Платформа қалай жұмыс істейді?
15minute.online платформасында университет пен мамандық таңдауға, жұмысқа орналасуға байланысты ақылы кеңес алуға болады. Ол үшін қолданушы сайтқа кіріп, өзін қызықтыратын сала, университет немесе мамандық бойынша ментор таңдап, онлайн кездесу күні мен уақытын белгілеп, төлем жасауы керек.
Белгіленген күні ментор мен менти (шәкірт) кездесіп, менти өзін мазалаған сұрақтарға жауап, кеңес сұрай алады. Аты айтып тұрғандай, кездесу 15 минутқа созылады.
Ерқанат Еркінбеков: «Менің қателігімді басқалар қайталамаса екен…»
Жоба авторлары – Ерқанат Еркінбеков пен Арман Махамбетов. Екеуі де университетті енді бітіріп, жұмыс істеп жүрген жас маман. Дегенмен әлемнің 14 елінен менторлармен серіктестік орнатып үлгерген.
Идея авторы Ерқанат Еркінбеков – ұлттық компанияның қызметкері. Аптаның 5 күні сағат 9.00-18.00 аралығында жұмыс істеп, қалған уақытын стартап жобаны дамытуға арнайды.
Ерқанаттың айтуынша, мұндай жобаны қолға алуға өзінің өмірлік тәжірибесі себеп болған. ҰБТтапсыруға бір ай қалғанда болашақ мамандығын аяқ астынан өзгерткен екен. Содан өзі армандаған ІТ саласына емес, қаржыға бет бұрған. Университетте 4 жыл қаржы мамандығын оқыса да, кейінгі жылда бұл сала өзінікі емес екенін түсініп, қайтадан мамандық ауыстырған.
Тегін білім алып, грантқа тапсыруға мүмкіндігі болса да, ақылы бөлімде оқыған. Ерқанат сол кезде қолжетімді ақпарат пен кәсіби мамандардың ақыл-кеңесін ала алмағанына өкінетінін айтады. 15minute.online платформасын жасау басқалар оның қателігін қайталамаса екен деген ниеттен туған екен.
«Кейінгі бір жылда өткен оқиғаларды талдап, ойлана бастадым. Студенттермен бірге көп жұмыс істедім, ментор болдым. Қазіргі жастарды «Өз ісімді, бағытымды қалай таңдаймын?» деген сұрақ көп мазалайды. Бірақ әрқайсысының қызығушылығы, қабілеті, мақсаты әртүрлі. Олардың көкейіндегі сауалдарға жауапты сол салада білім алған, жұмыс істеген, тәжірибесі бар мамандар бере алады деп ойладым. Сол үшін 15minute.online платформасын жасауға кірістім»,- дейді ол.
Ерқанат 15minute.online-ды 6 ай бұрын функциялары өте қарапайым Tilda платформасында жасаған. Дайын жоба 1,5 ай бойы іске қосылмай тоқтап тұрған. Содан командаға жобаның қазіргі серіктесі Арман Махамбетов қосылған екен.
Ойға алған жобам паузада тұрып қалғанда досым Арман Махамбетовке жағдайды айттым. Ол мені бірден қолдады. «Идеясы жақсы екен, қане, қолға алып, соңына дейін жеткізейік», -деді. Осы жобаны бастамай тұрып достарымызбен PlayStation, футбол ойнап, саябақта көп қыдыратын едік. Жобаға кіріскелі әлі ойынға бармадық. Бар ойымыз – осы жобаны дамытып, насихаттау,- дейді Ерқанат Еркінбеков.
Ерқанаттың мамандығы – product manager. Сайтты техникалық жағынан да өзі әзірлейді. Қазіргі қолданыстағы 15minute.online платформасы алты сервисті біріктіруден пайда болған.
Арман Махамбетов: «Менторларды іріктеу – үлкен жауапкершілік»
Жобаның серіктесі Арман Махамбетов – Назарбаев Университетінің түлегі, «Самұрық – Энерго» компаниясының қызметкері. 15minute.online жобасында менторларды табу, іріктеумен айналысады.
Арман Махамбетовтің айтуынша, қазір платформада қазақ, ағылшын және орыс тілінде кеңес беретін 122 ментор бар. Олар отандық және шетелдік ТОП компаниялардың қызметкерлері, университеттің студенттері мен түлектері. Әлемнің 14 елінен жиналған менторлар шамамен 40 сала бойынша кеңес береді.
«Алғашқы 20-30 менторды өзіміз іздеп, ұсыныс айттық. Платформа іске қосылғаннан кейін білгенін бөліскісі келетіндер өздері байланысқа шыға бастады. Қазір ментор іздеп әуре болмаймыз. Бірақ жаңалықтан, әлеуметтік желіден мықты адамдар туралы байқап қалсақ, онымен байланысып, жобаны түсіндіріп, менторлар қатарына қосып алуға тырысамыз»,- дейді Арман Махамбетов.
Платформадағы менторлар мамандық, сала, білім беру бағдарламалары, университет категориялары бойынша жіктеледі. Менторларды іріктегенде жұмыс тәжірибесі, меңгерген дағдылары, нақты қай бағытта кеңес бере алатыны туралы ақпарат жіті тексеріледі.
«Барлық қолданушының сұранысына сай болу үшін әр университеттен, әр саладан, әр мамандықтан ментор іздеп, іріктеп алуға тырыстық. Менторлар таңдалғаннан кейін барлық процесс біздің команданың бақылауында болады», – дейді Арман.
Менти платформадағы менторды таңдаған соң, менеджерлер екі тарапқа ыңғайлы уақытты белгілеп, сілтеме жібереді. Кездесу басталғанға бір күн қалғанда және 2 сағат қалғанда ментор мен ментиге ескертіледі. Кездесу ақталғаннан кейін оның нәтижесі туралы сұралады.
15 минуттық кеңестен кейін ментормен байланысты жалғастыру жағы әлі қарастырылмады. Себебі жобаның мақсаты түбегейлі менторлық көрсету емес, мазалаған сұраққа жауап беріп, бағыт көрсету.
15 минут біреу үшін аз, біреу үшін көп шығар. Бірақ осы уақыттың ішінде адамның ойы, пікірі, көзқарасы қалыптасып үлгереді. Платформаның іске қосылғанына көп уақыт болмаса да, ментор тарапынан да, менти (шәкірт) тарапынан да жақсы пікірлер келіп жатыр. Осының өзі – бізге әрі қарай жұмыс істеуге, дамытуға мотивация, – дейді жоба авторлары.
Жоба жақында ғана іске қосылғандықтан, команда түрлі тәсілді қолданып, тәжірибе жасаудан қорықпайды. Менторларға бекітілген баға – 780 теңге. Оның 555 теңгесі менторға беріледі, қалғаны платформаны дамыту, қызметкерлердің айлығына жұмсалады. Алдағы уақытта ментордың 15 минуттық кеңесінің құны 1000-1500 теңге шамасында өзгереді. “Қазіргі нарық үшін бұл баға өте тиімді”, – дейді жоба авторлары.
Егер қолданушы таңдаған ментордың қызметіне, кеңесіне көңілі толмаса, менти (шәкірт) ақысын толығымен қайтарып алуға құқылы. Жоба авторлары бұл жағдайды да қарастырған. Екі адамның кездесуі ZOOM платформасында өтеді және жазба сақталып, қажет болған жағдайда қайта қаралады.
«15 минут бірнеше жылыңды үнемдеуі мүмкін»
15minute.online платформасы ашылғалы 1600 қолданушы сайтқа кіріп, 40-қа жуық кеңес берілген.
Алғашында командада Ерқанат пен Арман ғана болса, қазір 13 адам бар. Олардың кейбірі ақылы негізде, кейбірі ерікті түрде жұмыс істейді. Оның алтауы ментор іздеумен, іріктеумен айналысады. Ең бастысы, командадағылар жобаның болашағына сенеді.
Ақылды адам қателігінен сабақ алады және оны қайталамуға тырысады. Ал дана адам басқаның қателігінен сабақ алады. 15minute.online платформасы дана болуға көмектеседі.
«15 минут» деген тіркес көпшіліктің түсінігінде «тез», «жылдам», «аз уақытта» деген мағынаны білдіреді. «Қазір 15 минутта келем, 15 минутта бітетін шаруа» деп жатамыз. Ал біздің платформадағы 15 минуттық кездесу адамдардың бірнеше жылын, энергиясын үнемдеуге көмектесе алады»,- дейді Арман Махамбетов.
Кез келген жоба алғашында инвестиция құюды талап етеді. Әзірге Ерқанат пен Арман жобаны дамытуға қажет қаржыны өз қалтасынан шығарып отыр. Арманның айтуынша ендігі жоспар – инвесторлар 1000 рет бас тартқанға дейін ұсыныс білдіре беру.
Күн сайын командадағы әр адам үш инвесторға жоба туралы хат жолдайды. Мұндай жоба қоғам үшін, жастар үшін маңызды. Демек, инвесторлар да бейжай қарамайды, – дейді жоба авторлары.
15minute.online авторларының ендігі мақсаты – платформамен шектеліп қалмай, ірі экожүйе құру. Қазір HeadHunter-дің тек студенттерге арналған нұсқасын, студенттерге симулятор болатын 15minute.education жобасын, әлемдегі кез келген компанияның HR бөлімімен демо-сұхбат жасауға мүмкіндік беретін 15minute.upgradeжобасын дайындап, үлкен нарыққа шығуды көздеп отыр.
Add comment