«Жапонияда 12 жылдан бері тұрып келе жатырмын. Осы елде мектепті, университетті тәмамдадым. Туған жерім – Баян-Өлгей. Ата-әжесінің қолында өскен, үлкендердің тәрбиесін көрген қазақтың қарапайым қызымын. Жапон еліне бірінші рет барғанда 15 жаста едім. Сол кезде ата-анам 15 жастағы қыз үшін өте қауіпсіз ел деп Жапонияны таңдап, оқуға жіберді.
Бакалаврда саясаттану мамандығын меңгердім. Содан соң халыққа қызмет көрсету бойынша магистратура оқыдым. 2 жылда бала тәрбиесі туралы ғылыми зерттеу жұмыстарын жасадым. Содан соң бизнес менеджмент мамандығы бойынша магистратура оқыдым», – дейді ол.
Жадыраның көлікпен айналысып, кәсіп бастауына достары ықпал еткен. Моңғолиядағы достары жапон көліктерін қарап беруін өтінген соң осы салаға қызығушылығы оянған.
Университетте 2-курстан бастап машинаны алып-сатумен айналыса бастадым. Моңғолиядағы достарым «Жадыра, машинаның отанында жүрсің ғой, маған көліктің бағасын қарап берші» деп өтініш айта бастады. Бұл саладан бейхабар болсам да, өтінішін жерге тастамай, машина туралы іздене бастадым. Сөйтсем, менің жатақханамның қасында Тoyota-ның Токиодағы ең үлкен аукционының бір филиалы бар екен. Ол кезде компаниям жоқ еді. Солай Тoyota-ның филиалына барып, көлікті аукционда сатып алып, Моңғолияға жіберуден бастадым. Кәсіптегі жолым осылай басталды, – дейді Жадыра.
«Жапониядан Қазақстанға автобөлшектерді жібереміз»
Кейінгі уақытта Қазақстанға шетелден көлік әкеліп, оны тіркеуге қоюда туындайтын мәселе айтылып жүр. Кейіпкерімізден бұл туралы сұрап көрдік.
«Қазақстанға Моңғолиядан машина әкелу өте қиын. Біріншіден, Жапонияда шығарылатын көліктердің рөлі сол жағында болады. Оны Қазақстан кіргізбейтін заң қабылдаған. Екінші жағынан, көлік кіргізсе де, салық көп төлеуге тура келеді. Сондықтан біздің елге тек автобөлшектер тасымалдап жатырмыз», – дейді Жадыра.
Компания автобөлшектерді теңіз арқылы Қытай немесе Ресей арқылы тасымалдайды. Карантин басталмас бұрын Қазақстанға контейнер жібергенде 28 күнде келетін. Ал қазір 3-4 немесе 5 айға созылады.
«Қазақстандағы көліктердің сапасы өте төмен»
Жадыра Қазақстандағы көліктердің сапа деңгейі төмен, яғни өте ескі екенін өз мысалында түсіндіріп берді.
Қазақстанға келгенде сапасын көру үшін салоннан су жаңа Toyota Camry алып көрдім. Жап-жаңа көлікті айдап көрсем, қанша жаңа болғанына қарамастан Жапонияда мініп жүрген көліктерге қарағанда сапасы төмен болып шықты. Мен мінген жаңа көліктің темірі, терезелері жұқа, моторында басқаша дыбыс болды. Одан кейін машинаның есіктерінен жел кіреді. Бұл жағдайдан соң көңілім қатты түсті.
Қазақстанға келетін Тoyota көліктері Ресейде құрастырылады. Жапонияға барғанда осы мәселені көтеріп, компанияға хат жолдағым келеді. Себебі жапон халқы барлық нәрсені жоғары сапада жасайды. Неліктен Қазақстандағы Тoyota көліктерінің сапасы нашар? Қазақстандықтар Жапонияға барып, сол жақта құрастырылған көлікті мінсе, айырмашылықты бірден байқар еді, – дейді кәсіпкер.
Жадыраның компаниясына карантин кезінде Үкімет көптеген қолдау көрсеткен. Пайызсыз қарыз берді. 6 айға дейін кеңсені тегін жалдап, жұмысшыларға берілетін жалақының 30-40%-ын Үкімет өзі төлеп берді.
«Жапонияда жапон тілін білсеңіз, кәсіп бастау оңай»
Егер күншығыс елінде кәсібімді жүргізем десеңіз, әуелі жапон тілін меңгеруіңіз керек.
«Жапонияда кем дегенде 7-8 жыл тұруыңыз керек. Ол жақтың салт-дәстүрін әбден бойыңызға сіңіріп, жапон компанияларында жұмыс істеп көрген соң ғана кәсібіңізді ашқан дұрыс деп ойлаймын. Себебі ол жақтың салт-дәстүрін, компанияның ішкі саясатын білмей тұрып аша алмайсыз. Тиісті қаржы көлемі болуы керек. Жапон тілін білетін мамандар болуы қажет», – дейді Жадыра Сембай.
Оның айтуынша, Жапонияда жеке кәсіпкерлер жоқтың қасы. Себебі жапондар жеке кәсіпке қарағанда бәрі бірігіп, бір холдинг, үлкен компания ретінде жұмыс істегенді жақсы көреді.
Қазақта «жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деген сөз бар ғой. Жеке кәсіпкер болып, жалғыз жұмыс істегенге қарағанда, көп адам бірігіп іс атқарса, күш мол болады. Жапондарды сондай ұйымшыл халық деуге болады. Ал біздің елімізде әркім өзінше би болғысы келеді. Өзім бастық болайын, жұмысым алға жүрсін, «тек өзім» деп ойлайды ғой. Негізінде Жапонияда бизнес саласында өзім дегеннен гөрі, серіктестерімен бірігіп жұмыс істейтіндер алға озады.
Қазақстанда жеке кәсіпкерлер өте көп. Әрине, кәсіп жасау өте жақсы, бірақ оны бөлісе білгеннің де пайдасы бар. Компанияда 10 адам болса, сонша түрлі ой, ерекше дүние шығады. Қазақстанға келгенде таңданған тұсым осы болды, – дейді ол.
«Қазақстанда жапон үлгісіндегі компания ашсам деймін»
«Токиода 30 миллион халық тұрады. Ол қалада барынша тырмысып өмір сүрдік. Сонша халықтың ішіндегі бәсекелестікті көрген соң Алматыға келіп те кәсібімді жандандырғым келеді. Қазақстанда көптеген жапон компаниясының филиалын ашу ойымда бар. Отбасыма ғана емес, барша қазақ еліне пайдамды тигізсем деймін. Халыққа қызмет көрсету саласын дамытқым келеді.
Жапон компанияларына жұмысқа кіргенде қызметкер ең төменгі сатыдан бастайды. Дәретхана жуу, тазалау деген сияқты. Кейбір кезде басшылықтағы адамдардың өзі әжетхана тазалап, еден жуып жүргенін көресіз. Жапон қоғамы еден жуушыға ғана емес, барлық адамға құрметпен, тең дәрежеде қарайды.
Жапон компанияларына жұмысқа тұрған кезде алғашқы 6 айда қандайда бір қате жіберсеңіз, ешкім сөкпейді. Жас маман екенін түсініп, жаңадан жұмысқа тұрған кезде тез үйренісуі үшін көмектеседі. Жұмысқа бұрын тұрған қызметкерлер жаңадан кірген қызметкерге жауапты болып, білгенін үйретеді. Ал жаңадан орналасқан қызметкер қандайда бір қате жіберсе, басшылық кезінде оған жауапты болған адамға сөгіс береді. 6 ай – жаңа қызметкерге берілетін сынақ кезеңі.
Жапонияда ең төменгі жалақы – 1800 доллар. Ал егер компанияға жұмысқа кіргенде магистр, доктор дәрежелерің болса, соған сай жалақың да жоғары болады.
Барлық мемлекетте жұмыс істеу уақыты – 8 сағат. Жапон елінде 8 сағаттан артық жұмыс істесең, жалақың 25% жоғары болады.
Егер де жұмысқа бір минут кешіксең, 30 минуттық жалақың қысқарады. Кешіккен адам қатты қысылып, қымтырылып, күні бойы ұялып, жаман сезімде жүреді. Сондықтан жапондар жұмысқа ең аз дегенде 15 минут бұрын ерте баруы керек. Ал жауапкершілігі жоғары жапондар 30 минут бұрын барады. Жапонияда ең ұзақ демалыс уақыты – 7 күн. Бірінші жылы 3-4 күн ғана демалыс береді», – дейді кәсіпкер.
Add comment