Абай Асылхан, кәсіпкер:
Gallup тестін достарымнан естіп білдім. Пайдасы бар дүние екенін түсінген соң уақытты көп созбай сол күні-ақ тапсырдым. Нәтижесі өзім күтпеген жақсы дүниелерге толы болды. Ол кезде Қазақстанда бұл тесттің нәтижесін талдау әлі дамымаған еді. Сонымен Табиғат Қаутай, Данияр Амокачи ағаларымызбен тест нәтижесін талдадық. Одан әрі қарай бұл сауалнама туралы подкасттарды тыңдап, мәліметтерді оқып, өзіміз де талдауды үйрендік.
Тест нәтижесін көп адамға талдаттым. Өйткені әр адам бір жаңа ой салады. Бір бастан екі бас жақсы. Арамызда бұл тестті жоғары сапада талдай алатын жігіттер бар. Содан болар, қайта-қайта тестке оралып, бос уақытта талдап, әр талантқа жеке-жеке даму стратегиясын жаза бастадым. Бұған Divergent командасының мүшелері үлесін қосты.
Адамның бақытты болуына 50% әсер ететін нәрсе – кәсібін дұрыс таңдауы. Ал тест әркімнің өз саласын таңдауына көмектеседі.
Маған тестің көп пайдасы болды. Атап айтқанда:
- жұмысымда нақты қай позицияны алатыныма;
- хобби табуыма;
- айналамдағы адамдармен қарым-қатынасты дұрыстауыма;
- болашаққа нық сеніммен даму стратегиясын жазуыма;
- әр жұмысшыны талантына қарай өз позициясына қоюыма;
- жеке SQ-ды көтеруіме;
- ең бастысы сауалнама өзімді жақынырақ тануыма себеп болды. Өзін тани білген адам бұлақтың басы сияқты басқа барлық нәрсеге дұрыс бағдар бере алады.
Gallup тестін жетістікке жол іздеген азаматтардың барлығына тапсыруға кеңес беремін. Әсіресе, кәсіпте бұл тестті пайдаланып жатырмыз. Gallup институтының тағы Q12 деген арнайы мекемелерге арналған тесті бар. Ол да көп пайдасын беріп жатыр.
Бизнеске «жеке 34 таланттың» беріп жатқан көмегі туралы айта кетейін. Мысалы, мекеме басшысы өзінің кемшіліктеріне байланысты кеңесшілер іздеп, әлсіз таланттарын жауып, бұрынғыдай көп қате жасамайды.
Бизнесте ең бастысы – адамдар. Олардың дұрыс және пайдалы жүйеде жұмыс істегенін қаласаңыз, әрқайсы талантына қарай қызмет етуі керек. Көп мекеменің қатесі осы жерде. Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниежүзінде басшылық адамға талантына қарай жұмыс беруге көңіл бөле бермейді.
Айналаңыздағы адамдардан дұрыс кеңес алғыңыз келсе, осы тест көмектеседі.
Мысалы, тест нәтижесіндегі analytical+deliberative қабілеті барлар болашақта болуы мүмкін тәуекелдерді көре алады. Ал сыни ойлауы жақсылар, яғни Strategic thinking бағыты жақсы дамығандар ақылды дүниелерге бас қатыра алады. Individualization қабілеті жоғары адам команда таңдауға және адамның қолынан не келетіні бойынша жақсы кеңестер айта алады. Соларды тыңдай отырып, көрмей тұрған, байқамаған қателерімді біліп, оңтайлы шешімге келіп жатырмын.
Бабур Әділхан, Gallup тестін талдап жүрген маман:
Кәсіпкерлерге тест жұмысшыны таңдау, оны дұрыс бағыт бойынша қызметке алу және басқару кезінде көп көмектеседі. Сонымен қатар кәсібін қай бағытқа қарай дамыту керек екенін, қандай жобалармен бірлесіп жұмыс істеген жөн болатынын таңдауда Gallup тесті пайдасын тигізе алады.
Ең тиімдісінің бірі – кәсіпкер өзінің әлсіз жақтарын анықтап, оның орнын басқа қызметкерлер арқылы дұрыс жабуы, қатеден, артық проблемадан құтылуы. Сонда кәсіптің даму жолын анығырақ көріп, нақты қадамдар жасай алады.
Саида Сейтжан, студент, дизайнер:
Gallup тесті туралы жақын құрбымнан естідім. Тапсырарда тест жөнінде алдын ала мүлде ізденбедім. Сондықтан нәтижесі мен үшін жаңалық болды.
Тест нәтижесін Divergent жобасының өкілдерімен көп талқыладық. Сол адамдардың талқылауынсыз, кеңесінсіз қазіргі жетістігіме жетпес едім деп ойлаймын. Олар жоғары қабілеттерім мен әлсіз тұстарымды жазып берді. Сол кеңестер бойынша өзіммен жұмысты бастадым. Өзіңді дамыту немесе өзгерту, қабілеттеріңді сынап көру оңай нәрсе деп айта алмаймын.
Gallup тесті – өзімді тануда алғашқы баспалдағым. Сондықтан бұл сауалнама туралы жақсы ойдамын. Меніңше, өзінің әлсіз тұсын зерттеп, сол бойынша дамығысы келетін адамдар үшін Gallup – жақсы құрал.
Кітап оқуды ұнатпайтын едім. Оны оқу уақытымды босқа өткізу сияқты көрінетін. Барлық керек нәрсе интернетте бар ғой деп ойладым. Сенесіздер ме, білмеймін. Қазір айына бір кітапты оқып бітіретін болдым. Бұл – мен үшін үлкен жетістік.
Бабур Әділхан:
Тәлім алып жүрген студент өзінің күшті әрі әлсіз тұстарын білсе, қазір оқып жатқан дүниесін қалай тиімді игеру керек екенін анықтайды. Жұмыс істегісі келсе де, өзінің талантына сай кәсіппен айналысуына мүмкіндік қарастырып көреді. Сосын жұмыс істеу стилін, ортасын өзінің қабілеттеріне сай қалыптастыра алады.
Тәжірибеден өтетін кезде де өзінің таланттарын барынша дұрыс қолданып, жылдам әрі тиімді нәтиже көрсетуге мүмкіндігі бар. Мұндай студенттер өзінің қабілетін біліп тұрғандықтан кейін жұмысқа барғанда да аса қиналмайды.
Аяулым Құлибай, оқушы:
Жазда қандай мамандық таңдаймын деп әбден басым қатты. 8-сыныптан бері «дәрігер боламын» деп келген едім. Кенет «Шынымен дәрігер бола аламын ба? Жауапкершілікті сезінемін бе? 10 шақты жыл білім алуға шыдаймын ба?» деген ойдың шырмауында қалдым. Ойланғаным сонша, жылап алдым, дұға еттім. Ертеңіне ұйқыдан тұрсам, Instagram-нан хабарлама келіпті. Ашсам, мен Gallup тестін тапсыруға мүмкіндік ұтып алыппын. Онымен қоса, нәтижесін талдап, жеке даму және профориентация бойынша кеңес алады екенмін. Қатты қуанып кеттім.
Тест – даму жолында, бойыңдағы қасиет пен таланттарды пайдалануда, жақсы нәтижелерге қол жеткізуде таптырмас құрал. Әрбір дамушы жан тапсырып көруі керек деп ойлаймын. Өзіме берілген нәтижені бірнеше адамға талдаттым. Әлі де сол кісілерге хабарласып тұрамын. Бойымда қандайда бір өзгеріс байқасам, соны жазып, талдап отырамыз.
Кейде бойымда интроверттің қабілеті байқалғанда қатты қысылып, «олай болмауы керек, оны қалайда өзгерту қажет» деп ойлайтынмын. Мысалы, маған белгілі бір ортаға бейімделу қиын еді. Осы үшін қысылатынмын. Ол тест нәтижесінде де көрінді. Бұл adaptability қабілетінің төмен болуынан екен. Тесттен кейін өзіме «Ештеңе етпейді. Adaptability, яғни бейімделу қабілеті төмен. Сондықтан өзіңді іштей жей бермей, кішкене шыдай тұр. Сен бірден емес, уақыт өте үйренісіп кете аласың» деп түсініп, өзімді қолдайтын болдым.
Маған жоғары таланттарды көбірек қолданып, дамыта беру керек деген кеңес берілді. Мысалы, маған Influencing, яғни ықпал етуші бағытын дамыту қажет емес. Себебі өзімде жоғары көрінетін intellection, learner қабілеттерін дамытсам, осы арқылы ықпал ете аламын. Ол қабілеттерімді бұрыннан шыңдайтынмын. Көп кітап оқу, биологияны тереңірек оқу арқылы. Бірақ мен дұрыс дамытып жатқан жоқ екенмін.
Тағы бір мысал: өзіме оңайырақ оқылатын, көркем әдебиет, классика сияқты кітаптарды оқитын едім. Ал тест нәтижесін білетін адамдармен талдаған кезде олар маған қандай кітаптар оқу керек екенін айтты. Қазір басқа салалардан да кітап оқып, қиынырық кітаптарға бой үйретіп жатырмын. Басында өте қиын болды. Уақыт өте келе басқа жанрға қызығушылық оянып кетті.
Менің тест нәтижем бойынша empathy таланты жоғары. Қабілеттердің жаманы жоқ, оларды тек дұрыс пайдалана білу керек. Мұндай таланты жоғары адамдар проблемасын айтып келетін адамды аяп, ол кісінің жағдайына өзінде болып жатқандай кірісіп кетеді. Осылайша біраз энергиясын жоғалтады, шаршап қалады. Ал дұрысы – қай кезде ол талантты өшіріп, қай кезде қосу керек екенін түсіну. Эмоция интеллектімен жұмыс істемесе, мұндай адамдар бар энергиясын сыртқа кетіруі мүмкін.
Тесттің ең басты көмегі – мамандық таңдауда бағыт бергені. Қабілеттерімді көргенде, оның әрқайсысын жеке түсіндіргенде, таланттар қай мамандыққа сай келетіні айтылғанда шешімім нақтыланды. Қазір медицинаны таңдаймын деп шешім қабылдап, мамандығымды зерттеп жүрмін. Мамандықты ертерек анықтаудың артықшылығы көп екен.
Оң өзгерістер уақыт пен тынбай жұмыс істеуді талап етеді. Психолог Табиғат Қаутай ағамыз айтпақшы, Gallup-қа иман етудің қажеті жоқ. Ол – құрал ғана.
Бабур Әділхан:
Тесттің оқушыға берер ең үлкен пайдасы – мамандық таңдауға көмектесуі, адамның неге қабілетті екенін анықтауға себеп болуы. Сонымен бірге Gallup нәтижесіне қарай оқушының қай таланты оған тестілеуде мотивация бере алатынын байқауға болады. Содан кейін өзін таныған оқушы студенттік өмірге де тиімді әрі жылдам бейімделеді.
Айтпақшы, ата-анасымен тіл табысуда да оқушыға тест нәтижесі көмектесіп жатады. Әсіресе, ата-ана өз қалауын балаға таңып, нақты мамандықты таңдатқысы келсе, оларға тест нәтижесін көрсетіп, таныстырып, баласының неге қабілетті екенін түсіндіруге болады.
Өзін таныған оқушы мектепте өзіне аса қажет пәндер мен онша керек болмайтын сабақтарды ажыратып алады. Оның үстіне оқушының ортасында қандай міндеті, беделі барын тест нәтижесіне сүйеніп, зерттеуіне мүмкіндігі бар.
Add comment