Терминал (The Terminal)

Сюжет: Виктор Наворски есімді Шығыс Еуропа турисі мұхит асып АҚШ-қа ұшып бара жатады. Сол кезде оның елінде төңкеріс болып, құжаттары жарамсыз болып қалады. Наворски Нью-Йорк әуежайынан сыртқа шығу мен еліне қайту мүмкіндігінен айырылады.

Оқиға: Мехран Карими Насери деген ирандық босқын Париж әуежайында 18 жыл ғұмырын өткізген. Лондоннан ұшаққа отырғанда оның төлқұжаты мен өзге де құжаттары жоғалып кеткен. Насери құжатсыз еліне орала алмаған, әуежайдан шығуына да тыйым салынған. Шарль де Голль әуежайының терминалында өткізген 18 жыл ғұмырын Насери кітап оқуға, күнделік жазуға және экономиканы зерттеуге арнаған.

Арада уақыт өте келе, оған пошта арқылы құжаттары келген, бірақ Насери оларды алудан бас тартқан. Мехран Карими Насери белгісіз бір ауруға шалдыққан соң Париж әуежайынан шығып, ауруханаға жатқан. 2007 жылдың басында ол ауруханадан шығып, бірнеше апта бойы әуежай маңындағы қонақүйде тұрған екен. Ақыр соңында Насери Парижге қоныстаныпты. 

Басты рольді Том Хэнкс сомдайды. Фильм сәтті шыққан, 60 миллион доллар бюджетімен 140 миллион доллар пайда тапты.

1+1

Сюжет: Жазатайым оқиғадан кейін сал болып қалған ақсүйек жеке көмекшісі ретінде бір жігітті жұмысқа алады. Ол бұрын қылмыскер болған.

Оқиға: Фильм Филиппо Поццо ди Боргоның «Екінші жел» кітабының желісі бойынша түсірілген. Басты кейіпкердің прототипі – Филиппоның өзі. Ол алжирлік иммигрант, Абдель Селлу есімді жігітті көмекшісі етіп жұмысқа алады. Тура фильмдегі кейіпкерлер сияқты олар да алғашқы сұхбат барысында-ақ тіл табысқан. Селлу осы жұмыстан кетсе де, Филиппомен қарым-қатынасын үзбеген. Айтпақшы, Селлу шынымен де көлікті жылдам айдағанды ұнатады. Бастығы отыратын арбаны жетілдіргені де шындық.  

Франциядан бөлек “1+1” фильміне 30 миллионнан астам билет сатылды. Бұл – 1994 жылдан бері француз тілінде түсірілген ең табысты фильм.

Король сөйлейді (The King’s Speech / Король говорит!)

Сюжет: Британ герцогы Джордж VI Ұлыбританияның королі болуға дайындалып жүр. Бірақ бір мәселе бар: ол  кекештеніп сөйлейді және көркем сөздерді әрең айтады. Оған көмектесу үшін герцогтың әйелі Лайонел Лог деген австралиялық маманды жалдайды, уақыт өте келе, оның ерекше әдістері нәтиже бере бастайды. 

Оқиға: Фильмде көрсетілгеннің бәрі – шындық. Король Джордж VI шынында да Лайонел Лог есімді жеке логопеді болған. Лайонелдың методикасы тіл кемшіліктерін түзетуден гөрі психотерапияға жақын болған. Логтың арқасында Джордж VI еш ойланбастан жан тебірентерлік сөз сөйлей алатын дәрежеге жеткен. Ол кейіннен логопедті еңбегі үшін “Корольдік Виктория орденінің” мүшесі етіп тағайындады. 

Фильм 410 миллион доллар табыс әкелді. Төрт «Оскар» алды. Елизавета II патшайым корольдің ролін сомдаған Колин Фертке алғысын білдірген. Джордж VI – патшайымның әкесі.

Мумбай қонақ үйі (Hotel Mumbai / Отель Мумбаи)

Сюжет: 2008 жыл. Мумбай. Сән-салтанат пен қауіпсіздіктің бесігіндей көрінетін Тәж-Махал қонақ үйі. Осы қонақ үйді содырлар кепілдікке алып, қызметкерлер мен қонақтарға оқ атуға кіріседі.

Оқиға: 2008 жылдың 26-29 қараша аралығында лаңкестер Трайдент Оберой және Тәж-Махал қонақ үйіне еніп, жазықсыз жандарға оқ жаудырды. 40-қа жуық адам қаза тауып, 70-тен астамы жарақат алды. Трайдент Оберой қонақүйінің бірнеше қызметкері ас бөлмесін тосқауыл ретінде пайдаланып, аман қалған. Қонақ үйлерді содырлардан босатуға келген полицейлер қонақтардың көп бөлігін аман алып қалды. Болжам бойынша, шабуыл жасағандар Әл-Қаида террористік ұйымымен байланыста болған. 

Шиндлердің тізімі (Schindler’s List / Список Шиндлера)

Сюжет: Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Ұлттық социалистік партияның мүшесі болған, Оскар Шиндлер есімді неміс кәсіпкері өмірін бәйгеге тіге жүре концлагерьлерден еврейлерді құтқаруды мақсат тұтады.

Оқиға: Холокост кезінде 1200-ге жуық еврейді құтқарған Оскар Шиндлер деген неміс кәсіпкері болған. Ол еврейлерді Польша мен Чехословакиядағы зауыттарында жұмыс орнымен қамтамасыз ету арқылы аман алып қалған. 1940 жылға қарай Шиндлердің Краковта үш кәсіпорны болды: Emalia зауыты, ыдыс-аяқ және ас үй құралдарының зауыты мен шыны ыдыс шығаратын зауыт. Оның оқиғасы «Шиндлер кемесі» кітабының және оның негізінде түсірілген «Шиндлердің тізімі» фильміне арқау болды. Соғыс аяқталған соң Шиндлерге еврей халқына сіңірген ерекше қызметі үшін Израиль үкіметі «Әділдік жаршысы» атағын берді. 

Фильм “Америка кино институтының” 100 үздік америкалық фильм тізімінде 8-орынға жайғасты.

Линкольн (Lincoln)

Сюжет: 1865 жыл. АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольн ел ішіндегі танымалдығының шыңырау биігінде тұр. Бірақ оның маңызды міндет бар: Конституцияға құлдыққа тыйым салу туралы түзету енгізу және азамат соғысын тоқтату. Осы екі мәселені бір мезетте шешуге болатынына, тіпті, мемлекет басшысының жақындары да сенбейді. 

Оқиға: Авраам Линкольн – Американың мемлекет және саясат қайраткері, АҚШ-тың 16-шы президенті (1861-1865), Республикалық партияның негізін қалаушылардың бірі, Америка халқының ұлттық қаһарманы. 

Құлдыққа тыйым салу Авраамның басты мақсаты болды. Ол елді біріктіруге, іріткі салмауға шақырды, бірақ президент қақтығыстардың азаматтық соғысқа айналуын тежей алмады. Линкольн 1861-1865 жылдардағы Азамат соғысы кезінде Конфедерацияға қарсы әскери операцияларды өзі басқарды. Оның президенттік қызметі Америкадағы атқарушы биліктің күшеюіне және құлдықтың жойылуына әкелді. Линкольн үкімет құрамына қарсыластарын қосып, оларды ортақ мүдде үшін жұмыс істеуге шақырды. Президент Ұлыбритания мен Еуропаның басқа елдерінің де интервенциясын тоқтата алды. Оның президенттігі кезінде трансконтинентальды теміржол салынды, аграрлық мәселелерді шешуге бағытталған “Хоумстед акті” қабылданды. 

Фильм қоржынында екі “Оскар” бар.

Жасыл кітап (Green book / Зеленая книга)

Сюжет: АҚШ, 60-жылдар.  Қара нәсілді пианист Дон Ширли түнгі клубта күзетші болып жұмыс істеген Тони Валеллонганы өзіне жүргізуші әрі оққағар етіп алады. Музыкант нәсілдік мәселесі әлі де өзекті оңтүстік штаттарға гастрольдік сапармен шығады. Кейіпкерлердің мінез-құлқы тым өзгеше болса да, олар тіл табыса бастайды.

Оқиға: Фильм Тонидің ұлы Ник Валлелонганың кітабының желісі бойынша түсірілген. Ал кітап Тонидің естеліктері бойынша жазылған. Дон мен Тонидің гастроль алдында танысып, бірге жұмыс істегені рас.

Дон гастрольге шығар алдында бірнеше жыл бұрын қара нәсілді пианистті Американың оңтүстігіндегі концерт кезінде қатты соққыға жыққанын естіген. Сондықтан 1962 жылы, сапарының алдында Дон Ширли жақсы жүргізушімен қатар сенімді оққағар жалдауды ұйғарады. Копакабана клубына барып, сол жерде Тони Валлелонганы кездестірген. 

Фильм үш “Оскар премиясын” жеңіп алды.