Синопсис: Фильм тыныш өмірінің шырқын бұзып, барымташылар отағасын аяусыз өлтірген қарапайым отбасы туралы баяндайды. Марқұмның 10 жастағы ұлы барымташылардың қолынан мерт болған әкесінің өліміне қайғырып, зұлымдықпен күресіп, отбасысына түскен ауыртпалықты қарындастарымен бірге кешеді. Қорғансыз қалған Олжасқа ғайыптан пайда болған бөгде біреу қол ұшын созады.

Екі әкеге ортақ жалғыз ұл. Бірінен естелікке сағат, бірінен ағаш ат қалған. Алғашқы кадрларда баланың үстелінде сымнан және ағаштан жасалған екі ойыншық тапанша жатыр. Фильм соңында шын тапанша бір емес, бірнеше рет атылады. Кімге? Не үшін?

Фильм тизері

«Кездейсоқ басталған жоба»

Бұл жоба Канн кинофестивалінің арқасында кездейсоқ басталған. Фестиваль аясында өткен режиссерлар кешінде Ерлан Нұрмұхамбетов Лиза Такэбамен танысып, оқиғаны баяндаған. Жапон әріптесіне идея ұнап, фестивальден кейін режиссерға хабарласқан. Видеомен байланысқа шығып, екі елдің түсірілім тобы бір-бірімен ой алмасып, жұмысқа кіріскен. Сценарийді Ерлан Нұрмұхамбетов өзі жазғанымен, жұмысқа Жапония тарапынан да сценаристер қосылған.

«Табиғаты сұлу жерде түсіреміз деп шештік. Фильмде трагедия да бар, драма да бар. Ал табиғат – мәңгілік бақылаушы. Оператор Азиз Жамбакиевпен локация іздедік. Үш облысты араладық. Қытайдың шекарасына дейін барып, қажет локацияны таптық. Әріптесім де «Барып көріңіздер, үйлер бар болуы керек» деп ұсынған еді. Өз көзімізбен көргенде оқиға осы жерден басталатынын түсіндік. Шопандардың қараусыз қалған үйлерінің ішін әрлеп өзгерту керек болды», – дейді режиссер.

Талантты оператор Азиз Жамбакиев тығыз графигіне қарамастан жоба туралы ой бөліскенде қызығушылық танытқан. Жапония танымал операторын ұсынғанымен қазақстандық түсірілім тобы Азизбен жұмыс істеуді жөн көрген. Режиссер дала қазағының мінезі мен қазақ даласының кеңдігін, сұлулығын көре білсе, оператор соның бәрін көркемдеп таспаға түсірген.

Жобаны Қазақстан тарапынан «Қазақфильм» АҚ қаржыландырған. Жапония тарабы да атсалысып, фильмге танымал актерді шақырған.

Кәсібилер топтасқан каст

Бұл фильмде әлсіздер жоқ, бәрі өздерін мықты етіп көрсеткісі келеді. Мал бағып, егін егіп күнін көріп жүрген қарапайым адамдар да, қисық жолмен жүріп ақша табатын жаман ниетті қылмыскерлер де бар. Оңдасын – мықты әке, жақсы ер азамат. Бұл рольді танымал қазақстандық актер Дулыға Ақмолда сомдады.

Эмоциясын көрсете бермейтін қатал да, қайсар малшының әйелі Айгүлдің ролін Канн кинфестивалінде үздік актриса атанған Самал Еслямова алып шықты.

Ғайыптан пайда болатын Қайратты жапон ойнайды деген жоспар болмаған. Жапония тарабы сценарийге араласқан соң жапон актерін алу туралы ой туған. Осылайша өткен өмірі белгісіз, жұмбақ жанды танымал актер Мирай Морияма сомдады. Осы жоба үшін Жапонияда атқа мінуді үйрететін компанияны жалдаған. Қазақстандық каскадерлер Мирай Мориямамен бейнеқоңырау арқылы байланысып, қазақтар атқа қалай мінетінін, қалай шабатынын көрсеткен.

«Ол өзіне тиесілі мәтіндерді қазақша дұрыс айтуы үшін Жапонияда қазақ мұғаліммен жұмыс істеді. Елге келмей тұрып 2 айда мәтіннің бәрін жаттап алыпты. Бізге дыбыстағанын жіберіп тұрды. Мирай Қазақстанға түсірілім басталар шақта ғана келді. Қысқа уақытта барлық эпизодты түсіріп үлгеруіміз керек болды. Мирай жапон халқына тән қасиетке ие – еңбекқор. Әр сөзге, әр қимылға мұқият қарады», – деді қазақстандық режиссер.

Қазақша фильм болғандықтан Ерлан Нұрмұхамбетов жапон режиссеры Лиза Такэбаға түсірілім басталмас бұрын алаңда өзі болатынын айтқан. Лиза көбіне жапон актерімен жұмыс істеген.

Алғашында әркімнің жеке көзқарасы болды. Жапондар ең толерантты халық, сондықтан түсірілім алдында бірге қалай жеңіл жұмыс істеуге болатынын шешіп алдық. Тең режиссерлықпен үлкен тәжірибем бар деп айтсам, артық емес, – дейді Ерлан Нұрмұхамбетов.

Фильмде 10 жастағы Олжастың образы сәтті таңдалған. Оқиға кішкентай бас кейіпкердің көзімен суреттеледі, соның көзқарасымен баяндалады. Қапыда әкесін жоғалтқан баланың ролін Мәди Минайдаров тамаша ойнаған.

«10 жастағы бала өзін де, бойындағы эмоцияларын да тани алмайды. Суға түседі, сурет салады. Бір күні күтпеген қайғылы жағдайға тап болып, не істеу керек екенін білмейді. Не болғанын жете түсінбесе де, ол сол сәтті қалай болса да, бастан өткеруге мәжбүр. Осындай тыныштықта өзін қолға алғысы келеді. Фильмде эмоциялар анық көрсетілмейді. Бала осы жаста өз-өзін жоғалтып, өмір ағынына ілесіп жүре береді», – деді продюсер Юлия Ким.

Олжастың роліне кастинг жасағанда алғашқыда басқа бала таңдалған. Кейіннен режиссердың ойы кастингке келген сығырайған дала баласының көзіне түскен. Мәди мен жапон актердің ұқсастығын байқаған. Есік қаласында тұратын Мәдидің үйіне барып, әкесімен сөйлесіп, қайтадан сынама жасаған.

Жапон актермен ұқсастығын бірден байқадым. Өте алғыр, алдына мақсат қойғыш, киноға түсуге талпынысы бар бала. Қорықпай ролін сомдап шықты. Алда жобалар болса, шақырамыз, – деп режиссер бағасын берді.

Фильмнің фестивальдегі «өмірі»

«Уақыт жолдары» фильмі ең алғаш 2019 жылы Азияда ең ірі кинофестивальдердің бірі – халықаралық Бусан кинофестивалінің ашылу салтанатында көрсетілді. 2020 жылы бұл туынды Токиодағы халықаралық кинофестиваль шеңберінде көрсетіліп, Жапонияда прокатқа шықты. Сондай-ақ фильм Скандинавиядағы ең ірі фестивальде көрерменін тапты. Оған қоса, фильм Гонконг, Прага, Барселона, Нью-Дели, Хельсинки, Торонто, Коттбус, Женева сияқты басқа да қалаларда өткен фестивальдерге қатысты. 2021 жылы 29 маусымда Францияда прокатқа шығып, 20-дан астам қалада көрсетілді.

Қаншама фестивальге қатысқанымен авторлық фильмге жүлде бұйырмады. Мұның себебін ешкім білмейді. Кинотанушы, журналист Галина Леонова жабық көрсетілімнен кейін фильмнен алған әсерін бөлісіп, фестивальдегі «өміріне» бағасын берді.

«Бусан фестивалін ашқаны құрмет-қошеметке лайық. Бірақ неліктен фестивальдерде жүлде ала алмады деген сұрақ көкейімнен кетпей қойды. Фильм бойы тапжылмай отырдым. Картина жанры өте қызық: драма, мелодрама, трагедия бір-бірімен аралас. Баланың түсі – фантасмагория. Фильм аяқталғанша бірнәрсені күттім, бірақ бірден үзіле салды. Өте нәзік кинотуынды. Финал жоқ, нүктесі жоқ. Фильм осындай нұсқада болуы керек шығар. Осы жайт кинокартинаның фестивальдегі өміріне әсер еткен болар деген ойға келдім. Ал драматургиялық жағынан тамаша. Баланың түсі ме, әлде өңі ме – білмейсің. Кинодағы көркем детальдер таңғалдырды. Кейде кино көргенде қалғып кетуім мүмкін. Ал бұл фильмнің сюжеті мені баурап алып, тәнті етті. Ерлан Нұрмұхамбетовтен артық ешкім балалармен жұмыс істей алмайтына тағы да көзім жетті», – деп кинотанушы сынын айтты.

Идея авторы, режиссер Ерлан Нұрмұхамбетов сценарий бірлескен өнімге бейімделгенімен, фильм әу бастан дәл осылай аяқталуға тиіс екенін айтады. Басқа сценарийстер фильм сюжетін драматургиялық жағынан түсінікті етіп өзгеше жасағысы келген.

Табиғат бұл оқиғаны сырттай тамашалайды. Драматургиялық көзқараспен эмоция қосып аяқтауға болушы еді, бастапқы ойымда қалған соң финалдың басқаша болуы мүмкін емес еді – дейді режиссер.

Продюсер Юлия Кимнің сөзінше, фильмде бірмағыналық жоқ, ол керек те емес. Ал фильмнің фестивальде жүлде алмауы оның нашар екенін білдірмесе керек.

«Жапонияда авторлық фильм ретінде прокатқа шықты. Өздері тығыз орналасқандықтан біздің шетсіз-шексіз ұшы-қиыры жоқ кең байтақ жерімізді көріп таңғалғандарын айтты. Бұл оқиға оларға да жақын, себебі жер сілкінісінде фильмдегідей эмоцияларды сезінеді екен. Таяуда ғана Францияда прокатқа шықты. Елдегі карантин шектеулеріне қарамастан адамдар кинотеатрлардан тамашалады. Премьерада зал лық толы болды. Үш аптадай прокатта орнын ұстап тұрды», – деді фильм продюсері Юлия Ким.

Қазан айында Қазақстан мен Жапония бірлесіп түсірген фильм цифрлық TV+ телеарнасында көрсетіледі.