«Адамдар инклюзив білім беруді арнайы білім берумен шатастырады»  дейсіз. Сонда қалай?

— Былтыр академиямыз зерттеу жасап, бұл ұғымды қоғамның дұрыс түсінбейтінін анықтады. Көп жағдайда адамдар инклюзив білім беруді арнайы білім берумен шатастырады немесе соның бір саласы деп ойлайды. Соның салдарынан инклюзив білім берумен мүмкіндігі шектеулі балалар ғана қамтылып қалды.

Бұрын баланың бәрі бірдей деп саналды. Сол себепті оларға бірдей білім берілді. Ал қазір әр бала ерекше деп қарастырылады. Бәріне ортақ әдіс-тәсіл олардың  ерекшелігін ескермейді. Әр баланың өзінше бір ерекшелігін қаперге алып, қажет болса, оқу бағдарламасы мен материалдарын әр балаға сай бейімдейді, қажет болса, жекелеген тәсілдер қолданады. Инклюзив білім беру деген – осы.

2021 жылғы маусымда бірқатар заңнамаға инклюзив білім беру бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау деген норма еніп, оның үлгілік-ережесі жасалды.

Осы ереже бойынша, ерекше білім беруді қажет ететін балалар үш үлкен категорияға бөлінді. Біріншісі –жүріс-тұрысында психологиялық-әлеуметтік жағынан әлсіз балалар, екіншісі – әлеуметтік, тіл, мәдени фактор салдарынан қиындыққа ұшыраған балалар, үшіншісі – мүмкіндігі шектеулі балалар.

Бұл білім беру ұйымдарындағы мамандардың қолдауын қажет ететін балаға әлеуметтік-психологиялық қолайлы жағдай жасалады деген сөз. Бұл – үлкен прогресс.

Ақпан айында біздің орталығымыз осы өзгерістерді түсіндіру үшін 17 өңірде күнделікті вебинар өткізді. Бұл өзгерістерді ә дегенде қолданып кету оңай емес. Дегенмен норматив тұрғысынан бәрі реттелгендіктен инклюзив білім беру де жолға қойылады деп үміттенеміз.

Баланың мүмкіндігі шектеулі құрдасына көзқарасы өзгере ме?

— Польшадағы Мария Гжегожевская атындағы арнайы педагогика академиясында докторантурада оқыдым. Диссертациямның тақырыбы «Қазақ мектептеріндегі 1-сыныпта оқитын мүмкіндігі шектеулі балалардың құрдасына деген әлеуметтік тартымдылығы» болды. Мүмкіндігі шектеулі балалар жалпы білім беретін мектептерге барған кезде онымен балалар ойнағысы келе ме, жоқ па, жалпы, қарым-қатынас жасауға қалай қарайды деген тақырыпты зерттедім.

Зерттеу нысаны ретінде екі мектепті алдым. Біріншісі инклюзив білім беруді енгізген, екіншісі мұндай жүйені қолданбайды. Бұл 2016 жыл еді. Мектептерде инклюзив білім енді қолға алынып жатқан кез. Бірінші мектепте инклюзив білім алып жатқан балалардың әлеуметтік тартымдылығы екінші мектепте оқитындарға қарағанда әлдеқайда жоғары болды.

Бала әртүрлі категориядағы қатарласының өзі сияқты бала екенін біліп, олармен ойнауға болатынын түсінгенде мүмкіндігі шектеулі құрдасына көзқарасы өзгеретінін байқадық.

ЖОО-да инклюзив білім беріле ме?

— Бала балабақшадан бастап мектепте де жақсы қолдау көрсе, жоғары оқу орнында оны қолдауға деген қажет азаяды. Өйткені ол бұл уақытқа дейін қоғамға бейімделіп қояды.

Өкінішке қарай, қазір колледждерде, университеттерде кадрлар жетпейтіндіктен және баланы психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау жүйесі әлі жолға қойылмағандықтан біраз қиындық бар. Педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру керек. Дегенмен ЖОО-лар инклюзив білім берудің материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілген.

Жоғарыда айтылған үш категорияға жататын балалар көбіне мектепті 9-сыныптан кейін бітіріп, колледжге кетуі мүмкін, болмаса оқымай қалады. Былайша айтқанда, ары қарайғы оқуы әлі де жүйелеуді қажет етеді. Сол үшін біздің академиямыз баланы ерте жастан кәсіпке бағдарлауды қолға алып жатыр. Ерекше білім беруді қажет ететін балардың қай кәсіпке икемді екенін ертерек анықтасақ, олар үшін жоғары сыныпқа келгенде қосымша білім беруді қосуға болады.

«Инклюзив білім беретін маман деген ұғым жоқ»

— Жоғарыда айтқанымдай, инклюзив білім беру өз алдына бөлек сала емес. Бұл – кәдімгі жалпы білім беру процесінің бір қағидаты. Сондықтан жай мектепте сабақ беретін маман, инклюзив білім беретін маман деген ұғым жоқ.

Керісінше, балаларға білім беретін мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыру мәселесі айтылуы керек. Мұғалімнің кәсіби құзыраттелігіне баланың әртүрлі екенін ескере отырып жұмыс істей алуы да кіреді. ЖОО-да педагогиканы оқып жатқан студенттерде осы құзыреттіліктің болуы – шарт. Қазір мұғалімдер дайындайтын білім беру бағдарламаларына осы тұрғыдан ұсыныс айтып жатырмыз.

Ал мектептегі педагогикалық қолдауды ұйымдастыратын әлеуметтік педагог, педагог-психолог, педагог-ассистент және тағы басқа мамандардың тапшы екені рас. Көп өңірге дефектолог пен логопед жетпейді.

Мұғалімдердің жалақысы не үшін өсіп жатыр?

— «Педагог мәртебесі» заңына сай, мұғалімдердің жалақысы жыл сайын өсіп жатыр. Өйткені олардың кәсіби құзыреттілігіне қойылатын талап артып келеді. Педагогтардың қазіргі кәсіби құзыреттілігі заман талабына сай өзгерген. Бұрынғыдан айырмасы көп. Өзгерген құзыреттілікке кез келген мұғалім баланың қандай екеніне қарамай, оны оқыта алуы да кіреді. Соған сай, оның кәсіби біліктілігі артып, жалақысы жоғарылауы керек.

Оқу бағдарламасына инклюзив білім беруді енгізген кезде көптеген мұғалім қарсы болыпты. Өйткені ерекше білім беруді қажет ететін балаларды бөлек әдістермен оқытуы керек. Мұғалімдерді ынталандыру үшін айлығына 40% үстеме қосылды. Бірақ мұның өзі келеңсіз жағдай тудырып отыр.

«Менде инклюзив бала бар, үстеме ақша алам» деген сияқты дискриминация пайда болды. Баланы инклюзив топтағы деп бөлу кімге ұнайды? Бұлай бөлу – инклюзияның «ешқандай дискриминацияға жол берілмеуі керек» деген идеясына қайшы.

Инклюзив мәдениет деген не?

— Мектептің барлық қатысушысы – мұғалім, әкімшілік, техқызметкер, ата-ана, тағы басқасы бір-бірін құрметтеуі керек. Бір-бірінің адами қасиеттерін қадірлеп, кемсітпеуге тиіс. «Ана бала инклюзив білім алады» деп алалап, қолын шошайтып көрсетудің өзі инклюзив мәдениеттің жоқ екенін көрсетеді.

Балалардың ерекшелігі бар екені, білім баланың ерекшелігіне сай беріліп жатқаны білінбей кетуі керек. Мектепке келген әр бала өзіне жасалып жатқан педпроцестің басқалардан ерекше екенін сезбеуі қажет. Осы кезде ғана инклюзив мәдениеттің шарттары орындалады.

Егер бала өзінің тарапына қатысты оқшаулауды байқаса, бұл оның өзін бағалауына кері әсер етеді. Балалар байқампаз келеді. Сыныптастары да мұны сезіп қалса, құрдасын қолмен шошайтып көрсетуі мүмкін. Ақыр соңы мұның бәрі буллингіге алып келеді.

Бізге өңірлерден «бала логопедке барғысы келмей жатыр, не істейміз?» деп хабарласады. Демек, мұғалім баланы сабаққа құрдастарының көзінше шақырған деген сөз. Қатарласының алдында абыройы түскен бала есейген сайын намыстанады.

Инклюзив білім беру саласындағы күйіп тұрған мәселе қайсы?

Бірінші проблема – инклюзив білім беруді дұрыс түсінбеу. Соның кесірінен оның жүйелі-кешенді жүзеге асырылуына кедергі көп.  

Екінші проблема да осыдан шықты: о баста инклюзив білім беруді дұрыс түсінбегендіктен, менталитетімізді, аймақтық мәдени ерекшелігімізді ескермеген әдістер жиі қолданылды.

Білім беру заңы бойынша, баланы оқыту процесі  ұлттық қауіпсіздік нысанына жатады. Сондықтан кез келген баланы оқытып-тәрбиелеуге қатысты әдістің бәрі сараптамадан өтуге тиіс. Ғылыми дәлелденбеген, мақұлданбаған әдістерді қолдануға болмайды.

Үшінші проблема – кадрлар даярлығы. Өкінішке қарай, педкадрлар білім беруге дайын емес. Кадрлар бәрін шешеді. Олар дайын болмағандықтан, бұл бағытта істелген жұмыстың жүзеге асуы кешеуілдеп жатыр.

Төртінші проблема – инклюзив білім беру бойынша біліктілік арттыру курстарының трендке айналуы. Өңірлерге барсақ, мұғалімдер бума-бума сертификатын көрсетеді. Саны бар, сапасы жоқ. Курстар тек теориялық білім береді, балалардың түсін түстеп, диагнозын атап көрсетеді. Шын мәнінде, баланың диагнозы мұғалімге ештеңе бермейді. Ол диагнозды оқу үшін дефектология білімі керек. Ал мұғалім баламен қай бағдарлама бойынша жұмыс істеп, оған қандай маманның қолдауы керек екенін білсе, оқушыны оқытуы нәтижелі болады.