жүр.
Гүлназ шетелдік университеттердің бакалавриат бағдарламасына құжат тапсыруға 10-сыныбынан бастап дайындалған. Ал оған дейін халықаралық емтихандарға дайындалған.
«9-сыныпта IELTS емтиханына дайындалдым. 10-сыныпта оны екі рет тапсырып, екіншісінде 7,5 балл жинадым. Сосын SAT-ге дайындала бастадым. 10 мен 11-сынып арасындағы жазғы демалыстың аяғында SAT-ді бірінші рет тапсырдым. Бірақ оның нәтижесі менің тізімімдегі ЖОО-ларға жеткілікті болмағасын, екінші рет тапсырып, 1430 балл жинадым. Ал маған 1400 балл жеткілікті болды. 12-сыныпқа дейін оқимын. Егер 11-сыныпқа дейін оқитындар болса, емтихандарды 9-сыныпта тапсырып тастаған жөн», – дейді ол.
Университеттердің тізімін қалай жасау қажет?
Жоғары оқу орындарын 4 топқа бөлдім.
1. Оқуға түсу мүмкіндігі жоғары университеттер. Мысалы, онда 1000 адам құжат тапсырса, соның 900-ін де қабылдайтын оқу орындары бар. Сонда талапкердің 85-90%-ын де оқуға шақырады.
2. Талапкерлердің 50-70%-ын қабылдайтын университеттер. Бұл санатта оқуға құжат тапсырған 1000-ның 500-ін оңай қабылдайтын ЖОО-лар болуы керек.
3. Оқуға түсу қиын университеттер. Мұнда тапсырғандардың 10-15%-іне ғана тегін оқуға мүмкіндік беріледі. Әдетте бұл санатта 3-4 университетті таңдаған жөн.
Мен 100% грант жеңіп алған оқу орны – Pitzer College осы санатқа кіреді.
Бұл – 5С университеттерінің бірі. 5С – Калифорния штатының Кларемонт қаласында орналасқан бес оқу орны. Талапкер ондағы бесеуінің біріне түссе, жеткілікті. Қалған төрт университетте оқуға және курстардан өтуге мүмкіндік алады. Сонымен бірге Pitzer Гүлназдың оқу, тұрғын үй, тамақтану және медициналық сақтандыру ақысын қамтитын жылына 85 000 АҚШ долларлық стипендия ұсынған.
4. Арманымдағы университет. Бұл санаттағы оқу орны талапкерлердің 2-5%-ына ғана тегін оқуға жағдай жасайды. Бұл санаттан 1-2 оқу орнын таңдаған жөн.
Арманымдағы екі университет: Абу Дабидегі New York University және Канададағы Британ Колумбия университеті. Абу Дабидегі оқу орнына түсе алмадым. Екіншісіне қабылдандым, енді стипендиясының шешімін күтіп жүрмін.
ЖОО тізімін дайындағанда неге мән беру қажет?
- Көп уақыт пен күш жұмсалған SAT нәтижесін барынша тиімді пайдалану керек. Кем дегенде тізімдегілердің жартысының талабында SAT маңызды роль атқаруы қажет.
- Тізімді әртараптандыру қажет. Біріне түспей қалсаң, келесісіне түсетініңе сенімді болып отыруың үшін тізіміңдегі оқу орындары әртүрлі болғаны жөн.
Университетті қалай таңдау қажет?
- Жалпы әлем бойынша ЖОО-лар рейтингіндегі орнына қарау керек. Мысалы, QS рейтингі.
- Таңдаған мамандық бойынша рейтингті қарау да маңызды. Мысалы, Гарвард университеті бизнес, экономика бойынша үздік болса да, инженерингте MIT университетімен салыстырғанда осал болуы мүмкін. Сонда кейде жалпы рейтинг емес, сала бойынша таңдаған да жөн.
- Пайызға шаққанда оқуға түсу мүмкіндігін анықтау керек. Кей оқу орны шетелдік студенттерге жақсы жағдай жасамауы мүмкін. Соған да мән берген жөн. Мысалы, менде 100% стипендия жеңу мақсаты болды. 80% грант берсе де, бармаймын деген шарт қойдым.
- Орналасқан жерін, ауа райын, Қазақстаннан арақашықтығын да қарадым. Мысалы, мен үшін ауа райы өте маңызды болды. Себебі менде аллергия бар. Ақтөбенің ауа райы – шаң, жел. Сондықтан маған жылы, таза әрі жағажайы бар жер қажет болды.
Құжат жинағанда нені ескеру керек?
Оқуға тапсыру қажет құжатты 100% деп қарастырайық. Оның 25%-ы – SAT, IELTS сияқты стандарт емтихандар, 25%-ы – эссе, мотивациялық хат, 25%-ы – 2-3 мұғалімнен ұсыныс хат (recommendation letter), 25%-ы – мектептен тыс атқарған жұмысың.
- IELTS пен SAT емтихандарының ең жоғарысын аламын деп уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Мысалы, SAT-де 1400-ден төмен болмауы керек деген талап болса, 1440 балл алсаң, жеткілікті. «Ең жоғары 1600 балды алмай тоқтамаймын» дейтіндер болады. Оған уақыт пен күшті көбірек жұмсау қажет.
- Одан да уақытты мектептен тыс іс-шараларға жұмса. Өзіңді сабақтан басқа қандай бағытта көрсете аласың? Қай салада көшбасшы бола аласың? Соны ертерек ойланып, бастап кету керек. Мысалы, волонтерлар клубын аш, БҰҰ-ның конференцияларына қатыс және тағы басқа ұйымдарда көшбасшы бол.
Себебі АҚШ университеттері үшін сенің жан-жақты оқушы болғаның емес, сабақтан тыс уақытта уақытың мен күшіңнің көп бөлігін бір бағытқа арнағаның өте маңызды. «Жазғы демалыстағы 800 сағатымды осындай шараға арнадым» десең өтімдірек болады.
Ешқандай олимпиадаға қатыспадым, ғылыми жұмыс жасамадым. Әдетте шетелдің үздік оқу орындарына көбіне халықаралық жарыстарда бірінші орын алған оқушылар түседі. Бірақ менің ондай жетістігім жоқ. Былтыр наурызда Sarqyt жобасын бастадым. Sarqyt – өзіңдегі артық тамақты басқа адаммен бөлісуге болатын эко-жоба. Эсседе сол туралы айттым. Маған 100% стипендия ұсынған Pitzer College-ден келген хаттың соңында былай депті: «Біз сенің food sharing жобаңды қолдауға дайынбыз. Оны Pitzer-де дамытуға көмектесеміз».
Бұл жерде мынаны түсіну керек: біреудің волонтерлық клубына қосылғаның маңызды емес. Сол клубты сенің ұйымдастырғаның, көптеген адамды соңыңнан ерте алғаның қызық. Бір сөзбен айтқанда – көшбасшы екеніңді көрсет. Эссе, мотивациялық хат жазғанда оқу орнының талапкерлерге қоятын сұрақтарына нақты жауап жаз. Көбінде «Не себепті бізді таңдадың?» деген сұрақ болады. Жүйелі дайындалсаңыз, мүмкіндік өте көп.
Add comment