ГлавнаяБлог

2022 жылы Қазақстанда болатын 8 өзгеріс

Жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері артатындықтан бірқатар төлем мен жәрдемақы мөлшеріне өзгеріс енеді. Осы орайда 5Q Media басылымы назарыңызға қазақстандықтарды жаңа жылдан бастап күтіп тұрған бірқатар өзгерісті ұсынады.

Ең төменгі жалақы

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңге болады. Бұған дейін бұл сома 42 500 теңге еді. Бұл өзгерісті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру – ең маңызды макроиндикатор. Сондай-ақ Президент бүгінде республикадағы ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау қажеттілігі туындағанын айтты.

Жаңа жылдан бастап 1 миллионнан астам адамның жалақысы көтеріледі.

Қазақстанда жалдамалы қызметкерлердің ең төменгі жалақысы осы көрсеткішке байланысты болғандықтан, ЕТЖ есебінен елдегі азаматтардың жалақысынан салыққа аударылатын бөлігі мен әлеуметтік аударымдар жүргізілетін табыстың ең жоғары мөлшері реттеледі. Осы өзгерістің нәтижесінде әлеуметтік төлемдер 7 ең төменгі жалақыдан немесе осы жылы 297 500 теңгеден аспайды. Ал 2022 жылы бұл сома 420 000 теңгеге жетеді. Жоба қабылданған соң жаңа бекітілген көрсеткіштер 2022 жылдан бастап қолданылуға тиіс.

2022 жылы әйелдер 1,6 миллион теңге көлемінде бір жолғы декреттік төлем ала алады

Жүктілік пен босану бойынша табысынан айырылған жұмыс істейтін әйелдерге берілетін біржолғы әлеуметтік төлем мөлшері кейінгі 12 айдағы орташа айлық табыс мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициентіне көбейту арқылы анықталады. Алайда оның мөлшері 7 ең төменгі жалақыны құрайды. Азаматшаның жалақысы осы шекті мәннен асса да, төлем мөлшері шекті мәнге қарай есептеледі. 2022 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңге болғандықтан, бұл төлем 1 587 600 теңге болады. Әзірге бұл сома – 1 224 550 теңге.

Әлеуметтік аударымдар мөлшері үшін шекті мән белгілі болғандықтан, 7 ең төменгі жалақыдан асатын сомадан әлеуметтік аударымдар жасалмайды. Биыл бұл сома 297 500 теңге болса, келер жылы 420 мың теңгені құрайды. Жеке еңбек шартында көзделсе, айырмашылықты жұмыс беруші өтеуі мүмкін.

Бала дүниеге келгенде берілетін жәрдемақы

Жұмыс істейтін немесе істемейтініне қарамастан, әйелдерге мемлекет тарапынан бала босанғаны үшін жәрдемақы беріледі. Жөргекпұл сомасы баланың кезегіне байланысты өсіп отырады:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 116 394 теңге (2021 жылы – 110 846 теңге);
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 192 969 теңге (2021 жылы – 183 771 теңге).

Егіз не үшем, төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.

Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап төрт және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан 23 жасқа толмаған балалары бар аналарға сараланған мөлшерде жәрдемақы беріліп келеді. Жәрдемақы отбасының кірісіне қарамастан беріледі. 2022 жылы жәрдемақы мөлшері мынадай:

  • төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 49 926 теңге (2021 жылы – 46 760 теңге);
  • бес балаға – 20,04 АЕК немесе 61 382 теңге (2021 жылы – 58 457 теңге);
  • алты балаға – 24,05 АЕК немесе 73 665 теңге (2021 жылы – 70 154 теңге);
  • жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 85 947 теңге (2021 жылы – 81 852 теңге);
  • сегізінші баладан бастап әр балаға 4 АЕК немесе 12 252 теңге қосылады. 

АЕК 5 пайыз артады

Заң қабылданса, жаңа жылдан бастап АЕК мөлшері 5% өседі. 2021 жылы АЕК мөлшері 2 917 теңге еді, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл сома 3 063 теңге болады.

Айлық есептік көрсеткіштің өсуі балалар үшін берілетін жәрдемақыға да әсерін тигізеді.

Дәлірек, бала бір жасқа толғанша берілетін жәрдемақы сомасы да былай артады:

  • 2021 жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істемейтін ана 5,76 АЕК немесе 16 802 теңге алады. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл жәрдемақы 17 642 теңгеге көбейеді;
  • Екінші баласы үшін жұмыс істемейтін ана 6,81 АЕК немесе 19 865 теңге алады. Ал жаңа жылдан бастап бұл сома 20 859 теңгеге жетеді;
  • Үшінші баласы үшін жұмыс істемейтін ана 7,85 АЕК немесе 22 899 теңге алады. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 24 044 теңге алатын болады;
  • Жұмыс істемейтін аналар төртінші және одан кейінгі балалар үшін 8,9 АЕК немесе 25 962 теңгеден алады. Ал жаңа жылдан бастап бұл сома 27 260 теңгеге жетеді.

Бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер әйелдің орташа жалақысына байланысты болғандықтан, жұмыс істейтін аналар үшін ешнәрсе өзгермейді. Қазақстанда ең жоғары жалақы елде белгіленген 7 ең төменгі жалақыға тең. Ал ең төменгі жалақы әзірге – 42 500 теңге.

Құжатқа сәйкес, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіштің мөлшері және ең төменгі зейнетақының көлемі өзгереді.

  • жалақының ең төмен мөлшері 60 мың теңге болады. Ескеретін жайт – жобада ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге деп көрсетілген. Алайда мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жалақының ең төмен мөлшері артатынын мәлімдеді;
  • зейнетақының ең төмен мөлшері 46 302 теңге болады;
  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 19 450 теңге;
  • базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 36 018 теңге;
  • жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 3 063 теңге;

Айыппұл, салық, және өзге бюджеттік төлемдер

Мемлекеттік қызметтер үшін төленетін сомалардың мөлшері де тікелей айлық есептік көрсеткішке байланысты. Мысалы, жүргізуші көлік жылдамдығын сағатына 40 шақырымнан асырса, 61 260 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Бұған дейін жүргізушілер 20 АЕК немесе 58 340 көлемінде айыппұл төлеп келді.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде айлық есептік көрсеткіш мөлшерімен бірге міндетті сақтандыру полисі мен көлік салығының бағасы өседі. Ал төлқұжат алу үшін төленетін мемлекеттік баж мөлшері 24 504 теңге болады. Жыл соңына дейін 8 АЕК — 23 336 теңге болады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі

Көрсеткіштер қабылданған жағдайда ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 5 пайыз артып, 36 018 теңге болады. Әзірге бұл сома – 34 302 теңге. Осы орайда, ең төмен күнкөріс деңгейімен байланысты төлемдер де өседі. Мысалы, асырауындағы екі адам үшін асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік жәрдемақы мөлшері — 2022 жылы 53 666,82 теңге. Әзірге бұл сома 51 109, 98 теңге болып тұр. 

Зейнетақы төлемдері

Зейнетақы төлемдері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызына тең. 2021 жылы – 18 524 теңге, ал 2022 жылы бұл сома 5 пайызға артып, 19 450 теңге болады.

1998 жылға дейін ерлер үшін 25 жыл және әйелдер үшін 20 жыл жұмыс өтілі бар қазақстандықтар толық көлемде алатын ынтымақты зейнетақының ең төменгі мөлшері 7 пайыз өседі. 2021 жылы ең төменгі зейнетақы мөлшері — 43 272 теңге, 2022 жылы бұл сома 46 302 теңге болады.

Ең төменгі күнкөріс деңгейінің өсуі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін ең төменгі зейнетақы төлемдеріне ықпал етеді. Оның мөлшері — ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы. Қазіргі уақытта бұл 24 012 теңге, ал 2022 жылдан бастап 25 213 теңге болады.