ГлавнаяБлог

Түркиядан тауар сатып алудың 3 тиімді жолы

Түркиядан тауар сатып алудың және оны Қазақстанға жеткізудің қандай жолдары бар? Сапалы тауар алып, ұтымды сауда жасау үшін кімнің көмегіне жүгінуге болады? Ал өз бетінше тапсырыс бергенде нені ескеруі керек?

Түркия экспорттайтын тауарлар қазақстандық нарықта ғана емес, ТМД елдері, Еуропа, Африка елдерінде де сұранысқа ие. Оған себеп – Түркияның географиялық орнының, жүк тасымалдау жүйесінің тиімділігі және тауардың бағасы мен сапасы.

Қазір Түркиядан тауар алуды үйрететін курстар, қажет тауарды сатып алып, елге жіберетін ұйым мен байер де көп. «Түркиядан тауар алуды үйретемін» деген жарнамасы жер жарып, соңында жұртты алдап, алаяқтығымен аты шығып, істі болғандар да бар. Түркиядан тауар тасымалдаудың түрлі тәсілі бар. Тауар түрі, көлемі мен сатып алушының мақсатына қарай әрқайсысының тиімді-тиімсіз тұстары болады.

Тікелей Түркиядан тауар әкелу

Тауар сатып алудың ең алғашқы әрі сенімді жолы – Түркияға барып сауда жасау. Оның тиімді тұстары:

  • тауарды көзіңізбен көріп, қолмен ұстап, сапалысын таңдап аласыз;
  • жоспарламаған жаңа бизнес ұсыныстар мен жеңілдікке кезігуіңіз мүмкін;
  • егер тауардың салмағы 30-50 келіден аспаса ұшақпен тікелей өзіңіз тасымалдай аласыз;
  • жүк көлемі көп болса, жеткізу қызметін қолданасыз.

Тиімсіз тұстары:

  • уақыт пен энергия көбірек жұмсалады;
  • ұшақ билеті, тұратын жер, тамақтану және жүріс-тұрыс сияқты қосымша шығындар болады;
  • кей жағдайда түрікше білмеу кедергі болуы мүмкін.

Түркияға туристер мен шетелдік кәсіпкерлер көп келетіндіктен, сауда жасауға жақсы жағдай жасалған. Орысша, ағылшынша білетін саудагерлер таба аласыз. Түрік тілін білу міндетті емес. Бірақ түрікше білетіндерге бонус болатынын ескерген жөн.

Түркияға кәсіппен айналысу үшін емес, жеке киім, зат сатып алуға келетін қазақтар үшін Ыстамбұлдағы танымал базарларда сауда жасау тиімсіз екенін де ескерте кетейік. Мысалы, ТМД нарығына арналған әйгілі Лалели базарында көбіне көлемді тауарлар (оптом) сатылады, қалаған затыңызды жеке сатып алу біраз қиынға соғуы мүмкін.

Байер немесе делдалдың көмегіне жүгіну

Түркиямен бизнес жасаудың екінші әрі танымал болып келе жатқан жолы – байердің немесе делдал ұйымның көмегіне жүгіну. Түркиядан қалаған тауарыңды тауып, сатып алып, Қазақстанға салып жіберумен айналысатын ұйымдар мен байерлер табу қиын емес. Егер делдал арқылы сауда жасауға бел бусаңыз, әуелі оның қаншалықты сенімді екенін анықтап алыңыз. «Гарантия береміз», «уәде береміз» деген құрғақ сөзге алданбай, мүмкін болса ресми келісімшарт жасап алу қауіпті сейілтеді.

Делдал арқылы тауар сатып алудың тиімді тұстары:

  • Уақыт пен энергия үнемдейсіз. Қазақстанда отырып қалаған уақытта кез келген тауарға тапсырыс бере аласыз;
  • Түркияға барып-келуге қарағанда аз қаражат жұмсайсыз. Жеткізу қызметі мен байердің қызмет құны ұшақ билетінен әлдеқайда арзанға түседі;
  • Тіл білмесеңіз, қайдан не сатып алу керегін білмесеңіз, білетін адамның көмегімен қалаған тауарды сатып ала аласыз.

Тиімсіз тұстары:

  • Тауарды өз бағасына сатып алмайсыз. Себебі байер немесе қызмет көрсететін ұйым тегін жұмыс істемейді, тауардың бағасын қосып айтады немесе тауардың өз бағасы мен қызметінің құнын белгілейді;
  • Жеткізу қызметінің құны мен мерзімі. Тапсырысты Қазақстандағы мекенжайға жеткізу қызметіне бөлек төлем жасайсыз. Әдетте Алматы қаласына жеткізу 2-3 тәулік ішінде, ал басқа қалаларға жеткізу одан да ұзақ уақыт алуы мүмкін;
  • Тауар көңіліңізден шықпауы мүмкін. Өзіңіз барып таңдап алмаған соң кейде тауардың сапасы, өлшемі сіз ойлағандай болмайды. Оны қайтару немесе басқа тауарға айырбастау үшін ақылы жеткізу қызметін қайта пайдалануға тура келеді.

Онлайн тапсырыс беру

Түркиядан тауар сатып алудың тағы бір жолы – онлайн тапсырыс беру. Түркияда әсіресе пандемия кезінде онлайн тапсырыс қабылдау және жедел жеткізу қызметі қарыштап дамыды. Оған дейін сауда бизнесі жақсы дамығанымен, жаңа технологияларды қолдану деңгейі ТМД елдерімен салыстырғанда төмен болатын.

Онлайн тапсырыс берудің тиімді тұстары:

  • Қажет тауарды ешкімнің көмегінсіз өзіңіз таңдап, тапсырыс бере аласыз;
  • Төлемді қазақстандық банк картасы арқылы (доллармен) жасай аласыз;
  • Тауарды Түркия нарығындағы бағамен, кейде тіпті жеңілдікпен сатып алу мүмкіндігі бар.

Тиімсіз тұстары:

  • Түркия нарығындағы сайттар мен мобайл қолданбалардың көбі түрік тілінде жасалған. Қазақша қызмет көрсететін қолданба таба алмайсыз. Орысша немесе ағылшынша қызметі автоматты аудару сервисін қолданады, сондықтан кейде қателіктер кездеседі;
  • Түркиядан Қазақстанға тікелей жеткізумен айналысатын қызмет түрі жоқ, сондықтан жеткізу қызметіне қосымша төлем жасайсыз;·        Егер тауар ойыңыздан шықпаса, оны қайтару немесе ауыстыру қызметі тек Түркияда жүзеге асырылады, сондықтан жүк тасымалдау қызметіне қайта ақы төлеуге мәжбүр боласыз.

Түркияның онлайн тапсырыс қабылдайтын танымал сервистері

  1. Trendyol.com электрон тапсырыс қызметінің негізі 2010 жылы қаланған. Қазір Trendyol — Түркия аумағындағы ең танымал сервис. Мұнда киім, электрон құрылғылар, аксессуар, зергерлік бұйым, косметика, үй жиһазы, автомобиль бөлшектері, канцелярия тауарларына дейін бар. Бренд дүкендер мен танымал ресми дүкендердің өнімдерін де таба аласыз.
  2. Gittigidiyor.com түрік тілінен аударғанда «кетті, кетіп бара жатыр» деген мағына береді. Мұнда да Trendyol-дағы сияқты барлық категория қамтылған.
  3. Hepsiburada.com түрікшеде «барлығы осында» деген мағына береді. Расымен бұл сайтта 30-дан астам категория бойынша түрлі тауарға тапсырыс бере аласыз. 1998 жылы негізі салынған. Дүкен 2011, 2012 және 2013 жылдары «Түркияның сүйікті бренді» атанған.
  4. Morhipo.com – танымал маркалар мен шағын онлайн дүкендердің басын қосқан сервис. Мұнда қолданушыларға мереке қарсаңында немесе онлайн сауда жасаған сайын купон, жеңілдік, бонус беріледі.
  5. n11.com – тіркелген қолданушыларын жыл сайын қараша айында қуантатын сервис. Жыл сайын 11.11 яғни 11 қараша күні бұл сервисте қолданушыларға арналған үлкен жеңілдік болады.

Негізі Түркияда жүздеген онлайн тапсырыс қабылдайтын сервис пен дүкен бар. Ең танымал әрі интерфейсі ыңғайлы бестіктің тізімін көрсеттік. Олардың мобайл қолданбасы да бар екенін еске сала кетейік.

Сондай-ақ Zara, LCWaikiki, Koton, Colin’s, Mango және тағы басқа танымал брендтердің өнімдерін ресми сайтына кіріп тапсырыс бере аласыз.

Қазақстанға қалай жеткіземіз?

Қажет тауарды тауып, таңдап, тапсырыс берген кезде онлайн дүкендердің жеткізу қызметі тек Түркия аумағында екенін ескеріңіз. Ал Қазақстанға жеткізу үшін ресми жеткізу компаниясының қызметіне жүгінуге тура келеді. Тапсырыс бергенде алдын ала келіскен компанияның мекенжайын көрсетіп, жеткізу компаниясына Қазақстандағы мекенжайыңызды беруіңіз керек.

Түркиядан Қазақстанға жеткізу құны әр компанияда әртүрлі болуы мүмкін. Орта есеппен әрбір кг үшін 5,5-13 доллар арасында, ал әр қорап немесе қап үшін 7-15 доллар арасында төлем жасауыңыз мүмкін. Қазақстандықтар көбіне Easyexpress.kz, Ozar.company жүк тасымалдау қызметінің көмегіне жүгінеді.

Кейінгі жылдары әлемдік деңгейдегі пандемия, экономикалық және саяси өзгерістер Түркиядағы сауда-саттыққа айтарлықтай әсер етті. Әсіресе, пандемиядан кейін Түркиядағы өндіріс осыған дейін Қытай орындаған әлемдік экспорттың орнын толтыруға тырысып жатыр. Сондықтан бағасы жағынан арзан, сапасы да «китайский» өнімдер Түркия нарығында да пайда болды. Дегенмен Түркияда жасалған өнімдер басқа мемлекеттерде әлі де сапа мен баға жағынан сұранысқа ие.