ГлавнаяБлог

Гаражда құрылған 5 ірі IT-компания

«Силикон алқабындағы» табысты компаниялардың көбі гаражда құрылды. Кейбірінің гаражы қазір АҚШ-тың тарихи орындар тізіміне енген.

Google

1998 жылы (23 жыл бұрын) Сергей Брин мен Ларри Пейдж Стэнфорд университетінде оқып жүргенде Google-дың негізін қалады. 

Суретте олар компанияның алғашқы кеңсесінде отыр.

Калифорниядағы Менло-парк қаласының сыртында орналасқан гаражды ай сайын 1700 долларға жалға алды. Кейін оларға гараж тар болып, кеңсені Маунтин-Вьюге ауыстырды. Қазір онда штаб-пәтері орналасқан. 

Айта кетейік, сол гараждың иесі Сьюзан Войжитски қазір YouTube-тің бас директоры. 

Forbes Real-Time-ның қыркүйектегі дерегі бойынша, Пейдждің байлығы — 121,6 миллиард доллар, Бриндікі — 117,2 миллиард доллар. Олар әлемдегі ең бай адамдардың ондығына кіреді. 

Қазір Google-да әлемнің 50-ден астам елінде 60 мыңнан астам қызметкері жұмыс істейді. 

Amazon

Джефф Безос Amazon-ның сайтын 1994 жылы құрды. Интернет-дүкен 1995 жылы жарық көрді. Дүкенде сатылған алғашқы тауар – бағдарламалау оқулығы 1995 жылы 3 сәуірде сатылды. 

Джефф интернет-дүкенін ашпас бұрын Уолл-Стриттегі хедж-қорлардың бірінде вице-президент қызметін атқарды. Ол өз кәсібін бастағысы келіп, бір сәтте лауазымды қызметтен бас тартып, Вашингтондағы Беллевью қаласына көшті. Онда айына 890 долларға жалдаған үйінің гаражында Amazon интернет-дүкенінің негізін қалады. 

Дүкеннің дерекқорында миллиондаған кітап сақталды. Джеффтің өзінде ешқандай кітап болған жоқ. Өтінім түссе, оны алдын ала келісілген офлайн-дүкендерден алдырып отырды.

Суреттегі үй 2020 жылы түсірілген, Джефф тұрған үй бүгінге дейін біраз жөнделген.

Қазір компанияның штаб-пәтері Сиэтлде. Былтыр шілдеде Amazon-ның капиталы 1,5 триллион доллардан асты. Қор нарығындағы құны бойынша Apple ($1,64 триллион) мен Microsoft-тан ($1,6 триллион) кейінгі үшінші орында тұр. 

Amazon-да қазір 270 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Apple

Стив Джобс пен Стив Возняк Apple компаниясының негізін 1976 жылы 1 сәуірде қалады. Олар алғашқыда Лос-Альтостегі осы үйдің гаражында отырған. Бұл үйде Стив Джобстың балалық шағы өткен. 

Стив Возняктің айтуынша, бұл гаражда олар тек идея алмасып, өнімдерді талқылап, бірге уақыт өткізген. Бірақ онда ешқандай жоба да, макет те, прототип те, өнім де жасалмаған. Дегенмен 2013 жылы бұл үй ресми түрде мәдени және тарихи орынға айналды. 

Apple-дің негізін қалаушылар бастапқыда тек компьютер құрастыруды ойлаған. 24 жылдан кейін, 2000-жылдары iPod, iPhone, iPad және Apple-дің басқа да өнімдері шыға бастады.

HP (Hewlett-Packard)

1938 жылы, 83 жыл бұрын Билл Хьюлетт пен Дэвид Паккард Пало Альтодағы гаражда HP компаниясын құрды. Екеуі де Стэнфорд университетінің алғашқы түлектері болған. Дэвид Паккардтың гаражы 1987 жылы Калифорнияның тарихи орны танылып, тарихи орындардың ұлттық тізіміне енгізілді. 2000 жылы HP компаниясы оны 1,7 миллион долларға сатып алды.

Олар гаражда HP200A атты дыбыс генераторын ойлап тапты. Оны Диснейдің Fantasia фильіміне сатып, жақсы табыс тапты. Бұл жерді кейде «Silicon Valley (Силикон алқабының) отаны» деп те атайды. 

Қазір HP – ақпараттық технологиялар саласындағы ең ірі америкалық компаниялардың бірі.

Microsoft

1975 жылы 4 сәуірде Microsoft пайда болып, бүкіл әлемге танымал болды. Негізін қалаушы достар — Билл Гейтс пен Пол Аллен Popular Electronics журналынан Altair 8800 микрокомпьютері туралы мақаланы оқып, ол үшін Basic бағдарлама аудармашысын жасамақ болды. Компания алғашқы жұмысын Альбукерк гаражында бастады. 

Кейін Sundowner шағын қонақүйіне көшті. Ал ол 2013 жылы тұрғын үй болып кетті. 

Гаражда олар негізгі бағдарламалау тілінің нұсқасын жазды. Алғашқы операция жүйесі үшін 80 мың долларға лицензия алды. Бірнеше жылдан кейін Windows деп аталатын операция жүйесін жасап шығарды. Қазір Windows — әлемдегі ең көп қолданылатын бағдарлама жасақтамасы. Дүниежүзіндегі компьютерлердің шамамен 80%-і осы жүйеге қосылған.

Microsoft корпорациясының 2020-2021 жылдағы таза табысы 61,3 миллиард долларға жетті.