Әділет Рахметолла Жамбыл облысы Қордай ауданы Кенен Әзірбаев ауылында 1992 жылы дүниеге келген. 2015 жылы Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің құрылысшы мамандығын тәмамдаған. Қазіргі уақытта видеография саласында жұмыс істейді әрі Aralike туризм жобасын жүргізіп жүр.
«Видео түсіру қанымда бар»
Видео түсіруге бала кезімнен әуестене бастадым. Осы салаға келуіме тікелей себепкер болған – ағаларым. Оларға еліктеп өстім. 1993-1994 жылдары әкемнің інісі Германияға барып Panasonic HC камерасын алып келді, ауылдағы той-томалақтарды түсіріп жүрді. Осылайша, бұл саланың ауылы маған алыс та болмады. Тіпті, видео түсіру қанымда бар десем, артық болмас. Қызығушылығым сол уақыттан бастап бірте-бірте оянып, бүгінде негізгі кәсібіме айналды. Қабілетімді әрі қарай жетілдіру мақсатында мектепте оқып жүргенімде түрлі видео түсіріп беріп, азын-аулық қаражат тауып жүрдім. Әрине, сол кездерде көп ақша таппасам да, істеген жұмысыма көңілім толатын.
«Әркім өзіне ұнайтын саламен айналысуы керек»
Мектеп бітіріп жоғары оқу орнына құрылысшы мамандығына түстім. Бұл салаға қызығушылығым болмады. Кейде «Біреудің грантын тартып алдым ба?!» деген ойлар да келетін. Өйткені сол уақыттарда оқу бітіріп, қатардан қалмай мемлекеттің грантына түсу мақсатым болды. Бірақ кейін бұл мамандық «менікі» емесін түсіндім. Алайда университетте оқып жүргенімде түрлі іс-шараның видеоларын түсіретін едім. Содан студент кезімде бір фотостудияға жұмысқа кірдім.
Ол жерде екі жылға жуық жұмыс істеп, кейін достарымызбен бірігіп студия аштық. Біздің командада үш бала болды. Кейін әркім өз жолымен басқа жобаларға кетті. Ал мен Qazaqstan телеарнасына жұмысқа орналасып, деректі фильм түсірдім. Содан HIT TV, «Асыл арнамен» бірігіп жұмыс істеп көрдім. Қазіргі уақытта өзімді қалыптастыру мақсатында жеке шықтым. Түрлі жарнама жобаларымен жұмыс істеймін. Мектеп бітіруші түлектерге айтар кеңесім: «етікші», «тігінші» немесе «даяшы» болсаң да, өзіңе ұнайтын іспен айналыссаң екен. Себебі адам өзіне ұнайтын салада жүргенде ғана одан ләззат алады.
«Қазіргі жетістігіме «Асыл арна» телеарнасының көмегі тиді»
Өміріме көп әсер етіп, маған бағыт-бағдар мен тәлім берген, аға мен іні арасындағы қарым-қатынастың қалай болуы керегін үйреткен – «Асыл арна» телеарнасы. Арна директоры болған Мұхамеджан Тазабек ағаның ақылы мен сондағы ұжыммен жұмыс маған үлкен тәжірибе болды. Жұмысқа кіре салысымен Сауд Арабия еліне қажылық сапарына оператор болып бардым. Одан кейін Түркия мен Африка мемлекетіне барып деректі фильм түсірдік. Ол жерде қызмет етіп жүріп Нигерия, Малайзия мемлекетін де көрдім. Арнада жұмыс істеуім шет мемлекеттерге шығып, ой-өрісімнің дамуына әсерін тигізді. Осы сапарларымнан әдемі кадрлар жасап, әлеуметтік желіде оқырманымды табуыма мүмкіндік зор болды.
«Африкаға сапарым танымымды өзгертті»
Бір сапарымда Африкаға барып көп дүниеге көзім жетті. Онда барған мақсатымыз деректі фильм түсіру еді. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен танысып, қайырымдылық жасадық. Шыны керек, жағдайы төмен қарапайым халқын көргенде, қазіргі жағдайымызға шүкірлік айттым. Аштықтан хал үстінде ауырып жатқан адамдарды көрдім. Өздеріңізге мәлім, онда медицина жоқ, су тапшы, халқы бірнеше шақырым жерден суды жаяу алып келеді. Балалардың денесін кәдімгідей күс басқан, жуынатын су жоқ. Киімдері жыртық. Бұл жағдай маған қатты әсер етті.
Қазақстаннан қайырымдылық шарасына Түркиядағы еріктілер тобы және «Асыл арна» телеарнасы бірігіп барғанбыз. Африкадағы мұқтаж халыққа осылайша тегін көмек беріп, медицинамен қызметімен қоса, қайрымдылық жасадық. Ол жақтағы жұмысым африкалықтарға қазақтар мен түріктердің көмектесіп жатқанын түсіру болды.
«Карантин кезінде әлеуметтік желідегі парақшама оқырмандар көп тіркелді»
Негізі Instagram парақшама коммерциялық видеоларды өте аз саламын. Көбіне ешкім ақы төлемеген, өзім іздеп барып түсірген видеоларды оқырман назарына ұсынамын. Осылайша, шығармашылық видеом арқылы өнімдерімді сатып, тапсырыс аламын.
Қазір тапсырыс берушілер мені көбіне видео-блогер ретінде шақырады, қаражатты осыдан табамын.
Әлеуметтік желідегі аудитория арзан әзіл мен вайн көруге әуес. Мұндайда қалың топтың арасынан мақсатты аудиторияңды табу өте қиын.
Ол жағынан көп ойландым, қиындықтар да болды, анализ жасадым. Желіде оқырмандардың көңілінен шығу үшін түрлі жолды байқап көрдім.
Былтыр елімізде қатаң карантин енгізілгенде, Instagram парақшамда 60 мың оқырманым болды. Өздеріңіз білетіндей, сол уақытта ешкім сыртқа шыға алмай, үйден шықпай отырды. Содан карантинді пайдаланып, Алматының әсем табиғатын түсіріп парақшама жарияладым. Сол кезде көптеген танымал парақша менің видеоларымды өздеріне салып жатты. Кейін парақшама оқырмандар кәдімгідей лек-легімен келді.
Осылайша, оқырмандарым менің видеом арқылы Қазақстанның әдемлігін көрді. Тіпті, әсем жерлердің барын менің видеомнан көріп таңғалып, қызығушылық танытқандар өте көп болды. Әрине, оқырмандарыммен бірге өзім де сұлу табиғатты көріп көріп, таңдандым. Әлі де табаным тимеген жер өте көп.
Бірде бір саяхатшымен жолықтым. Әңгіме барысында Қазақстанның барлық жерін бір жылдың ішінде аралап, сапалы контент жасағым келіп жүргенімді айттым. Содан ол тәжірибесін бөлісті, 20 жылдан бері Алматы облысын түсіріп келеді екен. Әлі де әсем жерлерді кадрға алып тауыспағанын айтты. Біз сұлу табиғатымызды видеоға түсіріп, көпшілікке көрсетуге тиіспіз. Оқырманда қызығушылық оянады. Ішкі туризмді дамытамыз. Мысалы, Алматы облысына қарасты Көлсай көлін айтар болсам, бұрын адамдар онда көп бара бермейтін. Ал қазір керісінше келушілер саны өте көп. Тіпті, шет мемлекеттен арнайы келетін туристтер де бар.
«Өзімді дрон ұстаған табиғат аңшысы сезінемін»
Кәсіби түрде видеомен айналысатындарға дрон өте ыңғайлы. Себебі дрон – көк пен жердегі әдемі кадрларды алуға таптырмас, тамаша техника. Кейде камераң қолыңда болғанымен бізге қажет, көрінбейтін, таңғажайып қол жетпейтін кадрлар болады. Осындайда дронның көмегі орасан зор. Табиғатты дронмен түсіру өте ыңғайлы. Сондықтан үнемі қолымнан дронды тастамаймын. Аңшылар аңға мылтықпен шықса, менің мылтығым – дрон. Қазір Instagram әлемінде «дронмен түсіруші» болып танылып кеттім.
Қолыңда дроның болғанымен сәтті кадр алу білу де оңай іс емес. Әдемілік те бірден тумайды. Оған да ізденіс, талпыныс, еңбек қажет. Оның өзінің де арнайы уақыты болады. Сол сәтті ұстап дронмен тез арада түсіріп үлгеру керек. Кейде өзімді дрон ұстаған табиғат аңшысы сезінемін.
Қазіргі таңда көптеген видеом оқырмандарымның көңілінен шыққан. Ішінде 1 миллионға жуық көрілім жинаған жұмыстарым да бар. Мысалы, парақшама жапондық оқырмандарды әкелген танымал видеом болды. Ол Жамбыл облысы Меркі маңайындағы жабайы қызғалдақ арасынан қойшының атқа мініп, артына ит ілестіріп шапқанын түсірген видеом еді. Туындыларымның ішіндегі ең көп қаралым жинап, бірінші орында тұрғаны – сол.
«Ең қымбатқа бағаланған видеом – 10 миллион теңге»
Қазір «Qazaq туризммен» видео түсіріп жұмыс істеп жатырмыз. Негізі көбіне жеке жұмыс істеймін. Жарнамаға түсірген видеоларымның бағалары әртүрлі. Олар техника мен сценарийіне байланысты, яғни 3 миллион, 5 миллион, 10 миллион аралығында. Арасында 100 мың, 500 мың теңгеге де түсірген видеоларым да бар.
Табиғатты кадрға алып, әлеуметтік желіге салмасам, көңіл-күйім болмай кетеді. Видео түсіруді өзімнің жұмысым деп естептеп, одан ләззат аламын. Егер ойымдағы видеоны түсірсем, тез арада монтаждап тастаймын. Өзіме ұнамайтын нәрсені түсірсем, уақыт өтпей қояды. Қазақстанның табиғатын таңдағаным таудың етегінде қой баққан ауыл баласы болғанымнан шығар. Жасандылықтан гөрі шынайы сұлулықты жақсы көремін.
Видео түсіруге кейде бір күн, кейде екі күн кетеді. Қалаларға жасаған саяхатыма 2 апта кетуі мүмкін. Алғаш видео түсіріп бастағанда әлеуметтік желіде сапалы видео түсіретіндер аз болатын. Қазір сапалы контентке жұмыс істеу күннен-күнге көбеюде. Мені қуантатыны – басқалардың да видеография саласына келуіне себепкер болып жатқаным.
«Табиғатқа сүйіспеншілігімнің арқасында Aralike туризм жобасын қолға алдым»
5-6 ай бұрын командамызбен Aralike туризм жобасын бастадық. Жобаның мақсаты – еліміздің сұлу табиғатын таныстыру, ішкі туризмді дамыту және командамен көңілді саяхат жасау. Сол себепті Руслан, Аяз деген досым үшеуміз бірігіп Аralike компаниясын аштық. Ашылғанына аз уақыт болса да, көптің көңілінен шығып жатыр. Адам жинап, оларды аман-есен саяхатқа шығару – үлкен жауапкершлік. Алла қалса, Қазақстанды, одан әрі шетелді аралату жоспарымызда бар. Әрбір қазақстандық әсем табиғатымызды көруге, тануға тиіс.
Табиғатты аралау оңай іс емес. Оның да қиындықтары бар. Мәселен, кейбірінде көлік жоқ, команда жоқ, бағасы да қымбат деген сияқты. Біз осындай мәселелерді қарастырып, қолжетімді бағаға көлігін, жататын орын, тамағын дайындап қоямыз.
Қазақстан халқы әдемі табиғатты өз көзімен көрсе ғана іштегі патриоттық сезімі, мақтанышы, махаббатының оянатынына сенемін. Осындай сұлулықты көрген әрбір қазақ өз елін шет мемлекетке айырбастамайды.
Алдағы уақытта Қазақстанның барлық қаласын аралап бітсем, шетелге шығып видео түсіру жоспарымда бар. Шетелге барудағы мақсат – ондағы тәжірибемді елімізде қолдану, көрсету. Болашақта байтақ елімізді шет мемлекеттерге танытатын видеографтар шыққанын қалаймын.
Add comment