ГлавнаяБлог

Бал арасын өсіру не себепті қызық және қаншалықты тиімді?

Ақтөбе облысы Қобда ауданында омарта ұстап, бал өндіріп отырған Александр Красильников осылай дейді. Шығынынан кірісі көп әрі денсаулыққа мол пайдасын тигізетін бизнес туралы білмекке біз де асықтық.

Ақтөбе облысы Қобда кентінің тұрғыны бастапқыда ара шаруашылығына құштарлығын бизнеске айналдыруды ойламаған. Айта кетерлігі, бүгінде ауданда өз ісінде бәсекелестер жоқ. «Бұл бизнес қалай басталды?» деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны анық. Табысты кәсіп бар болғаны бір ұядан бастау алды десек, бірі сенсе, енді бірі қаперге алмауы мүмкін.

Үйшікте шамамен 50 мың ара қоныстанады. Бақта 200 мың бал өсімдіктеріне арналған төрт ара үйі орналасқан. Бізге ендігі қызық сауал: табиғи балдың қалай пайда болатынында.

Әр ара өзінің «қоржынына» салмағының жартысына жететіндей шірне жинай алады. Олар жинаған шірнесін ұядағы жас араларға жеткізеді. Жас аралар шірнені тор көзшелерге салады. Іле қанаттарымен желдетіп, артық ылғалын жояды. Араның сілекей безі шірнедегі қант құрамын өзгертіп, оны балға айналдырады. Көзшелер балға толғаннан кейін ара оны балауыз қақпақшамен жабады. Бір ара жақтауынан ең аз дегенде 1-1,5 келі бал ағызып алуға болады. Ал 1 келі балдың бағасы — шамамен 2500 теңге. Бірақ аралардың күтімі — бөлек әңгіме.

Александр Красильников Карник араларын өсіреді. Климат жағдайларына байланысты Қобда ауданында ара шаруашылығымен айналысуға ешқандай кедерегі жоқ. Омарташы араларын балаларынан кем көрмейді. Күн салқындаса, әр үйшікті үйіне тасиды. Жылы көрпеше немесе жастықпен жаппаса, олар суықтан қырылып қалады. Ұяны залалсыздандырып тұру да маңызды. Ампициллин таблеткаларын суға ерітіп, ұяны сүртіп шығады. Әр жақтаудың шірнесіндегі түтігін бітеліп қалмаудан қорғау керек. Өйткені сан түрлі кене-паразит түтікшілерді бітеп, барлық балды сіміріп алады.

Негізінен бұл жұмыс жауапкершілікпен қоса, зор шыдамдылықты талап етеді. Омарташы адамдардан гөрі аралардың еңбекқорлығына тәнті. Өйткені бақылап қарасақ, олар ұясын алтыбұрышты, геометриялық пішінде жасайды.

Аралардың бал ұяшықтарын жасауда қолданатын тәсілі де таңғаларлық. Олар бұл іске бірден екі-үш жерден бастап кіріседі. Бәрі бірдей өлшемде алтыбұрыш жасап, кейіннен бір-бірімен біріктіріп әкеліп ұяшық тоқиды.

Александр Красильниковке алғашында оңай болмаған. Омарташы аралардың тілін тауып, олармен жұмыс істей алу қабілеті тәжірбиемен келетінін айтады.  Мұндай ерекше кәсіпте оған Ақтөбе облысына танымал омарташы Александр Сенацкий, өзінің қайынатасы  қолдау білдіреді. Оның шаруашылығы Қарғалы ауданында орналасқан. Қазірдің өзінде қандайда бір ақыл-кеңес қажет болса, үйренуге сол жаққа барып тұрады. 

«Медовик» кооперативінің белсенді мүшесі Ақтөбе облысы Атамекен кәсіпкерлер палатасы жанынан ашылған «Бастау» оқыту курсына алғысын білдірді. Бұған дейін бұл іске хоббиі ретінде қарап келген. Омарташы курстан кейін кәсіп ретінде ісін кеңейтіп, әжептәуір табыс тауып отырғанын айтты.

Несиелендіру мәселелері бойынша «Атамекен» аудандық филиалына құжаттарын тапсырып, табиғи балды түрлі өнімге қолдану мақсатында қомақты қаржы алуды ойланып жүр. Александр — «Бастаудың» 2018 жылғы төртінші легінің түлегі. Дәмі тіл үйретін балды қазір қобдалықтар іздеп келіп алып кетеді.

Александр Красильниковтің ауласында омарта пайда болғанына биыл 9 жыл болыпты.  Ол жыл сайын көктемде ақтөбелік омарташылармен бірге Шымкентке барып, бал арасын ұясымен бірге сатып алып келіп жүр. Қазір қыстан шыққан екі ұяға қосымша тағы екеуін оңтүстіктен әкелген.

Қазір ассортиментте бал, прополис, перга, тозаң және король желесі бар. Сатып алушылардың дені — аудан, ауыл тұрғындары. Облыс орталығы -Ақтөбеден де табиғи балға сұраныс жоғары. Болашақта өнімді брендтеуге қаржы бөлуді жоспарлап отыр.

Бал — табиғаттың сыйы, тозаң мен перга — адамдар үшін дәрумендер мен минералдар — бір жерге тоғысқан нағыз дәріхана. Азық-түлік дүкендеріндегі сөрелерде пайдалы тамақ табу өте қиын. Мен адамдарға консерванттарсыз және бояғыштарсыз табиғи өнімдер ұсына аламын. Уақыт өте келе хош иісті балды өз брендіммен банкаларға салып, сатқым келеді, — дейді Александр Красильников.

Александр гимназияда тазалаушы болып жұмыс істеген сәттерін еске алады. Ол кезде бар білгені аула тазалау болғандықтан, қазіргідей кәсіпті мүлде ойламаған. Осы тұрғыдан барлығы мүмкін екенін айтады.

«Жақсы өмір сүргіңіз келсе, қол қусырып отырмай әрекет етуге керек. Адамның жасағанын адам жасайды. Барлығы бақытты әрі бай өмір сүруге лайық», — дейді ол.

Омарташыдан кәсіпке қатысты бірер кеңесін ұсынамыз:

  • Ең алдымен пайдаға емес, сапаға жұмыс істеу. Тұтынушылар сіздің тауарыңызды іздеп жүріп сатып алатындай әсер қалдыру маңызды.
  • Есептеу – табыс кілті. Тауарларыңыз бен қызметтеріңіздің кіріс, шығынын дұрыс есептеуге мұқит болуыңыз керек.
  • Шыдамдылық. Бизнесте бірден көтерілу деген жоқ. Мақсатыңыздан тайып, күдеріңізді үзе бастағанда шыдамдылық танытыңыз.
  • Кәсіпкер кез келген қиындыққа төтеп беруге дайын болуы керек.