ГлавнаяБлог

NFC 34: Алматыдағы аламан айқас

Еліміздегі ең үздік ММА лигасы саналатын Naiza Fighting Championship кезекті турнир алдында баспасөз маслихатын өткізді. NFC 34 турниріне арналған баспасөз конференциясының басты спикерлері Naiza Fighting Championship лигасының президенті Нұрбек Қарабала мен кештің басты жекпе-жектерінде сынға түсетін Серік Разғалиев пен Бекзат Исаков болды. Сондай-ақ 2 жылдан кейін шаршы алаңға қайта оралған Арман Әшімов пен әзірбайжандық қарсыласы Серхан Валили де тілшілердің сұрағына жауап берді.

Серік Разғалиев: Қазақстанға жиі келгім келеді

Ресейлік жауынгер Серік Разғалиев басты жекпе-жекте өнер көрсетуге мүмкіндік бергеніне алғыс айтып, дайындығының өте жақсы екенін тілге тиек етті.

«NFC тұжырымының артқан сенімін ақтап, жарқын жекпе-жек көрсетуге барымды саламын. Бұл жекпе-жекке күн-түн демей тер төгіп, тыңғылықты дайындалдым. Қарсыластың бірнеше мәрте ауысуы да дайындыққа кері әсерін тигізген жоқ. Жекпе-жекті аз уақытта қабылдаған қарсыласыма алғыс айтамын. Меніңше, бұл нағыз тартысқа толы айқас болады. Дайындығым туған жерім Астрахань қаласындағы Astrakhan Top Team клубында, Шамиль Магомедов пен Рустам Умалатовтың қол астынды өтті. Клубымызда бәсекелестік өте жоғары, сондықтан әр жекпе-жекте жақсылап дайындаламыз. Салмақ қуу процесі де ойдағыдай өтті. Бұл жекпе-жекке шамамен 8 келідей салмақ қудым.

Бапкерлерім жекпе-жекке қатысты нақты жоспар құрып берді. Сол құрылған жоспармен жұмыс істеп, жеңіске жету үшін барымызды саламыз. Өйткені Қазақстанда өнер көрсету — мен үшін үлкен мәртебе, әрі жауапты іс. Қазақстанның түкпір-түкпірінен қолдау көрсетіп, жеңісімді тілеп жазатын жанкүйерлер көп. Қазақстан әрқашан қонақжайлығын танытып, ыстық ықыласымен қарсы алады. Сондықтан да Қазақстанға жиі-жиі келгім келеді. Әрине, қазақ бауырларымды жерге қаратпай, жеңіске жету үшін барымды саламын», – дейді Серік.

Жекпе-жекті қысқа мерзімде қабылдаған Бекзат Исаков Қазақстанға тек жеңіс үшін келгенін және тік тұрып айқаста қарсыласынан мықты екенін айтты

«Жекпе-жекті қысқа мерзімде қабылдасам да, дайындығым жақсы. Негізі 8-қазан күні «Алаш Прайд» турнирінде Әділ Боранбаевқа қарсы жекпе-жек өткізуім керек болған. Бірақ қарсыласым қазан айына толық дайындалып үлгермейтіндіктен кездесу кейінге шегерілді. Осындай үлкен додада өнер көрсетуге мүмкіндік берген NFC тұжырымына алғыс айтамын.

Негізі 70 келі салмақта жұдырықтасып жүрмін, бірақ ең үздік тұжырымның бірінен ұсыныс түскеннен кейін мүмкіндікті жібергім келмеді. Жекпе-жекке 3-ақ келі салмақ қудым, сондықтан кездесу барысында аса қиындық тумайды деп ойлаймын. Қарсыласымнан тік тұрып төбелесуде бір бас жоғарымын деп ойлаймын. Десек те, бұл – ММА, күреске де, тік тұрып төбелесуге де дайынбыз», – деді қырғызстандық жауынгер.

Арман Әшімов: Жекпе-жекке 50% қана дайынмын  

Шаршы алаңға 2 жылдан кейін қайта оралған Арман Әшімов дайындығын орташа бағалап, NFC тұжырымына қатысты жоспарларын бөлісті.

«Жалпы NFC тұжырымымен бір ғана жекпе-жекке келісімшартқа отырдық. Лига президенті Нұрбек Қарабала ағамыздың бастауымен матчмэйкерлер тарапынан ұсыныс түсті. Соның ішінде Мырза бауырымыз Алматыда жанкүйерлермен осындай дүбірлі дода өтейін деп жатқанын айтып, жақсы ұсыныс жасады. Бір шетінен шаршы алаңды сағынғандықтан, екінші тараптан Нұрбек ағамыздың берген мүмкіндігін пайдалануды жөн көрдік. 

Дайындығымызды өте жақсы деп те, нашар деп те айта алмаймын. Бұл кездесуге «Арлан ММА» командасының бапкері Игорь Фунтиковпен бірге дайындалдық. Жалпы жекпе-жекке 50% ғана дайынмын  десем болады. Десе де, шаршы алаңды сағындым, төбелеске деген ынтам өте жоғары. Жекпе-жегімді сағынған жанкүйерлерге тамаша өнер көрсетіп, айыздарын қандырғым келеді. Десек те, қарсылас Серхан да қалпақпен ұрып алатын қарсылас емес. Сондықтан алдын ала болжам айтып, тон пішкім келмейді. Кімнің бағы жанады, кімнің техникасы мықты, кімнің жылдамдығы мықты сол жеңіске жетеді деп ойлаймын.

Егерде бәрі ойлағанымыздай болса, алда үлкен жекпе-жектерге жол ашылады. Өздеріңіз білетіндей, жақында елімізге танымал менеджер Саят Абдрахманов аға-бауырымызбен келісімшартқа отырып, бірден жұмысқа кірістік. АҚШ-қа жұмыс визасын жасату үшін керекті құжаттарды тапсырып, жауабын күтіп отырмыз. Бәрі дұрыс болса, жыл соңына дейін UFC-де өнер көрсетуім ғажап емес», – дейді «Мұстафа Өзтүрік» лақап атымен танылған спортшы.

Арман Әшімовтің атақ-даңқынан қаймықпаған Серхан Валили сенсация жасап, еліне жеңіспен қайтқысы келетінін жасырмады.

– Арман Әшімовке қарсы жекпе-жек өткізу туралы ұсыныс түскенде қуана қабылдадым. Өйткені ол Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең үздік спортшылардың бірі десем болады. Бапкерлеріммен бірден дайындыққа кірісіп, жақсы оқу-жаттығу жиынын өткіздік.  Бірақ салмақ қуу мәселесінде аздаған қиындықтар туындап, Арманнан 59 келіде жұдырықтасуды сұрадым.

NFC 34 турнирінің басты жекпе-жектерінің бірінде өнер көрсететініме қуаныштымын. Сегізбұрышта барымды салып, сенсация жасауға дайынмын. Мен тек жеңіс үшін келдім. Әрине, қарсыласымның жойқын соққылары өте қауіпті екенін білемін. Бірақ бапкерімізбен құрған тактика бізді жеңіске жетелейтініне сенімдімін.

Мендегі басты мақсат — Арманның осал тұсын тауып, NFC лигасымен келісімшартқа отыру. NFC тұжырымы — қазіргі таңда ең үздік лигалардың бірі. Сондықтан бұл тұжырыммен келісімшартқа отыру мансабымды жақсы жаққа өзгертеді деп ойлаймын. Қазақстанға, Алматыға бірінші рет келуім. Егер осы жекпе-жекте жеңіске жетсем, болашақта тағы келемін», – дейді әзірбайжандық жауынгер.       

Нұрбек Қарабала: NFC 34 жауынгерлеріне 22 млн теңге сыйақы бөлінді

Орта Азиядағы үздік MMA промоушендердің бірі саналатын NFC лигасының президенті Нұрбек Қарабала тұжырымның жоспарларымен бөлісіп, NFC 34 турнирінің ерекшеліктерін атап өтті.

«NFC 34 турнирі көрермендермен өтетін алғашқы турнир болмақ. Сол себепті кардқа қазақ ММА-сының қаймақтарын қоюды жөн көрдік. Жалпы бұл турнирде сынға түсетін спортшылардың сыйақысы — 22 млн теңге.  Басты жекпе-жекте жұдырықтасатын Серік Разғалиев үшін чемпиондық белбеудің тағдыры шешілетін кездесу болмақ. Ресейлік спортшы жеңген жағдайда Мансур Шахгереевпен чемпиондық атаққа таласады.

Жалпы турнирдің географиялық ауқымын кеңейтуді де көздеп отырмыз. Алдағы турнирлерді Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Ақтау, Түркістан қалаларында өткізу жоспарда бар. Болашақта шет елдерде де турнир өткізу ойда бар. Бірақ мұның бәрі әлемдегі ахуалға байланысты. Сондай-ақ алдағы уақытта еуропалық, Азиялық тұжырымдардың чемпиондары мен NFC-дің чемпиондары арасында кездесу өтетін турнирлер өткізгіміз келеді. Қазір осындай ауқымды мәселелерді іске асыру үшін NFC лигасының аясында 106 адам жұмыс істеп жатыр», – деді Нұрбек Қарабала.

Айта кетейік, 3 қазанда NFC 34 турниріне қазақстандық және ТМД елдерінен келген 26 спортшының қатысуымен 13 жекпе-жек өтеді.