Харуки Мураками
Жапон жазушысы Харуки Мураками – қазіргі заманғы культ авторлардың бірі. Оның әр кітабы уақытқа, буынға, сыртқы жағдайға бағынбайды. Муракмидің 50-ден астам тілде жарық көрген кітаптарын бестселлер деуге болады. Көркем және ғылыми әдебиетін сыншылар мойындап, авторға ірі марапаттар берілді. Дегенмен Муракамиге әзірге Нобель сыйлығы бұйырмай тұр.
Мураками кітаптарынан Ричард Бротиган, Чандлер, Курт Воннегут сияқты батыс жазушыларының әсері байқалады. Сол себепті Жапонияда оның шығармаларын әлі күнге дейін «жапондікі емес» деп санайтындар бар. Романдарында Кафкаға тән жалғыздық пен жаттану тақырыптары тоғысқан.
АҚШ-қа көшкен соң жазушы туған жеріне батыс көзімен қарап, Жапония туралы көсіліп жаза бастады.
АҚШ-та тұрған кезде кенеттен Жапония жайлы, жапондар туралы жазғым келіп кетті. Кейде өткен уақыт жайында, кейде қазіргі жағдай туралы. Алыста жүргенде өз елің жайлы жазу оңай. Қалай бар – солай көресің. Оған дейін жай ғана өзім туралы, ішкі әлемім жайлы жазғым келді, – деген еді сирек сұхбат беретін Мураками.
Мураками антиутопия жанрында қазіргі заманғы Жапония туралы жазады. Кейіпкерлері – жаһандану мен бұқаралық мәдениет заманындағы адамдар. Мураками барлық кітабында адамзаттың бүгіні не болашағы жайлы баяндайды. Кей шығармасы қоғамға ескерту жасағандай әсер қалдырады.
«Шекарадан оңтүстікке, күннен батысқа қарай»
Бұл – Муракамидің оқырмандары «ең өткір» деп бағалаған кітабы. Туынды орындалмаған арманы мен қосыла алмаған махаббаты үшін қапа болған жандарға арналған. Онда бала күнгі кездейсоқ махаббатымен жолыққан жанның оқиғасы баяндалады.
«Жағажайдағы Кафка»
Эдип туралы көне грек аңызының жаңаша баяндалуы. Тағдырына әкесін өлтіріп, анасымен әйелі сияқты бірге тұруы жазылған жасөспірімнің жан дүниесін зерттеуге тұрарлық шығарма. Автор оқырманды зеріктірмеу үшін бас кейіпкердің жолында өзге ғаламшар тұрғындарын, сөйлейтін мысықтарды кезіктіреді.
«Норвегия орманы»
Бұл – Харуки Муракамиді әлемге танытқан шығарма. Бас кейіпкер бір-біріне ұқсамайтын екі түрлі қызға ғашық болады. Бірінші қыз сезімтал, тез жараланғыш болса, екіншісі – өзіне сенімді, жайдары мінезді. Автор “өмір бойы кімді болсын, нені болсын таңдау жасай отырып жоғалтамыз” деген ойды жеткізеді.
«Жүгіру туралы әңгімелескенде не туралы айтамын»
Харуки Мураками марафон, ультрамарафонға жиі қатысады. Осы автобиографиялық кітабында салауатты өмір салтына көзқарасын жеткізген. Алайда өзі мұны «салауатты өмір салты туралы құпия туралы емес, жүгіру жайлы суреттеу» дейді. Оқырман кітаптан әдебиет, шығармашылық, мотивациямен қатар жүретін сынақтар жөнінде автордың ой-толғамын табады.
Орхан Памук – түрік әдебиетіндегі ең жарқын тұлға
Танымал түрік жазушысы Ферит Орхан Памук 2006 әдебиет саласы бойынша «Туған қаласының меланхолия жанын іздеу кезінде мәдениеттер қақтығысы мен соқтығысының жаңа белгілерін тапқаны үшін» Нобель сыйлығын алды. Памуктың шығармалары 64-тен астам тілге аударылған.
Жазушы көбіне батыс пен шығыс арасындағы шиеленіс пен қарама-қайшылық, ислам мен христиан діні, салт-дәстүр мен заманауи өмір жайлы қалам тербейді. 2002 жылы жарық көрген «Қар» кітабында қазіргі заманғы Түркиядағы батыс өркениеті мен исламшылдық арасындағы қақтығыс мәселесі көтерілген.
Орхан Памук кітаптарының барлығында дерлік оқиға желісі Ыстамбұлда өрбиді. Алғашқы ірі шығармасы «Джевдет-бей және оның балалары» романында Ыстамбұлдағы әулеттің бірнеше буынының тарихы баяндалады. 2003 жылы жарық көрген “Стамбул. Естеліктер қаласы” кітабы автобиография мотивімен Ыстамбұл туралы бір-бірімен байланысты очерктер циклін біріктіреді.
Орхан Памук – саяси көзқарасын ашық білдіретін автор. Швейцария журналына берген сұхбатында Түркияда миллион армян мен 30 мың күрд өлтірілгенін, бұл туралы «менен басқа ешкім айта алмайды» деген болатын. Өз елінде қудалауға ұшырағаннан кейін АҚШ-қа қоныс аударды.
«Менің атым – Қырмызы»
XVI ғасырдағы Ыстамбұл. Сарай маңы суретшілерінің бірі өлі табылды. Шекюреге ғашық каллиграф Қараға 12 жылдық айдаудан кейін кісі өлтірушіні табу міндеттеледі.
Кітаптың әр парағына шығыс рухы сіңген. Негізгі тақырып — Осман миниатюра өнері және Еуропаның мәдени ықпалына қарсы, көрінбейтін күрес.
Әр тарауы әртүрлі кейіпкердің атынан кезек-кезек баяндалады: Қара, Шекюре, саудагер еврейлер, суретшілер, кісі өлтірушілер, өлген адам, суретте бейнеленген ит, жалған тиын, шайтан, қызыл түс – барлығы әңгімесін айтып береді.
«Сезім музейі»
Кедей отбасыдан шыққан алыс туысы Фюсунға ғашық болған Ыстамбұл байы Кемалдың махаббат оқиғасы баяндалады. Роман лирикадан гөрі, сүйіктісінен естелік ретінде білдірмей «ұрлайтын» заттармен толтырылған. Кейіннен Кемал жинаған заттармен Фюсунге деген махаббатына арнап Сезім музейін ашады. Кітапта Кемал мен Фюсуннің баянсыз махаббаты ғана емес, Ыстамбұлдағы өмір, түріктердің тұрмысы суреттелген.
2012 жылы Орхан Памук Ыстамбұлда «Сезім музейі» романы желісімен музей ашты. Оқырман кітаптың арасынан музейге кіру билетін таба алады.
Кітаптағы басты кейіпкердің прототипі Орхан Памук деп санайтындар көп. Автор Кемалдың өзінен 5 жас үлкен екенін айтады. «Ғашық боп көрмеген адам махаббат туралы роман жаза алмайды», – дейді Памук.
Әлемдегі ең ықпалды 100 тұлғаның бірі – Халед Хосейни
Америка жазушысы Халед Хосейни оқырманға туған жері Ауғанстан жайлы шығармаларымен танымал. Автордың миссиясы – әлемге Ауғанстан халқының өмірін сөз арқылы жеткізу. «Желмен жарысқан», «Таудағы жаңғырық», «Жарқыраған мың күн» атты үш романын оқыған адам көз алдына ауған жеріндегі өмір шындығын, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен боямасыз анық бейнесін елестетіп, адамдардың ішкі тебіренісі мен уайым-қайғысына, сезім-көңілі мен қайғы-қасіретіне терең үңіледі. Халед Хосейни таңғажайып мәдениеті мен салт-дәстүрге ие ауған жерінің елшісі ғана емес, адамзаттың болашағына бей-жай қарамайтын авторлардың бірі саналады.
Хосейни кітаптары әлемнің көптеген тілне аударылған. 2018 жылы автор «Әлемдегі ең ықпалды 100 тұлға» қатарына кірді.
«Желмен жарысқан»
Сыншылар Халед Хосейнидің ең алғашқы шығармасын – жаңа ғасырдың ең басты романы атап, авторды «тірі классик» деп бағалаған. «Желмен жарысқан» – достық пен адалдық, сатқындық пен күнәні жуып шаю туралы роман. Бұл романдағы кейіпкерлер образы нәзік, сезімтал, иронияға толы.
Роман өзегі – ауған балалары Әмір мен Хасан. Әмір – этникалық пуштун, ақсүйек, Кабулдың іскер адамының жалғыз ұлы. Білімді, университетте ұстаз болған анасы дүниеге әкелген кезде көз жұмған. Ал Хасан – этникалық хазар, әкесі шеттетілген азшылық өкілі. Кезінде анасы хас сұлудың өзі болған. Хасанды туғаннан кейін күйеуі мен баласын тастап, қаңғыбастарға еріп кете барған. Хасан мен әкесі Әли екеуі – Әмірдің әкесінің үй қызметшілері.
Дегенмен батпырауық ұшырып жарысып келе жатқан екі баланы ауған қоғамының дінаралық, ұлтаралық, әлеуметтік қарама-қайшылықтары біржола бөлім жібереді.
Батпырауық соңынан жүгіргендей тағдырдың соңынан да жүгіресің. Ал тағдыр өзіңді ұстап, қақпанға түсіреді. Автор осы түйінді әсерлі жеткізеді.
«Жарқыраған мың күн»
Роман кейінгі жарты ғасырда әлем назарын өзіне жиі аударған Ауғанстанның ашық та, тұңғиық өмір шындығын, тыныс-тіршілігін боямасыз бейнелейді. Азаматтық соғыс өрті толастамаған, қараңғылық пен надандық үстемдік құрған қоғамдағы адам тағдыры мен әйелдер өмірін, махаббаттың мұң-наласын айшықты тілмен анық жеткізеді.
Автор соғыс шындығын әйелдер мен аналар көзімен көрсетеді. Халед Хосейни шығармасында оқырманды ауған елінің тұрмыс-тіршілігімен, халқының тағдырымен таныстырады. Кейіпкерлердің арман-мақсаты, қайғы-қасіреті баяндалады. Болмысы бөлек болса да, қасіреті мен мұңы егіз екі әйелдің тағдыры жүрек қылын қозғап өтпейді.
Байдың некесіз қызы Мәриям 15 жасында күштеп тұрмысқа шықса, зиялы отбасынан шыққан Лейла жоғарғы білім алуды армандайды. Соғыс біріне бірі ұқсамайтын екі тағдырды тосыннан тоғыстырады. Романда әйелдер достығы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мұсылман әйелдерінің құқықтары мен бостандықтары тақырыбы қозғалады.
Бұл роман Қазақстанда 2021 жылғы ең үздік кітаптардың тізіміне енді
Ең үздік 100 ағылшын романының авторы – Кадзуо Исигуро
2017 жылы 5 қазанда Кадзуо Исигуро әдебиет саласы бойынша «Эмоционал бояуы қанық романдарында әлем мен адам арасындағы нәзік байланыстарды көрсете білгені үшін» Нобель сыйлығымен марапатталды. Исигуроның кітаптарында адамдар қозғалысы емес, олардың үнемі мимен жасайтын жұмыстары, ой-санасы уақытпен қатар суреттеледі. Шығармаларында өткен естеліктер мен уақыт, өзін алдау сияқты сипаттар басым болып келеді. Автор кейіпкерлеріне бәрінен бұрын өмірден орнын табу маңыздырақ. Сыншылар жазушыны ана тілінде емес, өзге тілде классикалық шығармалар тудырған Джозеф Конрад және Владимир Набоковпен салыстырады.
«Мұнарланған төбеде»
Кадзуо Исигуро «Мұнарланған төбеде» деп аталатын алғашқы романында Англияда тұратын жесір әйел Эцуконың оқиғасын баяндайды. Өзіне қол жұмсаған үлкен қызының өлімінен кейін Эцуконы қираған соң қалпына келген Нагасаки туралы естеліктері мазалайды.
«Күннің жартысы»
Роман қартаң тартқан ағылшын сарай қызметшісінің оқиғасын суреттейді. Бұл – дәстүрлердің өшіп, таяп қалған екінші дүниежүзілік соғыс пен фашизмнің күшеюі фонындағы монолог-естелік. Букер сыйлығының комитеті «Күннің жартысына» бірауыздан дауыс берсе, сыншылар «ХХ ғасырдағы ең үздік ағылшын романдарының бірі» деп бағалады.
«Жіберме мені»
Роман терең ойға, ашылмаған белгісіз тағдырларға толы. 30 жастағы Кэти оғаш құпияларға, тосын сырларға, екіұдай ашылуға, елеусіз қалған қауіп-қатерге толы Хейлшим мектебінде өткен балалық шағын еске түсіреді. Астарлы роман – махаббаттың, достық пен естеліктердің баяны. Ата-анасы жоқ балалар, бірақ жетім де емес. Ұрпақ жалғастыра алмайды, себебі балалары адам емес, клон. Олардың жалғыз міндеті – донор болу, ағзасын басқа адамдарға беру. Балалар мұны біледі. Ал тағдырын өзі шеше алмайтын арманы мен мақсаты жоқ адамның көшірмесі боп өмір сүру деген не?
Исигуроның осындай сұрақтарға жауап іздеген ғылыми-фантастикалық еңбегі Time журналы бойынша «Барлық замандағы ең үздік 100 ағылшын романы» тізіміне енген.
Жоан Роулиң – әлемдегі алғашқы миллиардер жазушы әйел
Британ жазушысы Жоан Роулиң Хәрри Поттер туралы 7 томдық қиял-ғажайып кітаптар жинағымен танымал. Оған сиқыршы баланың бастан кешкен шытырман оқиғасы туралы жазу идеясы 1990 жылы Манчестерден Лондонға пойызбен кетіп бара жатқанда сәтінде келген.
Автордың шығармаларында фэнтезиге қоса, көптеген жанр кездеседі. Хәрри Поттер жайлы кітаптарын балалар ғана емес, ересектер де сүйіп оқиды. Автордың сөзінше, негізгі тақырып – өмір мен өлім арасы, кейіпкерлердің талас-тартысы, жақсылық пен жамандықтың, мейірімділік пен зұлымдықтың текетіресі.
1997 жылы жарық көрген алғашқы кітабы «Хәрри Поттер және пәлсапа тас» жазушыға атақ-абырой әкелді. Бұл кітапта Хәрри өзінің сиқыршы ата-анасы жайлы біліп, қабілеттерін тани түседі. «Хогуартс» дуагерлік пен сиқыр мектебіне оқуға қабылданып, Рон және Хәрмиона атты достарымен бірге ата-анасын өлтірген зұлым сиқыршы Лорд Волдемортқа қарсы тұрады.
«Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» атты екінші кітапта Хәрри, Рон және Хәрмиона «Хогуартс» сиқыр мектебіндегі әлдебір тылсым «Мұрагердің» оқушыларға жасаған шабуылын зерттейді.
«Азкабан тұтқыны» кітабында сиқыршы Хәрри қауіпті қылмыскер Сириус Блэктің Азкабаннан қашып кеткенін естиді. Кейіннен Сириус Блэкті кездестіріп, оған әділетсіз айып тағылғанын біледі. Бірақ кінәсіз екенін еш дәлелдей алмайды.
Кейінгі дерек бойынша, 1998 жылдан бастап автордың 500 миллионнан астам кітабы сатылған. Роман әлемнің 80 тіліне аударылған. Алғашқы төрт томы қазақ тілінде жарық көрді. Қалған кітаптары әзірленіп жатыр.
Авторға Хәрри Поттер туралы шығармалар жинағы бірнеше марапат әкелді. Роман желісімен 8 бөлімнен тұратын сериялық фильмдер түсірілді. Басы-қасында автордың өзі жүрді.
Add comment