ГлавнаяБлог

Жаппай үрейден қалай арылуға болады?

Елде болған жаппай тәртіпсіздіктің салдары – жаппай үрей. Қорқыныштан қалай құтылуға болады? Адамның күйзеліске түскені неден білінеді, адам өзіне қалай көмектеседі? Үрей отбасы мүшелеріне қалай әсер етуі мүмкін? Жалпы, адамның наразылыққа шығуы психология тұрғысынан нені білдіреді? Бұл сауалдарға практик психологтар Гүлзат Қанат пен Нәзипа Жанәділқызы жауап берді.

Наразылыққа шығудың қандай себептері бар?

Гүлзат Қанаттың айтуынша, бұл сұрақтың бір ғана жауабы болмайды. Алаңға шыққан әр адамның саналы және бейсаналы түрде өз талабы мен наразылығы болады. Оған қоса, сол наразылықты жеткізу жолы мен туындаған кикілжіңді шешу тәсілі де бар.  

«Мысалы, алаңға шыққандардың бір тобы талабын, наразылығын сөзбен, конструктив тұрғыда жеткізіп, бейбіт шеруді қалауы мүмкін. Бірақ бәрі бірдей бұлай саналы түрде әрекет ете бермейді. Митингіге ішкі агрессиясын, ашу-ызасын шығарып, өзін және айналасын жою мақсатында баратындар да бар», – дейді психолог.

Оның айтуынша, мемлекетте болған жағдай – елдегі көп отбасының ішкі көрінісі. «Отбасы – шағын мемлекет» деген бар.

Образды түрде алсақ, мемлекет – ата-ана, халық – бала. Демек, адамдардың ата-анасына наразылығы мен өкпесі көп деген сөз. Авторитар, тыйым салушы, қажеттігін естімеген ата-анаға деген баланың наразылығы қордаланып, жаппай «жарылысқа» әкелді. Іштегі агрессия, өкпенің төркінін танымай елге шабуыл жасап, қиратты, – дейді Гүлзат Қанат.

Психологияда проекция деген термин бар. Мысалы, кеше ғана бутиктерді тонап, біреудің мүлкін жымқырып кеткен адам айналасын «ашкөз» деп кінәлауы мүмкін. Өзінің не ата-анасының көлеңкелі тұстарын өзгеге артып, өзінің сезімі мен әрекеті үшін жауапкершіліктен құтылғысы келеді. Әуелі, ішкі наразылықты түсіну қажет. Сау жағдайда ішкі наразылық, өкпе-реніш психолог кабинетінде шешілуі керек.

«Тағы бір себеп мынау – тарихтағы шындығы ашылмаған зұлмат қайталанады. Қазақстан тарихындағы «Желтоқсан көтерілісі» мен «Жаңаөзен оқиғасын» алыңыз. Екеуі де қақаған қыс мезгілінде болып, бір елдің азаматтары бір-біріне оқ атты. Сонау 1986-дағы «Желтоқсан оқиғасының» өзінде ашылмаған жайт қаншама?! 4-5 желтоқсаншының атын біліп, мектепте көрініс қоюмен шектелу – өте жұтаң түсіндірме», – дейді маман.

Психологтың айтуынша, мұнда алаңға шыққан әр жастың, әр отбасының және атылған, айдалған, қорқынышпен алаңнан қашқан әр жанның трагедиясы жатыр. Бұл – ел трагедиясы. Психика өз трагедиясын, ел трагедиясын танып, жылап, жоқтауы керек. Соңында трагедияны талдап, бір пайымын шығарса ғана психика еңсесін көтереді. Жабулы қазан ешқашан жабулы күйінде қалмайды. Керісінше, бұрқ-сарқ қайнап, жаңа бір екпінмен жарылып отырады.

Елдегі тәртіпсіздікті білген адамның бойын не себепті қорқыныш билейді?

«Айналдырған аз ғана күннің ішінде бейбіт күн, әдеттегі жұмыс режимі, хабар алу, қозғалу мүмкіндігін жоғалтып алдық. Кез келген жоғалту – депрессия. Жағдай қалай өзгеріп, алда не болатынын білмедік. Белгісіздік қорқытады. Адамдар алғашқы күндері ақпараттың болмауы не оның тым аздығынан күйзелді. Интернет қосылған соң жан-жақтан ағылған түрлі қорқынышты ақпараттың көптігінен тағы да күйзеліске түсті», – дейді Гүлзат Қанат.

Қазалы, қайғылы хабар көп жағдайда жаппай үрейдің өршуіне әсер етіп жатыр. Бұл жағдайдың салдары, жарақаты қаншалық болғанын анықтау келешектің еншісінде. Қазіргінің міндеті – күйзеліске түскендерге дер кезінде көмек беру.

Адам күйзеліске түскенін қалай біледі?

Оның мынадай белгілері бар:

  • үрей, жаппай дүрлігу, сенімсіздік, үмітсіздік, еңсесі түсу, жылай беру, ашушаңдық, тәбеттің жоғалуы, қуаныштың азайып, қорқыныштың көбеюі;
  • психологиялық күймен қатар физиологиялық күйдің де нашарлауы, тәннің ауруы.

Қорқыныш кезінде адам я қашады, я қарсы шабуыл жасайды, я есеңгіреп қозғала алмай қалады. Маған хабарласқан азаматтардың бойында үшінші күй басым. Терапия басында кейінгі ахуалға байланысты қорқынышын талқылағанмен, бірте-бірте әр жанның 10, 20, 40 жылдап арқалаған өз қорқынышы шығып жатады. Психика тағы бір жарақатты көтеруге қауқары болмай, азаматтар осы дүрбелең уақытта психологқа хабарласып жатыр, – дейді маман.

Мұндай үрей отбасы мүшелеріне қалай әсер етеді?

Гүлзат Қанаттың айтуынша, елдегі тәртіпсіздіктен кейінгі көңіл-күйді, агрессияны, қорқынышты әр адам отбасына алып барады. Мұндайда отбасының ең әлсіз мүшесі – бала көбірек зардап шегеді. Бала үшін ата-ана – бәрін білетін, жанжалды шеше алатын, оны қорғай алатын ересек. Сондықтан ата-анадағы белгісіздік, оның өз агрессиясын, өз қорқынышын игере алмауы, дәрменсіздігі балаға екі есе ауыр.

Сол себепті баласына, шәкіртіне, қызметкеріне қолдау білдіріп, көмектесемін деген адам, әуелі, өзіне көмектесуі қажет. Әр жан ашу-ызасын азайта білсе, отбасының атмосферасы жақсарады.

Адам өзіне қалай көмектесе алады?

Психолог Нәзипа Жанәділқызы адамның өзіне көмектесуі кішкентай қадамдардан басталатынын айтады.

Әркім өзіне әртүрлі жолмен көмектесе алады. Адам қандай әрекет еткенде өзін жайсыз сезінетінін біліп тұрады. Тәртіпсіздік туралы видеоларды қарау, жақынынан айырылғандар жайлы, қаза болғандар туралы оқу өзіне ауыр екенін түсінеді. Демек, кейбір жан ондай видеолар көрмеу, күнделікті жайсыз ақпараттан алыстау арқылы өзіне көмектесе алады, – дейді психолог.

Маманның айтуынша, енді біреулер уақтылы ұйықтап, уақтылы ояну, күнделікті тіршілікті жалғастыру сияқты әрекеттер арқылы өзін жақсы сезіне бастайды. Өзі қызығып істейтін іске оралу да адамға көмектесуі мүмкін. Ал ең бастысы – адамдардан қашпау, неғұрлым өзіне жақын жандармен сөйлесу. Олар негатив беретін емес, жаныңызды жылытатын адамдар болуы керек.

Тәртіпсіздік кезінде жақынын жоғалтқан адамға қалай көмектесуге болады?

Бұл – өте ауыр жағдай. Психологтың айтуынша, мұндай кезде сол адамның жанында болуға тырысу керек. Сол адамды жай ғана тыңдаған жөн.

Табылады ғой, сен жылама, қайғыра берме» дегеннен гөрі, қайғылы адамның ішіндегісін тыңдау қажет. Басты көмек – сол, – дейді Нәзипа Жанәділқызы.

Елімізде психологтар тегін топтық терапия өткізіп жатыр

Орталық Азия Психоаналализ институтының ұстаздары мен шәкірттері халыққа тегін көмек ұсынып жатыр. Әр қаладағы психоаналитиктер мен психоанализ бағытында жұмыс істейтін практик психологтар тегін топтық терапия өткізеді. Формат – онлайн.

«Әр топ – жабық топ. Топ ішінде айтылғанның бәрі құпия саналады. Топтық терапиялар кіші, орта және үлкен болып бөлінеді. Кіші топ 5-10 адамнан басталып әрі қарай кете береді. Қалаған маманға хабарласып, жазылуға болады», – дейді психолог Гүлзат Қанат.

Топтық терапия өткізудің мақсаты – мейлінше көп адамға көмектесу, одан кейін әр адам қайғысымен жалғыз қалмайтынын, қолдайтын топ бар екенін көрсету. Халыққа қорқынышын, агрессиясын қабылдап, демеу беретін психолог, топ мүшелері бар екенін түсіндіру.