ГлавнаяБлог

«Черновой» нұсқадағы пәтерді жөндеуге қанша қаражат керек? Жеке тәжірибе

Алматылық Бота 23 жасында жаңа үй алып, оны толық жөндеген. Қазір ол Instagram-да үйін қалай жөндегенін жазып, мегаполисте үй таңдау туралы айтып жүр. Біз Ботаның үйінде қонақ болып, жөндеуге қатысты машақатты біліп қайттық. Оқырманымыз қателеспесін деп бірер кеңес дайындадық.

Осы үйді көруге келгенде терезесін байқадым да, менің үйім екенін сездім. Себебі бала кезімнен терезесі үлкен үйді армандайтынмын. Қиялыңдағы үйді көргенде оны сатып алу, құжатын реттеу ісін де тездетеді екенсің, — дейді Бота. 

Пәтердің шаршы метрі – 37.

Үйді жөндеуге кеткен уақыт — 2 ай.

2 жұмысшыға төлеген еңбекақы — 600 мың теңге.

Жөндеу+қызметақы+жиһаздар+қосалқы заттар = 2,5 миллион теңге (шамамен). 

Жөндеу жұмысына қаражат жинағанда екі есе көп есептеу керек. Мысалы, өз есебіңіз бойынша, миллион жетіп тұрса, 2 миллион жұмсайтыныңызға дайын болыңыз, — дейді үй иесі. 

Неден ақшаны аямау керек? 

Су, жылу құбырларына

Қайта өзгерту қиынға түсетін, қайтадан жасағысы келмейтін нәрседен үнемдеуге болмайды. Оған сантехникалық құбырлар, сумен қамту технологиясы, канализация, жылу құбырлары жатады. Сондықтан іші жасалмаған үйді алған адамдар идеал болсын десе, компания қойып кеткен жылу жабдықтарын ауыстырғаны дұрыс.

Еден жасауға

Еденге ең арзаны линолеум болса, ең жақсысы – паркет. Егер қаржыңыз жетіп тұрса, таза ағаштан паркет салған дұрыс. Қазір біразы қолжетімді болғандықтан ламинат төсейді. Бірақ дұрыс салынбаса, көтеріліп, тез бүлінуі мүмкін.

Сапалы плинтусқа

Ернеулікке (плинтус) ақшаны аямау керек. Мүмкіндігінше оның пластик түрін алмаған жөн. Оның үстіне пластик жасаған жөндеуіңізді арзан көрсетеді. Ернеулікті түсі, материалы есікке сай келетіндей етіп таңдаған жөн. Ол есіктің жалғасы іспетті. Кейбір ернеулікті қабырғаға қағудың керегі жоқ, жасырын құлып арқылы орнатылады, эстетика жағынан әдемі көрінеді. Бүгінде жасырын ернеуліктерді таңдаған жөн.

Жөндеуге дейінгі көрініс:

Құрылыс саласынан танысымыз болмаса, не істейміз?

  • Жөндеу бригадасы мен қадағалау бригадасы бөлек болғаны жөн. Егер жөнделген үйді қабылдауға тәжірибе мен білім жетпесе, арнайы  жөндеу жұмысын тексеріп, қатесін көрсетіп, қабылдайтын қадағалау бригадасының көмегіне жүгіну керек.
  • Мониторинг, бағаларды салыстыру арқылы біраз қаражат үнемделеді. Ерінбей, араласаңыз, бірінші көргеніңізден әлдеқайда арзан алуыңыз мүмкін. Кез келген дүкенде материалдың аз бөлігі сатылмай, қалып кетеді. Егер үй шағын болса, онда дүкеннен бұрыннан қалған материалдарды төмен бағада алуға болады. Кей дүкеннің қалған материалы қоймасында тұрады. Ал кейбірінен жеткізуін бір ай күтуіңіз мүмкін.
  • Үйіне жөндеу жасайтын адам белгілі бір нәрселерді біліп, елестете алуы үшін ізденуі керек. Үйге талдау жасайтын, оның іші-cыртын көрсететін мамандардың контентін көріп, құрылыс материалдары дүкенін аралауы қажет. Бір сөзбен айтқанда, ерінбеу жақсы көмектеседі.

Әркім өзіне не ұнайтынын анықтап алғаны жөн. Құрылыс саласынан алыс болсаңыз да, үйге жөндеу қалай жасалады, кафельді қалай жабыстыруға болады, қабырғаны қалай бояйды, еденге не төсейді, не төсемейді, төбені бояй ма әлде бірдеңе жабыстыра ма – бәрін зерттеген дұрыс. Біраз білім жиналғанда, үйіңнің қай бұрышын қалай жасалатынын білгенде өзіңізге оңай болады. Мұндайда адам ешкімге алданбайды.

  • Кей материалға не жиһазға адам өзі реставрация жасай алады. Ол үшін бояу, лак және тағы басқа құралдар бар. Мысалы, есік ескілеу болса немесе сырты ұнамаса, оны сырлап, бояу қиын емес. 

Жөндеуден кейін:

«Үйді ең бірінші мамандарға көрсеткен дұрыс»

Респондентіміз үйді жаңа тұрғын үйден алған, ішінде терезе мен жылу батареясынан өзге ештеңе болмаған. Үйді таңдау кезінде құрылыс саласына жақын екі әпкесін шақырыпты. Қарапайым тұрғындар байқай бермейтін элементтерді ескеруін сұрапты. Олар қабырғалардың жақсы екенін, үй сапалы салынғанын айтып, алуға кеңес берген.

«Құрылысшыларды таныс арқылы іздеген жөн»

«Үйдің құжатын рәсімдеу, жөндеу бригадасын іздеу мәселесімен қатар айналыстым. Үйді жөндейтін, сылап-бояйтын мастерлерді  «сарафан радио» арқылы тапқандықтан бұл жағынан ақшаны жақсы үнемдедім», — дейді респондентіміз.

Бірақ Бота соңына дейін істемей кететін, жұмысын дұрыс орындамайтын, сосын қоңырауға жауап бермей қоятын жұмысшылар бар екенін айтты. Олармен заңды түрде келісіп, жөндеу аяқталатын уақытты нақтылап алуға шақырады. Сонымен қатар ол Naimi.kz cайтынан да жақсы қызметшілерді табуға болады дейді.

Әдетте үйдегі ток пен жарықтың орнын, қабырға жайын, бояулар туралы дизайнерлер айтып, жасап бере алады. Бұған да қосымша қаражат керек.

Сондықтан Бота тағы да инженер-құрылысшы әпкесіне жүгінген. Ол пәтердегі жарық пен токтың қай жерден шығатынын есептеп берген. Бұл — мастерлердің негізгі жұмыс шпаргалкасы.

«Әр істі маманы жасасын»

Дизайнер жалпы үйдің сәнді, әдемі болуын ғана емес, ыңғайлы, кеңістіктің көп болуын да ойластырады. Үй кішкентай болса, қай жерге қандай зат қоюға болатынын, жарықты қайдан түсіретінін ақылдасқан жақсы.

«Бюджет көп болса, әр істі өзінің маманы істегені дұрыс. Мен бұны кейін түсіндім. Бюджетім шектеулі болғандықтан барлық жұмысты екі мастер істеді. Кейін арнайы электрикті, сантехникті шақыруға тура келді. Тіпті, есік дұрыс жабылмай, компаниядан адам шақыртып, қайта орналастырдық. Барлық саланы бірдей жақсы білетін мастер табу қиын», — дейді ол.

«Дүкендерді алдын ала аралаңыз»

Бота үйіне жөндеу жасамай тұрып, құрылыс материалдарын сататын базарларды, дүкендерді аралап, талдау жасаған. Сосын өзіне оңтайлысы – «Леруа Мерлен» дүкеніне тоқтап, материалдарды сол жақтан алған.

Қалған материалды қайта өткізіп, үнемдей аласыз.

«Ұтқан тұсым – қалған материалдарды қайтадан дүкенге өткізіп, ақшасын алып отырғаным. Базарларда мұндай мүмкіндік бола бермейді. Сонымен қатар бұл дүкеннің жеткізу қызметі бар. Есікке дейін алып келеді. Базардан зат алсам, оны үйге дейін жеткізу қиын. Ол жақта заттар арзанырақ деп жатады. Бірақ аса айырмашылық көрмедім», — дейді Бота.

Ботаның үйіне жарық жақсы түседі, кең әрі әдемі. Оның талғамына тәнті болдық. Қабырғалардың түсін, жиһаздарды үйлестіруде оған Pinterest көмектесіпті. Сол жақтан түрлі дизайнды, суреттерді көріп арнайы moodboard жинап, әр бөлмені шамамен қиялында елестеткен.

Түсқағаз жабыстырмай, қабырғаны бояған арзанырақ

Сонымен қатар қазір сүртуге болатын бояулар бар екен. Тіпті оның жуынатын бөлмеге арналған түрлері де жетеді. Ластанса, сүрте саласың, су болса, аса бүліне қоймайды.

«Өзім қабырғаға түсқағаз жабыстырғым келмеді. Бояудың сұр түсін таңдадым. Себебі сұр қабырға шығармашылыққа арналған кенеп сияқты болды. Қабырғаны бояу түсқағаз жабыстырудан арзан шықты», — дейді респондент.

Үйді үлкен жиһазсыз-ақ сәндеуге болады

Үйде арнайы бұрыштар болса, бүтін шкаф алмай-ақ, жай тақтайшаларды орната салуға болады. Мұндай тәсілмен қаржы үнемдей аласыз. Бота негізгі бөлмедегі кітап сөресіне тақтайшалар алған да, әкесінен орнатып беруін сұраған. Кіреберістегі үлкен шкаф та солай. Қабырғаға тақтайшаларды орнатып, жабу үшін есігін бөлек сатып алған. Ботаның айтуынша, мұндай тәсіл толық жиһаз сатып алғаннан тиімдірек.

Газ ба, ток па? Ас үйге не аламыз?

Алғашқыда Бота газ плитасын сатып алады. Кейіннен үйге электрон плита керек екенін білген. Себебі ас үй газбен жабдықталуы үшін ол өзге бөлмелерден есік арқылы болсын бөлініп тұруы керек. Оның үстіне ас үйде терезе болғаны да дұрыс.

«Ал менің үйімде негізгі бөлме мен ас үй бөлінбеген. Сондықтан сатып алып қойған газ пешін арзанға сатып, электрон плита алуыма тура келді. Осындай нәрселерді ескеріп барып, заттарды асықпай сатып алған дұрыс», — деп кеңес берді ол.

Кафельдің орнына бояу қолдану үнемдірек

«Жуынатын бөлмені жасағанда кафельден үнемдей алдым. Бір бөлігін суға тұрақты бояумен бояп, екінші бөлігін кафельдеп, оны әйнек есікпен жауып қойдым», — дейді ол.

Ас үйді шағындап, демалатын орын дайындауға болады

Өзінің айтуынша, Бота тамақты жиі дайындамайды. Көбіне жұмыс істеп, бос уақытында демалғанды ұнатады. Сондықтан ол асүйге берілген орынды бөліп, қабырға, терезе қойып, өзіне ұйықтайтын бөлме жасаған. Ас үйде кішігірім жабдықтар, тоңазытқыш, микропеш – бәрі сыйып тұр. Үлкен қазан мен көп ыдысқа да орын дайындамаған. Бәрі шағын, жинақы, ең бастысы өзіне ыңғайлы.

«Осының өзі маған жетіп артылады. Есесіне ұйықтайтын бөлек бөлме бар. Үйге қонақ келсе, оларды негізгі бөлмеге жатқызып, өзім есікті жауып ұйықтай аламын», — дейді ол.