ГлавнаяБлог

​​Ақшаны қалай және қайда сақтаған дұрыс?

Инфляция, қауіпсіздік, тиімділік жағынан ақша сақтаудың ұтымды жолдарын саралап, мамандардың пікірін сұрап көрдік.

Ақшаны кей адам үшін қалыпты жағдайда — үйде емес, банкте, депозитте, алтын немесе акция түрінде сақтауға болады.

Ақшаны үйде сақтаудың мынадай тиімсіз тұстары бар:

  • уақыт өте келе инфляцияға ұшырауы мүмкін, яғни ақшаның құнсыздану қаупі жоғары.
  • ақшаңызды ұрлап кетуі мүмкін. Үйде тұрған ақшада ешқандай сақтандыру жоқ. Ал банкті тонап кеткен күннің өзінде келісімшарт бойынша сіздің қаржыңыз сақтандыруға ие.
  • қаржыны жинамай, жұмсап қоюыңыз мүмкін. Күнделікті қажеттілікке жұмсай берсеңіз, ақшаның басын қосып, мақсатты түрде жинай алмауыңыз мүмкін.

Қай банктен депозит ашқан тиімді?

Сонымен, қаржыңызды банкте сақтауға шешім қабылдадыңыз дейік. Банк пен депозит таңдағанда не нәрсеге мән беру керек? Экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бауыржан Ысқақов оқырмандарға мынадай кеңес береді.

Қаржыны депозитке саларда әуелі банктің қаржы рейтингісіне қарау керек. Сосын қаржыны сақтау мерзімі мен мақсатына қарай таңдау жасаған дұрыс. Ақшаны сақтау уақытына қарай депозит ұзақмерзімді және қысқамерзімді болып бөлінеді. 

Қысқамерзімді депозиттің пайыздық мөлшерлемесі төмен болады. Соған қарамастан қазір тұтынушылар арасында қысқамерзімді депозитке қаржы салатындар көп. Себебі қысқамерзімді депозит қолданысқа ыңғайлы, депозиттегі қаражатты қалаған уақытында айыппұлсыз шешіп алуға болады. Қысқамерзімді депозитті халық арасында «жылдам депозит» деп те атайды. Бұл депозит күнделікті шығындарды өтеуге, коммуналдық төлемдерді төлеуге қолданыла береді. 

Ұзақмерзімді депозиттің пайыздық мөлшерлемесі жоғары. Бірақ келісілген мерзім ішінде қаражатты шешіп алуға болмайды. Мысалы, келісімшартта қаржыны 3 жыл сақтауға қол қойып, бірақ одан ерте шешіп алғыңыз келсе, банк талаптары бойынша айыппұл салынады. 

Бауыржан Ысқақов отандық нарықта депозиттік мөлшерлемесі бойынша көш бастап тұрған банктердің бестігін атап көрсетті. Оның айтуынша, қазір жылдық 13,6% мөлшерлемемен Bank RBK пен Нұрбанк көш бастап тұр. Одан кейін Altyn Bank, Банк Хоум Кредит пен Халық банкінің жылдық пайыздық мөлшерлемелері жоғары. 

Халық арасында кеңінен танымал Kaspi bank те тиімді депозиттік жүйе ұсынады. Бұл банк тұтынушылық несие сегментіне бағытталғандықтан, депозитке салып, қайта алуда, жұмсауда шектеу жоқ. Тиімді сыйақы мөлшерлемесі — 9%. 

Инфляцияның депозиттегі қаржыға әсері 

Ақшаны қалай сақтасаңыз да, инфляцияның әсерінен қашып құтыла алмайсыз. Ресми түрде инфляция деңгейі 8,5% болса, пандемияға байланысты, басқа да объектив, субъектив сәттерге байланысты 13-14%-ке дейін құнсызданып жатыр. Қандай жағдай болса да, ақшаны депозитте сақтаған дұрыс. Себебі инфляция жоғары болған сайын 

Тұрақтылығы жоғары банктер депозитке жоғары пайыздық мөлшерлеме қоймайды. Тәуекелге көп түспей, болуы мүмкін инфляция деңгейінде ғана пайыздық мөлшерлеме ұсынады. 

Осы тұста жоғары пайыздық мөлшерлеме ұсынатын қаржылық ұйымдардың қызметіне алданып қалмау керек. Сізге екінші деңгейлі банктен жоғары пайыздық мөлшерлеме немесе басқа да қаржы инструментін ұсынса, абай болыңыз. Ол түбінде өндіріспен байланысы жоқ, табысы төмен қаржылық пирамида болып шығуы әбден мүмкін. 

Ақшаны қандай валютада сақтаған дұрыс?

Бауыржан Ысқақовтың айтуынша, қаржының кем дегенде 40%-ін ұлттық валютада сақтаған дұрыс. Себебі отандық банктер де, депозитке кепілдік беру қоры да ұлттық валютадағы қаржыға жоғары пайыздық мөлшерлеме ұсынады. Қалған 60%-ін 30-да30 етіп доллар мен еврода сақтауға кеңес береді. Осындай пропорцияны ұстанған адамның ұтылу мүмкіндігі төмен. 

Қаржыны қалай сақтандырамыз?

Halyk Bank кеңесшісі Аида Қоңырбаева банктегі қаржыңыз қалай сақтандырылатынын баяндап берді. Оның айтуынша, банктен депозит ашып, ақшаңызды сонда салсаңыз, оған белгілі бір мөлшерде пайыздық үстеме қосылып отырады. Ол сумманы қосып тағы да пайда көруге болады. Мұндай процесс банк тілінде капитализация деп аталады. Сондай-ақ несие рәсімдеу қажет болғанда қаржыңызды сақтайтын банктің қызметіне жүгінсеңіз, түрлі деңгейде жеңілдік қарастырылады.

Банктегі ақшаңыздың сақтандыруына кепілдік бар. Банк тоналған жағдайда қаржыңызды жоғалтпайсыз. Halyk Bank-тегі әр депозитке KDIF кепілдік береді. 1999 жылдан бастап Қазақстанда «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (KDIF) арнайы қоры жұмыс істейді. Оның мақсаты – жеке тұлғалардың депозитіне кепілдік беру. 

Кез келген салымшы депозит пен банктік шоты бойынша қордан мынадай кепілдік ала алады: 

  • ұлттық валютадағы жинақ салымдар бойынша 15 миллион теңгеге дейін;
  • ұлттық валютадағы карталар, шоттар және салымдардың басқа түрлері бойынша 10 миллион теңгеге дейін;
  • шетел валютасындағы карталар, шоттар және салымдар бойынша 5 миллион теңгеге дейін. 

Банк кеңесшісінің айтуынша, егер салымшыда бір мезгілде теңгемен де, шетел валютасымен де депозит болған жағдайда жалпы кепілдік өтемі 15 миллион теңге болады екен. 

Жақында «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында» 2021 жылдың тамыз және қыркүйек айларындағы сыйақының шекті мөлшерлемесі жарияланды. Төмендегі кестеде жеке тұлғалардың депозитіне берілетін сыйақы мөлшерлемелері нақты белгіленген. Енді жаңадан ашылған депозиттер бойынша мынадай ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі қолданыста болады:

  Депозиттің санаты Толықтырылатын депозиттер бойынша, % Толықтырылмайтын депозиттер бойынша, %
    Тамыз, 2021 Қыркүйек, 2021 Тамыз, 2021 Қыркүйек, 2021
1 Ұлттық валютадағы салымдар
1.1 Мерзімсіз депозиттер 9,0 9,0 9,0 9,0
1.2 Мерзімді депозиттер
  3 айға 9,0 9,3 9,5 9,8
  6 айға 9,0 9,3 9,5 9,8
  12 айға 10,3 10,3 10,7 10,7
  24 айға 9,1 9,1 9,4 9,4
1.3 Жинақ депозиттер
  3 айға 10,0 10,3 10,5 10,8
  6 айға 10,0 10,3 10,5 10,8
  12 айға 12,2 12,2 13,9 13,9
  24 айға 10,7 10,7 12,2 12,2
2 Шетел валютасындағы депозиттер
2.1 Мерзімсіз депозиттер 1,0 1,0 1,0 1,0
2.2 Мерзімді депозиттер
  12 айға дейін 1,0 1,0 1,0 1,0
  12 ай және одан жоғары 1,0 1,0 1,0 1,0
2.3 Жинақ депозиттер
  12 айға дейін 1,0 1,0 1,0 1,0
  12 ай және одан жоғары 1,0 1,0 1,0 1,0