ГлавнаяБлог

Теңге құнсызданды. Ресей мен Украина шиеленісі Қазақстанға қалай әсер етеді?

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс басталғалы теңге құнсызданып, бір АҚШ доллары 495 теңгеге жетті. 5Q Media экономист Мақсат Халықтан геосаяси жағдайдың Қазақстан экономикасына және халықтың әл-ауқатына қалай әсер ететінін сұрап білді.

Ресей рублі неге құлдырап жатыр?

– Ресей рублі тарихта болмаған максимум дәрежесінде құнсызданып жатқанын көріп отырмыз. Көп азамат SWIFT жүйесінен ажырату туралы айтып жатыр. Оған қоса, Ресей орталық банкінің активтерінің бұғатталуы Ресей рубліне қатты әсерін тигізеді. Соның салдарынан рубль қатты құнсызданып жатыр.

Қазіргі уақытта қандайда бір интервенция жасаймын десе де, ресурстары шектеулі. Ресейдің 630 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі алтын-валюталық резерв қорының 56%-ы Еуропада, дамыған батыс елдерінде сақталып тұр. Ал одан бөлек алтын-валюталық резерв қорындағы алтынның 21%-ын өз мемлекетінде сақтап отыр. Оның өтімділігі қазір жоқтың қасы, өйткені санкция жағдайында олар оны керек валютаға бәрібір аудара да, ауыстыра да алмайды.

Сонда актвитерінің 77%-ы тұрып қалды деп айтуға негіз бар, яғни ресейліктер ол ақшаны қолдана алмайды. 14,2% активтері юаньмен Қытайда сақталған. Осының бәрін қосқан кезде 91,2% болады.

Ресей ұлттық банкінің қолындағы резервте 8,8% актив қана қалып тұр. Бұл қаржыны валютаны тұрақтандырып, рубльді ұстап тұру үшін, қандай да бір банктерге қолдау жасау үшін қолдана алады. Сонда өз қолындағы қаражат әлдеқайда шектеулі және аз екенін атап өту керек. Сондықтан рубльді интервенциямен ұстап тұруға тырысады. Бірақ ресурстары шектеулі.

Қазіргі жағдай теңге бағамына қалай әсер етеді?

– Қазақстанда қор биржасы дүйсенбіде жарты сағат қана жұмыс істегенін көріп отырмыз. Мұндай жұмыс тәртібі тәуекелдерді болдырмау үшін жасалған болуы керек. Бір нәрсені айтуымыз қажет: теңге біраз дәрежеде құнсызданады. Ұлттық банк халық арасындағы дүрбелеңді аз да болса басып, теңгені ұстап тұру үшін долларға интервенция жасауға дайынбыз деп мәлімдеме жасады.

Өткен аптаның өзінде Ұлттық банк 178 млн АҚШ долларына интервенция жасады. Ұлттық банктің мүмкіндігі өте көп емес. Бір миллиард АҚШ долларынан асып кетсе, теңгені көп дәрежеде ұстап тұра алмайды.

Сондықтан теңгеміз біраз әлсірейді. Халқымызға кері салдары тиеді. Біз импортқа тәуелді болғандықтан шетелден келетін тауарлардың барлығы қымбаттайды. Құрылыс тауарлары қымбаттаса, нәтижесінде үй де қымбаттайды. Азаматтарымыздың төлем қабілеттілігіне соққы болып тиеді, қалтасы тағы да жұқарады. Халықтың табысы өсіп жатпағанын бәріміз білеміз. Осы тұрғыда халыққа оңай болмайын деп тұр.

Сарапшылар геосаяси жағдайдың Қазақстанға оң әсері де жоқ емес деп жатыр…

– Иә, Ресейдегі қиын жағдайлар Қазақстанға да жаңа мүмкіндіктер әкелуі мүмкін. Ресейдегі банктердің рейтингін B+ дәрежесіне дейін түсіріп жатыр. Қазақстандағы қаржы институттардың рейтингі BBB+ жоғары деңгейде тұр. Сондықтан Қазақстанның банк жүйесі Орта Азияда, ТМД арасында алға шығып жатыр. Демек, шетелден келетін инвестициялық тартымдылық артуы мүмкін.

Ресейдің әуе кеңістігі бұғатталып жатыр. Бұл — белгілі бір дәрежеде Қазақстанның әуе кеңістігіне сұраныс артады деген сөз. Сұранысты өтеуге қаншалықты дайынбыз деген екінші мәселе тұр. Одан бөлек, қазір мұнай бағасы өсіп жатыр. Осы салдардан кейін Ресей мұнайын әлемге сата алмай жатқанда Қазақстан мұнайына сұраныс артуы мүмкін. Мұнай бағасының өсуінен Қазақстан биыл алтын-валюта резерв қорын толтыруы ықтимал. Экспорт артатындықтан макроэкономикалық көрсеткіштер жақсаруы мүмкін. Өзім осындай оңтайлы тұстарын көремін.

Бірақ теңгенің құнсыздануы жақсы көрсеткіш емес. Біріншіден, азаматтардың төлем қабілеттігіне ауыр соққы. Үлкен құнсыздану процесі инфляцияның қарқынды болуына әкеледі. Сондықтан Үкіметтің ең үлкен міндеті – азаматтарымызға барынша қолдау жасау, жұмыс тауып беру, табысын арттыру.

Неге рубль құнсызданса, теңге де құнсызданады? Мұндай тәуелділіктен қалай құтылуға болады?

– Біз тәуелділікті алып тастай алмаймыз. Теңге рубльге қатты тәуелді деп те айту қиын, тәуелсіз де әрекет жасай аламыз. Бірақ ондай жағдайда алтын-валюталық резерв қорымыздан айырыламыз. Неге? 2014-2015 жылдары теңгеміздің құндылығын ұстап тұрдық. Сол кездерде Ресей рублі қатты құнсызданды. Рубль 2,5 теңге ғана болып қалды. Нәтижесінде Ресейден келетін тауарлар біз үшін өте арзан болды. Иә, жақсы ғой деп айтамыз. Ресейден көлік тасыдық, азаматтарымыздың көбі көлікті болды, көлігін жаңартты. Бірақ мұның жаман жағы да бар. Себебі өзіміздегі капитал Ресейге қарай кетеді.

Оған қоса, азық-түлік өнімі, сүт, ет, макарон өнімдері болсын Ресей тауарларының барлығы бәсекеге қабілетті бола түседі. Бұл біздің отандық өнімдерге үлкен соққы болып тиеді. Біздің компаниялар өнімдерін ондай арзан дәрежеде өндіріп, арзанға сата алмай қалады. Теңгені құнды қылып ұстап тұрамыз десек, өзімізде бар дейтін кішкентай ғана отандық өндірісімізге үлкен қауіп төнеді. Теңгені рубльдің артынан қатты құнсыздандырып та жібере алмаймыз, өйткені теңгеміз мүлдем құнсызданып кетеді.

Қазіргі уақыттың өзінде қарасақ, бір доллар 600 теңге болайын деп тұр. Сондықтан да біз ондай дәрежеде тағы құнсыздандырып жібере алмаймыз. Егер валютамызды қатты құнды қылып ұстап қалатын болсақ, онда рубльге қатысты теңгеміз 3 теңгеге дейін құнды болып кетуі мүмкін. Ол жағдайда тағы біз ұмтыламыз. Сондықтан Ұлттық банктің міндеті — осы арадағы теңгерілімдікті сақтауға барынша үлес қосу.