Негізі визаның басты екі түрі бар: иммиграциялық және иммиграциялық емес. Алғашқысы аты айтып тұрғандай, Америкада қалуды көздейтіндерге арналған. Көп жағдайда отбасылық жағдайына байланысты, жұмыс бабымен немесе Green Card ұтып алған кездерде беріледі.

Ал иммиграциялық емес визалар арқылы белгілі бір мерзім аралығында АҚШ-та тұруға рұқсат алуға болады. Мұндай визалардың қатарында туристік, қонақ ретінде берілетін, жұмысқа байланысты, бизнес, студенттік, транзиттік және медициналық түрлері бар. Жалпы алғанда 30-дан астам иммиграциялық емес виза түрі бар екен.

«Бастықтардың» визасы

Мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, елшілер, әскери қызметкерлер, дипломаттар, консулдық офицерлер және ресми үкіметтік жұмыстармен АҚШ аумағына кіретін кез келген мемлекеттік қызметкерлер мен олармен бірге еріп келген отбасы мүшелеріне A-1 категориясындағы виза беріледі. 

Америкада жұмыс істеуге берілетін виза

Ұзақ мерзімге жұмыс істеуге шақырту алғандар визаның осы түріне тапсырады. Оның ішінде де түрлі категория бар, қайсысына сәйкес келетініне қарай керегін тауып алу қажет. Мысалы, мынадай санаттар бар:

  • H-1B (жоғары білікті мамандарға);
  • H-2A (маусымдық ауылшаруашылық жұмыстарымен айналысатындарға);
  • H-2B (уақытша не маусымдық бос орындарға орналасатындарға);
  • L-1 (халықаралық ұйымдарда компания ішінде ауыс-түйіс болғанда беріледі);
  • O (спорт, бизнес, білім беру, өнер, ғылым және телевизиялық өндіріс не кинематограф салаларында жетістігі жер жарған біртуар тұлғаларға);
  • R (кәсіби қызметімен астасатын, Америкада өтетін іс-шараға қатысу мақсатында елге кіруді көздейтін мәдениет саласы қызметкерлеріне, артистерге, спортшыларға);
  • J-1 (мәдени ауысым бағдарламаларының қатысушыларына арналған виза. Жұмыс істеуге құқық береді. Мысалы, Work and Travel USA).

Бизнес-виза

B-1 қалпындағы бұл құжат бір жыл ішінде жарамды болады. Бірақ мұны алу үшін міндетті түрде америкалық компания басшылығынан не конференция, семинар, көрме сынды іс-шаралардың ұйымдастырушылар шақырту жіберуге тиіс. Нақты мерзімі сапарыңызға байланысты. Негізі бұл категория ең танымал иммиграциялық емес виза түріне жатады деуге болады.

Қонақ болып баруға арналған виза

B санатының екінші визасы — B-2. Алу үшін міндетті түрде АҚШ азаматтарының шақыртуы керек. Америкалық азамат сіздің досыңыз не туысыңыз болуы шарт. Бұл құжат бір жыл мерзімге беріледі. Осы уақыт ішінде бірнеше рет барып-келуге болады. Әр кірген кезде Америка жерінде қанша уақыт қалуға рұқсат берілетінін АҚШ қауіпсіздік министрлігінің қызметкері бекітеді. Сіздің кімге және қандай мақсатпен келгеніңізді анықтап, соған байланысты шешім шығарылады.

Айта кететін жайт, 2020 жылдың 24 қаңтарынан бастап B визаларын алуға АҚШ-та жүргенде баласы өмірге келетін азаматтарға рұқсат жоқ. Себебі ол жақта дүниеге келген балаға азаматтық беріледі. Ал енді басты мақсаты балаға АҚШ азаматтығын алу емесін дәлелдеу қолдан келсе, беріп қалуы да ғажап емес.

Одан бөлек, визаның В категориясын алғысы келетіндердің ішінде Америкада емделуге баратындар болса, шарттарын анық көрсетіп, төлеуге шамасы жететінін дәлелдесе жеткілікті.

Студенттік виза

Американың университеттері мен колледждерінде оқу үшін F1 категориялы виза алу керек. Тіл үйрену курстарын оқығысы келетіндер де рұқсат қағаздың осы түрін рәсімдейді. Айтпақшы, ағылшын тілі курстарын туристік виза яки B-2 арқылы да оқуға болады. Бірақ ол жағдайда сабақ аптасына 18 сағаттан аспауы керек. Егер бұдан жоғарырақ деңгей керек болса, студенттік виза рәсімдеу қажет. Ал енді академиялық емес, кәсіби білім алу үшін М-1 визасы беріледі. J-1 визасы студенттер, оқытушылар мен ғылыми қызметкерлермен алмасу бағдарламасы үшін беріледі.

Бұлардың бәріне ортақ талаптың бірі – АҚШ елшілігіне I-20 қалпындағы құжатты қоса өткізуіңіз керек. Ол сіздің оқу орнына шынымен түскеніңізді растайды.

Сонымен бірге үміткер расында оқу мақсатында бара жатқанын, ақшасы барын да дәлелдеуі керек. Жұмыс орны мен банктен анықтама апару қажет. Болмаса, туысыңыз сізге демеуші бола алады. Бастысы, туыстық қатынасыңызды дәлелдейтін құжат көрсету шарт. Сондықтан ет жақындардан ғана көмек алған жөн. Әйтпесе, алыс туысқаныңызды дәлелдеу қиын. 

Студенттік виза берілген жағдайда оның мерзімі сіздің АҚШ-та қанша уақыт оқитыныңызға байланысты бекітіледі. Егер сабағыңыз аяқталса, мерзімі бітеді. Мысалы, магистратураны бітіріп, докторантураға тапсырған болсаңыз, жаңадан виза ашып жүрудің қажеті жоқ. Бар болғаны иммиграциялық қызметке хабарыңызды айтып, ескерту керек. Студенттік визаны отбасылы азамат алған жағдайда онымен еріп келетін жұбайы, балаларына да виза беріледі. Кейде оқуды аяқтаған соң 2 жылға жұмыс визасын рәсімдеуге болады. Ал одан соң елде тұрақтап қалу мақсатында Green Card алуға өтініш тастай аласыз. Бұл туралы сәл кейінірек.

«Махаббаттың құдірет күші әлдилеп» немесе ғашықтың визасы

Екі жас табысып жатса, әрі оның бірі Америка азаматы болса, онда қалыңдық не күйеужігіт визасын рәсімдеу керек. Америкалық жігітке тұрмысқа шыққалы жатқан қыздар — К3/К4, америкалықтарға күйеубала болмақ ниеттегілер К1/К2 категориясындағы рұқсат қағазды алуы қажет. Бұл — иммиграциялық құжат. Визаға рұқсат берілсе, Америкаға келген соң 3 ай ішінде неке қиып үлгеруге міндетті. Содан кейін АҚШ-та тұрақты түрде қала алады.    

БАҚ қызметкерлеріне арналған виза

Журналистерге Америка аумағында жұмыс істеу үшін бөлек виза түрі бар. Ол — I категориялы рұқсат қағаз. БАҚ өкілдері яки тілшілер, түсірілім тобы қызметкерлері, кәсіби қызметін атқару мақсатында АҚШ-қа келетін шетелдік БАҚ редакторлары осы санат бойынша виза рәсімдеуі керек. Егер сапар ұзаққа созылуы мүмкін болса, визаға үміткерге бірнеше реттік виза берілуі мүмкін. 

Визаға өтініш беру процесі

Ең алдымен төлқұжатыңыз болуы керек. Мерзіміне мұқият болыңыз. Мысалы, наурызда бір айға барып келмек болсаңыз, құжатыңыз кем дегенде қазанға дейін жарамды болуы қажет. Ішінде «Виза» деген бетте кемінде біреуі бос болсын.

Одан соң суреттің де стандарты бар. Тік қарап тұрған, түсірілгеніне 6 айдан аспаған, 5 см х 5 см өлшемді, аппақ фондағы, түрлі-түсті сурет қана қабылданады. Діни сеніміне байланысты болса ғана басын жабуға рұқсат. Оның өзінде беті анық көрініп тұруы керек. Көзілдірікпен түсуге мүлдем болмайды. Егер талаптарды орындамасаңыз, анкета толтырғанда қабылдаса да, сұхбат кезінде сізді қайтарып жібереді.

Төлем жасап, сауалнама толтырып, сұхбатқа жазыласыз. Айта кетер бір жайт, визаны мақұлдамай жатып саяхаттың ақшасын төлеп қоймаңыз. Ұшаққа билет, қонаүйден бөлме алып дегендей. Егер сізге рұқсат етілмей қойса, ол шығын үшін елшілік жауапты болмайды. Сондай-ақ билет алып қойғаныңыз үшін жедел арада сұхбат өткізуді де сұрай алмайсыз. Офицерменмен кездесуде визаның қай түріне өтініш жібергеніңізге байланысты сұхбаттың қандай тілде өтетіні анықталады. Мысалы, туристік, медициналық, транзиттік не қонақ визасы болса, интервью орысша өтеді. Ал басқа түрлерінде сұрақтар ағылшынша қойылады.

Консулдық алымдар виза түріне байланысты әртүрлі: B1/B2, C, D, F, I, J и M — $160, R, H, L, O, P, Q — $190, E — $205. Сұхбат біткен соң, офицер паспортыңызды алып кетсе, қуаныңыз. Визаңызды мақұлдады деген сөз. Егер бірден қайтарып берсе, рұқсат бермегенін білдіреді. Жалынып, рұқсатын беруді сұрауға тырысудың қажеті жоқ. Өтінімдегі ақпараттарды жаңартпайынша қайта тапсырмаған жөн. Одан гөрі не үшін олай болғанын ойланып, барынша дайындық жасап, келесіде тағы бір талпынып көріңіз. 

Есте ұстайтын жайттар

Негізі әлі күнге дейін неліктен визаға рұқсат берілмей қоятыны нақты белгісіз. Оған бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Сондықтан жалпылама кеңестерді қабыл алыңыз.

  • Сұрақтарға анық жауап беріңіз, түсінбесеңіз, сыпайы түрде «Мынаны меңзедіңіз бе?» деп нақтылаңыз;
  • АҚШ-қа барудағы мақсатыңызды айқын баяндаңыз;
  • Сұрамаған нәрсені айтып, тым белсенді болып кетпеңіз;
  • Егер ағылшынша сөйлеуге қиналсаңыз, ескертіңіз;
  • Басты мақсатыңыз Америкада «заңсыз» жұмыс істеп, ақша табу болмасын. Офицер — асқан психолог. Байқап қалса, бірден рұқсат бермей шығарып салады.
  • Патриот екеніңізді көрсетіңіз. Америкада қалып қоймайтыныңызды консулға дәлелдеуіңіз қажет. Тұрақты жұмысыңыз барын, ондағы жалақы жақсы екенін, отбасыңыз, туыстарыңыз Қазақстанда екенін айтып, сендіру қажет.

Green Card деген не?

Бұл — АҚШ резиденті екеніңізді дәлелдейтін куәлік. Ел ішінде «грин кард» аталып кеткенімен, ресми атауы — United States Permanent Resident Card. Америка азаматтарымен тең өмір сүруге құқық беретін бұл картаны алуды көбі армандайды. Дауыс беру құқығы ғана жоқ демесеңіз, басқа жағынан таршылық көрмейсіз. Карта алудың бірнеше жолы бар:  

  • АҚШ-қа жұмыс бабымен кетіп, сол жақтағы компанияға орналасу;
  • Америка азаматымен отбасы құру;
  • Саяси пана сұрау;
  • Жыл сайын өткізілетін халықаралық лотереядан ұтып алу;
  • ЕВ-5 бағдарламасы арқылы АҚШ экономикасы инвестиция құю.

АҚШ-қа емін-еркін кіруге рұқсат беретін қағазды алудың ең танымал түрі деп лотереяны айтса болады. Қатысу тегін. Бар болғаны орта білімі болуы талап етіледі. Бұрынғы КСРО кеңістігіндегі елдердің барлығының дерлік азаматтарына қатысуға болады.

Ол үшін анкета толтырып, өзіңіз жайлы ақпарат бересіз. Толтырып жатқанда отбасы мүшелерінің бәрінің суреті (жұбайы мен жасы 21-ге толмаған балалардың) қажет. Сотталмаған, Американың визалық-иммиграциялық заңдарын бұзбаған болуы міндетті. Сондай-ақ көпшілікке қауіп тудыратын аурумен ауырмауы маңызды. Жылына бір рет ұйымдастырылатын лотереяға әдетте қазан айының басынан қарашаның басына дейінгі аралықта өтінім қабылданады. Күйеуі бөлек, әйелі бөлек тапсырса, ұту мүмкіндігі екі есе артады.

Лотереяның басты шарты — үміткердің қатысушы елдердің бірінде өмірге келуі. Қазақстан бұл тізімде бар. Сондықтан қатысуға шектеу жоқ. Қайда тұрып жатсаңыз да, бұл жерде маңыздысы — қай елде туғаныңыз. Қатысушы елдер тізімінен шығарып тастайтын себеп — ол елдерден кейінгі 5 жыл ішінде Америкаға 50 мыңнан астам иммигрант келуі. Өйткені лотереяның мақсаты әртүрлі халық өкілдерінің алуандығын сақтау. Егер әлдебір елде туғандар көбейіп кетсе, ол елден қатысушы қабылдауды тоқтатады.

Келесі бір ереже: орта білімінің болуы немесе жоғары білікті мамандықта еңбек өтілінің болғаны қажет. Басқа шектеу жоқ деуге болады. Кімнің ұтып алғаны ресми сайтта мамыр айында жарияланады.