ГлавнаяБлог

Банк секторындағы ахуал: депозиттер сақтаулы, өсімпұл қосылмайды

Қазақстанда 5 қаңтардан 19 қаңтарға дейін төтенше жағдай режимі енгізілді. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан банктердің ғимараттарына, банкоматтар мен терминалдарға зақым келіп, филиалдары мен бөлімшелерінің жұмысын уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болды. Интернетпен қоса банктердің мобильді қосымшалары істемей қалды. Осындай дүрбелең шақта адамдар несиесін төлей алмады, ақша аудару мүмкін болмады. Тіпті, қаншама адамның қалтасында қағаз ақша болмай дүкеннен азық-түлік алу қиындады. Дегенмен елде жағдай тұрақталайын деді.

Банктердің жұмыс кестесі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі елдегі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істеу режимі туралы хабарлады. Банктердің көпшілігі бөлімшелері мен құрылғыларының толыққанды жұмыс істеуін қалпына келтірген.

Өзіңіз баратын банк бөлімшесінің жұмысы туралы толығырақ ақпаратты call-орталықтардан және мобильдік қосымшалардан нақтылап алыңыз.

Ақша айырбастау пункттері жұмыс істейді

12 қаңтардан бастап Қазақстан қор биржасының (KASE) валюта алаңында сауда-саттық ашылады. Екінші деңгейлі банктердің және банктік емес айырбастау пункттерінің валюталық айырбастау операциялары, сондай-ақ халықаралық төлемдер мен аударымдар қайта жанданады. Банктер қолма-қол ақшамен қамтамасыз етілуі үшін оларға үш айға дейін қысқа мерзімді займдар беріледі.

Мемлекет басшысы нарықтың сыртқы және ішкі қатысушылары тарапынан теңгеге деген сенімді толықтай қалпына келгенге дейін валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді тапсырды. Ұлттық банк тиісті іс-шаралар жасайтынын хабарлады.

Несие төлеуді кешіктіргендерге өсімпұл есептелмейді

Қазақстанда екінші деңгейлі банктер 5 қаңтар мен 19 қаңтар аралығында несиесін уақытылы төлемеген азаматтарға өсімпұл мен айыппұл есептелмейтінін мәлімдеді. Олардың қатарында Отбасы банк, Халық банк, Kaspi банк, Еуразиялық банк, Forte Bank, ЦентрКредитБанк, Altyn Bank, Jusan bank, ВТБ банк, Банк RBK, Альфа-Банк, Nurbank, Хоум Кредит Банкі бар. Ал СберБанк қаңтардың соңына дейін заңды және жеке тұлғалардың кредиттері бойынша өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептемейді. Бұл микроқаржы ұйымдарына да қатысты.

11 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлерге несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұлдар мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұратынын айтты.

Сондай-ақ, бірнеше банк жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза тапқан әскерилер мен полицейлердің несиелерін кешіретінін хабарлады.

Банк қосымшалары интернетсіз істей береді

«Халық банк», Forte Bank және Kaspi банк мобильді қосымшаларын интернет болмаса да пайдалануға болады. Телефоныңызда мобильді байланыс болса жеткілікті. Азаматтар әдеттегідей қосымша арқылы есеп айырысып, мобильді төлемдер және басқа да қажетті операциялар жүргізе алады. Тіпті, Kaspi банк қосымшасында мемлекеттік жаңалықтарды оқуға болады.

Депозиттер сыйақысы артады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бүгінгі таңда банк салымшылары үшін тәуекелдер жоқ екенін, банк секторы тұрақты режимде жұмыс істейтінін айтты.

Азаматтардың банктердегі депозиттеріне заңнамаға сәйкес «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ кепілдік береді.

Сондай-ақ, «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттерінің ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін көтеру туралы шешім қабылдады.

11 қаңтардан бастап жинақ депозиттері бойынша сыйақының ең жоғары мөлшерлемелері келесідей мөлшерлерде белгіленеді. Оның ішінде толықтырылмайтын және толықтырылатын шұғыл емес депозиттер мөлшерлемесі – 9,5%.

Шұғыл депозиттер:

  • 3 ай және 6 ай: толықтырылмайтын – 10,3%, толықтырылатын – 9,8%;
  • 12 ай: толықтырылмайтын – 10,7%, толықтырылатын – 10,4%;
  • 24 ай: толықтырылмайтын – 9,4%, толықтырылатын – 9,2%.

Жинақ депозиттері:

  • 3 ай және 6 ай: толықтырылмайтын – 13,3%, толықтырылатын – 12,8%;
  • 12 ай: толықтырылмайтын – 14,9%, толықтырылатын – 13,7%;
  • 24 ай: толықтырылмайтын – 12,2%, толықтырылатын – 11,4%.

Депозиттердің кепілдік берілген ең үлкен сомасы – 20 млн теңге

11 қаңтардан бастап теңгедегі жинақ депозиттер бойынша кепілдік берілген өтемнің максималды мөлшері 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғаяды. Бұл дегеніміз банкте қандай да бір жағдай болса осынша сомада депозиттегі ақшаңыздың өтемін ала аласыз. Одан көп сомаға кепілдік берілмейді.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, бұл өзгеріс салдарынан салымшыларға да, мемлекеттік бюджетке де шығын келмейді. Өтем сомасы жинақтау негізінде қалыптасатын арнайы резерв қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Ондағы қаражат 847 млрд теңгені құрайды.

Депозиттерге кепілдік беру жүйесіне ислам банктерінен басқа лицензиясы бар алған барлық банк міндетті түрде қатысады. Бұл дегеніміз қазақстандықтардың екінші деңгейдегі банктердегі 20 млн теңге сомасындағы ақшалары депозиттерге кепілдік беру қорының қорғауына алынған.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасы әзірленеді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артқанын мәлімдеді. Тұтыну несиелерінің мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кеткен.

«Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін» деді президент. Сол себепті үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады.  Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тығырықтан шығатын жол емес екенін ескертіп, ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет деп айтты.

Банк секторына қатысты сұрақтар туындаса Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сall-орталығы +7 (727) 237 1000 телефон нөміріне хабарласыңыздар. Жұмыс істеу кестесі: дүйсенбі-жұма, 9.00-16.00.