«Клаус»
2019 жылы Netflix платформасына шыққан анимациялық фильм ойдан құрастырылған Санта Клаус туралы аңыздың шығу тарихын баяндайды. Оқиғаның бас кейіпкері — пошташы шалғайдағы қиыр солтүстікте орналасқан қалаға аттанып, ағаштан ойыншық жасайтын жұмбақ шебермен кездеседі. 6000 хат жібермейінше үйіне қайта алмайтын Джеспер аппақ қарға оранған ормандағы шебер Клауспен бірге Смеренсбург қалашығының кішкентай тұрғындарына сыйлық таратады.
«Клаус» сыншылардың оң бағасын алып қана қоймай, әдемі салынған анимациясы мен бірде күлдіріп, бірде көзге жас әкелетін хикаясы үшін көптің жүрегінен орын тапты. Жаңа жыл қарсаңында Джеспердің «қатыгез» қала тұрғындарымен бірге қалай өзгергенін тамашалаңыз. Мультфильм ғажайыпқа сенетін көрермендерге көруге ұсынылады. «Клаусты» тамашалап Аяз атадан сыйлық күткен шақты еске түсіріңіз.
«Гринч қалай Рождествоны ұрлап әкетті»
Ғажайыпқа толы Ктоград қаласының тұрғындары Рождествоны өте жақсы көреді. Көңілді мерекені асыға күтіп, жыл сайын қаланы безендіріп, бір-біріне сыйлық тарту етеді. Денесі жап-жасыл тіршілік иесі Гринч қана Рождествоны жек көреді. Кезінде қала тұрғындары кішкентай Гринчті өзгеше сыртқы түрі үшін балағаттаған. Ол бәріне ренжіп тауға кетіп қалып, иті Макспен бірге сонда өмір сүреді.
Жыл сайын Ктоград тұрғындары сүйікті мерекесін тойлап жатқанда ашуға булыққан Гринч төзе алмай, Рождествоны ұрлап кету жайлы зұлым ойын орындауға кіріседі.
Режиссер Рон Ховардтың фильмінде басты рольді Джим Керри сомдайды. Әр түсірілім басталар алдында Гринчтің гримін жасауға 3 сағат кеткен. Еңбек еш кетпеді, өйткені фильм 2001 жылы «Үздік грим» номициясы бойынша «Оскар» сыйлығын жеңіп алды.
2018 жылы шыққан «Гринч» мультфильмін де көруді ұсынамыз. «Рождество – отбасыңмен және достарыңмен бірге болу. Оны жалғыз қарсы алуға болмайды», – дейді фильмдегі кішкентай қыз Синди. Гринчтің хикаясын жақындарыңызбен бірге тамашалап, Жаңа жылды бірге қарсы алыңыз.
«Поляр экспресі»
Режиссер Роберт Земекистің мультфильмі пойызбен Солтүстік полюске аттанған кішкентай баланың оқиғасын баяндайды. Балалардың бәрі Санта Клаустың бар екеніне, оның сыйлық тарататынына сенеді. Алайда Сантаға, оның сиқырға толы әлеміне сенуден қалған бір бала бар.
Бір күні жаңа жыл қарсаңында кішкентай баланың Сантаға деген сенімін қайтару үшін оған Поляр экспресі пойызы келеді. Ол мұндай керемет мүмкіндікті құр жібермей пойызбен Солтүстік полюске аттанады. Саяхат кезінде оны шытырман оқиғалар күтеді. Ұзақ сапарда жаңа достар тауып, өмірлік сабақ алады.
Жыл соңында культ режиссер Роберт Земекистің кинотуындысын тамашалап, бәр сәтке болсын аспанда қалықтаған шанадан қалған ізді күтетін балаға айналыңыз.
«Фред Клаус, Сантаның ағасы»
Санта Клаустың ағасы бар деп кім ойлаған. Оның есімі – Фредерик Клаус, қысқаша Фред. Бауыры Никтің көлеңкесінде өскен ол ғажайыпқа толы Рождествоға сеніңкіремейді. Бұл мейрамға қатыстының бәріне төзе алмайды. Күндердің бір күнінде Фредке бұғы шанамен Солтүстік полюске ұшып баруға тура келеді. Жаңа жылда сыйлық үлестіріп, балаларды қуантатын мейірімді інісі Николас проблемаға тап болады. Санта бауырын ғана емес, Рождествоны құтқарып қалу енді Фредтің қолында. Кинотуынды жаңа жылдық керемет көңіл-күй сыйлап қана қоймай, кей тұсында ой салып, аңғармай жүрген дүниелерге зер салады. Фильм сиқырға толы мерекеге сенуге мәжбүрлейді. Ғажайып шынымен орын алар болса оны міндетті түрде күткен жөн. Жасымыз қаншаға келсе де, біз іштей бала болып қала береміз. Фильмнің айтар ойы осы.
«Эльф»
Бірнеше жыл бұрын кішкентай бала қызық көріп Санта Клаустың қапшығына жасырынады. Сиқырлы шанаға мінген ол алыстағы Солтүстік полюстен бір-ақ шығады. Эльфтердің ортасына тап болған байғұс баланы солардың бірі асырап алып, оған Бадди деп ат қояды. Бадди өзінің эльф екеніне сеніп, бұдан өзге өмір жоқ деп санайды. Уақыт өте келе есейіп өзінің басқаларға ұқсамайтынын байқайды. Эльф емес адам екенін білген соң туған әкесін іздеп тапқысы келеді. Сөйтіп, эльфтермен қоштасып, өзіне таңсық үлкен қалаға аяқ басады.
Рождество – отбасылық қана емес, ғажайып мереке. Сол себепті әр бала, тіпті 30-дағы эльф те сыйлығын алуға тиіс. Ал Баддидің шынайы тілегі – нағыз отбасын іздеп табу.
Жеңіл, қызық және жылы фильм. Тамаша құрылған декорациялары мен костюмдерден Жаңа жыл атмосферасы анық сезіледі. Режиссер Джон Фавро кез келген жастағы адам көре алатын фильм түсіруге тырысып баққан. Әр адам өзі қаласа жасыл костюмсіз-ақ эльф сезіне алады. Ең бастысы іштей бала болып қалып, ғажайыпқа, жақсылық пен махаббатқа сенсе жеткілікті.
«Рождество хикаясы»
Режиссер Чарльз Диккенстің бұл анимациялық фильмінде бүкіл өмірі байлық жинаумен өтіп, қарапайым адами қуаныштарды ұмытқан сараң бай қарт Скрудждың өмірі баяндалады. Айналасындағылар Жаңа жылды көңілді тойлап жатқанда, ол үшін мереке әдеттегідей елеусіз қалады. Өткеннің, қазіргінің және келе жатқан Рождествоның елестері келіп, қызғаншақ Скрудждің өмірге деген көзқарасын өзгертуге мүмкіндік береді.
Бірінші елес қартқа ақшаның соңына түспей, жақсы көре білетін өткенін көрсетеді. Екінші елес болса нағыз Рождество рухы болып шығады. Ол Скрудждің қалай өзгергенін көрсетеді. Ал үшінші елес қартты болашаққа апарады. Ал онда Скрудждің не көргенін сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Анимациялық фильмнің ішінде қорқынышты сәттер бар екенін еске саламыз. Бірақ бұл кинотуындыдан керемет әсер алуға кедергі болмайды.
Бір деммен көретін фильм. Хикая көрерменді соңғы минуттарға дейін бір сұрақпен ұстап отырады: жақсылық жеңе ме, әлде жамандық па? Жауабын білгіңіз келсе, «Рождество хикаясын» тамашалаңыз.
«Үйде жалғыз қалғанда»
Бұл фильмді білмейтін, бұл фильмді көрмеген адам кемде-кем. Жаңа жыл жақындағанда телеарналар кезек-кезек көрсетіп жатады. Дәстүр бойынша отбасымен тамашалайтын кинотуындыны 1990 жылы режиссер Крис Коламбус түсірген.
Кевин көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ата-анасы Рождество қарсаңында отбасылық саяхатқа аттанарда асығып жүріп кенже бала Кевинді үйде ұмытып кетеді. Кевин кең сарайдай үйінде жалғыз қалса да, қорықпай үлкендерше өмір сүріп, тіпті үйін тонамақ болған екі ұрыдан айласын асырады.
Кевин образымен есте қалған Маколей Калкин фильмнің екінші бөліміне де түсті. Фильмдегі 10 жасар Кевин қазір 41-де. «Үйде жалғыз қалғанданың» үшінші және төртінші бөлімінде басқа актерлер ойнайды, әрі сюжеті бірінші-екінші бөлімдегі Маккалей отбасының шытырман оқиғасына жете қоймайды.
2021 жылы режиссер Дэн Мейзер атақты фильмнің заманауи нұсқасын түсірді. Бұл жолы Рождество демалысында Токиоға бара алмай қалған Макс ұры-қарымен жалғыз күреседі. Киносыншылар нашар бағалағанын жасырмаймыз.
Кевинмен бірге ұрылармен күресіп, Америкадағы жаңа жыл атмосферасын сезіну үшін классикаға айналған туындыны көруге ұсынамыз.
«Хәрри Поттер және пәлсапа тас»
Жыл сайын сиқыршы Хәрри Поттердің хикаясы көрерменді теледидарға телміртеді. Мереке атмосферасы сезілетін «Хәрри Поттер және пәлсапа тас» алғашқы бөлімінен бастап көруді ұсынамыз. Сиқырға толы фильм көрерменді қиял-ғажайыпқа жетелейді. Хогуартстағы алғашқы Рождество мен жас сиқыршылар бастан кешкен шытырман оқиғаға елітіп, келесі жеті фильмді қатарынан көріп тастасаңыз, таң қалмаймыз.
«Пәлсапа таста» алдымен алып әрі ұзын шыршаны қарда сүйреп келе жатқан Хәгридті көріп, одан кейін мерекелік атмосфераға толы қамалдың ішіне енеміз. Профессор Флитвик сиқырлы таяқшасын сермегенде шыршаға өздері ілінген ойыншықтарды көреміз. Таңертең оянғанда Хәрри алғаш рет шыршаның астынан өзіне тиесілі сыйлықты тауып, көзге көрінбейтін мантияға ие болады.
Фильмдер желісінің бірінші бөлімінің режиссеры «Үйде жалғыз қалғанда» картинасын сыйлаған Крис Коламбус екенін атап өткен жөн. Хәрридің сиқырлы әлемін алғаш болып көрерменге таныстыру режиссердың қолынан келді. Ғажайыпқа толы мейрамда Хәрримен бірге Хогуартс-экспресске отырып сиқыр әлеміне саяхаттаңыз.
2022 жылы 1 қаңтарда HBO арнасы «Хәрри Поттер 20 жылдан кейін: Хогвартсқа оралу» атты арнайы шығарылымды ұсынады. Кинофраншизаның алғашқы бөлімі «Хәрри Поттер және пәлсапа тастың» жарық көргеніне 20 жыл толуына орай фильм кейіпкерлері жаңа жыл атмосферасына толы Хогуартста кездеседі.
Add comment