ГлавнаяБлог

Ұлттық тағам ұсынатын 8 мейрамхана

Кейде ұлттық тағамға аңсар ауып, аяқ-асты ет жегіңіз келіп кететін кез бола ма? Бәлкім, қозының іш майы мен етінің сөліне бұқтырылып піскен сірнені қай жерде дәмді әзірлейді деп ойланатын боларсыз? Құлаққа жағымды күй қосылып, интерьері әрі заманауи, әрі қазақы нақышта талғаммен ойластырылған, сол жерде отырып суретке түсуге фоны да әдемі, мәзірінде ұлттық астың түр-түрі бар мейрамхана іздеп жүрсеңіз, сізге бірнеше нұсқа әзірлеп қойдық. Айтпақшы, бүгін Алматыдағы қай мейрамхананың мәзірінен наурыз көже таба алатыныңызды, келген қонақтың бәріне бауырсақ таратын жерді де осы материалдан табасыз.

«Сандық» мейрамханасы  

Орташа чек: 6000-7000 теңге

Мекенжайы: Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 55.

Жұмыс уақыты: 11:00 — 00:00 

Байланыс нөмірі: +7 747 122 11 22, +7 707 110 67 97

Желідегі парақшасы: https://www.instagram.com/sandyq_restaurant/

Бұл мейрамхананың ерекшелігі сол — мәзірінде сіз естімеген, бірақ ата-бабамыз әзірлеп ішкен түрлі тағам түрін табасыз. Бұл жерді ашардан бұрын тарихшы-этнологтармен әр тағамның тарихын, әзірлеу әдісін талдап, талқылаған деседі. Мәселен, батырлар жорыққа шығардың алдында жеген Борша ет бар. Болмаса, десертке — шұбат, тары, балқаймақтан жасалған чизкейк жеп көрсеңіз болады. Тіскебасар ретінде — ысталған құйрық май не мипалау, сорпаға — жарма көже немесе бөдене сорпасы, негізгі тағамға бұқпа, қымыз қабырға сынды көптеген тағам түрі бар. Наурыз күнінде бұл жерде не болады десеңіз, 22 наурыз күні ұлттық инструменталды ансамбль өнер көрсетіп, айтыс болады. Сағат 21:00-де белгілі әнші Мөлдір Әуелбекова ән салады. Келген қонақтың бәріне наурыз көже ұсынылады. Айтпақшы, мереке күндері депозиттік жүйе арқылы жұмыс істейді екен және алдын-ала төлем жасау міндетті.

Baursak city мейрамханасы

Орташа чек: 3000-4500 теңге

Мекенжайы: Алматы қаласы, Мұратбаев көшесі, 138.

Жұмыс уақыты: 10:00 — 00:00 

Байланыс нөмірі: +7 (777) 481‒00‒01, +7 (702) 481‒00‒01

Желідегі парақшасы: https://www.instagram.com/baursakcity/

Жайлы атмосферада отырып, қой етінен сірне жеп, тары қосылған шай ішіп, наурыз көжеден дәм татуға таптырмас жер. Қаланың тыныш бөлігінде орналасқан бұл шағын мейрамхана интерьері көне жәдігерлерді талғаммен кірістіру арқылы жасалған. Желідегі парақшасында наурыз күнгі арнайы бағдарлама туралы ақпарат таппадық. Бірақ аты айтып тұрған бауырсақты, одан қала берді мерекенің символы — наурыз көжені табатыныңыз анық. Себебі наурыз көже бұл жердің мәзірінде жыл — он екі ай бойы тұрады. 

«Шах» мейрамханасы

Орташа чек: 5000 теңге

Мекенжайы: Алматы қаласы, Гагарин көшесі, 292; Сәтбаев көшесі, 5; Ханшатыр көшесі, 287/1; Бақшалы көшесі, 7/29

Жұмыс уақыты: 11:00 — 00:00 

Байланыс нөмірі: +7 (775) 007‒15‒25

Желідегі парақшасы: https://www.instagram.com/shakh_restaurant/

Қаланың бірнеше жерінде нүктесі бар болғандықтан, кемінде біреуі үйіңізге жақын болып шығады деп ойлаймыз. Бұл жерден шахтардың жейтін таңғы асына тапсырыс беруге болады. Әдеттегі жұмыртқа, сары май, наннан бөлек, мұнда қазы, чак-чак, «Шах» шайы бар. Ерекше атап өтетін жайт мұнда Наурызға арналған сетті үйге алдыруға болады. Құны 33 мың теңге болатын сеттің ішінде наурыз көже, өзбек палауы, манты, екі түрлі самса, екі түрлі салат, бауырсақ, чебурек, шелпек, чак-чак, гүртілдек, жент, іркілдек бар.

Qaimaq мейрамханасы

Орташа чек: 4500-7000 теңге

Мекенжайы: Алматы қаласы, Абай даңғылы, 46А

Жұмыс уақыты: 12:00 — 00:00 

Байланыс нөмірі: +7 (777) 016–44–44

Желідегі парақшасы: https://www.instagram.com/qaimaq.asia/

Алматының орталығында орналасқан бұл мейрамханадан да біраз ұлттық тағам дәмін татып көруге болады. Мысалы, «қазақша устрица» жеп көріңіз. Болмаса, жылқы етінен жасалған манты, сірне-лағман, балқаймақ қосылған бауырсақ бар. Мәзірге наурыз көже қосылған. Айтпақшы, әдемі локация керек болса, 2-қабатта 7 шаңырақты керемет көрініс бар.

Tarih мейрамханасы

Орташа чек: 4500-7000 теңге

Мекенжайы: Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 104

Жұмыс уақыты: 10:00 — 00:00 

Байланыс нөмірі: +7‒778‒146‒55‒66

Желідегі парақшасы: https://www.instagram.com/tarih.restaurant/

Барлық ұлттық нақыштағы мейрамханалар секілді мұнда да интерьердің сәнді екені белгілі. Ерекше атап өтетін жайт — жанды орындаудағы түрлі кештер. Мысалы, өткен жұмада қонақтарды құлақ құрышын қандыратын қобыз үні тербеген. Бүгін баратын болсаңыз, жетіген тыңдайсыз. Ал Наурыз мерекесіне орай, мейрамхана ірімшіктен жасалған жаңа десерт шығарған. Ол тәттіні қазақ күйшісі Дина Нұрпейісованың құрметіне арнапты. Сондай-ақ, 23 наурызға дейін келген адамның бәрі наурыз көжеден ауыз тиеді.

Sydyk мейрамханасы

Орташа чек: 3000-4500 теңге

Мекенжайы: Алматы қаласы, Желтоқсан көшесі, 155

Жұмыс уақыты: 08:00–00:00 

Байланыс нөмірі: +7‒778‒146‒55‒66

Желідегі парақшасы: https://www.instagram.com/sydyk_camel_milk/

Бұл жер әсіресе, түйе сүтінен жасалған өнімдерімен танымал. Себебі мейрамхана иелері түйе шаруашылығымен айналысады. Соған байланысты қонақтарға түрлі тағам ұсынады. Айталық, жент, шербет, сүзбе, балқаймақ, құрғақ түйе сүті сынды тағамдар мәзірде ғана емес, үйге алып кетуге болатындай ыңғайлы қаптамаларға салынып, сөреде тұрады.

Abay мейрамханасы

Орташа чек: 10000-15000 теңге

Мекенжайы: Алматы қаласы, Омаров көшесі, 41/2

Жұмыс уақыты: 11:00–00:00 

Байланыс нөмірі: +7 (700) 202‒02‒06

Желідегі парақшасы: https://www.instagram.com/abay_koktobe/

Мейрамхананың орналасқан жерінің өзі — бір төбе. Оның ішінде, нақты айтқанда — Көктөбе. Тауды бетке алып, таза ауада тамақтанған бір ғанибет екені рас. Интерьері де ерекше, жанды дауыста ән айтылады. Наурызға орай ұйымдастырған бағдарламасына келсек, «Жетіген» және «Самғау» топтарының орындауында ұлттық әндер, Ерболат Мырзалиевтің қобызбен орындайтын виртуоздық бағдарламасы, Vocal Moli, Диана Макина мен Дәулет Болатбаевтың орындауында әндер, «Лира» балеті ұсынатын шоу бар.

Mura мейрамханасы

Орташа чек: 5000-7000 теңге

Мекенжайы: Алматы қаласы, Тимирязев көшесі, 13

Жұмыс уақыты: 11:00–00:00 

Байланыс нөмірі: +7 777 813 00 00

Желідегі парақшасы: https://www.instagram.com/mura.restaurant.kz/ «Ұлттық колоритті басты назарға қоямыз, қазақ мәдениетін таныстыратын мейрамханамыз» дейді ұжым. Наурыз мерекесіне байланысты нақты не ұсынатыны парақшаларында көрсетілмегенімен, ұлттық тағамдардың таңдауы мол жердің бірі. Әсіп, фишбармақ, алтын балық сынды ерекше тағамдарды таба аласыз.