ГлавнаяБлог

Мемлекет елдегі тәртіпсіздіктен зардап шеккен кәсіпкерлер шығынын қалай өтейді?

17 қаңтардағы есеп бойынша, Қазақстанда тәртіпсіздік салдарынан бизнеске 112,6 миллиард теңге шығын келген. Дегенмен кей кәсіпкер мемлекеттен көмек күтпей бизнес орнын өзі қалпына келтіре бастаған. Содан шығын көлемі азайып отыр.

Бүгін тәртіпсіздіктен зардап шеккен кәсіпкерлер шығыны қалай өтелетінін баяндаймыз. Материалды дайындауға заңгерлер Болатбек Ержан мен Константин Мун және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі көмектесті.

Бизнесі тоналған кәсіпкер бірінші мезетте не істейді?

Тоналған дүкен – қылмыс орны. Сондықтан, ең әуелі, полиция шақырып, жедел тергеу тобы іске кірісуі керек. Ал қазір тоналған бизнес орнына учаске инспекторы ғана келіп, онда да қажет құжаттар тізімін беріп қана қоятын жағдай көп. Бұл процессуал түрде қате.

Мұндай жағдайда «102» номеріне қоңырау шалып, тергеу тобын жіберуді талап ету керек. Содан кейін қылмыстық іс тіркеліп, зардап шеккен компанияны жәбірленуші деп тануы қажет. Бұл ертең қылмыскер ұсталған кезде немесе сақтандыру компаниясы/Үкімет сол кәсіпкерге көмек берер кезде керек. Бизнестің тоналу дерегі ресми түрде анықталған болып есептеледі.

Кәсіпкер бизнесіне келген залалды қалай дәлелдейді?

Заңгерлер оның мынадай жолдары бар екенін айтты:

  1. Бұзылған мүлікті суретке түсіріп, барлығын актілеу. Актіні кез келген нысанда жасауға болады. Сол мүлікті сатып алған кездегі түбіртекті, актілерді және тағы сол сияқты құжаттарды тіркеу керек. Бұл мүлік құнын білу үшін керек. Бейнебақылау камераларының жазбасы болса, оның көшірмесін жасау қажет. Кейін көшірме құқық қорғау органдарына ұсынылады.
  2. Қылмыс орнына бағалаушыны шақырту. Ол келген шығын мөлшерін есептеп береді. Есепке қосымша ретінде актілерді, фото-видео сияқты өзге де дәлел базасын тіркеу артық етпейді.
  3. Қылмыс болған жердің бір затын да қозғамау. Зақым келген заттарды жинауға, ғимараттың ішкі-сыртқы мүліктеріне тиісуге болмайды. Кәсіпкер зақым келген немесе ұрланған барлық мүліктің тізімін жасауы қажет. Содан соң, әрине, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына хабарласып, өзін шығынға ұшыраған кәсіпкер санатына қостыруы қажет. Төменде кәсіпкерлерге арналған жедел желі телефондарын ұсынамыз.

Өтелетін сома қалай есептеледі?

Өтеу сомасының есебі келтірілген залалдың 3 түрі:

  1. жылжымайтын мүлік (ғимараттар мен құрылыстар);
  2. бүлінген жылжымалы мүлік пен жабдық;
  3. ұрланған тауарлар бойынша жүргізіледі.

Бірақ шығынды есептейтін әдіс әлі белгілі емес. Бизнес залалды өтеу сомасын объектив, расталған және тез анықтайтын әдісті талқылап жатыр.

Сондай-ақ шығынды бағалаушылардың жұмыс тәртібі: мерзімі, ролі, әрекет алгоритмі анықталады. Кейінгі кезде мессенджерлерде «бағалау компаниялары бұл жұмысқа тартылмайтыны, сондықтан оларға кәсіпкерлермен бағалау шартын жасамауға шақыратын» хабарлама тарап жатыр. Мұндай ақпарат жалған.

Ұрланған тауар табылса, иесіне қайтарыла ма?

Ержан Болатбек

Иесі ұрланған тауар өзінің мүлкі екенін дәлелдесе, мүлік иесіне тез арада қайтарылуы керек. Дегенмен тергеуші ұрланған тауарды егесіне бермей, сот біткенше сақтап қалуды сұрауы мүмкін. ҚР қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша, мұндай мүлік заттай дәлелдемеге жатады (Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 118-бабының 1-бөлігі, 3-тармағы) Сондықтан тергушінің бұл талабы заңға қайшы емес.

Ал ұрланған мүліктің иесі табылмаса, ол сот біткен соң сатылып, түскен ақша жәберленушілердің есебіне аударылады.

Мемлекет кәсіпкер шығынын қалай өтеп береді?

  1. Кәсіпкер InfoKazakhstan  қолданбасы арқылы шығынды өтеу туралы өтінім жіберуі керек. Онда шығынға ұшырағаны туралы және өзге де қажет құжаттар тіркеледі. Өтінімге ЭЦҚ арқылы қол қойылады.
  2. Өтінімді өңірлік комиссия қарайды. Төменде Алматы бойынша кәсіпкерлер палатасының контактісін ұсынамыз.
  3. Өңірлік комиссия залалды өтеу сомасын мемлекеттік бюджеттен бөлу туралы шешім шығарады.
  4. Қаржы мемлекеттік бюджеттен зардап шеккен кәсіпкердің пайдасына аударылады.

Залалды өтеу туралы шешім қалай шығарылады?

Жақын арада ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу механизмін қабылдайды. Бұл механизм жоғарыда аталған процедураларды, соның ішінде өңірлік комиссиялар туралы ережені регламенттейді. Құжаттың жобасын «Атамекен» ҰКП мамандары дайындап, мемлекеттік органдарға жіберіп қойды.

Барлық нормативтік құжат бекітілген соң InfoKazakhstan сайтына шығады.

Комиссия құрамына әкімдік, мәслихат, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының және қоғамдық бірлестіктердің өкілдерінің кіруі ұсынылған.

Константин Мун

Залалды өтеу туралы шешімді кәсіпкердің өтінімі мен олар InfoKazakhstan арқылы берген құжаттар негізінде өңірлік комиссия немесе қордың комиссиясы шығарады.

Айта кетейік, 11 қаңтарда елімізде «Күшіміз Бірлікте» қоры құрылды. Бұл қор зардап шеккен кәсіпкерлерге қаржылай көмектеседі. Қазір қор нақты ережелерді әзірлеп жатыр. Қорға елдегі кәсіпкерлерге көмектесуге ниет білдірген кез келген азамат қаржы аудара алады.

Бұл үшін мына реквизиттерді пайдалануға болады:

«БанкЦентрКредит» АҚ:

Алушы: «Күшіміз бірлікте» қоғамдық бірлестігі БСН 220140002583

Есепшоты: KZ268562203115072353

«БанкЦентрКредит» АҚ реквизиттері: БСК/БИК (SWIFT) KCJBKZKX БСН/БИН 980741000260 010000, Қазақстан, Нұр-Сұлтан қаласы, Есіл ауданы, Қабанбай батыр даңғылы, 15 А.

Кәсіпкерлердің өтінімі қашан қабылданады?

Кәсіпкерлер өтінімі өтінімді қабылдау механизмі бекітілген соң басталады.

Сонымен қатар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төтенше жағдай кезінде зардап шеккен бизнесті одан әрі қолдау бойынша үкіметке ұсыныстар пакетін дайындап жатқанын хабарлады.