ГлавнаяБлог

Жылдық инфляция – 14-16%. 2022 жылғы макроэкономикалық болжамдар қандай?

Алматыда бизнесмендер мен экономистердің басын қосқан CFO Summit 2022 шарасында Centras Securities басқарма төрағасы Мұрат Акинов биылғы макроэкономикалық болжам туралы айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда 2022 жылы инфляция 14-16% болмақ. Ал базалық ставка 7-9%-ға дейін төмендейді.

2022 жылы Ұлттық банктің инфляция бойынша таргеті -4-6%. Бірақ біз шын мәнінде мұны 14-16%-ға жетеді деп ойлап отырмыз. Ұлттық валютамыз жыл басынан бері 13% құлдырады. Сол себепті ол да инфляцияға айтарлықтай деңгей қосады. Мемлекет қадағалайтын коммуналдық және басқа да ақылы қызметтерді төмендетуге тура келеді. Ал бұл бағаның өсуіне әсер етеді, – деді Мұрат Акинов.

Ұлттық банк дағдарысқа қарсы шаралар аясында базалық ставканы 10,25%-дан 13,5%-ға көтерді. Ақша құнының жоғары болуы несиенің қымбаттауына, сұраныстың азайып, инфляциялық процестердің баяулауына әкеледі. Сарапшы екі мәнді ставка ел экономикасына қатты соққы боп тиеді деген пікірде.

Сол себепті біз ставка 7-9%-ға дейін төмендейді деп күтеміз. Аналитиктер экономиканы қолдау үшін мемлекет ұзақ уақыт бойы мұндай қымбат ставканы ұстап тұра алмайды деген пікірді айтып жатыр. Отандық өндірушілер туралы айтар болсақ, олар үшін несиелеу ставкасы төмендеуі мүмкін.

Сонымен қатар коропоративтік секторда дефолт тәуекелдерін барынша азайту бойынша үлкен жұмыс жүргізіледі, – деді Centras Securities басшысы.

Мұрат Акинов 2022 жылғы ұлттық валюта курсына да болжам жасады. Оның сөзінше, жыл басынан бері теңге долларға шаққанда 13% әлсіреген, ал рубльдің әлсіреуі 34% болған.

«Бір АҚШ доллары 480 теңге (плюс-минус 10% айналасында) деңгейінде болады деген болжам жасадық. Ұлттық валютаны нығайта түсетін де, әлсірететін де факторлар бар. Рубльге қатынасы бойынша теңге қазірдің өзінде ресейлік валютаға икемді тепе-теңдікке өту керек. Біз рубль үшін 4-5 теңге деңгейінде икемді тепе-теңдікті көріп отырмыз, бірақ экономиканы тұрақтандыру үшін оның шегінен асып кете аламыз. Геосаяси қысым курсты жоғарылата алады», – деді сарапшы.

Centras 500 бойынша 2022 жылға болжам:

  • C500 рейтингіндегі «Big4» секторларының үлесі 90% және одан да жоғарылайды;
  • Шикізат тауарларының әлемдік бағасының өсуі аясында энергетика және материалдар секторы көтеріледі;
  • Корпоративтік сектор компанияларының дефолт тәуекелдерінің жоғарылауы жағдайында қаржы секторы проблемалы кредиттер бойынша қысымға ұшырауы мүмкін;
  • Құрылыс саласы, ипотека және микроқаржы секторы үшін дефолт тәуекелдері жоғары;
  • Өнеркәсіп секторы қарыздың қымбаттауы мен әлсіз рубль курсы жағдайында қысымға тап болады;
  • Еуразиялық экономикалық одақ ойыншылары үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Елдің транзиттік әлеуеті дамиды. Біздің әуе кеңістігімізде ұшақтар көптеп ұшады. Ресейге қарсы санкциялардың салдарынан логистика саласы есеңгірейді. Санкциялар қазақстандық компанияларға да әсер ете бастағанын айту керек.

Бізді не күтіп тұр?

  • Сарапшылардың пайымдауынша, инфляция 14%-16%-ға жетеді;
  • 2021 жылы инфляция 8,7% болды. Ұлттық банктің инфляция бойынша таргеті – 4-6%;
  • Инфляция шығындары: коммуналдық қызметтер –+9,2%, ақылы қызметтер – +6,5%;
  • Бизнеске берілетін мемлекеттік субсидиялар да ең төменгі мөлшерлемеде қалады;
  • Ұлттық банктің базалық ставкасы 7%- 9%. Қазіргі базалық ставка – 13,5%;
  • Ақша нарығы мен іскерлік белсенділікті жандандыру;
  • Ставка арқылы отандық өндірушілерді қорғау;
  • Корпоративтік сектордағы дефолт тәуекелдерін азайту үшін жұмыс істеу;
  • Ресейде ставкалардың құбылмалылығы жоғары.

Қазақстанда 2022 жылы курс қандай болады?

  • USD/KZT – 480 теңге (+10%/-10%);
  • RUB/KZT икемді тепе-теңдігі – 4-5,0.

1 АҚШ долларының құны 500 теңгеден асып кетті. Алматы мен Нұр-Сұлтанда айырбастау пунктілерінде АҚШ доллары 516-520 теңгеге сатылып жатыр. Centras Securities мәліметтерді сенімді деп санайтын ашық көздерден алған. Дегенмен Centras Securities мұндай ақпараттың абсолютті дәлдігіне, толықтығына және сенімділігіне кепілдік бере алмайды. Материалдағы пікірлер мен бағалау сарапшылардың тұжырымына негізделген.