ГлавнаяБлог

6 тілде еркін сөйлейтін Мәди Базылбектің тәжірибесі және тіл үйренушілерге кеңесі

Мәди Базылбек жапон, ағылшын, орыс, испан және түрік тілінде еркін сөйлейді. Қазіргі уақытта араб және француз тілін меңгеріп жүр. Алматыда арнайы тіл орталығын ашып, өзгелерге де үйретіп жүр.

Тіл меңгеру қалай басталды?

Мәдидің шет тіліне қызығушылығы мектептен басталған. Оқушы кезінде шет тілінен түрлі республикалық жарысқа қатысып, жүлделі орындар алған. Айтуынша, 9-сынып оқып жүргенде өзге тілде сабақ берген.

8-сынып оқып жүргенімде ағылшын тілі курсына жазылдым. Жарты жылдан кейін еркін сөйлей бастадым. Сөйтіп 9-10-сыныпта түрлі олимпиадаға қатысып, жүлделі орындар алып жүрдім. Осылайша мектепте жүріп кішкене болсын базам қалыптасты. Сондай-ақ тілдік базамның қалыптасуына әпкемнің де ықпалы болды деп айта аламын. Әпкем өзі студент бола тұра аптасына бір-екі рет үйге келіп, ережелерді түсіндіріп, жаттығулар орындататын. Тілді қызығушылықпен үйренгендіктен бе — оқудың қиындығын аса қатты сезінбеппін, – дейді полиглот.

Мәди мектептен кейін IELTS тапсырып шетелге оқуға түспек болған. Алайда шет тілінен республикалық жарыстан орын алып, Қазақстандағы ЖОО-дан грант ұтып алыпты.

«Маған еліміздегі университетте оқығаннан гөрі шет мемлекетте білім алу маңыздырақ болды. Өйткені өзімді шектегім келмеді. Бір жағынан ағылшын деңгейім де жаман емес болғандықтан, «барынша қолдағы мүмкіндікті пайдаланайын» деген ой келді. Содан 11-сынып оқып жүргенде ағылшын тілінен республикалық олимпиадаға қатысып, грант ұтып алдым. Талап бойынша Қазақстандағы кез келген ЖОО-да тегін оқи аламын. Кейін мұндай мүмкіндік келіп тұрғанда жіберіп алмау керек деп ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіне түстім. Сөйтіп ол жерде бір жылдай оқып, арнайы бағдарламамен Жапонияда білім алуға жолдама алдым», – дейді Мәди.

Ол Жапонияда 3 жылға жуық оқыпты. Айтуынша, біздің елдегі білім жүйесін жапондардікімен салыстыруға келмейді.

«Қазақстан мен Жапонияның білім сапасын салыстыру өте қиын. Бізде әлі де кеңес үкіметінен қалған жүйе сақталған. Жапонияның білім беру жүйесі көбіне Америкаға келеді. Онда таңдау еркіндігі бар. Адамдармен қарым-қатынас, сабақ оқуға көзқарас мүлде басқа. Ал бізде әлі де қатаң ұстайды. Тіпті университет мектептің жалғасы сияқты, өз бетіңмен жүре алмайсың», – дейді ол.

«Өзіме ең қиын тілді бір жыл ішінде меңгердім»

Мәди алты тілді жетік біледі, қазір жетінші, сегізінші тілді үйреніп жүр. Оған үйренген тілдерінің ішінде ең қиын болғаны жапон тілі екен.

«Ең алғаш үйренген тілім – ағылшын, одан кейін жапон, кейін испан тілі. Қазіргі уақытта алты тілде еркін сөйлей аламын. Үйренген тілдерімнің ішінде қиын болғаны – жапон тілі. Ал жаныма жақыны — ағылшын тілі. Испан тілі де ұнайды. Бірақ алғашқы тәжірибием ағылшын тілінен басталғандықтан, мен үшін өте ыстық. 

Жапонша еркін сөйлеп, түсіне алатындай деңгейге жету үшін бір жыл уақыт кетті. Оны меңгергеннен кейін тағы бір тіл үйренуге қызығушылық пайда болды. Содан Жапонияда оқып жүргенімде испан тілінен 1-2 ай курсқа қатыстым. Кейін өз бетімше тілді оқып жүрдім. Сөйтіп, шамамен жарты жылда сөйлеп кеттім. Испан тілін үйренгеннен кейін түрікше үйренуге кірістім. Бұл тілдің қазақ тіліне ұқсастықтары бар. Түрік тілімді Түркияға барып дамыттым. Сонда елмен сөйлесіп, түрлі адаммен қарым-қатынас орнаттым. Өзім үшін ең оңай тілдердің бірі болды. Қазіргі уақытта французша үйреніп жүрмін. Бастағаныма 3-4 айдан асты. Алғашында курсқа 2 ай қатысып, кейін өз бетімше алып кеттім. Адам  кез келген тілдің негізін қалап алса, әрі қарай жеңіл болады», – дейді Мәди. 

Тіл меңгерушілерге бірер кеңес

Полиглоттың айтуынша, бір тілді түсініп кету үшін шамамен 7-8 айдай қажет. Әліппесін үйренудің өзіне 2-3 айдай уақыт керек. Ол тіл меңгерушілерге мынадай кеңес берді:

  • Тіл үйрену үшін ақшаның, уақыттың жоқтығын айтатындар үнемі сылтау іздеп тұрады. Үйренуге ниеті бар адам жолын табады. Қазір бұрынғыдай қиын емес, барлық мүмкіндік тұр, тіпті бәрі тегін. Тіл меңгергенде тек теориямен шектеліп қалуға болмайды, практиканы қатар алып жүру қажет. 
  • Ең бірінші сол тілде тыңдаудан баста. Құлағыңды жаңа тілге үйретуің керек. Бұл оқу, сөйлесу, грамматиканы меңгеру дегенім емес, жай ғана тыңдау. Мейлі, түсінбей-ақ қой. Тілдің қалай шығатынын, әуезін бақылау керек. 
  • Үйреніп жүрген тіліңде кем дегенде бір ай подкаст тыңдап, түрлі сұхбат көр.  Егер сол тілмен мүлде таныс болмасаңыз, әуелі база қалыптастыру үшін арнайы курсқа барған абзал.
  • Негізі тіл үйренерде оны қиындатпау керек. Егер «қиын» деп санаңа сіңірсең, әрине ол қиын болады. Тіл үйрену — адамның сол ортаға бейімделу процесі. Мысалы, қазір кез келген адамды Америкаға апарып қойсаң, ол 2-3 жылда таза американ болып шыға келеді. Өйткені ол сол ортаға бейімделіп, тілін меңгереді. Жалпы адамда тілге қажеттілік пен қызығушылық болмаса, оны оқудың қажеті жоқ.

«Үйренген тілдерімді ұмытпау үшін арнайы тәсіл қолданамын деп айта алмаймын. Өйткені қайда барсам да, тілдермен «бірге жүремін», әлеуметтік желіге түрлі блог түсіріп отырамын. Кітап оқимын, әртүрлі сериал көремін және сабақ беремін», – дейді Мәди Базылбек. 

Полиглот жеке тіл курсын не себепті ашты?

Мәдидің қазіргі тіл курстарының кейбіріне көңілі толмайды. Ол оқуға ниеттеніп жүргендерге нарықта өзін дәлелдеген, көпшілік кеңес берген курсқа қатысқан дұрыс дейді.

Курстар өте көп, бірақ оларда сөйлесетін орта жоқ. Тек оқу, оқулықты ашу, грамматиканы меңгерумен шектеледі. Әлеуметтік желіде алдап-арбап тіл курстарын сататындар да жетеді. Мұндайды мүлдем қолдамаймын.  Тіпті таныстарыма да мұның дұрыс іс емесін айтамын. Кейде «Елдің бәрін жинап алып, видеосабақтар жіберіп отыруға, одан кейін жаттығу жасатуға ұялмай ма екен?» деп ойлаймын. Бұл — ақша алып отырып алдау, -дейді ол.

Полиглот осындай олқылықтарды көргеннен кейін әрі осы жолда тәжірибесінің аз емес екенін ескеріп, Алматыдан тіл орталығын ашқан. Оның жұмыс істегеніне биыл — 2 жыл.

«Карантин басталмас бұрын офлайн жұмыс істедік. Кейін пандемия басталып, орталықты жабуға тура келді. Жарты жылдай жұмыс тоқтап тұрды. Орталықты қайтадан ашамыз деген жоспар болған. Алайда тағы да карантинге байланысты жоспар өзгерді. Содан онлайн форматқа көшуге шешім қабылдадық. Біздің онлайнға көшуіміздің өзі өте ұзақ болды.

Орталығымыз үш тілде оқытады: ағылшынша, арабша және түрікше. Оқығысы келетіндерге испан тілін анда-санда қосамыз. Ағылшын мен испан тілін өзім оқытамын, түрік пен араб тілін оқытатын басқа мұғалімдеріміз бар. Бастапқыда онлайн оқытуға қорқыныш болды. Бірақ нәтиже өте жақсы. Егер де нәтиже болмаса, орталық жұмыс істемейді. Бүгінге дейін орталықта нәтиже көрсетпеді деген оқушыларымыз болмапты. Көбіне курсқа қатысатындардың легі әлеуметтік желідегі блогымнан келеді. Тіл оқуда белгілі бір нәтижеге жету үшін кірпіш дұрыс қалануға тиіс. Біздің орталықта  бастауыш деңгейдің өзін 1,5 ай оқиды», – дейді полиглот. 

Мәди қазір Daryn.online-мен бірлесіп, тілдерге қатысты үлкен жобаны қолға алып жатқанын да айтты. Сонымен қатар Work and Travel бағдарламасымен жұмыс істеп, тәжірибе алмасатын жастарға қатысты да пікірін білдірді.

«Work and Travel бағдарламасымен шетелге шығатын жастар жылдан-жалға көбейіп жатыр. Әрине, бір жағынан жұмыс істеп, екіншіден, өздеріне тәжірибе алу үшін баратын жастарды қолдаймын. Ол жаққа барғаннан кейін де максимал түрде бәрін жасап үлгеруің керек. Сондықтан ол жаққа баратын адамның нақты жоспары болуы керек. Кейінгі уақытта көптеген жас тек қаржылай жағдайын жақсарту мақсатында жұмыс істеп, сонда қалып қояды. Бұл дұрыс емес, мұндайды қолдамаймын. Дамимын, қалыптасамын деген адам Қазақстанда жүріп-ақ өзін қалыптастырады. Қазақстанда өз орнын таба алмаған адам шетелде өзін таба алады деп ойламаймын. Өйткені ол жақта өте қиын, бәсекелестер де өте мықты.