ГлавнаяБлог

Әр қазақстандықтың смартфонында болуы керек бағдарламалар

Сіз бен біз үнемі өмірімізді жақсартудың тиімді әдістерін табуды қалаймыз. Осындай сәттерде мыңғырған мүмкіндікке ие мобайл қолданбалар ойға оралады. Мұндай бағдарламалар көбейген сайын таңдау қиынға түсері анық. Сондықтан біз әр қазақстандық телефонында болуға тиіс бағдарламалар тізімін жасап шықтық.

Damumed – жергілікті емхана мен түрлі медицина қызметіне онлайн қол жеткізуге арналған бағдарлама

Мұнда:

  • Дәрігер қабылдауына жазылуға немесе дәрігерді үйге шақыртуға болады. Бұрынғыдай емханаға барып, кезекте тұрып, жүйкеңізді жұқартпайсыз. Damumed-те сіз таңдаған дәрігердің жұмыс кестесі мен қабылдау уақыты да көрсетілген. Қалаған қызмет уақыты жақындағанда хабарлама келіп, еске түсіріп отырады.
  • Маман жазып, алуға кеңес берген дәрі-дәрмек атаулысы «рецепттер» бөлімінде тұрады. Дәрігер жазуын түсінбей, қиналамын деп бас ауыртпайсыз.
  • «Дәрі-дәрмекті табу» айдарына өтсеңіз, мекенжайыңызға жақын дәріханалар мен керек дәрілерді таба аласыз. Дәріхананың жұмыс кестесі мен дәрілердің бағасы да көрсетілген.
  • 5 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналар мен жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған пациенттер «дабыл түймесін» басу арқылы жедел-жәрдем шақыра алады. Бұл санатқа жатпайтындар осы мобайл қолданба арқылы бірден «103» нөміріне қоңырау шала алады.
  • «Медициналық карта» бөлімінде денсаулығыңызға байланысты барлық дерек көрсетілген. Дәрігер қабылдауына жазылған уақытыңызды, медициналық талдамалар мен диагностика қорытындыларын осы жерден көре аласыз. Еңбекке жарамсыздық парағы да бар. Тіпті, салауатты өмір салтына байланысты пайдалы кеңестерді де табасыз.
  • «Кері байланыс» арқылы баға беріп не сын айтып, қызмет сапасын жақсартуға үлес қосуға болады.

Kitap – қазақша және өзге тілден қазақ тіліне аударылған аудиокітаптар топтамасы

Мұнда:

  • 600-ден аса әлем әдебиетінің інжу-маржандары топтастырылған;
  • 500-ден аса автордың 6000-нан аса кітабы орналасқан;
  • 400-ден астам ертегі бар, олар ұдайы толықтырылып отырады;
  • мектептегі «Қазақ әдебиеті» пәнінде оқытылатын 130 автордың 500-ге жуық шығармасы қамтылған аудиохрестоматия бар;
  • аудионы ойнату жылдамдығын таңдау мүмкіндігі бар. Тыңдап немесе оқып жатқан кітап бөлігі пайыз мөлшерлемесі бойынша көрініп тұрады;
  • кітап туралы пікір білдіріп, талқыға қатысып, баға бере аласыз.

Айта кетерлігі, kitap платформасына жазылу – ақылы. Дегенмен кітапты сатып алмас бұрын бір бөлігін тыңдап көруге болады. Сонымен қатар мектеп бағдарламасындағы барлық шығарма түгелдей дыбысталған.

ONAY бағдарламасы – қоғамдық көліктерде электрон төлем жасауға арналаған

Мұнда:

  • автобус пен троллейбус қозғалысын онлайн режимде қадағалап отыру мүмкіндігі бар;
  • картада әр қоғамдық көліктің аялдамасы мен жүру сызбасы көрсетілген;
  • QR немесе код арқылы жол ақысын төлеуге, ONAY картасының теңгерімін тексеру және толтыруға, жол жүру абонементін сатып алуға және жоғалған картаны бұғаттауға болады;

Өкінішке қарай, ONAY картасы тек Алматы мен Қарағандыда қолжетімді.

«Beep Beep» мобайл қолданбасы – көлігі бар жандардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге арналған онлайн платформа. Бұл бағдарлама ТЖО орталықтары мен көлік жүргізушілерін бір ортаға біріктіреді

Мұнда:

  • көліктің сақтандыру полисін рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған;
  • көлік жөндейтін мамандарды шақырып, ақауларды тез шешуге болады;
  • автомобиль және автосервиске байланысты сұрақтарды талқылау мүмкіндігі бар;
  • қызметіңді ұсынып, табыс табуға болады.

Мысалы, көлігіңізде жанармай таусылып қалса, Beep Beep бағдарламасы арқылы тапсырыс беруге, дөңгелегі жарылып қалса, қолданбада тізіміндегі мамандарға жүгінуге болады.

Post.kz «Қазпоштаның» пошта, қаржы және банк қызметтері

Бұл бағдарлама арқылы «Қазпошта» бөлімшесіне келу уақытын брондауға; ұялы байланыс операторлары мен коммунал қызметтерін төлеуге; жылдам төлемдер жасауға арналған шаблондарды сақтауға болады.

eGov mobile халыққа мемлекеттік қызметтер мен сервистерді ұсынатын бағдарлама

Ендігәрі халыққа қызмет көрсету орталықтарының табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ.Сіз іздеген барлық құжат пен қызмет түрлері eGov mobile қолданбасының ішіне біріктірілген. ЖСН немесе ЭЦҚ арқылы авторизациядан өте аласыз. Бағдарлама арқылы тіркеуден де өтуге болады. Сонымен қатар көпшіліктің көкейінде жүрген сұрақтарға «Жиі қойылатын сұрақтар» бөлімінде жауап көрсетілген. Виртуал ассистент те жұмыс істеп тұр.

Tabys – қаржы сауаттылығын арттыруға бағытталған, инвестиция жасауға бейімдейтін бағдарлама

  • Қосымшаны жүктеп, банк картасын тіркеу жеткілікті.
  • Интерфейс тілі түсінікті.
  • Бағдарламаға кіріп, жұмыс бастау үшін төлем жасаудың қажеті жоқ.
  • Делдалдар жоқ.
  • Инвестиция соммасы 6 доллардан басталады.
  • TABYS инвестиция жасау үшін 12 биржалық нотаны (облигациялар, акциялар, мұнай өндірісі, алтын қорлары) ұсынады.

Qazaqstan 3D – Қазақстанның көрікті жерлерін таныстыратын телефон бағдарламасы. Шетелдіктермен қатар қазақстандықтар үшін де пайдасы мол

 Мұнда:

  • Қазақстанның ең танымал туристік жерлерінің 3D форматындағы моделдері мен фотолары, бейнероликтері топтастырылған;
  • әр туристік аймақ туралы танымдық ақпарат жазылған.