ГлавнаяБлог

Kazdream. Орталық Азияның топ-5 ІТ-әзірлеушісі құрамындағы холдинг қалай жұмыс істейді?

5Q Media тілшісі холдинг өкілдерімен әңгімелесіп, олардың қалай жұмыс істейтінін, қандай өнімдер дайындайтынын және компанияда қандай мамандарға сұраныс жоғары екенін жазып алды.

— Kazdream IT-холднигі не себепті және қалай құрылды?

2015 жылы IT саласындағы өмірді қауіпсіз етуді армандаған пікірлестердің шағын тобы жиналып «Kazdream» компаниясының негізін қалады.

Санаулы жыл ішінде «Kazdream» Орталық Азияның жетекші IT-әзірлеушілерінің топ-5 құрамына кірді. Бүгінгі таңда компания 50-ден астам қазақстандық IT-өнімдерін әзірледі. Солардың бірі – SpeechLab жобасы. Бұл сөйлеу зертханасы. Әзірлеушілер компьютерді қазақ тілін түсінуге үйретті. Осы әзірлеменің көмегімен енді «Алиса» немесе Siri командаларды танып, қазақ тілінде жауап бере алады. Бұл сөйлеу синтезі, яғни кез келген мәтінді енгізген кезде арнайы дауыс сол мәтінді дыбыстайды. Қазіргі уақытта өнімімізді одан бетер дамытып жатырмыз.

Тағы бір жоба – әуежайларда жолаушыларды түйіссіз өткізуге арналған мультибиометриялық терминал – Q-gate. Әуежайларда осы терминалды орнату жолаушыларға шекаралық бақылаудан тек паспортты, билетті және саусақ ізін сканерлеу арқылы өтуге мүмкіндік береді, ол кедендік бақылаудан өту уақытын 5 есеге қысқартады. Бұл дегеніміз ұшу жылдамырақ әрі ыңғайлы болады. Бүгінде холдинг өз өнімдерін Қытай мен БАӘ елдеріне экспорттайды. Сонымен қатар ол халықаралық ІТ-нарықтағы ықпалын кеңейтуді көздеп отыр.

Холдингтің миссиясы – қауіпсіз және жайлы болашақ құру. Жұмыс принциптеріміз:

  • тұтынушылар мен тапсырыс берушілердің талабын жоғары деңгейде орындау;
  • қолда бар деректер басқа деректермен бірге пайдалырақ, сондықтан жүйелер бір-бірімен біріктірілген;
  • бағдарламаларды әзірлеуге арналған технологиялар ең жоғары тиімділік критерийі бойынша таңдалады;
  • жобаны жүзеге асырудағы басты назары — мәселені зерттеуге, әзірлеуге инвестиция саламыз, өнімді енгізіп, дамытады.

Қарапайым пәтерден кеңсе жасап, ұзақ уақыт бойы көптеген дереккөзден мәлімет жинап, жұмысқа кірістік. Бір ғана жобадан басталған командамыздың жұмысы жылдан-жылға өсіп, қатарамыз артып, дамып, кеңейдік.

— Холдинг қалай жұмыс істейді?

— Бүгінгі таңда компанияда 450-ден астам адам жұмыс істейді. IT-холдингтің екі кеңсесі бар: бірі елордамызда болса, ал бірі Алматыда. Компанияның негізгі құрамын таныстырып өтейік.

Бөлім басшыларының негізгі жұмысы – ІТ бөлімін басқару, технологиялық мәселелерді шешу, қаржыландыруды жоспарлауға қатысу, серіктестермен ынтымақтастық, техникалық қауіпсіздік пен ақпаратты қорғау жүйесін басқару, ІТ бөлімі бойынша құжат айналымын және есеп беруді бақылау.

DevOps әзірлеушілері әзірлеу сапасын талдау құралдарын, соның ішінде тестілеуді автоматтандыру құралдарын дайындау және қосу, барлық әзірлеу және басқару құралдары арасындағы байланыстарды орнату, барлық әзірлеу орталары мен құралдарының күйін бақылаумен айналысады.

Back-end әзірлеушілерінің міндеті – код архитектурасымен жұмыс істеу, пайдаланушы интерфейсі мен қауіпсіздігін қолдайтын бағдарламаларды әзірлеу, серверлердің күйін бақылау, нұсқаларды басқару, мәліметтер базасы, үздіксіз интеграция.

Front-end әзірлеушілері сайттарды, қолданбаларды және қызметтерді жобалауға қатысу, пайдаланушы интерфейсіне сценарийлерді байланыстыру, пайдаланушы интерфейсінің қажетті деңгейін (User Interface) және пайдаланушы тәжірибесін (User Experience) қамтамасыз етумен айналысады.

Тестілеушілер болса дайын болған өнімдердің сапасын бақылап, бағдарламалық өнімдермен жұмыс істеу кезінде қолданушылар кездесетін қателер мен проблемаларды анықтау және талдауды жүргізеді.

Data scientist мамандарының жұмысы –  басқарылмайтын деректердің үлкен көлемін жинау және оны ыңғайлырақ пішімге өзгерту, бизнес мәселелерін шешу, машиналық оқыту, терең оқыту және мәтіндік талдау сияқты аналитикалық әдістерді қолдану.

Бизнес-аналитиктер тұтынушылардың қажеттіліктерін талдау, өнімге қойылатын талаптарды жазу, әзірлеушілермен және тұтынушылармен байланыс орнатады.

Жоба менеджерлері: топта жұмыс процесін орнату (әзірлеу, тестілеу, талаптармен жұмыс), тапсырмаларды орындау мерзімдерін қадағалау, тұтынушымен әрдайым байланыста болып,  оның тапсырыс берушінің үмітін ақтайтындай өнімдерді қадағалайды.

Сонда қандай ІТ-өнімдер жасайсыздар?

— Біздің компания мына бағыттар бойынша инновациялық ІТ-өнімдер әзірлейді: жасанды интеллект және үлкен деректер, қоғамдық және ақпараттық қауіпсіздік, телекоммуникация және байланыс, мемлекеттік шекараларды қорғау, деректерді жинау, талдау және визуализация.

Біздің шешімдеріміз адамдардың өмірін және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін технологияны сақтай алады.

— Kazdream IT холдингінің өнімдерін кімдер сатып алады?

Біз 150-ден астам клиентке арналған IT-өнімдерін әзірлейміз: B2G секторында 20%, B2B секторында 80%.

Бос вакансиялар бар ма? Жұмысқа қалай қабылдайды?

— Біздің компаниямызға мына мамандарды іздейміз:

  • Go-әзірлеуші
  • Клиенттерді тарту менеджері
  • DevOps Engineer
  • Қаржы директоры
  • Бейнеоператор

— Kazdream командасына қалай қосылуға болады?

— Бірнеше жолы бар:

  1. телефон арқылы немесе бейне сұхбаттан өту;
  2. техникалық салаға жауапты маманмен сұхбат/техникалық тапсырма,
  3. жоба жетекшісімен қорытынды сұхбат.

Түйіндемені hr@kazdream.kz электронды поштасына жіберу қажет

— Компанияда тағылымдамадан қалай өтуге болады?

Біз кез келген ұсыныстарды қабылдауға дайынбыз. Сондай-ақ барлық жоғары оқу орындарының студенттерімен жұмыс істеуге қуана-қуана келісеміз. Осы сілтемені басып, ұсынысыңызды жібере аласыз. https://forms.gle/215LDD4pkGn3okcNA Барлық сұрақ пен ұсыныстарды kd.academy@kazdream.kz электрон поштасы арқылы қабылдаймыз.

— Компаниядағы ІТ-мамандарының жалақы деңгейі қандай?

Жалақы нарығы әртүрлі. Мұның бәрі жұмыс бағыты мен қызметкердің біліктілік деңгейіне байланысты. Компаниямыздағы ең төменгі айлық мөлшері 200 000 теңгеден басталады, ал тәжірибелі маман миллион теңгеден аса табыс таба алады.

— Холдинг қызметкерлерінің жұмыс режимі қандай?

— Біздің компания ыңғайлы жұмыс кестесімен істейді. Негізгі жұмыс уақыты: сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін, алайда жұмыс режимін жоба менеджерімен (PM)келісе отырып таңдауға болады. Қашықтан жұмыс істеуге де жағдай қарастырылған. Кеңседе уақыт өткізуге емес, тиімді жұмыс пен нәтижеге баса назар аударылады.

— ІТ компаниялардың қызметкерлері үшін ұйымдастырылған киберспорт турнирі туралы айтып берсеңіз.

2021 жылдың қарашасында Kazdream IT холдингі бірнеше қазақстандық IT-компаниялардың қызметкерлері арасында алғаш рет спорт турнирін ұйымдастырды. Kazdream IT-холдингінің, QazСloud және Кибер шабуылдарды талдау және тергеу орталығы (ЦАРКА) компанияларының қызметкерлері қатысты. Бір күн бойы командалар CS:GO пәні бойынша сайысқа түсіп, стратегиялық ойлау, тактикалық білім және командалық жұмыс дағдыларын қолдана отырып, үздіктер қатарынан табылуы үшін барын салды.

Мұндай турнирді ұйымдастырудың басты мақсаты мен идеясы — әртүрлі мамандықтар мен компаниялардың қызметкерлерін бір ортақ идеяға біріктіру. Сондай-ақ стратегиялық ойлауды және командалық жұмыс дағдыларын дамыту. Біз үшін бұл интернет кеңістігіндегі тимбилдингтің бір түрі болды.

— Тимбилдингтер, қызметкерлер арасында жарыстар бола ма?

Әдетте табысты компания бір-бірімен тәжірибе алмасуға дайын тұратын командалардан құрылады. Біздің басты міндеттеріміздің бірі – белсенді және ынтасы жоғары командаға ие болу, сондықтан біз жыл сайын бірегей корпоративтік мәдениетіміз бен дәстүрлерімізді қалыптастырып келеміз.

Компания жылына екі рет арнайы тақырып шеңберінде өтетін тимбилдинг шараларын ұйымдастырады. Футбол, үстел теннисі, шахмат, волейбол, киберспорт турнирлері, Quiz және т.б. жарыстар ұйымдастырылады. Біздің қызметкерлер тек ішкі жарыстарға ғана емес, сонымен қатар марафон, дуатлон, триатлон, веложарыс және Ironman сияқты жарыстарға да қатысады.

Kazdream-да өз қызығушылықтарыңызға қарай түрлі клубтарға қатыса аласыз: шахматшылар клубы, футболшылар, жүгірушілер, балықшылар, мәнерлеп оқу, автоәуесқойлар, English Reading Club, Speaking Club, киноклуб және тағы басқасы. 2021 жылдың жазында Kazdream SUP-board Club атты жаңа спорт клубы жұмысын бастады. Клубта кез келген адам жаңа спорт түрін үйрене алады.