1 сәуір
Морбиус
Жанр: боевик, фэнтези, хоррор, фантастика, триллер
Режиссер: Даниэль Эспиноса
Жас шектеуі: 16+
Ұзақтығы: 104 минут
Майкл Морбиус бала кезінен сирек кездесетін қан ауруына шалдыққан. Саналы бар ғұмырын тәніне шипа болар дәрі табуға арнайды. Бір күні өзін жарқанаттың қаны құтқаруы мүмкін деген ойға келіп, қатерлі тәжірибе жасауға бел буады. Бұл тәжірибе денесінде күтпеген реакцияға әкеледі. Ағзасы ауру жасушалармен байланысқаннан кейін Морбиустың денесі өзгеріп, қанішер құбыжыққа айналады.
7 сәуір
Күлшеқыз және сиқырлы тас құпиясы
Жанр: мультфильм, шытырман
Режиссер: Элис Блехарт
Жас шектеуі: 6+
Ұзақтығы: 86 минут
Барлық ханшайым бірдей қорғаушыны қажет етпейді. Олардың кейбірі өзін қорғай алады, сонымен қатар жақындарын да қиындықтан алып шығады. Зұлым сиқыршы ханзада Алексті тышқанға айналдыратын қарғыс айтады. Күлшеқыз ханзаданы тезірек қара дуадан босататын сиқырлы тасты табу үшін сүйкімді достарымен бірге естен кетпес саяхатқа аттанады. Күлшеқыз патшалық пен оны мекен ететін барлық тіршілік иесін құтқаруы керек.
Дельфин бала
Жанр: мультфильм, комедия, шытырман, фэнтези
Режиссер: Мохаммад ХейрАндиш, Андрей Гоголев
Жас шектеуі: 6+
Ұзақтығы: 90 минут
Снежок есімді дельфин ұшақ апатынан теңізге құлаған кішкентай баланы құтқарып қалады. Содан бері олар дос, бауыр секілді бірге теңіз өмірін қызықтап алаңсыз өмір сүреді. Бір күні зұлым Сегізаяқ олардың қуанышқа толы кішкентай әлемінің тыныштығын бұзады. Ол баланы құрғақ жерге қуып жібереді. Бала жер бетінде адамдар арасында өмір сүруді үйреніп, өзінің қайдан шыққанын түсінуі керек. Жаңа дос, мейірімді капитан Мурварид және адал Снежок балаға теңіз түбінде, тіпті жұмбақ алыс аралдарда болсын барлық қиындықты жеңуге көмектеседі.
Гарри Хафт: соңғы жекпе-жек
Жанр: биография, драма
Режиссер: Барри Левинсон
Жас шектеуі: 18+
Ұзақтығы: 129 минут
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде немістер ұлы боксшы Гарри Хафтты өлімге апаратын жекпе-жектерге қатысуға мәжбүр етті. Освенцим лагеріндегі сұмдық жайттар өткен еншісінде қалса да, ол туралы естеліктер Гарриді әлі күнге дейін мазалайды. Енді ол әйгілі Рокки Марчиноға қарсы рингке шығады. Бірақ бұл жекпе-жек үшін баяғыда жоғалтқан махаббатын табуға арналған шоу ғана.
Бәрі бірден барлық жерде
Жанр: боевик, шытырман, фэнтези, фантастика, комедия
Режиссер: Дэн Кван, Дэниэл Шайнерт
Жас шектеуі: 18+
Ұзақтығы: 140 минут
Эвелин бір күні таңертең суперқабілеттерге ие адам болып оянады. Ол естеліктері мен эмоцияларын басқара алатын қабілетке ие болып, өзіне ұқсамайтын адамға айналады. Енді Эвелин мыңдаған өмірді бастан кешіп, атақты актриса, жекпе-жек өнерінің шебері, опера әншісі, тіпті көктегі Құдай бола алады. Алайда бүкіл әлемге бір құпия нәрсе қауіп төндіреді. Эвелинге онымен күресуге тура келеді.
Бәлкім, ол ең қорқынышты зұлымдық — салықпен де күресетін шығар, кім біледі.
Жедел жәрдем
Жанр: боевик, криминал, драма, триллер
Режиссер: Майкл Бэй
Жас шектеуі: 18+
Ұзақтығы: 136 минут
Ауған соғысының ардагері Уилл Шарпке айықпас дертке шалдыққан әйелін құтқару үшін ақша қатты қажет болған соң қылмыскер ағасы Дэнниден көмек сұрайды. Дэнни болса Уиллді банк тонауға көндіреді. Алайда заңға қарсы операция олар жоспарлағандай бола бермейді, бауырлар кепілге алынған екі адам – дәрігер мен жаралы полицей бар жедел жәрдем көлігін ұрлап айдап кетуге мәжбүр болады. Бұл оқиға тірі қалу үшін күресуге тиіс кейіпкерлердің қарым-қатынасындағы жанға бататын өткенді көрсетеді.
Схема
Жанр: драма
Режиссер: Фархат Шарипов
Жас шектеуі:16+
Ұзақтығы: 73 минут
Алматыдағы мектептердің бірінде оқитын он бес жасар Маша ата-анасымен тіл табыса алмайды. Жақында ғана танысқан Рэм есімді жігіттің арқасында жаңа достармен танысып, бұрыс жолға түседі. Жеңіл табыстың жетегінде жүріп, ғашықтықтан басы айналған ару ересектер ұйымдастырған арнайы Схеманың құрбанына айналғанын байқамай да қалады.
Қазақстандық режиссер Фархат Шариповтың шынайы оқиғаға негізделген «Схема» фильмі 72-ші Халықаралық Берлин киноффестивалінің Generation секциясында Гран-при жеңіп алды.
Таңғажайып мақұылықтар: Дамблдордың құпиялары
Жанр: шытырман, фэнтези, отбасылық
Режиссер: Дэвид Йейтс
Жас шектеуі:12+
Ұзақтығы: 142 минут
Профессор Альбус Дамблдор құдіретті зұлым сиқыршы Геллерт Грин-де-Вальдтің әлемді билеуді жоспарлап отырғанын біледі. Оны жалғыз тоқтата алмайтынын түсінген Дамблдор магозоолог Ньют Скамандерден көрнекті сиқыршылар мен батыл магл наубайшысынан тұратын команданы басқаруды сұрайды. Оларды алда адам сенгісіз өте қауіпті шытырман оқиғалар күтіп тұр. Ескі сиқырлы тіршілік иелерімен кездесіп, жаңаларын қолға үйретіп, барған сайын көбейіп бара жатқан Грин-де-Вальда жақтастарына қарсы күреседі. Бірақ бұл миссияда Дамблдордың рөлі қандай?
21 сәуір
Жоғалған қала
Жанр: боевик, мелодрама, шытырман, комедия
Режиссер: Аарон Ни, Адам Ни
Жас шектеуі: 16+
Ұзақтығы: 92 минут
Лоретта есімді танымал жазушы кітабының мұқабасына шыққан жігіті Аланмен бірге жаңа романының турнесіне аттанады. Турне кезінде Лореттаны біртүрлі миллиардер ұрлап әкетеді. Миллардер жазушыны кітабындағы жоғалып кеткен көне қаладағы қазынаға бастап барады деп сенеді. Алан кітап бетінде ғана емес, шынайы өмірде де қаһарман бола алатынын дәлелдеуге бел буады. Ол Лореттамен бірге Джунглидің қақ ортасында шытырманға толы сапарға аттанады. Олар жабайы ормандағы сынақтардан аман өтіп, қазынаны мәңгі жоғалтпай тұрып табуы керек.
27 сәуір
Варяг
Жанр: тарихи, боевик, шытырман
Режиссер: Роберт Эггерс
Жас шектеуі: 16+
Ұзақтығы: 140 минут
Оқиға X ғасырда Исландияда, соғысқұмар тайпалар тағы бір жерді басып алу үшін аяусыз қан төгіп жатқан кезде өрбиді. Жас ханзада Амлет әкесінің өліміне куә болады. Тайпаның жас бастаушысы кішкентай кезінде патша әкесі туған ағасы викинг Фьолнирдің қолынан мерт болады. Фьолнир әкесінің жанын алып қана қоймай, Амлеттің анасын күштеп әйел етеді.
Жылдар өткеннен кейін заңды ханзада ағасының істеген ісі үшін кек алуды, анасын, жерлерін және өзіне тиесілі тағын қайтарамын деп шешеді. Ол айналасына ниеттес викингтер тобын жинайды, сонымен қатар славян сиқыршы Ольгамен күш біріктіреді. Енді Амлетті тоқтату мүмкін емес. Оның бір ғана мақсаты бар: қанға толы қатал кек алу. Алайда жолы оңай болмайды. Қарсыластармен ғана емес, ішкі күресті бастан кешіп, отбасына деген сүйіспеншілік пен жауларына деген өшпенділік арасында таңдау жасауға тура келеді.
Add comment