Дональд Клифтон – психолог, философия ғылымының докторы. Ол АҚШ-та позитив психологияның атасы саналады. Ал Gallup – АҚШ-тағы қоғамдық пікір институты. Институт 1935 жылы құрылған. Содан бері түрлі зерттеумен айналысады. Кейін бұл институтты Дональд Клифтон иеленді де, адамның таланттары арқылы оны өзін тануға көмектесетін атақты тестті жасап шығарды.
Тесттің ресми атауы – CliftonStrengths34. Көпшілік Gallup тест деп атап кеткен. Тестті құрастырғандар адам бойындағы негізгі қабілеттерді 34 талантқа топтастырған. Оны төрт домен бойынша бөлген. Executing доменіне жауапкершілік, ұйымдастыру, дисциплина сияқты таланттар жинақталса, influencing доменінде коммуникация, сенімділік, максимализм сияқты қабілеттер бар. Бір сөзбен айтсақ, тест орындаушы, ықпал етуші, қарым-қатынас құрушы және стратег деген төрт тип бойынша адам қабілетін анықтайды.
— Бабур, Divergent қандай жоба?
— Біз осы жоба арқылы адамдардың тест нәтижесін бірге талдасып, көмектесіп жүрміз. Таланттардың орны әркімде әртүрлі, бірақ оның әрқайсын қолдану жолы – бір. Ал біздің жұмысымыз – сол қабілеттерді түсіну, түсіндіру, қолдану стратегиясын жазып беру. Осыған дейін шамамен 500 адамның тестін талдап, кеңес бердік. Кейін әр талантты қалай қолдануға болатыны туралы әдістеме жаздық және қазір оны жаңалап жатырмыз.
— Gallup тестінің қазіргі бағасы – 50 доллар (22 мың теңгеге жуық). Бұл сомаға адам не алады?
— Адамның қабілетін, қандай салаға жақын екенін анықтауға арналған тегін тесттер жетеді. Бірақ оның бәрі CliftonStrengths тесті сияқты анықтай алмайды. Тестті құрастырған институттың өзі адамның таланты 86%-ке дейін дәл анықталады дейді.
Талант, қабілет деген – абстракт нәрсе. Мысалы, қабілеттерімнің 5 келісі командир болуыма, 3 литрі позитив тұлға болып жүруіме көмектеседі немесе 4 метр жауапкершілік қасиетім бар деп нақты айта алмаймыз ғой. Сондықтан адам бойындағы таланттардың қайсысы көбірек, қайсысы азырақ қолданылып жүргенін, адамның өз қабілетіне қарым-қатынасын анықтау қиын. Әр қабілет өмірдің түрлі кезеңінде әрқалай ашылуы мүмкін. Бірақ Gallup институты осы тест арқылы адам бойындағы қабілеттерді сипаттап, олардың орналасу ретін анықтауға көмектесіп жүр.
Қазақстанда мамандық таңдау – үлкен проблема. Ресми дерек бойынша, жоғары оқу орнын бітірген түлектің 60%-і өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтін көрінеді. («Атамекен» ұлттық палатасы мен Білім және ғылым министрлігі 2019 жылы зерттеу жүргізіп, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 60%-і өз мамандығы бойынша жұмыс істемейтінін хабарлады.)
Сонда бұл – осынша студент 4 жылын өзі қаламайтын нәрсені оқумен өткізді деген сөз. Оның үстіне қазір грантта оқығандар 3 жыл жұмыс істеп, өтеуі керек. Адам 3 жыл бір жерге жүк болады, жұмысын қаламай істейді. Содан мансап жолы дұрыс құрылмайды. Жетістіксіз жұмыс, аз жалақы, отбасындағы проблемалар және тағы басқа. Осыдан кейін елдің экономикасы да дами қоймайды.
Неліктен АҚШ жасап шығарған тестке сенуіміз керек деген сұрақ тууы мүмкін. АҚШ – бизнестің отаны. Ең мықты компаниялар сол жақта. Америкада ғылым мен бизнес – бауырлар сияқты. Екеуінің бірігіп өсуіне мүмкіндік жасалған. Ғалымдар бизнеске маңыз қосады. Нәтижесінде сол ұйымдар ғалымдармен бірлесіп дамиды.
Cтуденттерге білім беретін алдыңғы қатардағы оқу орындары да сол жақта. АҚШ-қа жыл сайын жан жақтан адамдар ағылып жатыр. Әлемнің қаймағы бір жерге шоғырланып, ғылым мен практиканы ұштастырған кезде жалпы капиталы бүкіл Африка елдерінің жалпы ішкі өніміне тең Apple сияқты компаниялар қалыптасады. (Apple компаниясының жалпы капиталы – 2,47 триллион доллар. Бүкіл Африка елдерінің жалпы капиталы – 2,334 триллион доллар.)
22 мың теңге – аз ақша емес. Бірақ адам осы 22 мың теңгеге тест тапсырып, нәтижесін дұрыс пайдалана алса, өзін таныған, жетістікке жете алатын, ісінен шабыттана алатын жанға айналады. Адам прогреске қаржы жұмсайды, оған төлемесе, регреске төлеуге мәжбүр болады. Жетістіктер үшін инвестиция бөлінбесе, кейін қиындықтарға төлем жасалады. Ата-ана әр кезде баласын полицияға ақша беріп, шығарып алып жүргісі келмесе, жұмыс беруші артық шығындала бергісі келмесе, 22 мыңды қазір төлеген тиімдірек болар.
Білім мен тәрбиеге бәрібір төлейміз. Басында төлеп нәтижесін алуға мүмкіндігіміз бар. Тіпті, төлемесек те, нәтижесіне шығындалып жатамыз.
— Тесттен өткен соң нәтижесімен қалай жұмыс істей аламыз?
Мына үлгіде көрсетілгендей 34 талант төрт доменге, төрт түске бөлінген. Мұндағы қанық болып белгіленіп тұрған 1-ден 10-ға дейінгі қабілеттер – адамның ең күшті таланттары. Ал қабілет 34-ке жақын болған сайын ол өмірде аз көрінеді, іске асады.
Орындаушы (Executing) таланттары жоғары орналасқан адамға істеген жұмысы, еңбегі, оны дәлелдейтін нәтижесі, жетістіктері маңызды.
Ал ықпал етуші (Influence) блогындағы таланттары басым адам өзіне сенімді, сапаға қатты мән беретін, басқару, байланыс орнату және жарысу сияқты таланты нәтижесінде айналасына көбірек әсер етеді.
Relationship building бағытындағы таланттары басым адам өзгелерді сезу, жақын қарым-қатынас орнату, көмектесу, позитив болу арқылы адамдармен жақсы тіл табыса алады.
Ал стратегиялық ойлауы, анализ жасау қабілеті (Strategic thinking) басым адамдар миымен жұмыс істеуге бейім келеді. Олар стратегиялық жоспарлау, анализ жасау, есте сақтау, үйрену, терең ойлау арқылы өзін де өзгені де дамуға жетелейді.
Тестті тапсырған соң таланттарды жұмысқа пайдаланудың екі жолы бар. Біріншіден, мүмкіндігінше көбірек қолданып жүрген, ондықтағы таланттарды пайдалана алатын жұмыс істеген жөн. Сонда жеңілірек болады. Адам тестті 18 жасында тапсырса, ол сол қабілеттерін 18 жыл бойы шыңдады дей аламыз.
Екіншіден, адам мамандығын таңдап, жұмыс істеп жатса, саланы ауыстыруға мүмкіндік болмаса, қабілетін сол қызметке ыңғайлай алады. Сол арқылы жұмысын жеңілдетуге болады. Өмір бойы адам тек өз қалауымен өмір сүре алмайды десек, қабілетін қолдану да өзінің шеберлігіне байланысты. Жұмыс характері мен адамның таланттары сәйкес келген кезде адам жұмысын жақсы көреді және оны ұнатып істейді. Сондықтан көбірек қолданатын таланттарына қарай мамандық таңдаған дұрыс.
Адамға өзінің басым таланттарын көбірек пайдалана алатын орта керек. Оқушылар мамандығын, студенттер жұмысын, ал басшылар қызметкерді таңдағанда оның негізгі қабілеттеріне мән берсе, процесті жеңілдетеді. Кәсіпті ғылыммен ұштастыру арқылы әркім өзінің жеке эффективтілігін еселей алады.
Парето принципі бойынша адам ең мықты 20% қабілетімен 80% жетістікке жетеді. Адам ең күшті қабілетіне сай іспен айналысқанда өзінің тетігін табады. Осылайша төмен қабілеттерінің әлсіздігінен құтылады. Уақыт өте келе төменде тұрған таланттар да алдыңғы орындағы күшті қабілеттер қатарына қосылады.
Сонымен қатар кез келген адам бір немесе бірнеше ұқсас қабілеттерді дамытуға нақты жоспар құрып, соны орындап та белгілі бір нәтижеге жете алады. Дисциплинаңыз төмен болса, бәлкім күнде бір уақытта тұрып, спортпен айналысу арқылы оны қозғап көресіз? Әдетте бір-бірлеп бастаған дұрыс.
Тестті әзірлеген институт та, талдап жүрген біз де «Мына қабілетке мынандай мамандық жақын» деп қана айта аламыз. Адам ұсынысты өмірде қолданып, сынап көрсін. Әрі қарай оған ұнайтын-ұнамайтынын өзі анықтайды. Ешбір талант ешқайсынан кем емес. Әрқайсысы қолданылған кезде мықты. Сол себепті тест нәтижесіне қарай адамдарды төмендетуге болмайды. Бірақ жетістікке жеткен адамның таланттары сол қабілеттерді қолданбаған адамдікінен жоғары болады.
Адамдар өзінің тест нәтижесіне қарап, төмен таланттарға көңілін бөліп, мұңаймағаны дұрыс. Дәл солай алдыңғы қатардағы қабілетін айтып, мақтанып та кетпеуі керек. Бәрінде баланс болғаны жөн. Адамның балансы қандай, сол маңызды. Әркім өз талантын жақсы көріп, бағалап, оны дамытуға күшін жұмсаса дейміз. Ал өзін дамыта алатын, табысты адамдар түбінде бір жерде кездеседі. Адами капиталды таланттар, құндылықтар арқылы дамыту – Divergent жобасының негізгі мақсаты.
— Баланс деп қалдыңыз, сол балансқа қалай жетеміз?
— Қазір осы нәрсені барынша зерттеп жатырмыз. Біріншіден, адам өзінің әлсіз жағы мен мықты қабілетін жақсы білуі керек. Одан кейін адам құндылығын анықтап алғаны дұрыс.
Кейінгі 4-5 жылда SQ-ге көңіл бөлініп жатыр. SQ – адамның рухани құндылықтары. Адам ақылды, интеллектуал делік.
Бірақ оның рухани құндылықтары дұрыс қалыптаспаса, таланты, білімі өзіне және қоғамға кері әсер етеді.
Адольф Гитлер, Иосиф Сталин ақылды, талантты адамдар болды. Олар қоғамға үлкен өзгерістер әкелді. Стив Джобс, Абай Құнанбаев та – қабілетті, білімді тұлғалар. Олар да адамдарға әсер ете алды. Ақылы мен талантын қолданғандықтан олардың есімі тарихта қалды. Бірақ қайсысы қандай іспен есімізде қалғанына қарай құндылықтың таланттарға әсерін түсінуімізге болады.
Әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деді. Құндылықсыз қолданылған талант та тәрбиесіз білім сияқты.
Дивергенттер үшін SQ таланттардан жоғары тұрады. Біздің құндылықтарымыз – ғылым, руханият, дәстүр және денсаулықтың балансы. Ал CliftonStrengths34 тесті арқылы адам бойындағы қабілеттерді дамытып, қоғамға қолымыздан келгенше пайдалы болуды мақсат етеміз.
— Тестті тапсырған адам кімге жүгіне алады? Бірнеше адаммен талдап көрсе ше?
— Тестті әркім өзінше талдайды. Біреу сіздің алда тұрған қасиеттеріңізге көбірек көңіл бөліп, позитив жағынан кеңес беруі мүмкін. Ал біреу төменгі таланттарды атап, салдарынан болатын жағдайларды ескеріп жатады.
Тестті құндылығы дұрыс қалыптасқан, тәжірибесі мол адаммен талдау керек. Маман болмаған, құндылығы дұрыс қалыптаспаған, таланттарды толық түсінбеген адам тестті талдау кезінде де қабілетін қате қолдану қаупі жоғары. Адамдар «мына талант жақсы, ал мына қабілет керек емес» деп қарамауы керек.
Gallup институты тест тапсырған адамға нәтижесі ретінде 25 беттік түсіндірме береді. Нәтижесі автоматтандырылғандықтан ол жерде біріншіден, адами факторлар ескерілмейді. Екіншіден, 25 беттік мәліметті мұғалім оқушыға кітаптағыны түсіндіргеніндей жеткізетін маман керек. Шыққан құнды ақпаратты іс-әрекетке айналдыру үшін маман қысқа әрі эффектив тәсілдерді қолданып, түсіндіруі керек. Тест нәтижесі ұқсас болғанымен адамдардың қызметі, өмір сүру салты, түсінігі әртүрлі. Демек, оның әрқайсына таланттарды қолдану жолы, тәсілі әртүрлі берілуі керек.
— Тесттің адамдармен қарым-қатынас құруға, командада өзін ұстауына әсері қандай?
— Ұжымдағы, кәсіптегі команданың қандай екенін, қай адамды қай қызметке қойған дұрыс болатынын тест нәтижесіне қарап, кеңес бере аламыз.
Мысалы, бастық бір танысын бухгалтер ретінде жұмысқа алды. Ал оның аналитикалық қабілеті төмен, сандармен жұмыс істегенде қиналады. Бірақ ол кісі көркем сөйлейді, харизмасы бар, өзін көрсетуге, бірнәрсені таныстыруға қабілетті. Онда оны маркетинг бөліміне ауыстырған тиімді болмай ма? Ал маркетингтегі маман сатудан, жаңа технологиядан, көптің алдында сөйлеуден ыңғайсызданады. Бұл кісіге кесте жасау, санау, аналитика ұнайды. Енді осы кісілерге қабілетіне қарай жұмыс тапсырса, екеуі де қиналмай, керісінше процестен рахаттана алады.
Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың тест нәтижесіне қарай бір-бірінің күшті және әлсіз тұсын есепке ала отырып, жақсы қарым-қатынас құруға көмектесіп жүрміз.
Ерлі-зайыптының тест нәтижесін талдағанда түрлі жағдайды кездестіреміз. Мысалы, эмпатиясы жоғары әйел әдетте күйеуінен көп эмоция көрсетуін қалайды. Ал эмпатиясы төмен ер кісіге эмоциясын шығару тән емес. Нәтижесінде әйелге күйеуінің эмоциясы жетпейді. Осындай жетіспеушіліктен әйел ренжу, өкпелеу, қырсығу сияқты әрекетке барады. Егер ер адам өзінде эмпатия төмен, ал жұбайында жоғары екенін біліп тұрса, жылы сөз айтып, кішігірім ілтипат білдіріп, келеңсіз жағдайдың алдын алуына болады. Әйел кісі де өзінде эмпатия жоғары, ал күйеуінде төмен екенін білсе, ренжімей, ойын ашық айтса, қалаған нәрсесіне оңай қол жеткізер еді.
— Тестті кімдерге тапсыруға кеңес берер едіңіз?
— Компаниясының жұмысы өнімді болғанын, өрлегенін қалаған менеджерлер мен жалпы басшылықтағы адамдарға тест тапсырған өте тиімді. Қызметкерлерін қалай басқаруды, олардың таланттарын тиімді қолдануды, жұмысты өнімді істеуді үйренеді.
Камера орнату, адамды түрлі жүйеге салу, қорқыту немесе контроль жасау – өте көп энергия талап ететін жол. Егер жауапкершілікті қабілеті бар адамға берсе, ол қиналмай, өз еркімен қуана жасайды.
Адамның талантын жақсы білу арқылы жұмыс, білім, кітап, мамандық таңдауына көмектесуге болады. Тіпті, адамның неге кітап оқи алмай жүргенін тест нәтижесіне қарай анықтай аласыз. Біреу «Үш кітап оқыдым, ешқайсы ұнамады» деуі мүмкін. Себебі ол өзінің қабілетіне сай, өзіне ұнайтын кітапты оқымаған. Мысалы, қарым-қатынас құру (relationship building) қабілеті басым адамдарға көп жағдайда сезім, қарым-қатынас, автобиография оқыған ұнайды әрі олар оны жеңіл оқиды. Кітап, көлік таңдау, адамның киіну әдебі, өзін ұстауы, сенімі – бәрі құндылықтар мен таланттарға тікелей байланысты.
— Тестті қалай, қай уақытта тапсырған дұрыс?
— Жалпы тестке бірқалыпты көңіл-күйде, қатты шаршамай отырған кезді таңдаған дұрыс. Адамның назарын бөлетін барлық жағдайдан алыстап, компьютермен тапсырған жөн. Тестте 177 сұрақ бар, оның әрқайсына 20 секунд қана беріледі. Сол себепті оқып, анализ жасап жауап бере алатын жаста тапсыруға болады. Бұл – шамамен 14-15 жас.
Тестті Gallup.com сайтына кіріп, онлайн төлем жасап, орыс тілінде тапсыра аласыз. Тест нәтижесін адамдармен талқылауды ұмытпаңыз. Сонымен қатар Gallup тестіндегі қабілеттер, құндылықтар туралы Divergent подкастынан білуге болады.
Супер
Супер
Күшті
.
Күшті