ГлавнаяБлог

«Жеңіс – мәңгілік!». Ақан Сатаевтың «Боксшы» фильмі қалай түсірілді?

Ақан Сатаевтың кезекті туындысы 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіліп жатыр. Фильм сюжеті сұхбат форматында беріледі. Спортшы өмірінің маңызды сәттерін еске алып, спорттағы жолы қалай басталғанын, жеңіс пен жеңіліс туралы әңгімелейді.

Фильмнің басты кеңесшісі Серік Сәпиевтің өзі болған. Туындының авторы, режиссер Акан Сатаев ортамызда жүрген адам туралы фильм түсіру үлкен жауапкершілікті сезіндіргенін айтады. Cонымен қатар ыңғайлы тұстары да бар екен.

Бір жақсысы – біз үнемі Серікпен сөйлесіп, керек нәрсені сұрай алдық. Жақындарымен де кездестік. Серіктің өмірінде аса қиын, проблемалы сәттер жоқ. Бірақ көрерменге қызық болсын деп кей сәттерді шиеленістірдік. Негізі фильм мен шын өмірде айырмашылық көп емес, — деді режиссер.

Фильмнің түсірілімі 2020 жылдың наурызында басталған. Бірақ пандемияға байланысты жұмыс тоқтап қалды. Sataifilm тобы түсірілімді 2020 жылдың тек қараша айында аяқтай алды. Жалпы шығармашылық жұмыс 2 жылдан аса уақытқа созылғанымен түсіру тобы фильмді 60 күнде түсірген. «Боксшы» драмасы спортшының туған жері Қарағанды облысы Абай ауылында түсірілді.

«Әдеттегідей бұл туындыға аса ыждағатпен дайындалдық. Басты рольге актерды көп іздедік. Спорт драмасы, оның үстіне Олимпиада чемпионының оқиғасы болғандықтан тек актер емес, спорттан да хабары бар адам керек болды. Серік Сәпиев солақай еді, актерымыз да соған сай дайындалып, ойнап шықты. Тіпті түсірілім жоқ кездері де Смадияр Сабыров әбден шынықты, оған бір қалыпта жүруге тура келді. Серіктің өзі актердың еңбегін бағалады. Меніңше, актер үшін бұл туынды қызық тәжірибе болды», — деді Ақан Сатаев.

Киностудия фильмің басты роліне Серік Сәпиевке ұқсайтын адамды іздеген. Республика бойынша қастинг жарияланды. Жалпы 800 өтініш түсіп, кастингке 600-ден аса адам қатысқан. Сонымен боксшы ролінде еліміздегі әуекомпаниялардың бірінде бортсерік болып жұмыс істеген Смадияр Сабыров ойнады. “Боксшы” фильмі — Смадиярдың дебюті. Сонымен қатар фильмде қазақ киносының майталмандары Бақтияр Қожа мен Ирина Ажмухамедова спортшының ата-анасын сомдады. Ал Серік Сәпиевтің жаттықтырушысы Александр Стрельников болып театр актеры Игорь Ермашов ойнап шықты. Сонымен бірге спортшының жұбайы ретінде актриса Зухра Сайпи төбе көрсетті.

Смадияр Сабыров «Томирис» фильмі түсірілер кезде кастингке қатысқан екен. Бірнеше жылдан кейін киностудия оны «Боксшы» фильмінің кастингіне шақырған.

«Осы фильмге түсу, басты рольде ойнау – мен үшін үлкен жауапкершілік. Әсіресе, спортшының жекпе-жек кезіндегі мәнерін ұқсатып жасаудан, оның тез темпін жеткізуден қиналдым. Спорт жағынан да, актерлық шеберлік жағынан да көп дайындалдық. Көрерменге ұнайды деп үміттенемін. Әрі қарай фильмдерге түсуді жалғастырсам деймін. Өзіме ұнады. Айналамда профессионалдар болғандықтан соларға ілесуге тырыстым», — деді Серік Сәпиев болып ойнаған Смадияр Сабыров.

Авторлар сценарий, дайындық, түсіру барысында үнемі боксшымен ақылдасып, бірлесе жұмыс істеген. Туындының сценарийін Ақан Сатаев, Тимур Жақсылықов және Альмира Тұрсын бірлесіп жазған.

«Актер фильмде тек өзінің ролі бойынша жұмыс істейді. Ал сценарист фильмді жалпы құрастырып көре алуы керек екен. Сол жағынан қиын әрі қызық тәжірибе алдым. Спорт драмасындағы кейіпкердің ерік-жігері, мотивациясы мені коуч ретінде қатты қызықтырды», — деді Альмира Тұрсын.

Фильм Олимпиада чемпионы туралы болғанымен кадрда спортшының өзі көрсетілмейді. Негізгі оқиғаны актер беріп, көрерменді сол сендіретіндіктен авторлар фильмде спортшының өзін көрсетпеуді жөн санапты. Бірақ туындыда жаттықтырушының еңбегі барынша көрсетіледі. Тіпті авторлар Серік Сәпиевтің жаттықтырушысы Александр Стрельниковтан оны қаталырақ көрсетуге рұқсат та сұрапты.

Фильмнің қоюшы операторы — Хасан Қыдырәлиев. «Боксшы» фильмін көркемдеп тұрған музыка мен жаттығу сәттерінде қойылған рэп туындыларын атап өткен жөн. Картинаның композиторлары — Дана Зұлпыхарова, Qonyratbay тобы және Ренат Гайсин.

Серік Сәпиевтің Лондондағы жекпе-жегіне ата-анасы барған. Анасының жеңіске жеткен ұлын құшақтап тұрған сәті архивтерде бар. Тура сол кезді фильмде тебірентерліктей көрсетуге Ирина Ажмухамедова үлесін қосты.

«Түсірілім кезінде ананың мейірімі, баласы үшін алаңдауы мені үйіріп алып кетті. Чемпионатты түсірген сәтте мен рольге еніп, өзімді спортшының анасы ретінде сезініп кеткенім сонша, жалауды қай қолыма ұстағаным, актерды қай жағынан құшақтағаным есімде жоқ. Фильмдегі бұл сәт тек Серік Сәпиев пен анасының байланысы емес. Ол — бүкіл ана мен баланың бір-біріне деген мейірімі. Бұл фильм қарапайым адамдардарға қатысты тақырыптарды да көтеріп тұр. Сондықтан туынды көрерменнің жүрегіне жол табады деп сенемін», — деді актриса Ирина Ажмұхамедова.

Фильмнің бюджеті – 900 миллион теңге. Фильм Қазақстандағы 75 кинотеатрдың бәрінен көрсетіледі.

Фильмді Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен Sataifilm киностудиясы түсірді. Сонымен қатар «Боксшы» фильмінің табысы Rentrak жүйесі арқылы бақыланатын алғашқы отандық фильм болғалы отыр.