ГлавнаяБлог

Spoiler free. Неге бәрі «Кальмар ойыны» сериалын талқылап жатыр?

17 қыркүйекте шыққан «Кальмар ойыны» сериалы Netflix компаниясының тарихында ең жоғары рейтинг жинаған жоба болды. Бірінші маусымы жұмбақпен аяқталса да, ол жылдың ең үздік сериалы болмақ. «Ойын» әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, медиада небір сынға арқау болды. Ал адамдар сериалдағы ақ слипондар мен жасыл костюмді іздеп, дүкен кезіп жүр. Осылайша сериал аз уақытта нағыз поп-мәдени феноменге айналды. Неге?

Уеб-сериал сюжеті бойынша қарызға батқан, ақшадан қысылған адамдар жасырын ойын ойнауға шақыру алады. Жағдайын түземек болған бір топ адам балалар ойынын ойнауға келіседі. Көп ақша ұтып алуға қарызға белшесінен батқан финансист, айықпас ауруға шалдыққан қарт, Пәкістан иммигранты мен босқын әйел де келген. Ұтысқа 40 миллион доллар тігілген. Ойыншылар ақша үшін түрлі тәуекелге барады. 456 қатысушы бар, жеңіске жететін біреу ғана.

Шытырман оқиғалы әрі драмаға толы сериалды Оңтүстік Корея түсірген. Онда көпке танымал актерлар ойнайды. Мысалы, «Пусанға жол тартқан пойыз», «Гоблин» фильмдерімен танымал Кон Ю, «Нартәуекел», «Айрис» телехикаяларында ойнаған актер Ли Бен Хон төбе көрсетеді. Сериал режиссеры — Хван Дон Хек. Режиссер сериалдың идеясын өзі қаржыдан қиналып жүрген кезінде әрі Оңтүстік Кореядағы экономикалық теңсіздікті көріп жазғанын айтады.

Көпшілік «Сериал қазір болып жатқан шындықты көрсетеді» деп есептейді. Себебі кейінгі жылдары Оңтүстік Кореяда жұмыссыздық көбейген. Соған қарамастан банктерге қарызданғандар азаяр емес.

Көрермен сериалды 9 бөлім бойы «Не болар екен?» деген оймен көреді. Оның үстіне Netflix компаниясының осыған дейінгі танымалдығы аудитория жинауға ықпал етіп отыр. Тіпті, компания сериалды ұсынар алдында жарнама ретінде Филиппин қалаларының біріндегі жолға сериалдағы қуыршақты орналастырды. Қуыршақ ереже бұзғандарға сюжеттегідей бұрылып, көзінің қызыл түске боялуымен ескерту жасайды екен.

Сериал шыққан соң не өзгерді?

  • «Кальмар ойынын» 90 елдің халқы көріп, сериал бұрын болмаған танымалдыққа жетті.
  • Басты кейіпкерлер киіп жүрген Vans компаниясының ақ түсті Triple White аяқкиімінің сатылымы кейінгі айда 7800%-ке көтерілген. Ал интернетте адамдар бұл аяқкиімді басқа айларға қарағанда 97% көп іздеген.
  • Сериал актерлары аз уақытта Америкаға танымал The tonight show-ға барып үлгерді.
  • TikTok видеохостингінде телехикаяның үзіндісі 36 миллиард рет қаралды.
  • Тиктокерлер сериалдағы бірінші ойынды қайталап, 200 мың видео жүктеген.
  • Сериалда басты рольде ойнаған модель Чон Хо Енның Instagram-дағы парақшасында оқырман саны бірнеше күнде 18 миллионға жетті.
  • Сеулдегі бір метро станциясы сериал стилімен безендірілді. Енді ол жер қаладағы ең танымал орынға айналып отыр;
  • Әлеуметтік желі қолданушылары сериалдағы қанттан жасалған тәттіні үйде жасап, одан үшбұрыш, дөңгелек немесе қолшатырдың формасын шығарып көріп жатыр. Оңтүстік Кореяда бұл тәтті көшеде сатылады. Сериалдан соң сатылым одан сайын өскен.
  • Сериалда көрсетілетін байланыс нөмірі ойдан шығарылмаған. Күніне сол нөмірге 4 мың қоңырау келетін көрінеді. Тіпті, танымал байланыс нөмірін мыңдаған долларға сатып алғысы келетіндер де табылыпты. 

Қазақстан көрермендері не дейді?

Squid Game сериалы қазақстандықтар арасында да танымал болып кетті. Әлеуметтік желі қолданушылары өз контентіне сериалдағы элементтер мен сахналарды пайдаланып, оны әзілге де айналдырып жатыр. 

Желі қолданушысы Аршат Ораздың айтуынша, сериал пәлсапасына үңілсек, барлық нәрсе бала ойынына құрылған. Осылайша бала ережелерінің аяусыз екенін, жалпы өмір ойыннан тұратынын көрсетеді.

«Негізгі ойдың бірі — адам қатынасы. Адамның эгосы, топтасуы, жұптардың қарсылас болып кетуі, сатқындық, достық, жағымпаздық, тірі қалу, жақсылықты пайдаланып кету, үлкенді сыйлау, әлсіздерге және әйелдерге дискриминация, кедейлердің құны жоқ екені, байлар үшін көп нәрсе ойын екені көрсетіледі. Әлбетте кез келген жүйеде жемқорлық, тыңшылар да болатыны қамтылған», — деп жазды Аршат Ораз Telegram каналында. 

Ал сценарист Перизат Мырзахмет Instagram парақшасында сериалдағы бір жайтқа байланысты пікірін білдірді. Сценариске «Кальмар ойынында» тек бір сәт ұнаған.

«Сериалдағы қанкешудің ішінде 240-ойыншының өлімі ғана мән-мағынаға ие болды десем, біртүрлі ме? Бірақ оның өлімі ішімдегі идеяны нығайта түсті. 240-ойыншыдан «Жеңіп шықсаң, не істейсің?» деп сұрайды. Ол болса, «Сенің сұрағың туралы көп ойландым. Бірақ мақсат таба алмадым. Өмір сүретін себебі бар адам ғана бұл жерден құтылуы керек» дейді де ажалын қарсы алады. Құдайдың өмір мен өлімге жасырған идеясын түсіну, қабылдау және қарсы алудың өзі қайырлы іс екенін көрсетіп кеткендей. Бұл жазбамен «мақсатың болмаса, өле қал» деген ой салмаймын. Бірақ мақсатсыз адам тірі өлік екенін айтқым келеді», — деп жазды Перизат Мырзахмет.

Дүниежүзінің психологтары мен мұғалімдері «Кальмар ойынын» жасөспірімдер көрмегені дұрыс екенін айтып, дабыл қақты. Себебі онда қан, адамды аяусыз өлтіру, төбелес бар. Ересектерді TikTok-тағы жасөспірімдер мен балалардың сериал эпизодын қайталауы алаңдатып отыр.

«Кальмар ойыны» дорамасын көрмеуді ұсынамын. Сериал балаларға қатігездік пен сатқындықты, жауыздықты, сонымен қатар материал дүниелерді жоғары қоюды, қателесуден қорқуды дәріптейді. Басқа ата-аналарға ескерте жүріңіздер», — деді психолог Ұлмекен Сәндібекқызы

Сонымен қатар мамандар бала фильмдегі қантөгіс пен қатігездікті реал өмір деп қабылдайтынын айтып отыр. Сондықтан сериалды ақпаратты белгілі бір сүзгіден өткізе алатын көрермен көргені жөн екен. Ал компания болса, уеб-хикаяның жас шектеуі 18-ден жоғары екенін ескерткен.