Америкалық антрополог, этнопсихология мектебінің өкілі өркениет пен мәдениеттің адамның бір-біріне қамқорлық танытуынан басталғанын айтады. Ол мұны адамның сан сүйегінің сынып, қайта орнына бітуімен байланыстарды. Жануарлар әлемінде аяғын сындырғандар бірден жемтікке айналады. Өйткені қауіп-қатерден қаша алмайды, тамақсыз қалады. Ал адамдар арасында сан сүйегі сынып, қайта қалпына келуі – оның жанында ұзақ уақыт бойы күтім жасап, көмектескен мейірімді жанның болғанын білдіреді. Осы әлсізге қамқор бола білу мәдениетінің ғасырдан ғасырға жалғасын тауып келе жатқаны сөзсіз.

Дәулет Төлеутайұлы

Үй төбесіне тауық қора салған ақтаулыққа блогер баспана сыйлады

Әлеуметтік желіде Dauletten атымен танылған блогер оқырмандарымен бірге Ақтауда көп қабатты үйдің төбесіне тауық қора салған тұрғынға баспана сыйлады. Блогер үй алуға қазақстандықтардың 12,5 миллион теңге жинап бергенін бөлісті. 20 сотық жері бар үй Мұнайлы ауданының Батыр ауылында орналасқан.

Қалған қаражатқа қора мен дүкен салып береміз. Осы үйде тұрған менің оқырманым жиһазын қалдырып кеткен екен, – деді блогер.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтау қаласында ер адамның 10 қабатты үйдің төбесіне тауық қора салғаны белгілі болды. Айтуынша, мұны 6 баласын асырау үшін жасаған. Шатырдың кілтін ПИК-тен алып, тауықпен қатар қоян да асыраған. Оған осы әрекеті үшін 65 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, кейін оған қазақстандықтар көмек қолын соза бастады. Олардың ішінде блогер Дәулет Төлеутайұлы мен кәсіпкер Сырымбек Тау да бар.

instagram.com/gulmir_ktk

Журналист саз балшықтан үй салмақ болған әйелге пәтер сыйлады

КТК телеарнасының журналисі әрі тележүргізуші Гүлмира Әбіқай желідегі оқырмандарымен бірге Қызылорда облысында тұрып жатқан жалғыз басты анаға үй алып берді. Әсел есімді келіншек 11 жыл бойы екі баласымен бірге пәтер жалдап, кейін үш жыл сарайда тұруға мәжбүр болған. Артынша екі баласымен бірге саз балшықтан уақытша баспана салуға бел буады.

Кішкентай қызы су тасып, баласы анасына көмектесіп, армандары асқақ еді. Құрылыстың тетігін білетін бауыры жанашырлық танытып, қабырғасын көтеруге көмектеспек еді, ол кенеттен жол апатынан қайтыс болды. Еңіреп жылаған әйелдің етегі жасқа толды. Мен Әсел жайлы жазылған қаңқу сөздерге мән бермедім, еңбекқорлығын бағаладым, – деп жазды Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында.

instagram.com/gulmir_ktk

Журналист әйелдің оқиғасын бөліскен соң, бір тәулік ішінде оқырмандары 5 миллион 300 мың теңге жинап берді. Кейін жалпы сома 6 миллион 700 мың теңгеге жетті.

Қуанғанымыздан времянканы ұмытып, Сыр бойынан үй іздей бастадық. Қызылордада не көп – сатылатын үй көп. Алайда, көбі ескі, пәтерлердің қабырғасы ыдырап, төбесінен су ағып тұр. Жер үйлерің қымбат, көбіне құжаты дұрыс емес. Тәуекел деп құрбан айттағы бір сауапты тағы да Әселге арнайық деген ұсынысымды жерге тастамаған оқырманыма ризамын, – деп жазды Гүлмира Әбіқай.

Көп ұзамай Әсел Қызғалдақ және Нұрсұлтан есімді екі баласымен жаңа үйге қоныстанды. 2018 жылы салынған үйдің газ-суы, қосымша 10 сотық жері бар.

Tengrinews.kz

«Мейірімділіктің аты мен түрі болмайды»

Қара бетперде тағып жүзін жасырған азамат көмекке зәру жандарға көмектесті. Алайда ол өзінің кім екенін жұрттың білгенін қаламайды.

Аты-жөнімді айтқым келмейді. Маған осылай ыңғайлы. Өйткені мейірімділіктің аты мен түрі болмайды. Өзім үшін еңбектенемін. Адамдарға көмектесу үшін қаражат өзіме тиесілі. Менің ешқандай демеушім жоқ. Менің ойымша – бастысы жасырып болсын, жариялап болсын жақсылық жасау. Жариялап жақсылық жасаудың бір пайдасы – жастарға үлгі болады. Мейірімділіктің сәнге айналғанын қалаймын, – деді 24 жастағы Орал тұрғыны.

Есімін жасырған жас жігіт қаржылай көмектесіп қана қоймай, мұқтаж жандарға сөзбен қолдау көрсеткен. Әйелімен ажырасқан соң далада қалған Олег есімді азаматты моншаға түсіріп, киім сыйлаған.

inform.kz

Чиншанло мен Сон Олимпиададан алған ақшасын қайырымдылыққа аударды

Ауыр атлетикадан Токиодағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло да өзге спортшылар секілді ақшалай сыйлықтарын қайырымдылыққа аударуды жөн көрді.

Қаржылай сыйақыдан бөлек Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло Toyota Camry 75 автокөлігін иеленді. Ал жеке жаттықтырушыларына федерацияның президенті Жанат Түсіпбеков ақшалай сыйақы берді. Мұнымен қатар, спортшылар журналистерге арналған баспасөз жиынында Олимпиададан қола алғаны үшін берілетін 75 мың долларды қайырымдылыққа аударатынын атап өтті.

Еске салсақ, биыл Токиода өткен Олимпиадада Игорь Сон 61 келіде, Зульфия Чиншанло 55 келіге дейінгі салмақта үшінші орын алды.

instagram.com/sabyfoundation

Геннадий Головкин «Сәби» қорына 55 миллион сыйлады

2021 жылдың мамыр айында Алматы қаласында Bvlgari зергерлік-сағат үйі мен «Сәби» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен өткен қайырымдылық кеші кезінде Головкиннің қолғабы 55 миллионға сатылды. Іс-шараға отандық боксшыдан бөлек ресейлік UFC файтері, Хабиб Нурмагомедовтің досы Зубайра Тухугов атсалысты.

Қайырымдылық аукционында зергерлік-сағат үйінің амбассадоры Светлана Ходченкованың қолтаңбасы қойылған «Bvlgari. Рим қазынасы» эксклюзив албомы 1,1 миллион теңгеге сатылды. Бұдан өзге Питон терісінен тігілген Bvlgari сөмкесі 5 миллионға сатылды. Жанкүйерлердің бірі UFC экс-чемпионы Хабиб Нурмагомедовтің қолтаңбасы бар футболканы 16 миллион теңгеге сатып алды. Аталған қайырымдылық аукционының ең қымбат лоты Геннадий Головкиннің бокс қолғабы болды. Бастапқы бағасы 500 мың теңге болған қолғап ақырында 55 миллион теңгеге сатылды. Боксшы осы соманың барлығын «Сәби» қорына табыстады.

Stan.kz

Танымал блогер қазақстандықтардың несиесін төлеп берді

Отандық блогер Нұрбек Нұртаза өзі танымайтын қала тұрғындарын несиесін төлеп беріп қуантты. Әлеуметтік желіде кеңінен тараған видеода блогер кездескен адамдарға жақындап, олардан несиесінің бар-жоғы туралы сұрады. Алдымен көше сыпырушы, кейін күзетші мен мүгедектігі бар әйелдің несиесін жауып берді.

Ол өзіне бұл идеяның кенеттен келгенін, мұны Рамазан айында жасап жатқаны үшін қуанышты екенін айтады.

Қайырымды істерді жиі жасасақ та, ол туралы көбінесе бөлісе бермейміз. Кез келген адам көмекке зәру болуы мүмкін. Ол – жаныңнан өтіп бара жатқан кездейсоқ адам, мүгедек жан болуы да ғажап емес. Кей адам өзі қолдау сұрап жазады. Адам баласы расымен де көмекке мұқтаж болса, қолымнан келген көмегімді аямаймын. Бұл идея маған күтпеген жерден келді. Меніңше, мұндайды бізде әлі ешкім жасап көрген жоқ. Оның үстіне қасиетті Рамазан айында неге жасамасқа?! – деп бөлісті Нұрбек Нұртаза.

Мұнымен қатар, блогер көптеген адамның өзіне сенбей, теріс айналып кеткенін айтты.

Біз үш адамның несиесін жауып бердік. Өзіміз қаржылай көмектескен көптеген адамды видеоға түсірмедік. Мысалы, бір әжейден аз ғана сома – 10-20 мың теңгеге гүл сатып алдым. Шындығында, қайыршыларды ұнатпаймын, керісінше адамның өз еңбегімен ақша тапқанын құрметтеймін. Ал жаңағы мен айтып отырған адамдар кітап, бәліш, гүл сатып күн көріп отыр. Бұл расымен де құрметке лайық. Олардан қолымнан келген көмегімді аямаймын, – деді Нұрбек Нұртаза.

Қазақстандық TikTok-блогер қайырымдылыққа бір миллион теңгеден астам қаражат жұмсаған. Айтуынша, шамамен 10 адам қаржылай көмек алды.

Тұрар Қазанғапов

Үй алатын ақшасын Ақсайдағы науқас баланың еміне аударды

Орал қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Серік Мұқашев Эмир Шахмаровтың еміне бір миллион теңге қаражат аударды. Бұл туралы оның досы Әли Тұқашев баяндап берді. Айтуынша, Эмир Шахмаровтың еміне әлемдегі ең қымбат дәрі қажет. Мұнымен қатар, сәбидің анасы Сабина ұлының еміне деп Салтанат Шаймардан есімді әйелдің 6,5 миллион теңге аударғанын хабарлады.

Салтанат бұған дейін бір миллион теңге аударып қуатқан болатын. Ол әрдайым күйеуім екеуімізге қолдау білдіріп отырады. Осындай мыңдаған адамның қолдауының арқасында алға жылжып келеміз, – деді Сабина.