ГлавнаяБлог

Украина азаматтары: «Фейк көп тарап жатыр, аңызға сенбеңіздер!»

24 ақпан күні таң ата Ресей әскері Украина жерінде арнайы әскери операция бастады. Құлаққа ғана жұмсақ естілетін бұл әрекет шын мәнінде әлдеқайда қорқынышты қадамдардың басы болды. Себебі Киев, Харьков, Одесса, Краматорск, Бердянск қалаларында жарылыс болып, ракетадан шабуыл жасалды. Кейінгі айларда ресейлік әскердің шекара маңына жақындағаны туралы жиі айтылғанымен, бейбіт күнде басып кіріп, соғыс ашады дегенге көпшілік сене қоймаған.

Әлқисса, «қанды қаңтар» кезінде көршілес елдердегі таныстарымыз байланысқа шығып, халімізді сұрап, алаң болған. Қалай десе де, бейбіт күннен артық бақыт жоқ. Мұның шет жағасын бір ай бұрын барша қазақстандық түсінгендей. Сол cияқты агрессиялық шабуылға тап болған Украинадағы тұрғындармен хабарласып, мән-жайды білуге тырыстық.

Жергілікті тұрғын Аня Швепспен мессенджер арқылы сөйлескіміз келген. Алайда ол «Сәлеметсіз бе? Бізде соғыс болып жатыр» деумен шектелді. Одан соң байланысқа шықпады. Ал Елена Журавкова болса, бұрынғы қарулы қақтығыс қайталана ма деп уайымдайтынын айтты.

Донецкіден осыдан 5 жыл бұрын көшіп кеттім. Өзім Киевтен пәтер алғаныма 2 жылдай уақыт болды. Бүгін таңертең снаряд даусынан ояндық. Өйткені әскери бөлімшеге жақын тұрамыз. Шыны керек, қатты алаңдаулымыз. 2014 жылғы жағдайды тағы да бастан өткермесек екен. Анам әлі Донецкіде. Әлсін-әлсін оқ атып жатыр дейді. Хабарласып, бір-біріміздің амандығымызды сұрап отырмыз. Біздің жақта да бірнеше рет жарылыс болды. Құдайға шүкір, туыстарым мен таныстарым дін аман.

Байланыс бірде бар, бірде жоқ. Баршамызға күш-қуат пен бірлік тілегім келеді. Мен танымал адам емеспін, сіздер хабарласқан соң эмоциямды айттым. Суретімді салмасаңыздар екен. Жағдайымызға алаңдағандарыңызға алғысымыз зор. Бейбітшілік болсын! — деді Елена.

Ресей өз әрекетін «демилитаризациялау» үшін жасалған арнайы әскери операция деп атады. Әрі ресейлік БАҚ та осылай ақпарат таратып жатыр. Дегенмен Киев тұрғыны, театр және кино артисі Слава Красовская жалған ақпараттың тым көп тарап жатқанын айтып, Ресей халқын «аңызға» сенбеуге шақырды.

«Дәл қазір Киев қаласындамын. Шамамен таңғы cағат 5-те алғашқы жарылысты естідік. Алыстан, халықаралық әуежай орналасқан Борисполь жақтан шыққанға ұқсады. Кейін түскі 12:00 шамасында тағы да сондай дүмпуді құлағымыз шалды. Бүгіндікке ірі және стратегиялық маңызды қалалардың бәрінде осылай болып жатыр. Зардап шеккендер де бар. Сонымен бірге агрессордың әскерлерінің ішінде де жапа шеккендер аз емес.

Ең өкініштісі, ресейліктер бұл басып кірудің қаншалықты салдары ауыр екенін толық түсініп жатқан жоқ. Сол себепті де ер адамдарын жіберіп, қарап отыр. Қаладағы жағдайға байланысты әскери жағдай орнатылып, коменданттық сағат жарияланды. Сирена даусын бір рет естідік. Бірақ жұмыс істеп тұр. Бомбадан қорғанатын пана жерлер дайындалған, ашық.

Хабарласып, халімізді сұрағандарыңызға рақмет. Шынайы ақпаратты таратуларыңызды өтінеміз. Себебі ресейлік өз егемендігін жариялаған республикаларды құтқаруға арналған операция деп ойлап жатыр. Ресей шекараға әскерін жақындата бастаған сәттен бері толыққанды басып кіру болуы мүмкін деген әңгіме арагідік айтылып жүрген еді. Бейбіт тұрғындарға төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстауы керегі жайлы айтылды.

Серіктес елдермен келіссөздер жүргізіліп жатты. Молдова мен Грузиядағы жағдай баршамызға таныс. Агрессор кері шегінбеуі мүмкін дегенді жақсы түсіндік. Дегенмен жақсылықтан үмітті болғанбыз. Дәл қазір жаңалықтардан беріліп жатқан ақпараттарға қарным ашады. Үйде отырсам да, ұшақтар мен тікұшақтардың даусын қайта-қайта естіп отырмын, кімдікі екені белгісіз. Болып жатқан оқиғаның бәрі өте ауыр әрі түсініксіз.

Паникаға беріліп жатқан жоқпыз. Біздікілер ашулы, көңілі қалған. Бірақ бір білеріміз — шындық біздің жақта әрі біз өз жерімізде тұрмыз. Үкіметіміз де, әскеріміз де бізді қорғау үшін барын салады», — дейді Слава Красовская.

Сын сағатта қоғам белсенділері тысқары қалған жоқ. Жазушы, публицист Марк Солонин Facebook желісіндегі парақшасын белсенді жүргізіп отыр. Бірнеше жазба жариялап, елдегі ахуалдан хабар беріп жатыр. Назарыңызға мына постын аударып, ұсынғанды жөн көрдік.

«Киев, 24 ақпан, 14:35. Көше тыныш. Балаларын арбаға салып алған аналар жүр, бірақ әдеттегіден аз. Автокөліктердің қозғалысы да солай. «Безіп қашқанға» ұқсайтын ештеңе жоқ. Бәрін өз көзіммен көріп отырмын. Қалаға кіретін автожолдың біріне жақын маңда тұрамын. Интернет, мобайл байланыс, жарық пен су бар. Дүкендер де ашық, карта арқылы төлем алып жатыр. Мегамаркеттің кассасында 15-20 минуттай кезек күттім. Азық-түлік тола. Нанның мұндайда жоқ болатыны белгілі. Таусылыпты. Көргенім осы десек, енді құлағыма келіп жатқан дыбыстарды баяндайын.

Жарылыс деуге болатындай бір дыбыс таңертең естілді. Айтарлықтай «салмағы» бар бір жолдасым әскери аэродром жақта тұрады. Ол дегеніміз — зенит ракеталарының жіберіп жатқанын көзбен көріп отыр деген сөз. Айтуынша, бірнеше қанатты ракетаны құлатыпты. Бір-екі емес, бірнеше. Аэродром жақтан ешқандай түтін шығып жатқан жоқ дейді. Тексеріп, растай алмаймын. Одесса мен Николаевта теңіз десанттарын түсірді деген ақпарат фейк. Ауада оқ атылды. Зардап шеккендер бар. Харьковте жарық, байланыс, дүкендер, метро істеп тұр екен.

Қалада көп ракета ұшып өткен, оларды Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері атып түсірген. Қалада ештеңе қираған жоқ. Танктер легі шынымен өткен. Себебі ол жер шекараға өте жақын. Төрт танк өртенген. Харьковтың еш жерінде қарсыласушы жоқ», — деп жазды Солонин.

Қазіргі таңда Украина президенті Владимир Зеленский елге әскери жағдай енгізді. Украинаның әуе кеңістігі жабық. Шекарашылардың сөзіне сүйенсек, Ресейге Беларусь әскерилері көмектесіп жатқан көрінеді. Бірақ бұл ақпаратты Александр Лукашенко терістеп отыр. Ресми ақпараттар бойынша украиналықтар қырықтан астам әскери, оннан аса бейбіт тұрғынанан айырылған. Жараланғандар да жоқ емес. Осы жағдайдан соң Киев Мәскеумен арадағы дипломатиялық қарым-қатынасты толықтай үзді. Ал батыс елдері болса, бірінен соң бірі Ресейге санкция салатынын айтып жатыр.