ГлавнаяБлог

Күніне минимум 150 мың теңге. «Аяз ата мен Ақшақар» бизнесін қалай жүргізу керек?

«Аяз ата мен Ақшақар» болып табыс табу туралы ойлап көрдіңіз бе? Ол үшін не қажет, кім болуың керек? Осы және өзге де сұрақтарға жауап табуға тырыстық.

Аяз ата — жас пен кәріге бірдей қуаныш сыйлайтын сиқыршы. Ақшақарсыз Аяз атаны елестету мүмкін емес. Дегенмен жұмыстың аты – жұмыс. Жаңа жылдың басты кейіпкерлерінің де өзіндік қағидалары мен ережелері бар. Олар соған бағынады. Сол арқылы табыс табады. Аяз ата мен Ақшақар:

  • жаңа жылдық көңіл-күй, атмосфера қалыптастырумен;
  • өнер көрсеткендерге сыйлық сыйлаумен;
  • шыршадағы шамдарды жағумен;
  • балалардың хаттарын оқып, жауап берумен;
  • ескі жылды шығарып, жаңа жылды қарсы алумен;
  • құттықтау сөз айтып, тілек тілеумен;
  • балаларды қызықтырған сұрақтарға жауап берумен айналысады.

Аяз аталар 3-ке бөлінеді:

  • Суретке түсетін Аяз ата. Ашық алаңдарда, сауда орталықтарында Аяз атаны көрген жандар міндетті түрде жақындап келіп зер салуды, суретке түсуді қалайды. Аяз ата суретке түскені үшін ақша алады. Күні бойы дамыл таппай жүру керек, оның үстіне мұндай жерде бәсекелестер көп болады. Ауа-райы да аса маңызды роль ойнайды.
  • Фирмада не агенттікте жұмыс істейтін Аяз Ата. Компанияда жұмыс істеу жеңілдеу. Тапсырыс берушілердің мекенжайы, көлік пен киім-кешек дайын. Агенттік Аяз атаның жанына жануарлар киімін киген аниматорларды қосып береді. Мұнда үнемі тапсырыс бар, яғни табыс бар. Кері жағы да жоқ емес: келісімшарт бойынша тапқан табыс көлемінің бірнеше пайызы агенттікке тиесілі болады. Шығармашылық еркіндік берілмеуі мүмкін.
  • Өз-өзіне жұмыс істейтін Аяз ата. «Өзім – қожа, өзім – бидің» күні. Мұндай Аяз аталар бәрін өздері істейді, өзі тапсырыс алады, өзі келіседі. Есесіне табыс толықтай өз қалтасына түседі. Ешкім ешқандай шектеу қоймайды.

Аяз ата мен Ақшақар қандай болуы керек?

Халықты қызықтыру үшін таза ниет пен ақ сақал, қызыл шапан мен асатаяқ жеткілікті. Мейірімді әрі көңілді Аяз атаны балалар қатты жақсы көреді. Дегенмен Аяз ата мен Ақшақар болу үшін мыналар маңызды:

  • Сырт келбет. Жұртшылық назары үнемі қос сиқыршыда болатынын жақсы білеміз. Аяз атаның бойы 180 саниметрден жоғары, ірі денелі болғаны жөн. Ақшақардың бойы 165 сантиметрден биік болғаны дұрыс. Бірақ бұл көрсеткіштер ресми бекітілмеген, сондықтан қалаған адам осы жұмыспен айналыса алады.
  • Халық фольклорынан хабардар болу. Аяз ата үшін балаларға арналған ертегілерді білу, түрлі өлең жолдарын жатқа айту, мерекелік сценарийден ауытқымауы маңызды. Ақшақар Аяз атаның айтқандарын іліп әкетуге тиіс.
  • Жауапкершілік. Мереке кештеріне, іс-шараларға кешігіп баратын, өзгелерді күттіріп қоятын Аяз атаны ешкім ұнатпайды. Жаңа жылдың бас кейіпкері уақытын дұрыс пайдалануы керек.
  • Алкогольден бас тарту. Аяз ата – мерекенің шырқын бұзушы емес, сәнін кіргізуші. Арақ-шарапқа, жалпы зиян заттарға үзілді-кесілді қарсы адам сөзсіз Аяз ата бола алады.
  • Сергек сана. Аяз ата мен Ақшақар кез келген уақытта тапсырыс қабылдауға дайын болуы керек. Таңертең, түсте, кешке, тіпті түннің ортасында болсын. Оның үстіне клиенттер де әртүрлі. Бастысы, ашуға ерік бермеу. Сабыр сақтау, көңілді болу – кәсіби маманның қолынан келетін іс.

Костюм

«Аяз ата мен Ақшақар бизнесін» таңдаған адам бір жайтты ескеруі керек. Бұл кәсіпте сырт келбеттің, яғни костюмның ролі зор.

Алдымен анықтап алайық. Қазақстан нарығында «Аяз ата мен Ақшақардың» киімдеріне сұраныс жоғары. Сатып алар болсаңыз, костюмдердің бағасы 15 мың теңгеден басталып, 180 мың теңгеден асып жығылады. 1 күнге жалға аламын десеңіз, 7 мың теңгеге керегіңізді табасыз.

Бұл салада бір не 2 жыл ғана жұмыс істеп, табыс табамын десеңіз, реквизиттерді жалға алғаныңыз жөн. Ал «Аяз ата мен Ақшақар» бизнесін тұрақты табыс көзіне айналдыруды көздесеңіз, киім-кешекті сатып алғаныңыз, болмаса тапсырыспен тіктіргеніңіз жөн. Осылайша уақытыңызды әрі ақшаңызды үнемдей аласыз. Костюм таңдарда оның сапасына назар аударуды ұмытпаңыз.

Бізден кеңес

Адамдар жаңа жыл қамына ерте кірісіп кетеді, сондықтан клиент іздеуде шапшаңдық танытқан жөн. Осы салада жұмыс істеуді қолға аламын десеңіз, әлеуметтік желілерден парақша ашыңыз. Парақша ашып қана қоймай, жиі пост жариялап, ақпаратқа толтыру керек. Olx, Naimi.kz сияқты қызмет ұсынатын сайттарға хабарландыру беру де артық болмайды. Балабақшалар мен мектептердегі ата-аналардың ортақ чатына қосылуға тырысыңыз, үнемі қызметіңізді ұсынуды ұмытпаңыз.

Әлеуметтік желілердегі хабарландыруларға сүйенсек, Аяз ата мен Ақшақар 1 күнде кемінде 150 мың теңге табыс таба алады. Дәл жаңа жыл түні бұл сомма 2-3 есе артып кетеді. Осы салада қызмет ететін инста-парақшадағы прайс бойынша балабақшадағы ертеңгіліктің бір сағаты 50 мың теңге, корпоратив кештеріндегі жарты сағат 50 мың, 1 сағат 70 мың теңгені құрайды. Үйге барып 15 минут бойы тілек тілеп, құттықтау – 30 мың теңге деп көрсетілген.

Аяз ата болып табыс тапқан жігіттің тәжірибесі

Артем Силиди – аниматор, Аяз ата болып жұмыс істейді

Артем Силиди – аниматор, Аяз ата болып жұмыс істейді

«Аниматор болып жұмыс істегеніме 5 жылдан асты. Ал Аяз ата болып табыс тауып жүргеніме 3-4 жылдың жүзі болды. Агенттікпен келісімшартқа отырғанмын, сондықтан Ақшақар да, жануар киіміндегі аниматорлар да – әріптестерім. Реквизиттерге келсек: костюм – қызыл, көк түсті, кәдімгі қарапайым шапан. Бас киім мен сақалымыз, асатаяқ пен сыйлық салатын қап бар. Мұның бәрін агенттік береді. Бетімізді сақал жауып қалатындықтан, көз бен мұрын ғана көрініп тұрады, сондықтан көп мөлшерде грим жақпаймыз. Түрлі костюм офисте болады. Сол жерде жуамыз, үтіктейміз, кептіреміз, бәрін өзіміз істейміз. Солай өңін жоғалтпайды.

Клиенттерді агенттік табады. Негізгі клиенттеріміз: балабақшалар мен мектептер. Үйге де шақырту аламыз, әр кезде әртүрлі, кейде жиі, кейде сирек. Корпоративтерге де жиі тапсырыс түседі. Айта кетерлігі, бұлай пандемияға дейін болған. Осы жылы басқаша болуы мүмкін.

Рұқсат берілген жағдайда ғана корпоратив, балабақша мен мектептерге барамыз. Түрлі шоу, мерекелік бағдарлама бар. Мектеп пен балабақшаларға көбіне аниматорлармен барамыз. Корпоративтерде шоу жасаймыз, көңіл көтеруге тырысамыз. Агенттікпен гонорар бойынша келісіп аламыз. Тура жаңа жыл түні қызмет бағасын өсіруге тура келеді. Себебі жаңа жылды отбасымызбен қарсы алмай, жырақта жүреміз.

Жұмыстың теріс жағы жоқ деуге де болады. Жұмыс өте қызық, бірақ барлығына жарайды дей алмаймын. Бұл жұмыс менің жаныма жақын. Үнемі позитивте жүреміз. Мен үшін хобби сияқты. Қызықты сәттер де болып тұрады. Мейрам болған соң, адамдар мас болып жатады, көңіл көтеріп, билеп жүргендер Аяз атаның, яғни менің үстіме құлап, басып қалған кездер болған. Реніш болған жоқ, күлдік, тұрдық, ары қарай жалғастырдық.

Шыршалар тігілгенде, гирляндалар ілінгенде сөзсіз сиқыр басталады. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жаңа жылдық атмосфераны сезінуге асығады. Біз де асықпыз», — дейді Артем Силиди.