ГлавнаяБлог

Бейжің-2022. Қысқы Олимпиадада кімнен жүлде күтеміз?

2022 жылдың басты спорт оқиғасы - ақ Олимпиада. Ақпанда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасы да қатысады.

Қытай астанасы 2015 жылы қысқы Олимпиаданы өткізу құқығын жеңіп алған. Осылайша Бейжің жазғы және қысқы Олимпиаданы қабылдаған алғашқы қала атанады. Бұған дейін 2008 жылы Бейжіңде жазғы Олимп ойындары өткен еді. 

Бейжің-2022 Олимпиадасының ашылу салтанаты 4 ақпанға, жабылуы 16 ақпанға жоспарланған.

Олимпиадада қысқы спорттың жеті түрінен жиыны 109 медаль сарапқа салынады. Жарысқа әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады. Қазақстандық спортшылар 82 лицензия жеңіп алды.

Шаңғы жарысында 30 жолдама бар. Спортшылар фристайл бойынша тоғыз жолдаманы жеңіп алды, оның ішінде могул түрінен — бес, акробатикадан — төрт. Сонымен қатар қазақстандық конькишілер 12 жолдаманы иеленсе,  биатлоннан 12 жолдаманы еншіледі. Шорт-тректе тоғыз жолдама бар. Тау шаңғысы спорты бойынша төрт жолдама және шаңғымен трамплиннен секіру спортында да төрт жолдама, сондай-ақ шаңғы қоссайысы бойынша қазақстандық команданың екі лицензиясы бар.

Олимпиадада Қазақстан спортшыларын шорт-тректен Қазақстан командасының көшбашысы, әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы әрі жүлдегері Абзал Әжіғалиев пен конькимен жүгіруден төрт құрлық чемпионы Екатерина Айдова бастап шығады. Жүлдеден үмітті спортшыларымыз Қазақстан олимпиадалық құрамасының туын ұстайды.

Олимпиадада Қазақстанның туын алып шығу — мен үшін абырой. Еліңнің байрағын ашылу салтанатында көтеріп шыққандағы сезім өмір бойы ұмытылмайды. Бізге сенім артқан барша жанкүйерге алғысымыз шексіз. Барлық олимпиадашы атынан бұл бәсекені асыға күткенімізді айтқым келеді. Спортшыларға дайындалу үшін бар жағдай жасалды. Елде де, шетелде де дайындалдық. Енді олимпиада айдынында ел намысын абыроймен қорғау үшін барымызды саламыз, — деді Абзал Әжіғалиев.

Қазақстан барлық спорт түрінен қатыспаса да, жүлде алуға үміткер спортшылары бар. Біздің спортшылар хоккей, шана спорты, фристайлдың кейбір түрі, мәнерлеп сырғанау, скелетон, бобслей, керлинг және сноубордтан жолдама алған жоқ. Дегенмен жүлдеден спортшыларымыз да бар. Оның біреуі және бірегейі — Юлия Галышева.

4 жыл бұрын Корея елінде өткен Олимпиадада Юлия Галышева фристайл-могулдан жүлдегерлер қатарынан көрініп, қола медальді жеңіп алған еді. Одан кейін әлем чемпионы атанып, артынша жүлдегер болды. Бұл жолы да Юлия Галышева — фристайл-могулдан Олимпиадада жүлдеден үміттілердің бірі.

Фристайл-акробатикадан Жанбота Алдабергенова да ел үмітін арқалап кетті. Универсиададан жүлдесіз қайтпайтын спортшымыз былтыр әлем Кубогында күміс жүлдені жеңіп алды. Олимпиадада фаворит саналмаса да, бағы мен бабы қатар шапса жүлдеге ілініп қалуы әбден мүмкін.

Шорт-тректен ерлер және әйелдер құрамасынан да үміт күтеді жанкүйерлер. Бейжіңге бес спортшымыз барады. Олар: Абзал Әжғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова және Яна Хан.

Абзал Әжіғалиевтің еншісінде шорт-тректен әлем кубогы кезеңдерінің барлық жүлдесі бар, 2017 жылғы Универсиада, 2011 жылғы Азия ойындарының медалі де қоржыннан табылады. Абзал 2014 және 2018 жылдардағы Олимпиадаға қатысып, Пхенчханда Қазақстанның туын көтеріп шыққан болатын.

Сондай-ақ құрамда Денис Никиша жүлдеге таласады. Ол іріктеу кезеңін көшбасшылар қатарында аяқтады. Әділ Ғалиахметов жас та болса өзінің деңгейін көрсетіп үлгерді. Ол 500, 1000, 1500, 3000 метр қашықтың қай-қайсында болмасын жүлде алуы мүмкін.

Могулдан ерлер құрамасы да Олимпиададан құр алақан қайтпау керек. Павел Колмаков пен Дмитрий Рейхерд әлем Кубогы кезеңдерінде жүлде алып жүрген спортшыламыз. Екеуінің де жүлдеден үміті бар. Өткен маусымда Павел Колмаков әлем Кубогы кезеңінде жүлде алды. Ал Дмитрий Рейхерд былтыр көп жарысқа қатыспады. Дегенмен ол қатысқан әрбір жарысында фавориттер қатарында болады.

Екатерина Айдова ең алғаш рет 2010 жылғы Ванкувер Олимпиадасына қатысты, кейін Сочи-2014 және Пхенчхан-2018 ойындарында ел намысын қорғады. 30 жастағы Айдова үшін Бейжің ойындары — мансабындағы төртінші Олимпиада. Тәжірибелі спортшы конькимен жүгіруден әлем кубогы кезеңінің, 2017 жылғы Универсиада ойындарының жүлдегері, 2021 жылғы төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы.

Сөз соңында назарларыңызға Қазақстан құрамасының формасын ұсынбақпыз. Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, Қазақстан тарихында алғаш рет экипировкадағы ел атауы қазақ тілінде Qazaqstan болып жазылады.

Олимпиада командасына арналған спорт формасын отандық компания шығарды. Оны дайындауға бір жылдан аса уақыт кетіпті. Киімді дайындау процесіне атлеттердің өздері қатысып, форманың дизайны, сапасы мен функционалына қатысты өз ұсыныстарын білдірген.

Олимпиададағы жарыс күнтізбесі:

Биатлон

  • 7 ақпан — әйелдер жеке-дара жарыс
  • 8 ақпан — ерлер, жеке-дара жарыс
  • 11 ақпан — әйелдер спринті
  • 12 ақпан — ерлер спринті
  • 13 ақпан — әйелдер және ерлер ізкесу жарысы
  • 16 ақпан — әйелдер эстафетасы

Тау-шаңғы спорты

  • 6-19 ақпан — негізгі кезең (ерлер, әйелдер)

Коньки спорты

  • 5 ақпан — 3 шақырым (әйелдер)
  • 7 ақпан — 1500 метр (әйелдер)
  • 8 ақпан — 1500 метр  (ерлер)
  • 13 ақпан — 500 метр  (әйелдер)
  • 17 ақпан — 1000 метр (әйелдер)
  • 18 ақпан — 1000 метр (ерлер)
  • 19 ақпан — масс-старт (ерлер, әйелдер)

Шаңғы жарысы

  • 5-19 ақпан  — негізгі кезең (ерлер, әйелдер)

Шаңғы қоссайысы

  • 9, 15 ақпан — ерлер жарысы
  • Трамплиннен шаңғымен секіру
  • 5 ақпан — ерлер іріктеуі
  • 6 ақпан — негізгі кезең
  • 12 ақпан — негізгі кезең
  • 14 ақпан — командалық жарыс

Фристайл

  • 5 ақпан — могул, ерлер (іріктеу, финал)
  • 6 ақпан — могул, әйелдер(іріктеу, финал)
  • 13 ақпан — шаңғы акробатикасы, әйелдер (іріктеу)
  • 14 ақпан — шаңғы акробатикасы, әйелдер (финал)
  • 15 ақпан  — шаңғы акробатикасы, ерлер(іріктеу)
  • 16 ақпан  — шаңғы акробатикасы, ерлер (финал)

Шорт-трек

  • 5 ақпан — аралас эстафета (1/4 и 1/2 финал); 1000 метр (ерлер іріктеуі)
  • 7 ақпан — 1000 метр, ерлер (1/4, 1/2 финал, финал)
  • 9 ақпан — 1000 метр, әйелдер (іріктеу); 1500 метр, ерлер (1/4, 1/2 финал, финал)
  • 11 ақпан — 1000 метр, әйелдер (1/4, 1/2 финал, финал); 500 метр, ерлер (іріктеу)
  • 13 ақпан — 500 метр, ерлер (1/4, 1/2 финал, финал)
  • 16 ақпан — 1500 метр, әйелдер (1/4, 1/2 финал, финал)