ГлавнаяБлог

Black friday. Манипуляция құрбаны болмаудың жолы қандай?

Black fridaу Рождество мерекесінің жақындап қалғанын хабарлайтын қоңырау сияқты. Осы күннен бастап адамдар мерекеге, демалысқа асығып жүреді. Өзіне жаңа дүниелер сатып алғысы келеді, жақындарына сыйлық іздей бастайды. Бұл шынымен үнемдеп қалу науқаны ма, әлде кезекті манипуляция ма – талдап көрдік.

Black friday – АҚШ-тағы Алғыс айту күнінен соң келетін жұма күнгі мереке. Алғыс айту күні (Thanksgiving day) қарашаның 25-інде тойланса, ертеңі жаппай науқанмен жалғасады. Бұл термин 1966 жылы пайда болды. Алғашқыда АҚШ-тың шығыс жағалауында кеңінен тойланды. Ал бүгінде 26 қарашада бүкіл дүниежүзінде науқан өтеді.

Глобализацияның арқасында мұндай мәдениет дүниежүзіне тарады, Қазақстан да қалыс қалғысы келмейді. Мереке қарсаңында жан-жақтың бәрін сәндеу, тауарды толтырып қою – адамдарды тұтынушылыққа итермелейтін манипуляцияның бір түрі, — дейді финансист Жалғасбек Ақболат.

Компаниялар нені көздейді?

Кез келген компания өнімін өткізу үшін түрлі жеңілдік ұйымдастырады. Бұл науқанның да мақсаты сол – тауарды көбірек сату, адамдарды тұтынушылыққа итермелеу. Бәрі дүкен аралап, кассаға қарай ағылса, адам да соны істей бастайды. Соңында өзінің қалай киім-кешек сатып алғанын, неліктен алғанын, қанша қаражат жұмсағанын білмей қалады.

Дүкен ішіндегі, есіктің алдындағы немесе сыртындағы көп адамды, кезекті көргенде біразы «Не болып жатыр екен?» деп елеңдеп, барады. Компанияның көздегені де сол – көп адамды шоғырландыру арқылы тағы да бір жұртты шақыру. Компания сол арқылы тауарды көбірек өткізуді мақсат етеді, — дейді финансист.

Жаппай науқан халық жағдайына қалай әсер етеді?

Біразы жеңілдік кезінде тауарды қалтасындағы ақшасына емес, несиеге алады. Сол несие мен бөліп төлеу тұтынушылықты одан сайын көбейтіп жатыр. Қаржы кеңесшісінің де айтып отырғаны осы — несие адамның қаржылық әл-ауқатына кері әсерін тигізеді.

«Өз ақшасына дүние алып жатса, мейлі ғой. Ал бізде көбі несиеге зат алуға әдеттеніп алды. Біле білсеңіз, банктер бөліп төлеуге берген тауарды өз бағасынан қымбатқа сатады. Ал алушы үстіне процент қоспай, өз бағасына алдым деп ойлайды», — дейді қаржыгер.

Тұтыну арқылы жалпы ішкі өнімді өсіру дұрыс па?

Black Friday жалпы ішкі өнімге тұтынушылар шығыны арқылы әсер етеді. Азаматтарымыздың тауарды тұрақты сатып алуға жағдайы болса, елдің жалпы ішкі өнімі өседі. Бірақ қаржыгер Жалғасбек Ақболаттың айтуынша, жалпы ішкі өнім өсуі елдің жағдайы жақсарып жатыр дегенді білдірмейді.

«ХХІ ғасыр енді басталғанда мемлекеттің жалпы ішкі өнімін көтеру маңызды болды. Себебі бір халық қаншалықты көп затты, қызметті сатып алатын болса, демек сол елде ақша көп деген түсінікті қалыптастыруға көмектесті. Бұл елге келетін инвесторлардың да сенімі үшін керек еді. Мұндай тенденция «Билік осы елдің жағдайын жасап жатыр, қаражат бөліп жатыр» деген имидж үшін де қолданылған шығар. Бір адам жылына 2 миллион теңгені тұтынушылыққа жұмсады делік. Бірақ оның бәрі несиеге алынса, бұл қаржылық жағдайымыздың төмен екенін білдірмей ме?», — дейді маман.

Финансист жалпы ішкі өнімді мұндай іс-әрекетсіз де көтеруге болатынын айтып отыр. Мысалы, бәсекеге қабілетсіз банктерді қолдау арқылы, LRT салу арқылы және тағы басқа.

«Black Friday адамдардың ашкөздігін, дүниеге құмарлығын көрсетіп тұр. Бұл күнге «Адамның қаражатты санасыз жұмсайтын кезі» деген атау берер едім. Қаржы жағынан қарағанда науқан кезінде адамның ақша жұмсауы оның өз өміріне жауапсыздығын білдіреді. Қаражатты ертең жоқ болатын дүниеге құрта берсек, оңған ел болмаймыз. Керісінше қазір біз экологиялық жағдайымызды жақсартуды ойлауымыз керек. Елде өндіріліп жатқан өнім дүниежүзілік экологияға зиян емес пе? Қазақстан азаматтары экологияға зияны тимейтін заттарды тұтынып жатыр ма? Осы сияқты мәселеге назар аударуымыз қажет. Билік пен қарапайым халық жалпы тұтынушылықты қадағаламаған соң компаниялар да экологияны жақсартуға бел сыбана кіріспейді. Олар өз тұтынушысы үшін ағашты да кеседі, өзенді де құртады, өнімді көбірек шығару үшін ауаны да ластай береді», — дейді қаржы маманы Жалғасбек Ақболат.

Жалғасбек Ақболат

Науқанның экологияға әсері қандай?

Адамның, халықтың қаржылай жағдайынан бөлек жаппай тұтыну табиғатқа, қоршаған ортаға орасан зор әсерін береді. Black Friday сияқты жаппай науқанның планетамызға, қоршаған ортамызға ұшан-теңіз зияны бар. Жеңілдік деген сөзге еріп, тауар сатып аламыз. Бірақ оның ақысын Жер ана төлеп жатыр. Қалай десеңіз, түсіндіріп көрейік:

  • әуелі дүкендегі қаптаған тауарды өндіруге металдар, минералдар, су, жанармай, электр қуаты және тағы басқа табиғи ресурстар жұмсалды. Оның бәрі қоршаған ортамызға тікелей әсер етіп жатыр.
  • екіншіден, адам жаңа тауар сатып алғанда көбіне ескісін қоқысқа тастайды. Демек, қоршаған ортаға CO2 көп мөлшерде бөліне береді, қоқыс полигоны көбейеді.
  • науқан басталарда тауарды орауға пакет, қорап, түрлі қап та жасалады. Сосын оның бәрі қайтадан қоқысқа кетеді. Демек, ауаға метан, диоксин, фуран бөлінеді.

«Тіпті күнде қалдықтарды жинап, қайта өңдеуге өткізіп жүрсеңіз де, науқан кезінде зат сатып алу – саналы тұтынуға жатпайды. Компаниялар да, тұтынушылар да «Қара жұма» арқылы өнімнің құнын да, оны жасауға кеткен ресурсты та бір сәтте жойып тұр. Оның үстіне науқан «Жарату үшін жұмыс істе» деген мәдениеттің дамуына үлес қосып тұр. Нәтижесінде адамдардың экономикалық әл-ауқаты да, қоршаған ортамыз да нашарлай береді.

Мұндай науқанға қатысқан әр адам компаниялардың өнімді шектен тыс шығаруына, сол арқылы табиғи ресурстарды жоя беруіне келісім береді. Біз өзімізден кейінгілерге, балаларымызға, болашақ ұрпаққа осындай құндылықтарды қалдырғымыз келе ме?» — дейді Recycle birge қазақстандық экологиялық ұйымының өкілдері.

Black Friday-ге қандай балама бар?

Біраз компания өнімін өткізу үшін мұндай мүмкіндікті құр жіберіп алғысы келмейді. Бірақ атышулы науқанға қатыспай келе жатқан компаниялар да бар екен.

Францияда «Жұманы қайтадан жасыл етейік» науқаны басталып, оған елдегі 720 брэнд үлесін қосқан. Олар халықты «Қара жұма» болып жатқан уақытта ештеңе сатып алмауға үндейді.

Кей компания дәл осы күні дүкенді де, онлайн сатылымды да жауып тастайды екен.

Американың REI компаниясы да науқаннан бас тартып, сол күні қызметкерлерін ақысы төленетін демалысқа жібереді.

Кейінгі жылдары қара жұманы жасыл ететін науқанды мыңға жуық компания мен 6 миллионға жуық адам қолдаған.

Қара жұма науқанының арқасында «Көк жұма» деген де түсінік пайда болған. Мысалы, MUD Jeans компаниясы жұманы көк деп атап, сол күні өнімін сәл қымбат сатады. Үстіне қосылған қаражатты теңіздің экологиялық жағдайын жақсартуға береді.

Тұрғындар нені ескеруі қажет?

Дүкенде бір нәрсе ұнап қалғанда әр адам мына сұрақтар бойынша ойланғаны дұрыс:

  • Бұл тауар маған шынымен керек пе?
  • Осы затты алған соң өмірімде не өзгереді?
  • Бұл тауар мен үшін маңызды ма?
  • Осы заттың ақшасын қиналмай төлей аламын ба?
  • Жан дүниеме жетіспей тұрғаны басқа нәрсе шығар?