Заңгер Бақдәулет Құрманбаевтың сөзінше, төтенше жағдайға байланысты жұмыс тоқтап қалуы Еңбек кодексінде «бос тұрып қалу» деп аталады. Бұл дегеніміз – экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық жағдай, өзге де өндірістік немесе табиғи апат себебінен жұмыстың уақытша тоқтап тұруы.
Елімізде төтенше жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Сондықтан мамандар осы жолы да жалақы тура пандемия басталған жылдағыдай төленетінін айтып отыр.
Еңбек кодексінің 112-бабының 1-тармағына сай Жұмыс берушіге және жұмысшыға байланысты емес себептер кезінде «бос тұрып қалу» уақытын ресімдеу және осы бос уақытқа ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттар бойынша белгіленеді. Кодекс бойынша, төтенше жағдай кезінде жұмыс беруші қызметкеріне жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде айлық төлеуі керек, – дейді заңгер.
Қазақстанда жалақының ең төмен мөлшері 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 60 мың теңге.
Бірақ еңбек немесе ұжымдық шартта төменгі жалақы көлемінен көбірек сомадағы айлық қарастырылса, онда жұмыс беруші шарт бойынша төлейді. Ал егер жұмыс орны берушінің кінәсінен тоқтап қалған жағдайда ол қызметкеріне орташа жалақысының 50% мөлшерін белгілеп, төлеуі керек.
«Бос тұрып қалуды» көрсету тәсілі еңбек шартында немесе жұмыс берушінің шешімінде көзделген жағдайларға байланысты. Бірақ жұмыс берушінің шешімі кез келген жағдайда еңбек шартының талабын бұзбауға және Еңбек кодексіне қайшы келмеуге тиіс, -дейді Бақдәулет Құрманбаев.
Еңбек шарты – кез келген жұмысқа орналасар кезде жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жасалатын екі жақты келісім. Келісімшарттың түпнұсқасы қызметкер мен жұмыс берушіге бір-бір данадан беріледі.Бұл құжатта қызметкер мен жұмыс берушінің құқығы мен міндеттері жазылады. Келісімшарт – екі тараптың да құқығын қорғайтын кепіл құжат. Ол ерікті түрде жасалады. Оған қол қоймас бұрын жақсылап танысып, ойланған дұрыс.
Төтенше жағдай кезіндегі жалақы қалай есептелетінін айттық. Бірақ оны төлеу тәсілі әртүрлі болуы мүмкін. Заңгер елімізде жұмыс берушілер қолданады-ау деген үш нұсқаны айтып отыр.
Бірінші нұсқа
Егер жұмыс беруші жұмыс істемеген күндердің болуына қарамастан қызметкерлердің жалақысын төмендетпеу мүмкін деп санаса, онда «бос тұрып қалу» күндерін мысалы, қосымша демалыс күндері ретінде көрсетуіне болады.
Мұндай жағдайда қызметкерлер үшін жұмыс уақытының нормасы қысқарады және осы күндері кестеде сағаттардың болмауы олардың жалақысына әсер етпейді.
Екінші нұсқа
Егер жұмыс беруші «бос тұрып қалу» күндерін төлеуге болады деп санаса, бірақ стандарт жұмыс күндеріне қарағанда аз мөлшерде төлеуге шешім қабылдаса, онда осы кезеңде қызметкерлердің жалақы мөлшері азайтылады.
Үшінші нұсқа
Егер жұмыс беруші қызметкерлерге жалақы сақталмайтын демалысты ресімдесе, «бос тұрып қалу» күндері төленбейді.
Қорытындылай келе, төтенше жағдай жұмыс берушілердің кінәсінен болмағаны үшін және бұл жағдай жұмыс берушілерге шығын алып келгендіктен «бос тұрып қалу» уақытын ресімдеу тәртібі және соған ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттарда айқындалады. Бұл кезде төленетін айлық жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмауы керек, – дейді заңгер.
Жұмыс беруші жалақыны кешіктірсе, не істейміз?
«Жалақы төлеудің тәртібі мен мерзімдері» Еңбек кодексінің 134-бабында белгіленген. Заң бойынша жалақы айына ең кемі бір рет немесе келесі айдың алғашқы 10 күнінде төленуі қажет.
Сонымен қатар жалақыға байланысты ережелер әр ұйымның өз еңбек шартында көрсетілген. Жұмыс беруші жалақыны кешіктірсе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабы «Еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзу» бойынша жаза қарастырылады.
Add comment