ГлавнаяБлог

Жұмыстан қысқарып қалғандарға қандай қаржылай көмек қарастырылған?

Жұмысынан айырылған қызметкер әлеуметтік сақтандыру қорынан және басқа полистен қанша уақыт, қандай көлемде қаржылай көмек ала алады? Отандық нарықта қандай сақтандыру бағдарламасы бар? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Сақтандыру өмірдегі кездейсоқ жағдайларда сіздің қаржылық мүддеңізді қорғайды. Cақтандыру компаниясында міндетті және ерікті сақтандыру қызметі бар. Міндетті сақтандыру қызметіне: 

  • Көлік құралдарын сақтандыру;
  • Тасымалдаушылардың жолаушыларды сақтандыруы;
  • Экологиялық сақтандыру;
  • Қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объект иелерінің сақтандыруы;
  • Жекелеген мамандықтардың (мысалы аудиторлар мен нотариустар) сақтандырылуы;
  • Қызметтік міндеттер кезіндегі жазатайым оқиғалардан сақтандыру;
  • Туристік сақтандыру және т.б. жатады. 

Сақтандыру полисінде азаматтарды жұмыссыздықтан сақтандыру тармағы да қарастырылатынын білесіз бе? Пандемия басталғалы карантинге байланысты кәсібін тоқтатқандар мен жұмыссыз қалғандар саны артты. Жұмысынан еріксіз айырылғандар мемлекеттік сақтандыру қорынан, сондай-ақ жеке сақтандыру полисінен қаржылай төлем ала алады. 

Әлеуметтік төлемді қалай алуға болады?

Жұмыстан шығып қалған соң жергілікті жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Тіркелген соң Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу жағдайына байланысты әлеуметтік төлем ала аласыз.

Ай сайын берілетін әлеуметтік төлемнің көлемі орташа айлық табыс пен табысты алмастыру коэффициенттігін және қатысу өкілі коэффициентін бір-біріне көбейту арқылы есептеледі. Бұл шамамен бұрынғы жалақыңыздың 40 пайызы болады. 

Әлеуметтік төлемді кемінде бір ай, ең көбі 6 ай ала аласыз. Ол төмендегі шарттарға байланысты төленеді.

  • Егер жұмыс орнында әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін төленсе – 1 ай;
  • 12 айдан 24 айға дейін төленсе – 2 ай;
  • 24 айдан 36 айға дейін төленсе – 3 ай;
  • 36 айдан көп төленсе – 4 ай төленеді. 
  • Егер мекеменің жабылуы, штат санының қысқаруы немесе өндіріс көлемінің төмендеуіне байланысты жұмысыңыздан айырылсаңыз және әлеуметтік аударымдар 36 айдан көп төленсе, мемлекеттік әлеуметтік төлем 6 ай бойы төленеді.

Ерікті сақтандыру полисі

Isolated insurance horizontal composition with icons of house under umbrella with insuring agreement and human characters vector illustration

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлек, сіз ерікті түрде өзіңізді жұмыстан айырылу қаупінен қаржылай сақтандыра аласыз. Ол үшін банктердегі сақтандыру полисі қызметін сатып алсаңыз болады. Қандай банкте жұмыстан айырылу қаупінен сақтандыратын қызмет түрі бар? Шолу жасайық. 

Өкінішке қарай, отандық нарықта жұмыстан айырылуды сақтандыру бойынша қызмет пакетін ұсынатын банктер мен сақтандыру компаниясы өте аз екен. Сбербанк Қазақстанда жұмыстан айырылу жағдайындағы сақтандыру болмаса да, коронавируспен ауырып қалған жағдайда жұмыс орнын сақтандыру қызметі бар екен. Jysan Bank-те мұндай қызмет түрі жоқ. Отандық нарықта танымал «Аманат», «Евразия» және «Виктория» сақтандыру компаниясында да жұмыстан сақтандыру полисі қарастырылмапты. 

«Мұңайма» бағдарламасы

Halyk банкінің сақтандыру компаниясында «Мұңайма» бағдарламасы («Не горюй») бар. Егер жұмыс беруші өз бастамасы бойынша сізбен еңбек шартын бұзса, сақтандыру компаниясынан 400 мың теңгеге дейін сақтандыру төлемін ала аласыз. Сақтандыру полисінің бағасы- жылына 12 мың теңге. Тұтынушы сақтандыру полисінің біржылдық ақысын төлегеннен кейін күнтізбелік 30 күн ішінде оны белсенді етуге немесе бас тартып, сыйлықақысын қайтарып алуға құқылы. Сақтандыру бағдарламасы бойынша қаржылай көмек алу үшін жұмыстан қысқарту кезінде немесе еріксіз түрде шығуыңыз керек. Егер жұмыстан өз еркіңізбен арыз жазып шықсаңыз, сақтандыру қызметінен ақша ала алмайсыз.

Егер ерікті түрде өзіңізді жұмыстан айырылу қаупінен сақтандырсаңыз, жұмыстан шығып қалған жағдайда сақтандыру компаниясынан жаңа жұмыс тапқанша қаржылай төлем ала аласыз. Ол екі бөлім бойынша жүзеге асады. 

Екі бөлім бойынша төлемді толық алу үшін жұмыстан айырылған соң жергілікті жұмыспен қамту орталығына тіркеліп Halyk сақтандыру компаниясы сұратқан құжаттарды апару керек. Жұмыстан айырылған алғашқы айда сақтандыру полисінен 200 мың теңге қаржылай көмек ала аласыз. Егер жұмыстан шыққан соң 2 ай бойы жаңа жұмыс таба алмасаңыз, сақтандыру компаниясынан тағы 200 мың теңге қаржылай көмек алуға болады. 

Нақтылап айтсақ, жұмыстан айырылушы төмендегі жағдайлар бойынша сақтандыру полисінің қызметін пайдалана алады: 

  • белгісіз мерзімге жасалған келісімшарт бойынша, яғни қызмет көрсетудің нақты қай уақытта аяқталатыны белгісіз еңбек шарты бойынша қызметкер жұмыс берушімен бірге басқа аймаққа ауысудан немесе көшуден бас тартса;
  • белгісіз мерзімге жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша тоқтатылса не бұзылса;
  • еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша қызметкер санының немесе штаттың қысқартылуы салдарынан қызметкер жұмыссыз қалса; 
  • еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша экономикалық ахуалын құлдыратқан өндіріс, орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет көлемінің төмендеуіне байланысты бұзылса (ескере кететін нәрсе – жұмыс берушінің экономикалық ахуалының құлдырауы біртіндеп он немесе одан да артық қызметкерлермен алдын ала ескертіле отырып бір ай ішінде еңбек шартының бұзылуына әкелсе, сақтандыру қорғанысы қолданылмайды); 
  • еңбек шарты екі тараптың келісім бойынша бұзылса (мұндай келісімнің бастамашысы жұмыс беруші болса да); 
  • еңбек шарты денсаулық жағдайы бойынша еңбек міндеттерін орындаумен байланысты өндірістік жарақатқа, өндіріспен байланысты емес кәсіби сырқатқа немесе денсаулықтың басқа да зақымдарына байланысты тоқтатылса;
  • белгісіз мерзімге жасалған еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша атқарушы органның, заңды тұлғаның алқалы атқарушы органы мүшелерінің өкілеттіктерінің тоқтатылуынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Акционерлік қоғамдар туралы» Заңына сәйкес ішкі аудит қызметінің қызметкерлері және корпоративтік хатшы заңды тұлғаның мүлкінің меншік иесінің не тұлғаның (органның) уәкілетті меншік иесінің немесе заңды тұлғаның уәкілетті органының шешімі бойынша бұзылса сақтандыру полисінен ақшалай көмек ала аласыз. 

Ал мынадай жағдайларда сақтандыру қызметін пайдалану шектелуі мүмкін:  

  • егер белгісіз мерзімге жасалған еңбек шартын бұзу туралы хабарлама полисті жасасу күнінен бұрын не полисті жасасу сәтінен бастап күнтізбелік 90 күн ішінде алынған болса; 
  • егер белгісіз мерзімге жасасылған еңбек шарты полисті жасасқан күннен бұрын бұзылса;
  • егер оның нәтижесінде қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру қажеттігі туралы медициналық қорытынды берілген сырқатқа сақтандыру шартының қолданысы басталғанға дейін диагностика қойылған болса;
  • егер тұлғаның полисті жасасу сәтіне қызметкерді басқа жұмысқа ауыстыру қажеттігі туралы медициналық қорытындысы, оның ішінде медициналық куәландыруға жіберуге жолдамасы болса, олар сақтандыру полисінің қызметін пайдалана алмайды.