ГлавнаяБлог

Жаңа жыл қалтаңызды қақпасын десеңіз…

Әр жылы осы бір мерекені бүкіл дүниежүзі күтеді. Жай күтпейді, ерекше ғажайыбын ала келетініне үміттенеді. Сол ғажайып уайымға айналмауы үшін оған қаржылай дұрыстап дайындалу қажет. Жаңа жыл мерекесін қалтамыз қақпайтындай әрі ысырапқа жол бермейтіндей тойлау үшін не істеу керек? Бірге білейік.

1-қадам. Жаңа жылдық мерекеге қанша қаражат керек екенін анықтап алыңыз

Шырша мен ойыншықтар

Үйіңізді қалай сәндегіңіз келетінін және ол үшін не керек екенін анықтап алуыңыз керек. Былтыр бұл үрдіске қанша қаражат кеткенін еске түсіріп көріңіз. Мүмкін үйдегі шырша мен ойыншықтардың өзі жетіп қалар?

Мерекелік дастархан

Мерекелік дастарханға дайындық идеал түрде болғанын қаласаңыз, оны бүге-шүгесіне дейін жоспарлау қажет. Егер бәрін жоспарлап отыру ұнамаса, былтырғы дастарханды еске түсіріңіз. Дәл сол жылы жұмсаған қаражатыңызға тағы 10-15% қосуға дайын болыңыз.

Сыйлықтар

Жаңа жыл қарсаңында сыйлық бергіңіз келген адамдарды тізіп шығыңыз. Тізімнің қасына сол адамға не беретініңізді немесе қанша қаражат жұмсайтыныңызды жазыңыз. Отбасыда кішкентай балалар болса, олардың өзіне, мұғалімі мен тәрбиешісіне де сыйлық дайындау қажет екенін есте ұстаған дұрыс. Тек сыйлықты тақалғанда алмаңыз. Себебі асығып жүріп пайдасыз зат алып қоюыңыз мүмкін әрі ол сізге қымбатқа түседі.

Қаңтардың 1-2 аптасы

Жаңа жыл қарсаңында сыйлық алып, үйді сәндеп, дастархан дайындап жүргенде қаңтардың бірінші жартысына да қаражат керек екенін есте ұстаңыз. Қаңтардың басы – демалыс. Бұл уақытта тіпті көбірек ақша керек болуы мүмкін. Сондықтан алдын ала қаражат жинап, сақтап, дайын болыңыз. Оған 10-15% тағы қосыңыз. Бұл сіздің көзге көрінбейтін шығындарыңызды жабуға көмектеседі.

Қайырымдылық

Жаңа жыл — біразы үшін таңғажайып мереке. Бұл кезде көбі жақындарын ғана емес, басқа да мұқтаждарды қуантқысы келеді. Сыйлық алмайтын әрі мерекені ойдағыдай тойламайтын отбасыға көмектесемін десеңіз, оған бюджеттен арнайы сома бөліп қойыңыз.

«Мереке қарсаңында қаражатты көбірек жұмсауға дайын болыңыз, бәрін артығымен жоспарлаңыз. Себебі біраз зат былтырғыдан қымбаттау болады. Арнайы қор құрып, алдын ала ақша жинаңыз. Табысыңызға қарай айына қанша соманы жинаққа сала алатыныңызды байқаңыз. Тіпті Жаңа жылға дайындықты бірнеше ай бұрын бастауға кеңес берер едім.

Мерекелік шығындарды жоспарлау, қадағалау, үнемдеу Жаңа жылды жайлы тойлауға көмектеседі. Себебі адам «Ақшаны қалай жеткіземін, әрі қарай қалай күн көремін?» деген сияқты уайымнан арылады. Ең бастысы — Жаңа жылдан соң да өмір бар екенін естен шығармасақ екен. Қаңтардан бастап коммунал қызметтерді төлеу, азық-түлік алу, жолға қаражат жұмсау, балаларды бағу – бәрі қайта жалғасады», — дейді қаржыгер Эркайым Мияр.

2-қадам. Алдын ала жоспарлаңыз

Жаңа жыл мерекесін қанша адам тойлайды, кімдер қонаққа келеді, үйде ол күні кім болмайды – осының бәрін нақтылап, соған сай меню құрастырған дұрыс. Үйде қанша адам болатыны, олардың порциясы, диеталық ерекшелігі анықталса, алатын азық-түліктің тізімін жазу керек.

«Көп жағдайда етті, азық-түлікті артығымен аламыз. Негізі шамалап алу тәсілі жарамайды. Түбінде көбірек ақша жұмсаймыз, денсаулығымызға зиянын тигіземіз әрі ысырапқа жол береміз. Сондықтан қарапайым мерекені тойлауда да нақтылық керек. Артықтан арылуға, істі нақтылауға кайдзен көмектеседі. Үйде дайындалған ас желініп, үлкендер батасын, келген қонақ рахметін айтып кетсе, қандай жақсы? Ал сол тамақ артылып, ысырап болып, қоқысқа кетіп жатса, бұл құп іс емес. Екінші жағдайды болдырмауға жоспарлау тәсілі көмектеседі», — дейді кайдзен тренер.

Мерекелік дастарханды тиімді жаюға мына сұрақтар көмектеседі?

  • Жаңа жылды қарсы алатын күні үйде қанша адам болады?
  • Кім қонаққа келеді? Кім үйде болмайды?
  • Үйде ерекше тамақтанатын адамдар бар ма? Олардың диетасына сай келмейтін тағамдар қандай?
  • Үйдегі балалар не жейді, ал нені ұнатпайды?
  • Былтырғы жаңа жылда қандай тамақ артылып қалды?
  • Былтыр қай тағамды сол күйі жасап үлгермедіңіз?

Осы сұрақтарға нақты жауап тапсаңыз, онда азық-түліктің тізімін жаза беруіңізге болады. Ал азық-түлік алғанда мына жағдайларды ескеру керек:

  1. Алдын ала тізім дайындау
  2. Азық-түлік алуға аш болып бармау
  3. Дүкенге немесе базарға балаларды апармау

3-қадам. Пайдасына көңіл бөлу, ысырапқа жол бермеу

Балаларға сыйлық таңдағанда

Жаңа жыл мерекесі — әсіресе балалар үшін ерекше кезең. Олар Аяз атаға хат жазып, қалауын сұрайды, сыйлыққа қарқ болады. Бірақ сыйлық алғанда да кайдзен қағидасына жүгіне аласыз. Бұл қағидаға сай сыйлық пайдалы, баланы дамытатын, іске жарайтын болуы керек. Кайдзен бір ойнап, қызығы кетіп қалатын ойыншық алуды құптамайды.

«Дүкенде толып тұрған, бір күнде сындырып тастайтын жай ойыншықтарды балаға алып бермеген жөн деп есептеймін. Баланың да бұл ойыншыққа қызығушылығы қысқа болады. Ата-ананың да «Кеше ғана алып беріп едім, демде сындырып тастады» деп көңілі түсіп жатады. Сондықтан балаға Жаңа жылдық сыйлық алғанда ойыншықтың я бұйымның пайдалысына, дамытатынына, ұзақ ойнауға тиімді екеніне назар аударыңыз. Ересектер балаға ойыншықтың өзін кайдзенге сүйеніп алып беріп үйретсе, өскенде ол дүниені құндылықтарға негіздей біледі. Бала ойыншықты тиімділігіне қарай таңдауды үйренеді» — дейді Жандос Амангелдиев.

Үйді сәндегенде

Кайдзен бір сатып алған шыршаны бұзбай, әр жылы соны қолдануға шақырады. Ол өсіп тұрған шыршаны кеспей, жасандысын сатып алуды қолдайды. Шырша мен ойыншықтарды бүлдірмей, өз қорабына салып сақтасаңыз, кайдзен бойынша әрекет еткен боласыз. Байқасаңыз, жаңа жылдық ойыншықтар да арнайы қорапта сатылады. Ол қораптар тек орауға ғана емес, заттың бұзылмай тұруына да тиімді. Егер ойыншықтар мен шырша жоғалып, сынып, әр жерде қалса, келесі жылы тағы сатып алуға тура келеді.

«Жалпы Жаңа жыл бар, басқа бар, мерекені тиімді әрі ысырапқа жол бермей тойлауды үйренсек екен. Бір күнде, бірнеше сағатта өтіп кететін шара үшін бәрін төгіп, шашып, жайып тастауға дайын тұрамыз. Дәстүр, дін, экология, мәдениет, экономика – қай жағынан алып қарасақ та, ысырап ету бізге тиімді емес. Мереке әдемі көңіл-күй сыйлайтыны сөзсіз. Тек оны жоспарлай білсек, соның өзі жетіп жатыр. Айтпақшы, аш қарынға дүкен араламаған, азық-түлік алмаған дұрыс», — дейді кайдзен тренер Жандос Амангелдиев.