ГлавнаяБлог

Dyson, Apple және Thermomix ажиотажы: валюта бағамы брендтердің бағасына қалай әсер етті?

Кейінгі уақытта ТМД бойынша сұраныс күрт артқан тауарлар ешбір елдің қоймасында қалмады. Жаппай алыпсатарлардың қулығынан хабардар болған компаниялар біраз елдегі ресми дүкендерінің қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Түркиядағы Dyson, Apple және Thermomix ажиотажына қазақтардың қандай қатысы бар? Ыстамбұлдағы қазақстандық байер Әлішер Қожалым қажет тауарды қайдан, қалай алуға болатынын да айтып берді.

«Бір қолға бір Dyson» заңын қазақтар қалай айналып өтті?

2021 жылдың желтоқсан айында түрік лирасының екі есе құнсыздануы сауда-саттық үшін өте тиімді жағдай туғызды. Түркияға ағылған қазақтар қолында бар қаражатқа тауар сатып алуға тырысты. Тіпті тиімді бизнес үшін несие алғандар да болыпты.

Лира құнсызданған тұста ТМД елдерінің тұрғындары Dyson және Thermomix өнімдерін жаппай сатып ала бастады. Себебі Түркияда бұл брендтің ресми дүкендерінде тауар бағасы ТМД елдерімен салыстырғанда 2-2,5 есеге арзандады. Себебі тауардың құны лирамен төленетін.

Әлеуметтік желіде блогерлер люкс брендтің құны құлдилағанын сүйіншілеген соң Dyson және Thermomix өнімдерін жаппай сатып алып, еліне апарып қымбатқа сататындар көбейді. Мұны бірден байқаған түріктер бір адамға тек бір Dyson өнімін құжат арқылы сату туралы шешім қабылдап, оны заңдастырып үлгерді. Ресми дүкендерде бір адамға тек бір дана Dyson өнімі сатылатын болды.  Шетелдіктерге де әуежайдан тек бір данасын тасымалдауға рұқсат берілді.

Алайда қазақстандық байерлер бұл тосқауылдан шығудың жолын тауыпты. Әлішер бірнеше қазақстандыққа Dyson шаш күтіміне арналған құрал жиынтығын сатып алып, жеткізуге көмектескен. Байер әсіресе 8 наурыз қарсаңында тапсырыс берушілер саны күрт артқанын айтты.

Тапсырыс берушілердің талабын орындау үшін түрік азаматтарға өтініш жасадық. Олар құжатымен ресми дүкенге барып, біз берген ақшаға Dyson сатып әперді. Осылайша бір қолға – бір Dyson деген заңды айналып өттік, -дейді ол.

Apple өнімдері Түркияда уақытша сатылмайтын болды

Лираның құнсыздануы Apple компаниясы өнімдерінің түрік нарығында күрт арзандауына себеп болды. Әлеуметтік желіде Apple ресми дүкенінің алдындағы ұзынсонар кезекке тұрғандардың видеосы жариялана бастады.

2021 жылы қарашаның соңында Аpple компаниясы Түркияның ресми онлайн дүкендерінде өнімдерін сатуды уақытша тоқтатты. Кейінірек түрік лирасының бағамы тұрақталғаннан кейін өнімдерінің бағасын қайта белгіледі.

Негізі Apple өнімдерін Түркияға әкелу үшін бірнеше салық пен алымдар төленеді. Сондықтан Түркия нарығындағы құны Қазақстандағы бағадан әлдеқайда жоғары екенін ескеру керек.

Қаңтардағы оқиғадан кейін Қазақстанға тауар тасымалдау қиындады.

Байерлер мен ұйымдар сатып алынған тауарды Қазақстанға екі түрлі жолмен жеткізеді:

  1. жүк тасымалдау немесе жеткізу қызметінің көмегіне жүгіну;
  2. елге ұшатын рейстердегі қазақстандықтар арқылы беріп жіберу.

Алғашқысы сенімді, бірақ баға мен уақыт жағынан тиімсіз.

Кейінгісі жылдам әрі арзан, бірақ үнемі жүзеге аса бермейтін тәсіл.

Түркияға келген қазақстандықтың багажынан бос орын тауып, тауарыңды салып жіберу қиын. Ал Dyson шаш күтіміне арналған жиынтықтың салмағы шамамен 7-8 келі болады. Сондықтан ұзақ әрі қымбат болса да, жүк тасымалдау немесе жеткізу қызметіне жүгінуге тура келеді,- дейді байер Әлішер Қожалым.

Жеткізу қызметінің бағасы жазда бір келіге 5 доллар, ал ұшақтағы қап немесе қорап басына 7 доллар болатын. Қазір мұндай баға жоқ. Себебі Қазақстанда 2022 жылы қаңтарда болған оқиғаларға байланысты әуе рейсі мен жүк тасымалы уақытша тоқтап қалды. Осы кезде біраз адамның бизнесі зардап шекті. Сондай-ақ валюта бағамының ауытқуы тауар тасымалының бағасына әсер етті.

Қазір Қазақстанға тауар жеткізу қызметі Қырғызстан арқылы жүзеге асырылады. Сәйкесінше жеткізу уақыты да ұзарды. Бұрын Алматы қаласына 2-3 күнде жеткізсе, қазір шамамен тапсырыс берген тауарыңыз шамамен бір аптадан кейін ғана қолыңызға тиеді.

Түркия экономикасындағы «ішкі тоқырау» Қазақстанға қалай әсер етті?

Жазда (маусым айында) 1 лира 49 теңге болса, қыста (желтоқсан айында) 1 лира 24-25 теңгеден сатыла бастады. Демек, түрік лирасы екі есе құнсызданды. Оған себеп – Түркияда доллар бағамының күрт көтеріліп кетуі. Жыл соңында лираның құны толық қалпына келмесе де, 34-36 теңге шамасында тұрақталды. Қазір де лира бағамы 36 теңге шамасында.

2022 жыл Түркия халқы үшін оңай басталмады. Жыл басында ең төменгі жалақы көрсеткіші 50% артқанымен, елдегі барлық тауар мен қызмет құны өсіп кетті. Ішкі нарықтағы тамақтану, өндіріс, коммуналдық қызмет құны көтерілді. Нан, азық-түлік бағасы да қымбаттады.

Қазақстанда да 2022 жылы доллар бағамы өзгерді. Сондықтан, жергілікті түріктер қазір ішкі экономикалық құлдырауды бастан өткеріп жатқанымен, доллармен төлем жасайтын қазақстандықтар үшін Түркиядағы баға бұрынғыдан аса бір айырмашылық жасай қоймады.

Қазір Қазақстанда доллар бағамы тұрақсыз. Қазақстандық кәсіпкерлер Түркияда төлемді доллармен жасайтындықтан, дәл қазір кез келген тауардың бағасы бұрынғы бағасымен бірдей болып тұр. Алдағы уақытта валюта бағамының қалай өзгеретінін ешкім болжап біле алмайды, сондықтан қазір Түркияға ағылып жатқан қазақтар жоқ, — дейді Әлішер.

Байерлікке әркімнің бар таласы…

Кейінгі кезде Түркиямен бизнес жасау қазақстандықтар арасында танымал болып кетті. Түрлі курс, марафон, семинарлар өткізетіндер бар. Әлішерден инфокәсіптің қыр-сыры мен пайдасы туралы пікірін сұрадық.

«Курс, марафонның барлығы базалық білім береді. Біразының мазмұнын қарап шықтым. Қандай базардан немесе қоймадан тауар сатып алуға болады, қандай жеткізу қызметін қолдануға болады, сатып алған тауардың бағасын белгілеу және тұтынушы табу тақырыптарын қамтиды. Бірақ бұл бизнес бір-екі күнде ақшаны күреп тауып, байып кететін нәрсе емес екенін ескеру керек. Бизнес бар жерде де тәуекел бар. Түркиядан тауар алып кәсіп істегісі келетін адамның энергиясы көп болуы керек», — дейді ол.

Әлішердің айтуынша, кәсіпте ең маңыздысы – мақсатты аудитория, тұрақты тұтынушы табу.

«Байер болсам, байып кетемін» деген — қате түсінік. Әлішердің айтуынша, әркімнің табысы бизнес бағытына қарай әртүрлі болуы мүмкін. Бәрі бірден миллион теңге тауып кетпейді. Тауар типі, түрі, көлеміне де байланысты.

Қарапайым мысал: бір дана зат тек 1 доллар табыс әкелетін болса, оның 100 данасынан 100 доллар табасыз. Осылайша теңізге тамған тамшыдай еңбекпен кәсіп басталады, — дейді жас байер.

Түркия нарығындағы Luxury өнімдердің тұтынушысы – VIP қазақтар

Бұрын «Түркияда жасалған» деген сөз сапалы өнім деген тіркестің синонимі болатын. Алайда пандемиядан кейін Түркия өнімдері бұрын Қытайда жасалған өнімдердің нарықтағы орнын басуға талпыныс жасады. Себебі коронавирустан кейін Қытаймен сауда жасайтын мемлекеттер бағытын Түркияға бұра бастады.

«Түркия әртүрлі елдің нарығына арналған тауар өндіреді. Әр елдің сұранысы мен талғамын зерттеп алған. Сондықтан біздің отандық нарыққа арналған тауарлар мен Африка елдеріне арналған тауарларда үлкен айырмашылық бар. Тіпті көрші Өзбекстан мен Қазақстан нарығындағы сұраныс та әртүрлі. Түріктер қазақстандық нарыққа арнап сапалы текстиль, әйелдер мен балалар киімі, былғарыдан жасалған тауарлар, әшекей көп шығарады. Байерлер арасында мұны әзілдеп VIP қазақтарға арналған Luxury тауарлар деп атаймыз», — дейді Әлішер Қожалым.  

Түркиядан тасымалдауға тыйым салынған тауарлар

Қазақстандық нарықта Түркияның алтыны сұранысқа ие. Әлішердің зерттеуі бойынша Түркия алтыны отандық нарықтан теңгемен есептегенде келісі 2 мың теңгеге арзан.

Бірақ зергерлік бұйымдар тасымалына заң бойынша шектеу бар екенін ескеру керек. Мысалы, Түркиядан құны 15 мың доллардан асатын зергерлік бұйымдарды елден шығаруға тыйым салынады. Сондықтан сатып алынған зергерлік бұйымдардың чегін жоғалтпау керек. Егер сатып алған алтынның құны белгіленген сомадан асып кетсе, декларация толтырып, мемлекеттік органдар алатын баж салығын төлеуге мәжбүр боласыз. Сондай-ақ көне кілем мен антиквариат заттар, темекі және алкоголь өнімдерін тасымалдаудың арнайы шарттары бар.