Мақсат қандай болуы керек?

Мақсатымыздың жарты немесе бір жыл ішінде біздің сана-сезімімізге өзгеріс алып келетін және жайлылық шеңберінен шығуға мәжбүрлейтіндей болғаны абзал. Сондай-ақ дұрыс таңдалған мақсат бізге бүгін жоқ дағдыларды игеруге көмектеседі әрі оған жеткен кезде өзімізді бұрынғысынан бетер құрметтеп, мақтан тұтуға себепші болады.

Мысалы, бір студент қысқы сессияларын тек «5» деген бағамен жабамын деп мақсат қойды дейік. Мұнда студенттің қалыпты оқу үлгерімінің қандай екені маңызды. Егер ол бұрын-соңды «4», «5» деген баға алып көрмеген студент болса, онда сана-сезімінде «төңкеріс» болатыны сөзсіз. Ал егер керісінше барлық сабағын «5» деген бағаға оқып, арасында бір ғана «4-і» бар студент үшін ауыз толтырып айтарлық өзгеріс емес.

Екінші студент жайлылық шеңберінен шығу үшін бұдан биік – отандық немесе шетелдік компанияда тағылымдамадан өту немесе білім сапасы әлдеқайда жоғары университетке ауысамын деп мақсат қойса, нәтиже өзін көп күттірмейді.

Мақсатымызға жеткенде сана-сезімімізде өзгерістің болуы маңызды. Сонда ғана өмірімізде белгілі бір жетістікке жетеміз.

Тағы бір мысал – бойжеткен жазға дейін өзіне 10 келі салмақ тастаймын деп уәде берді дейік. Ол тек салмақ тастап қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстанатын достар тауып, тамақтану тәртібін, күнделікті рационын өзгертіп жатса, мақсатына жеткені.

Жайлылық шеңберінен қалай шығамын?

Кез келген адамда қорқыныш болады. Бірақ әркімде әртүрлі. Бейсаналы қорқыныш – біздің қалауымыз және жайлылық шеңберінен шығуға көмектесетін тамаша құрал.

Бір қарағанда Каспий жағасында балалық шағы өткен барлық бала бірдей жүзе алады деп ойлауымыз мүмкін. Алайда олардың арасында жүзе алмайтындарының бар екені сөзсіз. Терең судан, жүзуден қорқады. Егер дәл осындай адам қорқынышымен бетпе-бет кездесіп, жүзуді үйренсе, өзіне деген құрметі арта түседі.

Ең бастысы – психоэмоционалдық құрылымында өзгеріс болып, жайлылық шеңбері кеңейіп, табысты болудың келесі сатысына қадам басады.

Мақсатты жиі еске салу

Табысты азаматтардың сұхбатын тыңдап отырсақ, кез келгені мақсатын ойында нақтылап алғанын, кейін қағаз бетіне түсіргенін айтады. Бұл әдеттің қаншалықты тиімді екенін жетістікке жеткен азаматтардың табысымен өлшеуге болады. Мысалы, Алматыдан Венаға бет алған ұшақты алайық. Екі қала арасындағы 4 601 шақырымды ұшып өту үшін рөлді 8 сағатта 8 рет бағыттап қою жеткілікті деп ойласаңыз, қателесесіз. Мұнда әр минут сайын бағытты бақылап отыру керек болады. Сол сияқты күнделікті мақсатты қойын кітапшасына қайталап жазып отыру – діттеген «нүктемізге» жететінімізге кепілдік.

Мақсатты майда қадамдарға бөлу

Бірден үйдің 25-қабатына секіріп шығу мүмкін емес. Тіпті, екінші қабатына да секіріп шыға алмаймыз. Дәл сол сияқты алдымызға қойған үлкен тортты немесе басқа асты бірден жей алмаймыз. Асқазанымызға бірнәрсе барсын десек, міндетті түрде қасықтап жейміз. Сондай-ақ 25 қабатқа шығу үшін де баспалдақ қажет.

Мақсатты бірнеше бөлікке бөлген кезде ғана оған жете аламын деген сенім пайда болады. Ал сенім бар жерде нәтиженің болатыны сөзсіз.

Самурай ережесі

Кей адам өзін бір орында тұрып қалғандай сезінеді. Бір қарағанда өзгелермен қатар мотивациялық психология, даму туралы кітап оқиды, кино, видео көреді, танымал адамдардың сұхбатын тыңдайды. Тағы бір адамдар мен көп ақша тапқан кезде осы мақсатыма жетемін немесе арықтаған кезде осыны жүзеге асырамын деп ойлайды. Қай жағдайда болмасын, ойдан, арман-қиялдан іске көшу маңызды. Самурайлар әдетте «Не істейтініңізді білмесеңіз, жай ғана алдыға бір адым басыңыз» деп кеңес береді. Осы алғашқы қадам қиын болып көрінсе де, әрі қарай барлығы жеңіл бола түседі.

Мотивацияның дұрыс болуы маңызды

Оны екі түрге бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – көреалмаушылық, реніш, өзін өзгемен салыстырудан туындаған мотивация, екіншісі – адамның өзіне деген махаббаты мен сыйластығынан туындаған мотивация. «Нәтиже бір емес пе?» деген қарсы сұрақ туындауы мүмкін. Иә, расымен де, екі жағдайда да нәтиже бірдей. Бірақ көреалмаушылыққа, өзгені басып озуға, айналасындағыларды төмендетуге ниеттенген адам өзін бақытсыз сезінеді. Мұндай адамдар әдетте өзін өзгемен тек ұрысу үшін, өзін сынап, жегідей жеу үшін ғана салыстырады. Ал бақытты адамда мұндай сезім туындамайды. Өйткені, ол өзін тек «осы мақсатқа жетемін» дегенге дейінгі кезімен салыстырады. Сәйкесінше, өзіне берер бағасы өзіне ғана тәуелді болғандықтан, тұрақты болады.

«Бұдан да алып мақсатқа жеткім келеді»

Қалай десек те, қоршаған ортасы адамды өзгертеді. Егер біз бірге көп уақыт өткізетін 5 адам миллиардер немесе кітапты сүйіп оқитын білім құмар азаматтар болса, онда көп ұзамай біз алтыншысы боламыз. Сондықтан менталды кеңістігімізге кімді кіргізіп, кіргізбейтініміз маңызды.

«Адам неге мақсатына жетерде сәтсіздікке ұшырайды?»

Байқасаңыздар әлеуметтік-тұрмыстық деңгейі орташадан да төмен азаматтар нәтижеге көзді ашып-жұмғанша жеткісі келеді. Осы қалауының салдарынан бар жиған-тергенін түсініксіз пирамида, құмар ойын және т.б.-ға салып жібереді. Психикасы құдды кішкене бала секілді. Мұндайда шыдамдылық пен табандылық көмекке келеді. Егер алдымызға үлкен мақсат қойсақ, аз әрекет етеміз. Мұндай үлкен мақсат туралы ойдың өзі адамның денесін жансыздандыратындай әсер сыйлауы мүмкін. Ал керісінше кішкене мақсат қойсақ, әрекет көп болады. Уақыт өте келе мақсат өздігінен ұлғая түседі. Кейін бұл әдетке айналады.

Позитив ойлау мен жалған позитив ойлаудың ара-жігі қандай?

Бай, табысты адамдар үнемі позитивті ойлайды. «Қолымнан келмейді, қорқамын» деудің орнына «қорқамын, бірақ қолымнан келеді» деген нұсқаны таңдайды. Өзінің ішкі «идеал образын» құрып, көп ұзамай бойында сол «мінсіз» адамда бар қасиеттерді қалыптастыра бастайды. Позитивті көзқарасының арқасында жайлылық шеңберінен шығады. Ал позитивті ойы жалған адамдарды тану қиын емес. Олар күлімсіреп «Менде барлығы жақсы, керемет» десе де, денсаулығы қатты сыр береді немесе өмірінде үлкен келеңсіздіктер болып жатады. Позитивті ойлауды жан-жарасын жасыру үшін пайдаланады.

Мақсатыма жетуге көмектесетін күш-қуатты қайдан аламын?

Канадалық жазушы Джон Кехо «Сіздің сәтсіздігіңіз ешкімге көмектеспейді. Ал табыстылығыңыз керісінше өзіңізге де, өзгеге де пайдасын әкеледі», дейді. Яғни мақсат бізге өзімізді мақтан тұтатындай сезім сыйлап қана қоймай, адамзат үшін, жоқ дегенде отбасымыз үшін пайдасын әкелсе, таңертең қоңыраусыз оянатынымыз сөзсіз. Алдымызға қойған мақсатымыз туралы ойлаған кезде, өздігінен энергия пайда болып, бірден іске кіріскіміз келіп тұрады. Ал егер бұл керісінше бізге біреу таңып берген «жасанды мақсат» болса, күш-қуатымыз сарқылғандай күйге түсеміз.

Ал, оқырман, жаңа жылға мақсат қойып үлгердіңіз бе?