ГлавнаяБлог

2022 жылы IT әлемінде болуы мүмкін тенденциялар

Ақпараттық технологиялардың беталысы жаман емес. Үнемі өзгеріске дағдыланған IT әлемі биыл да жаңалықтарға толы болатын сияқты. Пандемия кезінде IT саласы қарқынын үдете түспесе, ақсап қалды деп айта алмаймыз. Көпшілік қашықтан жұмыс істеп, білім алуға көшкен тұста ақпараттық технологиялардың икемділігі мен алуан түрлі мүмкіндігі көптің көңіліне үміт ұялатты.

Gartner сарапшылары биыл IT нарығының 8,6% артатынын болжап отыр. Аналитикалық компаниялар 2022 жылы болуы мүмкін IT даму тенденцияларына тоқталған екен, шолып шықтық.

IDC: Жасанды интеллект, data және Cloud technologies

IDC сарапшылары 2022 жылы әлемдік экономиканың 50%-дан астам бөлігіне белгілі бір дәрежеде ақпараттық технологиялар ықпал етеді деп топшылайды. Сондықтан  бизнес иелерінің IT-ға дұрыстап назар аударғаны жөн.

2024 жылға қарай IT саласына құйылған инвестициялардың жартысынан астамы цифрлық трансформацияға бағытталмақ, яғни заманауи технологияларды дұрыс пайдаланғандардың табысы артпақ. 

IDC нұсқасы бойынша 2022 жылы IT былай дамымақ:

  • Жасанды интеллект. IDC 2022 жылдың соңына қарай Forbes Global 2000 тізіміндегі компаниялардың төрттен бірі жасанды интеллект бойынша кем дегенде бір стартап сатып алады деп болжайды.
  • Экология. Экологиялық іс-шаралар IT индустриясының ажырамас бөлігіне айналып жатыр. Сондықтан биыл ақпараттық технологияларды дамытуда энергия шығындарын азайту мен IТ-өнімдерін қайта пайдаланудың маңызы зор болмақ.
  • Деректерді тиімді және дұрыс пайдаланып үйрену. Бұл жағдай IT саласындағы қызметкерлер үшін басымдыққа айналады, сол себепті деректермен жұмыс істеуге кететін шығын көлемі арта түседі.
  • Кеңседегі жұмыс пен қашықтан атқарылатын жұмысты біріктіру кезіндегі қиындықтар. Осы мәселені шешу кезінде қаржы тапшылығы туындауы ықтимал. Негізгі шешім: краудсорсинг және мамандарды қайта даярлау болмақ.
  • Cloud technologies-ке жаппай көшу. Кәсіпорындардың 80%-ға жуығы Cloud инфрақұрылымына пандемияға дейінгіден қарағанда екі есе жылдам ауыса бастайды.

Gartner: Гиперавтоматтандыру, PEC, Data Fabric және тағы басқалары 

Gartner компаниясы 2022 жылы гиперавтоматтандыру нарығы 596,6 миллиард долларға жетеді дейді. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 115 миллиард, ал 2021 жылғыдан 64,2 миллиард доллар артық. 

Гиперавтоматтандыру — жасанды интеллект, әзірлеу шығындары төмен платформалар мен роботтарды кеңінен пайдалану арқылы көлемді автоматтандыру процесі. 

2022 жылғы IT-трендтері Gartner компаниясының болжауынша:

  • Автоном жүйелер. Бұл дегеніміз — алгоритмдерін өздігінен өзгерте алатын жүйелер. Жуырда олар қалыпты жағдайға айналмақ, дрондарда, роботтарда, тіпті әртүрлі өндіріс көліктерінде қолданылады.
  • Қауіпсіздігі жоғары есептеулер (PEC). Gartner алдағы 3 жылда ірі компаниялардың жартысынан көбі осындай есептеу әдістерін қолдана бастайды деп болжайды. Олардың арқасында барлық құпия мәлімет бағдарламалық қамтамасыз ету деңгейінде қорғалады. PEC деректерді қорғаудың үш негізгі технологиясына негізделген: 
    • деректерді талдау және өңдеу үшін сенімді орта;
    • орталықтандырылмаған талдау және өңдеу;
    • талдау және өңдеу алдында деректерді шифрлау;
  • Data Fabric. Data Fabric — деректерге үздіксіз қол жеткізуді және өңдеуді қамтамасыз ететін деректерді басқарудың бірыңғай жүйесі. Ол қалыптасқан жүйелерді орталықтандырады, бастапқы деректерді жинау үшін Big Data технологиялары мен жасанды интеллектіні белсенді пайдаланады. Ақпарат ауқымы көз ілеспес жылдамдықпен артып жатыр, Data Fabric-ке де сұраныс көбейіп отыр. Бірақ бұл жүйені жақсы меңгерген сарапшылар жоқтың қасы.
  • Жасанды интеллект. Gartner де IDC сияқты, ЖИ дәуірі жақын деген пікірде. 2022 жылы осы сала бойынша тиімді құралдар көбейеді деп болжап отыр. Ал 2025 жылға қарай жасанды интеллекттің озық шешімдеріне көшетін компаниялардың 10%-ы бұрынғыша жұмыс істейтін кәсіпорындарға қарағанда 3 есе көп табыс таппақ.

TrendForce: 5G, виртуал шындық, micro-LED және mini-LED дисплейі және тағы басқалары

TrendForce-та 2022 жылы ақпараттық технологиялар дамуының бірқатар тенденциясын атады. Бұл компания мамандары биыл алға қадам жасайтын технологияларға тоқталыпты. 

TrendForce пайымдауынша биылғы IT саласындағы үрдістер:

  • 5G. Ұялы байланыс операторлары биыл автоном 5G желілері мен кідірісі төмен қосымшаларды сегменттеу үшін әлдеқайда көп сынақ жобаларын іске қосады. Сонымен қатар олар әлем бойынша әртүрлі қызметті ұсынып, ірі қалаларда базалық станциялардың құрылысын жылдамдатады.
  • Цифрлық өндіріс. Сарапшылар IoT технологияларының негізгі метаәлемге айналатынына сенімді. Заттар интернетінің дамуы киберфизикалық жүйелерге (CPS) негізделеді.
  • Виртуал шындық. Қосымша сенсорлар мен ЖИ алгоритмдерін біріктіру AR және VR жабдықтарын өндірушілерге қолғабыс етіп, сол арқылы түрлі сынақ жүргізіп, оң нәтижеге жетуге мүмкіндік береді.
  • Micro-LED және mini-LED дисплейі. Сарапшылар бұл дисплейлерді әзірлеудегі кейбір мәселе 2022 жылы да сақталатынын, өндірістің қымбатқа түсетініне сенімді. Бірақ бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады деген пікірде.
  • Автоматтандырылған автотұрақ. Автопилот функциясы бар көліктер жетерлік, кезек автоматтандырылған автотұрақтарда. 2022 жылы автоматтандырылған тұрақ автокөліктердегі ең құнды мүмкіндікке айналуы ғажап емес, ал көлік өндірушілерінің бұл трендттен бас тартпайтыны онсыз да түсінікті. 

Forrester: IoT және киберқауіпсіздік

2021 жылдың желтоқсан айының соңында Forrester компаниясы 2022 жылғы IT нарығының негізгі трендтерін атаған.

Forrester сарапшылары IT әлемінде мынадай өзгерістер болады дейді:

  • IoT. Микросұлбалардың жетіспеушілігі IoT нарығының жалпы өсуіне 10-15% кедергі жасайтын сияқты. Микросұлбалар тапшылығы 2023 жылдың ортасына дейін шешілмесе, IoT құрылғылары бұдан да көп зардап шегеді. Тұрмыстық техника мен автокөліктер сияқты көптеген IoT негізіндегі смарт өнімдер барлығына қол жетімді бола бермейтіндіктен, тым қымбат болғандықтан, төмен сатыдағы смарт эквиваленттерге сұраныс арта түспек. Ал АҚШ, ЕО және Қытай пандемиядан кейін қоғамдағы денсаулық мәселелерін шешетін және маңызды ресурстарды басқаруға басымдық беретін бастамаларға бет бұрмақ.
  • Киберқауіпсіздік саласындағы қиындықтар. Киберқауіпсіздік саласындағы тәжірибелі мамандардың 10-нан бірі саланы тастап кетеді деген болжам бар. Пандемияға дейін қауіпсіздік саласындағы мамандардың 21%-ы ғана қазіргі жұмысын тастағысы келмейтінін айтқан. Дегенмен 2021 жылғы деректер көрсеткендей, киберқауіпсіздік мамандарының 51%-ы былтыр қатты күйзеліске ұшыраған. Сонымен қатар мамандардың 55%-ы қабілетіне толықтай сенімді емес екенін айтқан.

IT нарығы жаңарудан шаршаған емес. Ақпараттық технологиялар әлемі қашан болсын тосын сыйға толы болған. Жоғарыдағы аналитикалық компаниялардың болжамы қаншалықты орындалады — оны уақыт көрсетеді.