ГлавнаяБлог

Дина Жұмабайдың «Оян, Қалыңдық» спекталіне не үшін бару керек?

Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрында тұңғыш рет ашылған кіші залда атақты испан ақыны, драматург Федерико Гарсиа Лорканың «Bodas de sangre» шығармасының желісімен «Оян, қалыңдық» қойылымы сахналанды.

Испания, ХХ ғасырдың басы. Ұлының жүзімдікке бара жатқанын және оның пышақ алғысы келгенін білген анасы адам баласын өлтіруге қауқарлы қару-жарақты ойлап тапқандарға қарғыс айтады. Өйтпегенде ше?.. Күйеуі мен тұңғыш ұлы да сол қарғыс атқан пышақтың кесірінен кескіленіп қайтыс болған.

Ұлы таңдаған қалыңдықты ұната қоймаған анасы алда болатын той туралы ойлағысы жоқ. Күйеу жігіт кетіп, көршісі келеді. Әрі қарай бәрі де өзгереді. Бұл қандай махаббат?… Бәріне көндіккен ана ұлына ештеңе айтпауды ұйғарады.

5Q Media тілшісі кіші зал сахнасында қойылған алғашқы қойылымды тамашалап, режиссер, халықаралық және республикалық театр фестивальдерінің бірнеше мәрте лауреаты Дина Жұмабаймен сұхбаттасты.

– Бұл шығармаға қалай тоқтадыңыз?

– Идея 2 жылдан бері басымда жүрген еді. Актерлар іздедім. Маған олардың ойыны маңызды. Мүсірепов театрына келгенде осы актерларды таптым да, оларға «Оян, қалыңдықты» сахналайық деп ұсындым. Осылай бір мақсатқа тоғыстық. Біз бұл қойылымды сахналауға 9 ай дайындалдық.  Басты рольдегі актриса ауырып қалды, одан кейін актерлардың бірі ауырды. Коронавирус өршіп карантин шектеулері қойылды. Театр гастрольге шықты. Сөйтіп әртүрлі себеппен премьераны кейінге шегере бердік.

Гарсиа Лорка – испан халқының классигі. Бұл шығарма 1932 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында жазылғандықтан кейіпкерлердің тым қатты кететін тұстары баршылық. Автордың өзі де мұны актерлардан талап етеді. Олар да мұнымен негізінде келісті. Испан халқының темпераменті қазақтікіне өте ұқсайды. Сол себепті осы шығармаға тоқталдық.

– Гарсиа Лорканың шығармасының атауы испан тілінен тікелей аударғанда «Қанды той» деген мағынаны білдіреді. Неге «Оян, қалыңдық» деп атадыңыз?

–  Иә, орысша атауы «Кровавая свадьба» дегенді қазақшаға «Қанды той» деп аударғанда кішкене мағынасы жоғалады. Сондықтан мәдениетті, әдеби сөзге жақын болсын деп «Оян, қалыңдық» деп атадық. Қойылым атауын ұзақ уақыт іздедік. Орысша жақсы естіледі, ал қазақша тік айтылған сөз тіркесі сияқты. Шығарма мәтінінде «Оян, қалыңдық» деген сөздер бар.

Неге Мүсірепов театрының дәл осы труппасына тоқталдыңыз?

– Біріншіден, бұл труппамен бұрыннан таныспын. Қазақстан бойынша қойылымдарды сахналайтын болған соң олар да мені көптен бері білетін. Энергетикамыз, энергиямыз сәйкес келді. Арада диалог орнады. Репетицияны бастамас бұрын актерлармен сөйлесетін дәстүрім бар. Олардан қандай рольдерді сомдағысы келетінін, шығармашылықта не қызықтыратынын сұрап аламын.

– Бұл спектакльді үлкен сахнаға дайындадыңыз ба?

– Жоқ, осы шағын сахнағада қоюға дайындалды. Мұны кіші форма дейді. Мүсірепов актерлары үшін де бұл өзгеше эксперимент болды. Олар мұндай кіші сахнада, алаңда алғаш рет ойнады. Көрермендер сахнаға жақын отырып, олармен етене байланыс жасады. Бұл — актерлар үшін жаңа дүние. Премьераның алғашқы күнінде аздап қорықты. Бүгін бой үйретіп, өздеріне сенімдірек ойнап шықты.

– Сіз сахналаған «Оян, қалыңдық» қойылымы кіші залдың ашылуына әсер етті деуге бола ма?

– Иә. Мүсірепов театрының көркемдік жетекшісі Фархат Молдағали да театрда кіші сахна ашу туралы армандап жүрген еді. Театрға келгенімде «Дина, кеттік. Бутафорияны көрейік» деп мені осы жерге ертіп әкелді. «Қарашы, қалай екен?» деп сұрап қояды. Тамаша дедім.

Шығарманы Нартай Сауданбекұлы аударған екен. Аударма көңіліңізден шықты ма?

– Аударма ұнады. Гарсиа Лорканың шығармаларын испандардың өлеңі дейді. Нартай Сауданбекұлы тілін жатқызып, қазақшаға түсінікті етіп аударды. Мәнерлеп аударудан гөрі қарапайым сөздерді қосты. Сахнада сөзден бұрын қимыл, іс-әрекет маңызды. Әйтпесе, ортаға екі орындық қойып қойып әңгіме соғуға болады. Бұл бірақ іш пыстырады емес пе?

Режиссерлық шешіміңіздің бірі қойылымда бантик пен фартук таққан қыз жүрді. Оның ащы күлкісінің астарында не бар?

– Ол қыз – ажал. Ажал — бізге аяқастынан келетін дүние. Күтпеген ажал осы оқиғаға қыз ретінде, оқушы ретінде келіп отыр. Театрларда ажалдан қара жамылған, қолына шалғы ұстаған образ жасайды. Мен бұдан бірден бас тарттым, өйткені ажал күтпеген жерден келуі керек. Өмір де, өлім де ойламаған жерден кенет болады. Мен бүгін өмір сүргеніммен ертең бұл дүниеде болмауым мүмкін. Қашан өлетінімізді, ажалдың қай сәтте келетінін білмейміз. Мен ажалды көрерменге оқушы қыз образында көрсеттім.

Оқушы қыз сайқымазақ гримінде жүрді. Джокер сияқты күледі. «Қазақтың Джокері» деуіме де болады.

– Бұл қойылым арқылы қандай ойды жеткізгіңіз келді?

– Махаббат бар. Махаббат үшін күресу керек.

– Тіпті соңында шығарма кейіпкерлері күйеу жігіт пен Леонардо сияқты ажал құшсаң да, махаббат үшін күресу керек пе?

– Иә. Махаббат жеңеді. Махаббат – мәңгілік. Махаббат тарихта қалады.

– Қазақстандағы режиссураның бүгіні туралы не айта аласыз?

– Қазір XXI ғасырдың режиссурасы ілгері жүруі керек. Көрерменге бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп, аузына шайнап беретін кезден өттік. Әлеуметтік желіні тез-тез парақтап шығамыз. «Клиптік ойлау» дейді ғой, ақпаратты үзік-үзік қабылдаймыз. Сол себепті көрерменге түсіндіріп отырудың, шығарманы шайнап берудің қажеті шамалы. «Неге мен қалыңдық болдым?», «неге мен тұрмысқа шығып жатырмын» дегенге жауап беріп отырғанда көрермен жалығуы мүмкін. Әрине, динамика керек. Қазіргі кезең соны талап етеді.

Ресейлік режиссерлардың қойылымдарын қарасаңыз, жағдай дәл солай. Метафоралар өте көп. Қазіргі жастар, көрермендер метафораны жақсы көреді. Шығарманың айтар ойын көрермен өзі шешеді. «Мына жерде не айтқысы, не көрсеткісі келді екен» деген сұраққа өзі жауап іздейді. Қазіргі жастар зерделі, ақылды. Еуропада театрдың жаңаруы, эксперименттер жасау бұрыннан бар. Бәрін араластырып жатыр. Ал Қазақстанда жас режиссерлар қазіргі заманға сай қойылымдарды сахналауға тырысамыз. Бұрынғы сарқыншақтарды артқа тастап, жаңаша көзқараспен алға қадам жасауымыз қажет деп ойлаймын. Заманауи тұрғыда өмір сүруіміз керек.

Өз қолтаңбам, стилистикам бар. Режиссерлар да суретші. Әрбір режиссердың өзінің қолтаңбасы болады. Алысқа бармай Ресейді алсақ, Бутусов дегенде бәрі кімнің спектакліне бара жатқанын біледі. Көрші елде 5-6 сағатқа созылатын қойылымдар бар. Ұзақ көрінгенімен іш пыстырмайды, көрерменді жалықтырмайды. Ойланатын тұсы шаш етектен. Біз де осыған келуіміз керек. Көрерменді осындай деңгейге әкелуіміз қажет. Бұл көрерменнің күнделікті өміріне де көмектеседі. Адамдармен еркін сөйлесіп, ойын еркін жеткізетін болады. Театр адамды соған баулиды.

– Елімізде таланттар бағаланып жатыр ма?

– Қазақстанда өте креатив, шығармашыл адамдар көп. Алайда олар өз арамызда бағалана бермейді. Оның айқын мысалы – Димаш. Қазақстанда оны «Неге шыңғырып айтады?» деп ешкім қабылдамады. Әлем сахнасына шығып еді оған миллиондаған тыңдарман бас иді. Сондықтан дер кезінде өз таланттарымызды мойындап, оларды бағалауымыз керек. Бізде таланттар өте көп. Сіздер де — талантты жастарсыздар. Талантты IT-мамандарымыз бар. Сол себепті бір-бірімізді қолдап, өсіп, көк туымызды ұстап әлемдік деңгейге шығуымыз керек.

Шығармашылығы қоғам назар аударарлық суретшілер пайда болып жатыр. Елімізде олардың жұмысы неге бағаланбайды десеңіз, бізде қай жерде болмасын жасы үлкен адамдар отырады. Олар заман талабына сай өнерді түсіне бермейді. Сол картиналарды Еуропаға апарғанда  бәрін түгін қалдырмай сатып алады.

Жастар заманға ілесуіміз керек. Әйтпесе, шығармашылық өспейді. Адам да, оның ойы да өспейді. Біз ойымызды, идеямызды еркін жеткізе алатын, ештеңеден қорықпайтын деңгейге жетуіміз керек. Бұл қойылым – менің ойым, менің шешімім. Кей көрермен менің ойыммен келіседі, кейбірі келіспейді. Мәселе онда емес. Мәселе – ойлауда, бір адамға болса да ой салуда.

Кіші сахна жайлы бірер сөз…

3 жыл бойы Мүсірепов театрының директоры болған Азамат Сатыбалды кіші сахна жайлы ойын ортаға салды. Өнер иесінің сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

«Бұл — екінші алаңымыз болса деген қаншама жылғы арманымыздың жемісі. Репертуарлы, жасөспірімдер театры болғаннан кейін көп нәрсені сахнада айта алмаймыз, айтуға болмайды. Бір еркін ойнайтын, барымызды беріп, кеңінен көсілетін, ешкім бізді тежемейтін алаң болса деп едік. Сол арманымызға жеттік.

Ағам «Неге үй салмайсың?» дегенде ақшам жоқ деп едім. «Ақшамен кез келген адам үй салады, ақылды болсаң, ақшасыз сал» деді. Шынымен, мына жерге бір тиын ақша шыққан жоқ. Ақшамыз болмады да. Бірақ амбиция, намыс болды. Театрдағы әріптестер жабылып,  қолымыздан келгенінше осындай алаң жасадық. Қалай болар екен деген қорқыныш кетпеді. Бәріміз бір жаққа қарап, бір жағадан бас шығарсақ, өнерге деген таза махаббат болса, тауды қопарып жіберетіндей күш барын түсіндік. Бұл — театрдың басы ғана. Осы алаңда талай шындықты шырылдап айтатындай, жүректі қозғап, рухты оятатын қойылымдар көп болсын. Осы алаңда талай актер ашылып, кереметтей образдар, жақсы режиссерлық жұмыстар дүниеге келсін. Жұмысымыз қайнап жатсын, сол қайнап жатқан жұмыстың куәсі болыңыздар, көрермендер».